Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік

Құс қанаты

Құс қанаты

Жас прозашыларға қатысты жоба жасаймыз дегелі көп ойландық. Біздің бір ғана мақсатымыз бар – көркем шығарманы оқырманға жеткізу. Тек жеткізу емес, оқымасына амалын қалдырмау. Жас жазушылардың бәріне хабарласып, Алматыдағы шоғырымен кездесіп, ой бөлісіп те алдық.

Жаңашыл технологияларды әдебиетке қызмет еткізу, жаухарларымызды насихаттаудың құралына айналдыру ісінде кенже қалғанымыз жасырын емес. Әлем бұл жолды бізден әлдеқашан бұрын жүріп өтті. Біз сол жасалмай қалған сан мың істің аз ғана бөлігін жанымызды сала жүзеге асырып жатырмыз. “Құс қанаты” да – соның бірі.

Жас қаламгерлеріміз бірінен соң бірі келіп, студиямызда өз шығармаларын оