Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік

Ұлылардың үні

Ұлылардың үні

Жиырмасыншы ғасырдың қойнауынан жеткен дауыстар… Бүтін бір халықтың арманы мен мұраты… Ұлттық болмыс пен парасат биігі… Қайсар рух пен қазақы таным… Жүрекпен тыңдап, көкейге түйер асыл сөз!

Қазақстанның ашық кітапханасы халқымыздың біртуар тұлғаларының дауыстарын назарларыңызға ұсынады. Тарихыңызды танығыңыз келсе, “Ұлылардың үнін” тыңдаңыз. Бұл дауыстар сіз бен бізге жауапкершілік жүктері анық.

Мұстафа Шоқай

"Мұстафа Шоқайұлының өз заманында Түркістанда орналған кеңестік биліктің отаршыл сипатын қатесіз тани білген және онымен ымырасыз күреске ғұмырын арнаған, сондай-ақ бұл күреске бұрын Түркістан халықтары тарихында болмаған жаңа мазмұн беріп, оның өзінің қажырлы еңбегімен жаңа интеллектуалдық көкжиекке көтерген ұлы қайраткер екендігін көрсетсе керек. Оның өмір жолы Ұлы Отаны – Түркістан үшін от кешкен Ұлы Азаматтың жолы болатын ".

Мәмбет Қойгелдиев

Жұбан Молдағалиев

"Бар қазақ Жұбанына сенбеп пе еді,
Ақынын пайғамбардай көрмеп пе еді,
Есінен туған елдің шығар қалай
Жырыңмен жас ұрпағын тербеткенің...!"

Әбділда Тәжібаев
Loading player...

Төлеген Айбергенов

«Өзгеге қалай көрінетінін білмеймін, мен үшін ойлану мен қиялға берілу бүкіл өмірімнің бас қызығындай саналады. Осы аз өмірімнің ішінде ойланып өткізген уақыттарымды өз міндетін атқарып өткізген, саналы өткен, даңқты өткен уақыт деп есептеймін. Сондықтан да мен ойлар үшін, ойлану үшін қаншама уақытым кеткен болса да, ол үшін өмір бойы өкінбей өтемін ғой деп ойлаймын. Мен үшін өкініштісі сол, арзан күлкі мен болмашы ләззатқа бола жылап кеткен алтын сағаттарым болса керек. Мен осы күнге дейін қанша ойларды қағаз бетіне түсіре бергенде ғой, басқа  үшін елеулі дүние болмағанмен, өзіме көп пайдасын тигізер еді-ау, шіркін!»

 

Төлеген Айбергенов


Сәбит Мұқанов

« ...Сәбеңді жоқ деп айтуымыз бекер екен, пендешілік екен. Қазір Қызылжар барсақ, Сәбең кітапхана болып кең қақпасын ашады. Алматыда Сәбең көше болып қарсы алдымыздан шығады. Сәбит аты ел аузында, Сәбит жыры ел жүрегінде. Ал ел жүрегі мәңгілік. Ол бүгінгілермен бірге, келешек ұрпақтардың жүрегінде. Сол жүректер Сәбит атын ардақтап, әр уақыт төрінде сақтайтын болады».

Ғабиден Мұстафин

Loading player...

Бауыржан Момышұлы

Бауыржан батырдың көрегендігі туралы

«Қызға бір көргеннен ғашық болу бар дейміз. Ол да рас. Мен Баукеңе Александр Бектің «Панфиловшылар алғы шепте» деген повесін оқып, бірден ғашық болдым. Ол повесть 1943 жылы «Знамя» журналының 5 және 6 нөмірлерінде басылған. Мен оны майданда, алғы шепте, зеңбірек окопының ішінде отырып оқыдым. Батальон командирі Бауыржанға ғашық болғаным сондай, оны түнде түсімде көретін болдым. Повесті бос уақытым болса, ғашығымнан келген хаттай, қайта-қайта үңіліп оқыдым. Әрі дивизионға келген жалғыз журнал болғандықтан, жауынгерлер мен командирлер кезектесіп оқып, ол повесті қайтадан менің қолыма түсірмей кетті. Журнал қолымнан шығып кеткенімен батальон командирі Бауыржан Момышұлы менің жүрегімде қалды.

Баукең дүниежүзілік көлемде ойлайтын көреген адам болды. Оның көрегендігі ұлттық шеңберден шығып кетті. Рузвельт, Черчилль, Сталин сияқты өз заманының кемеңгерлерімен қанаттас ойлады ».

Әзілхан Нұршайықов


Бердібек Соқпақбаев

«…Бердібек Соқпақбаев сөзіне берік, ісіне ұқыпты жан. Мен білетін жазушылардың ішіндегі қарапайым, шаруақоры. Ол қаламды ғана емес, орақ пен күректі қалай ұстауды білетін жазушы. Өзіне де, өзгеге де қатал, тура, әділ. Творчество адамы, әдетте, салдыр-салақтау болады. Бірақ, Бердібек олай емес, әскери адам сияқты, әбден жинақы.

…Ол жұмыс істеп отырған кезде еденде, не стол үстінде көлденең жатқан дүние көрмейсің. Тіл өнерінде де солай: әр сөздің, әр сөйлемнің өз орнында тұрғанын қалайды. Қашан көңілі толғанша түзетуден талмайды…

…Бердібек Соқпақбаев кітаптарының соңғы беттерін жапқанда көркем шығарма оқып шыққандай болмайсың, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады. Бердібек Соқпақбаев шығармалары, міне осындай. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес».

Мұзафар Әлімбаев

Loading player...

Әбділда Тәжібаев

«Қазақ совет әдебиетінің тарихында көрнекті орынға ие болған ақын-жазушылардың бірі – Әбділда Тәжібаев. Ол Қазақстан оқушы жұртшылығына көптен мәлім. Оның шығармалары идеялық мәні мен тақырыптарының күнделік, советтік құрылысқа аса жақын қабысқан өткірлігімен жұртшылық бағасын ерте алады. Ақындығы шеберлене бастаған кезде де Әбділда совет халқының ұлы құрылысын және өзіне де бақыт берген Отанын жыр етеді. Оның алғашқы кездегі қысқа өлеңдері күнделік іс пенен науқандарға қолма-қол байланысты болатын.

Әбділда шығармаларының негізгі үлгісі, жанры – поэзия. Бұл жанрдың ішінде айқын ерекшелігі – оның сыршыл лирик ақын болуында.

Әбділда тек қазақ тарихының көлемінен ғана тақырып алмайды. Советтік қазақ поэзиясына ол кіргізген интернационалдық ақындық мәдениет, іздену өрнектері де бар. Қазақ оқушысына Гейненің, Шевченконың, Пушкиннің, Лермонтов шығармаларының нәр-нақыстарын әкеледі.

Бұл алуандас ақындық ізденулер Әбділданың өнімді жолға, мәдениетті поэзия жолына беттегенін көрсетеді. Бұл – қазақ әдебиетін жаңа үлгіде бастаймын деген талап.

Әбділда талантты және өзіндік стилі, өзгешелігі бар күшті ақынның бірі деп саналады».

Мұхтар Әуезов


Сафуан Шаймерденов

 «Сапекең – қазақ әдебиетінің үлкен тұлғаларының бірі. Оның жазушылық, шығармашылық ауқымы кеңдігі, тереңдігі – өз алдына жеке әңгіме. Адамгершілік, азаматтығы – бір төбе. Сапекең бүкіл қазақ жазушыларының ішіндегі ең батыр, пікірін ашық айтатын азаматтық жауапкершілігі өте биік жазушы еді. Кешегі Желтоқсан кімнің кім екенін көрсетіп берді. Жазушылармен кездесуінде Колбиннің бетіне қатты батырып айтқан екі адам болды. Оның бірі Жұбан Молдағалиев болса, екіншісі осы Сафуан Шаймерденов еді. Әрине, Жұбанның сөзі – өз алдына. Өте сезіммен сөйледі. Сапекеңнің де сөйлеген сөзін бәріміз тыңдап отырдық. Ол кісі пышақпен тілгендей қылып айтты. Тіпті Колбиннің өзіне: «Сіз неге ыржалақтай бересіз?» – деді. Сол кезде біздің жүрегіміз дірілдеп қоя берді. Бәріміз іштей «енді қалай болады?» дедік. Кеңес өкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған кезі. Мен ол кісінің соншалықты ұлтжандылығы мен сауаттылығына қайран қалдым. Жазушылар одағының есеп беру жылдық қорытындысында ақын, жазушылардың еңбектерін қатты сынайтын. Ақиқатын еш бүкпесіз айтатын. Қазіргі қоғамда Сапекеңдей адам ауадай қажет болып тұр. Мұндай ерлік – қазір дефицит. Бізде, рас, ақынымыз жетіп жатуы мүмкін, білімдіміз жетіп жатуы мүмкін. Бірақ бізге бүгін Сафуанның ерлігі жетіспейді».

Төлен Әбдік

Loading player...

Мұхтар Әуезов

  «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: − бірі «Манас», бірі – «Мұхтар Әуезов».

  «Бүгiнде Мұхтар Әуезов пен қазақ халқы – бiртұтас ұғым. Бүгiнде Мұхтар Әуезов есiмi қазiргi қазақ халқының мәдениетiн, ойы мен өрiсiн өрнектеп тұр. Бүгiнде «ХХ ғасыр классиктерi» деген ұғым өзiне Мұхтар Әуезов есiмiн қосады».

  «Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек».

Шыңғыс Айтматов


Ғабит Мүсірепов

ТУҒАН ЕЛГЕ СОҢҒЫ СӨЗ

«Кешегі өткен Ғабиден досқа: «Енді екі жыл жүрсек жетпей ме?!» дегенім бар еді. Сол мөлшерім мөлшер болды. Қойны суық қасиетті қара жер құшағына, міне, мен де кеткелі жатырмын.

Үмітпен, күреспен, сеніммен өткізген ұзақ ғұмырымды қорыта қарасам қуанышым да, ренішім де мол екен. Жаңа қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық. Бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы боп есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде саналы тірлік те жоқ. Кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен өнердің үлкен, таза мінезі болуға керек. Өзім іргетасын қаласқан қазақтың ата әдебиетінің атынан, өздерің қадір тұтқан алыптар тобының атынан өтінемін: мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алыңдаршы.

Қалам ұстауға халім болмағандықтан, хатты Әлжаппар мен Мұхтарға айтып жаздырдым.

Ал, қасиетті елім, жерім, қиыспас дос - жараң, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ, хош, хош болыңдар!»

Ғабит Мүсірепов

Loading player...

Ғабиден Мұстафин

«... Осы жылдар ішінде Ғабиден төрт роман жазыпты. Осы төрт кітаптың алғашқысынан бастап соңғысына дейін бәрі де өз уақытында қазақ совет әдебиетінде және соңғы романы бүкіл одақ әдебиеті көлемінде қатардағы шығармалар ғана емес, елеулі, бағалы үлкен еңбектер боп қалыптанды. Осындай бағаны жазушы ортасы ғана емес және бір қазақ оқушысы ғана емес, бүкіл одақ көлеміндегі одақтық оқушы айтты.

... Ғабиден жазушылығының ерекшелігі – ол ең алғашқы жауапты қадамынан бастап арнасын, өз тақырыбын талғап тапқан жазушы».

Мұхтар Әуезов


Зейнолла Қабдолов

Зекең жүрегі нұрға толы тұлға болатын

«Зейнолла Қабдоловтың Құдай дарытқан ерекше қасиеті бар еді. Ол үнемі нұрға толып жүретін. Сол Жаратушы жүрегіне сыйлаған нұр сыртқа шығып, көзінен, сөзінен, бет жүзінен төгіліп тұратын. Ол адамдардың тек қана жақсы қасиетін көретін. Яғни көлеңке жақты көрмейтін-ді. Қабдолов жазушы ғана емес,  ірі ұстаз болатын. Небір қисық-қыңыр адамдар ол кісімен бір сағат сөйлескеннен кейін түзеліп кететін. Мінеки, бұл ол кісінің қасиеті. Яғни өмірден ол жарық болып өтті. Ол адамдардың көкірегінде бір қараңғылық болса, соны емдеуші, сауықтырушы, жарық беруші, сәулелендіруші бір тұлға болды.  «Зекең кім еді?» дегенде, біз мұны айтуымыз керек. Оның жүрегіндегі адамдарға деген ерекше пайғамбарлық махаббатты ұмытуға болмайды. Ол сол Құдай берген қасиетінің арқасында еліне сүйікті, қадірлі болды».

Смағұл Елубай

Loading player...

Әбу Сәрсенбаев

       Алты абыздың бірі


«Қазақта абыз деген ардақты сөз, абыройлы атақ бар. Ол атақ көп жасаған, көпті көрген, ұғымы күшті, ұйғарымы дұрыс, айтқаны дәл келетін, әулие іспеттес азғана адамдарға ғана беріледі. Көбінесе жасы тоқсанға ілінген ақылгөй, абыройлы, атақты әрі шарапатты қарттар ғана абыз аталады.

Халқымызда жасы тоқсаннан асып дүние салған ақын, жазушылар көп емес, саусақпен санарлық қана. Жалғыз қазақта ғана емес, дүниежүзіндегі үлкенді-кішілі барлық халықтарда солай.

Әр абызбен замандас болу – мәртебе,
Әр абызды көзіңмен көру – мақтаныш.
         Әр абызбен сыйлас, сырлас болу – абырой.

Абызға тән асыл қасиеттер Әбекеңнің де бойында көп болатын. Сол көп қасиеттерінің бірі Әбекеңнің адам сүйгіштігі еді. Әбекеңнің адам сүйгіштігін екі тұрғыда түсіну керек. Бірі – адамдарды шын жүректен сүйіп, қадірлей, қастерлей білді. Екіншісі – сол жақсы көрген адамдардың бетіне ерін тигізіп, бозбаланың қыз сүйгеніндей құштарлық білдіру. Әбекеңнің екінші бір ерекше қасиеті талантты жеткіншектерді алақанына салып әлпештеп, оларды аялап, ардақтап өсіру болды.

Әбекең алты абыздың бірі ғана емес, ХХ ғасырдың қазақ әдебиеті алтын діңгектерінің де бірі еді». 

Әзілхан Нұршайықов


Сағи Жиенбаев

«Сағи Жиенбаев – лирик және оқитын жұртқа көптен бері танымал, көп қатарына ұқсамайтын, өз қолтаңбасы бар лирик. Оның шынайы шабытынан шыққан өлеңдері жалпақ жұрттың жүрегіне жол тауып жатты. Сонда өлеңді қадыр тұтатын қауым Сағи лирикасын неге жақсы көреді. Өйткені, өмір бар өлеңдерде, ыстығы мен суығы, кермегі мен тәттісі қым-қуат араласып, астасып жатқан кәдімгі дүниедей өмір бар».
 
Қуандық Шаңғытбаев
 
Loading player...

Дихан Әбілев

«Өмірге бергенім аз, алғаным көп,

Наныңдар, бұл сөзімнің жалғаны жоқ.

Қаншама сілтеніп-ақ бақсам дағы,

Жырымның көкірегімде қалғаны көп».

 

Тәкен Әлімқұлов

«Тәкен Әлімқұлов Бейімбет Майлиннен кейінгі қазақтың қара сөзін құлпыртып, мәйегін ұсынған аса талантты прозаик екенін айқындап берді. Тәкен шығармалары ғасырдан ғасырға жасай беретін көркемдігі жоғары, қазақ прозасына эталон болатынын, әдебиет әлеміндегі орнын қадап көрсетті.

Тәкеңдей талғампаз қаламгердің суреткерлік феноменін ой елегінен өткізсек артық емес. Туған әдебиетіне тұп-тура жарты ғасыр адал қызмет еткен, қаламы қолынан түскенше тек қана жақсы шығармалар жазған Тәкен Әлімқұлов шын мәнінде соңына қымбат мұра қалдырды».

                                                                                                        Нағашыбек Қапалбекұлы

 
Loading player...

Сапарғали Бегалин

«Шығармашылық-балалық шақ әсерлерінен басталады. Әжеңнен, анаңнан, санаңда ән болып сіңетін бесік жыры, елдің эпос айтушыларынан естіген аңыз, ертегілерің, батырлық ғаламат жырлар бала қиялыңды қозғап, қилы-қилы ойларға жетелері хақ. Біз әдебиетке фольклордан келдік. Халық-ауыз әдебиетінен үйрендік.

Олар–ертегілер, қиял байлығы - тапқырлық, жауыздықтың жазасы болған халық қаһармандары жайлы аңыз. Адамшылықтың қиыннан қиысқан әралуан сипатталатын тапқыр ойшылдықтың түрлері кейде жыр болып, кейде тақпақ болып айтылар еді. Балалар жазушысы болып қалыптасуымдағы мектептерім де, осылар».

 

Тайыр Жароков

  ««Ақын өз жерінің, өз заманының азаматы. Ол заман проблемасынан тыс қала алмайды» деген еді В.Белинский. Кеңес дәуірінде өмір сүрген басқа да қаламгерлер сияқты, Тәкең де өз дәуірінің ақыны болды. Ол да өз заманының шындығын, ондағы өзгерістерді, жаңа адам бойындағы игі қасиеттерді жырлады. Жаңа қоғамның жасалуына өз жырымен қатысты. Жаны таза, адал ойлы ақын өз заманына сенді. Сенгендіктен, беріле жырлады.

            Сонымен бірге Тәкең қаламынан туған нәрселердің бәрін заманмен бірге ысырып тастауға да болмас, онда туған елін, Отанын, Қазақстанын, оның адамдарын, табиғатын жырлаған азаматтық-патриоттық жырлар аса мол. Олардан бүгінгі республика келбетінің, оның келешегі мен бүгінінің, адамдар мен табиғат байлығының көркем бейнесін тануға әбден болады.

            Махамбеттің отты жырларынан сусындаған асқақ үнді ақын сөзі шындықты биік пафоспен көтере жырлауымен, суреттерінің жарқындығымен ерекшеленеді. Тайыр біздің отты ақындарымыздың бірі болатын. Оның өлең-поэмаларының пафосы әрқашан биік еді.

            Заманының тарихи шындығына сүйену, соны сол қалпында ала салмай, ақын қиялынан өткізе отырып, сол дәуірдің бейнесін биік көркемдікке жеткізе суреттеу Тайырдың реализмге беріктігін айқын танытады. Ол қай тақырыпты жырласа да тарихи шындығына жүгінеді, тарихи фактыға сүйенеді. Осы тұрғыдан оны заман тарихшысы деп атауға әбден болады».

Серік Қирабаев 

 
Loading player...

Сырбай Мәуленов

 

 «Оқыдым өлеңіңді ақын Сырбай,
 
Кейбіреу сын жазыпты құр ұғалмай.
 
Тілдің тілі, жүректің нәзік қылы,
 
Шертілсін әр уақытта, міне осылай.
 
Жүректі жырмен жуып, шайқа Сырдай,
 
Халқыңа жан сырыңды айт осылай.
 
Соғыстың қазанында қайнап келген,
 
Жас ақын жарқырай бер жай тасындай».
 
Иса Байзақов
 

Сайын Мұратбеков

«Стиль – адам. Ал адамның жаратушысы Құдай. Бұлардың бәрі пенденің санасынан тыс бірінен-бірі өткен құпия. Сол себептен де өнері баяғыда-ақ Үшқараның басына ұя салған Сайын Мұратбеков әдебиет жайлы 40 жыл әңгіме шертсе де, өз шығармаларына тән сөз сиқырын, яғни өз өнерінің мәйегін ашып бере алмапты. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай талант иесінің маңдайына жазылған сый – Тәңір берген суреткерлік тылсым өнерпаздың қолындағы, ырқындағы құбылыс еді».

Смағұл Елубай

 
Loading player...

Тахауи Ахтанов

 «Мен бұрын Александр Блокты оқығанда әйел болмысын, әйел сезімін, оның қырық құбылған ішкі жан әлемін қалай білген деп таңданушы едім. Ал Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романында әйел атынан сөйлеуі әбден тәнті етті.

 «Шырағың сөнбесін» – әйел жанының энциклопедиясы! Әйел жанын, әйел психологиясын жаза білмеген жазушыны суреткер деу қиын.

Елдігіміздің, кеңдігіміздің, тапқырлығымыз бен таланттылығымыздың алтын діңгегі іспеттес Тахауи Ахтанов – ұлылар санатына көзі тірісінде іліккен және дау-далабасыз іліккен суреткер.

 Мен оның қарапайым адамдық, ағалық қасиеттеріне, мінез-болмысына сүйсіне жүріп, суреткерлік дарынына бас иемін».

Фариза Оңғарсынова

 

Мұқағали Мақатаев

«Мұқағали жыры арқылы халықтың өрісі мен абыройы биіктейді, ал халқының мәдени деңгейімен Мұқағали да құдіреттене түседі.

Ақын – жаны жараланғыш нәзік, әрі тәкаббар тұлға. Бірақ шын ақын жаратылысынан қаншама өзімшіл, мен-мен болғанмен, өзін кіші сезінетін, алдында қорқатын, сескенетін бір ұлы күш болады. Ол – халқы. Мұқағалидың ұлылығы сол – ол халық деген құдіреттен үнемі жүрексінеді. «Мені ұқпадыңдар, аяламадыңдар» деп, ақын перзент Ана-Еліне бұлданбайды, зілденбейді.

Қазақ даласының еңкейген кәрісі мен еңбектеген сәбиіне дейін ақын жырларын қасиетті бойтұмардай қастерлесе, мұндай ақыны бар халық – бақытты халық!»

Фариза Оңғарсынова

 
Loading player...

Ғафу Қайырбеков

Айдыны кең арқалы ақын

«Ғафу есімі өлең мен жырдың, ой мен сөздің қадіріне жетер қазақ үшін таусылмас шабыттың баламасына айналғалы қашан?! Қаршадайынан қағылездік танытып, қатарының ғана емес, халқының алдына шыққан осынау ойы да, орны да алабөтен жыр жампозы туралы алыптарымыз да, ардақтыларымыз да тұғырлы сөз, тегеурінді бағаны аз айтқан жоқ... Солардың қай-қайсысы да Ғафу ақынның жаратылысын, ең әуелі, тумысы бөлек жырдан іздеген.


Ақын айды суреттесе де, түнді тамашаласа да, ойға батса да бір уақ тіршілік тауқыметіне шырмалса да Ғафуша буырқанып, Ғафуша шамырқанып, Ғафуша сілкінеді. Ғафуша мұңаяды. Оның мына ұлы дүние құбылыстарын қабылдауын көркемдік призмадан өткізіп, сындырып, таратудағы суреткерлік бітімін, образдық ойлау әлемін өзге ешкіммен шатастыруға болмайды. Ақын мінезі оның әрбір нәрлі ой мен әрлі сөзінен, жібек сәуледей төгілген бейнелеу мәнерінен аңғарылып тұрады».

Нұрлан Оразалин


Ілияс Есенберлин

 «Ілияс Есенберлин – тарихи деректерді терең меңгерген сөз зергері әрі сол заманға сай тарихи сипатты нақты көре білген зерделі қаламгер. Оның шығармаларында суреттеліп отырған заманның ерекшеліктері мен өзіндік келбетін танытатын поэтикалық қуат бар. Есенберлин қаһармандарының мінез ерекшеліктерінен қоршаған ортаның жағдайынан туындап отыратын поэтикалық қиял, ойдан шығарған оқиғалар шынайы сипатқа ие. Жазушылық қабілет пен үлкен зерттеушілік ізденістің нәтижесінде дүниеге келген «Көшпенділер» мен «Алтын Орда» трилогиялары ғылыми ой мен шығармашылық қиялдың тамаша синтезі деуге болады».

 
Құныпия Алпысбаев
 
Loading player...

Сәкен Жүнісов

«Болашаққа алаңдамайтын адам жоқ. Өзіңнің ұрпағыңды ойлайсың... Өзіңнің балаңнан бастап ойлағаннан кейін, сен ұрпақтың жағдайын ойлайсың. Балаң жалғыз өмір сүрмейді, балаңның айналасында өзінің ортасы болады. Балаңның достары болады, балаңның құрдастары болады, замандастары болады. Сен жасап кеткен өмірді әрі қарай алып кетуде, тізгінді алуда оларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сен қалай десең, олай де, ол кейінгі ұрпаққа тиетін нәрсе. Сондықтан, ұрпағың қалай алып кетеді, қазағыңның атын қалай жоймай жүреді деген мәселеде, ең бірінші тіл мәселесі, ұлт мәселесі, жер мәселесі қатты ойландырады. Осы үшеуі ғой біздің ұлтты ұлт жасап тұрған. Тілің құрыса, ұлтың жоқ. Жерің құрыса да, ұлтың жоқ де. Сондықтан, ұлтты жасайтын тіл менен жер. Біздің қазақтың тілі, қазақтың жері. Ендеше, ол туралы қалай ойланбайсың. Қолыңнан келсін-келмесін, қолыңда билік жоқ, қолыңда  мөр жоқ, сонда да біз жатпай-тұрмай ойлаймыз. Дөңбекшіп жататын кездеріміз болады. Соның бәрі ұрпақтың жағдайы. Абай «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деді. Абайдың ар жағында айтатын сөзі бар. Шенге, шекпенге құмар болып бара жатыр. Оқуды тек шекпен кию үшін, шен тағу үшін оқиды».

«Әдебиет айдыны» газетіне берген сұхбатынан, 24 ақпан 2005 жыл.


Мұзафар Әлімбаев

«Поэзияны, жалпы әдебиетті Мұзафардай бағалап, оны құдіреттің құдіреті деп ұғынатын адамды, ақынды қаламдас ағалардың арасынан мен әлі кездестіре қойғаным жоқ. Өз әріптестерінің шығармашылығын Мұзафардай қадағалап, қоймай, қомағайлана зерттеп отыратын ағайынды да әлі кездестірген емен».

Мұқағали Мақатаев 

Loading player...

Асқар Сүлейменов

«Ең терең идеялар – қиын идеялар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған түсінікті идея жетеді. Жазушының бір міндеті – идеяны ашу емес, оны мұзартқа көміп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас». Оқушы шыңғырғандай болып қиналса несі ерсі? Алсын қамау терін!

Стилі жоқтың жазғанын оқу – арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы – іріге еліктеп көлеңке калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады».


Ақжан Машанов

Ақжан Жақсыбекұлы Машанов қазақ ғылымы мен білімінде өзіндік орны бар беделді ұстаз болды. Ол 60-жылдарда-ақ тек геомеханика ғана емес, сондай-ақ шығыстану ғылымында да сүбелі еңбектерімен үлкен абыройға ие болған зерделі зерттеуші.

Араб, парсы тілдерін білген қазақ зиялылары 30-жылдары сталиндік зобалаңның құрбаны болғаннан кейін қайтадан қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қайнар бастауы тереңде, әсіресе соның бір саласы — мұсылман шығыс елдерімен де тығыз байланыста екендігін айтып, ашық үн көтерген батыл азамат. Үн көтеріп қана қоймай, Шығыс Аристотелі атанған әл-Фараби бабамыздың өшпес мұрасы түрлі халық мәдениетінің тарихына телініп жүрген жылдары, оның қазақ даласының ұланы екенін дәлелдеп, әл-Фараби туралы тарихи танымы зор еңбектер жазды.

Профессор, Әбсаттар қажы Дербісәлі

Loading player...

Серік Әбдірайымұлы

Халықта аталы жұрттың басы еді, алтынды ердің қасы ед»і деген сөз бар. Сол аталы жұрттың бірегейі, алтынды ердің қасы осы Серік ағамыз. «Санат» баспасының басшысы болған 1991 жылдан соңғы кезіне дейін, ғылымның 32 тарауы бойынша 450-дей еңбек жарыққа шығарды. Серік ағамыз білімді, білікті азамат, жазушы, журналист, көсемсөзші, ұстаз, аудармашы болды… Серік ағамыздың аудармаларын оқығанда қазақ суреткері жазғандай әсерде боласыз. Сөзінде бір кібіртік жоқ, қамырдан қыл суырғандай... Ұлтымыздың санаткері, қайраткері болды. Болмысы бекзат адам, бұл кісіде нәзіктік деген керемет еді...

Профессор Серік Тілеген


Әбілхан Қастеев

Менің өмір-тіршілігін бейнелейтін суреттерім ақынның қүлаққа да, жүрекке де жағымды әнімен бірдей емес пе. Тек ақын көргенін өлең сөзбен қиыстырады, ал мен болсам қағаз бетіне сурет қып түсіремін.     

Әбілхан Қастеев

Loading player...

Әди Шәріпов

Әди Шәріповтың есімі қалың оқырман қауым үшін етене таныс. Оның қаламынан туған «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Қапастағы жұлдыздар», «Сахара қызы»,  «Дос сыры» атты шығармалары көпшілікті, бірнеше толқын ұрпақты отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге қызмет жасады. Шынайы шындыққа негізделген шығармалары көркемдік деректілігі жағынан оқырмандардың жоғары бағасын алды. Әди Шәріпов шығармалары бүгінде әдебиетіміздің алтын қазынасына қосылып,  ел игілігіне айналуы қаламгердің рухани өмірінің жалғасы.

Мұхтар Құл-Мұхаммед


Әсет Бейсеуов

 Қарапайым да ақкөңіл, көңілі даладай дархан, сәбидей пәк Әсекең өзінің елу сегіз жылдық қысқа ғұмырында ешкімнің ала жібін аттамай өтті. Әсет бізге терең патриотизм, шексіз махаббатқа, сыршыл сезім күйіне толы әндерін аманат етіп тастап кетті. Біз осы аманатқа қиянат жасамауға тиіспіз.

Нұрғали Нүсіпжан

Loading player...

Жарасқан Әбдірәш

Біз адамдарға тірі кезінде жақсы сөз айтудан тартынамыз. Өз бағамыз түсіп қалатындай көреміз. Шындығында, 1970 жылдардың басында қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келген бір топ жас ақын Жарасқанға рақмет айтуға тиіс еді. Ол кезде кітап шығару деген қазіргідей оңай емес. Жарасқан өз тұстастарының өлеңдерін жинап, топтастырып, таңдаулы жинақты өмірге әкелді. Кейін прозаға бет бұрып кетсем де, менің әуелгі өлеңдерім осы кітапта жарияланды. Жинақ шынында да, жолашар болды, бұған енген ақындар кейін қазақ өлеңінің бір-бір діңгегіне айналды.

Сұлтанәлі Балғабаев


Жайық Бектұров

Анамыздың әлдиіндей, өзіңіз құлағымызға құйған анау Ахметтің, Шәкәрімнің, Мағжанның, Міржақыптың, Сәкеннің тағдырларын елестетіңізші! Сіз сол арыстардың көзі болып, сөзі болып, өкше басар ұрпағымызбен жалғастыңыз...

Ақселеу Сейдімбек.

Loading player...

Қасым Қайсенов

– Мен соғыс кезiнде ажалдың алдына күн сайын неше барып, неше қайтқан адаммын. Перiштем қақты ма, әлде суiшкiлiгiм болды ма, соның бәрiнде аман қалдым. Ал алғаш шабуылға шыққан күнi-ақ бiрiншi оққа ұшқан бейшаралар аз ба! Солардан менiң қай жаным артық едi. Ендеше мына көрiп жүрген күндерiмдi «олжа» демей не деймiн.

Қасым Қайсенов


Дінмұхамед Қонаев

Димаш Ах­мет­ұлы ұмытылмайтындардың, халық­тың жүрегінде мәңгі қалатын­дар­дың қа­тарында. Ол аса парасатты да талантты басшы болды, халықтың сүйіспен­ші­лігі­не бөленді. Ол өз за­м­а­ны­ның ұлы саясат­керіне айналды, ха­лық­тың мүддесімен өмір сүрді. Оған деген құрмет аса жоға­ры қызметте жүр­ген кезінде ғана емес, ол қыз­мет­тен кеткен соң да бәсеңдеген жоқ. Қай­та бұрынғысынан да өсе түсті. Оның кен инженерінен бүкіл бір респуб­ли­каның басшысына дейінгі өмір жолы, еңбекқор да аса жоғары зиялылық кел­беті кез-келген деңгейдегі басшы атау­лыға үлгі-өнеге болғандай.

Сұлтан Жиенбаев, халықаралық Д.А.Қонаев қорының құрметті президенті.

Loading player...

Қапан Бадыров

Қапан ағаның бой-бітімінің батыр тұлғалы, мінезінің сом, ал сөзі мен дауысының ірі болғаны кейіпкерлерін дәл тауып орындауға септігін тигізді. Сондықтан да тұлғалы батырларды, кесек мінезді ер-азаматтарды нанымды бейнеледі. Келесі ол бейнелеген кейіпкер – Қобыланды батыр еді. Мұқаңның «Қара қыпшақ Қобыланды» пьесасындағы осы орталық бейне тура Қапан аға үшін жазылған тәрізді болатын. Көрермен Қобыланды батырды шын өмірде көріп отырғандай әсерленетін. Ал халықты сендіру деген тек саңлақ шебердің ғана қолынан келетін құдірет емес пе.

Нұрғожа Ораз


Шәмші Қалдаяқов

Қазақ өнерін білгісі келетіндер Қастеевтің суреттерін, Қалдаяқовтың әндерін зерттеулері керек.
                                                                                             Ғабит Мүсірепов

Loading player...

Ақселеу Сейдімбек

…Ақселеу – ұлан-ғайыр сахарамызды түгел шолып, ұлан-асыр сыр-сипат­тарымызды тегіс қамтып, қат-қабат тарихымызды терең қаузап, дүлдүл оймен, ділмар тілмен толғайтын ғұлама ғалым, сұңғыла білімпаз, сүлей суреткер.

…Қашанғы қара домбыра мен иір мойын қылқобыздың көмейін­дегісін, құйма құлақ қариялардың көкейіндегісін төкпей-шашпай түгел жинап, ашқарақ қошақандай қомағайлана бас сұғып, күрпіте сорып, талмап еміп, жебей сауып, ештеңе қалдырмай ақтап-қақтап, әбден сарыққан соң, байыппен пайымдап, сақадай салмақтап, әбден сараптап еді-ау, шіркін. …Тілімен бал емізгендей еді. Жүрегінен күн көрінгендей еді.

Оның кең қарымды, тың серпінді, тынымсыз ізденіске толы тарихи зердесі өзімізді дүние танып, өзгелерді дұрыс бағам­даудың асқаралы шыңдарына шығып, бұрын-соңды батылымыз бармаған ұшы-қиырларын еркін самғай бастап еді.

Әбіш Кекілбайұлы


Хамит Ерғалиев

Хамит Ерғалиев – еңсесі түсіп, есікте отыратындардан емес. Сынықтық, жасықтық, мүсәпіршілік оның табиғатына жат нәрселер. Оның кредосы – ерлік, өрлік, тәкаппарлық. Тауды да биік көрмейтін, таңды да таң екенсің деп таңырқай бермейтін, дарияның дариялығын мойындағанмен, оған да қайық салып өте алатынына сенімді, көлдің тереңдігінен де тереңдік бар дейтін өр мінез, асау жүректің иесі.

Майдан жырларын еске алсақ, Ерғалиев жырларын ерекше айтамыз. Ауыр күндердің, өлім мен өмір тайталасқан шақтардың, совет солдатының құдірет күшін білгің келсе, Хамит ақынның соғыстан кейінгі жазылған жырларына үңіл. Отан үшін оққа қарсы жүгірген солдаттың жанын ұққың келсе, шинелін оқ тескен жігітпен сырласқың келсе, алыста, майдан даласында қансырап жатып жарын, титтей сәбиін еске алған солдаттың жанын ұққың келсе, осы Хамит ақынның соғыстан кейін жазған жырларын оқы. Ол жырлар майдан шындығын саған ұқтырады да ойлантады.

Тұманбай Молдағалиев

Loading player...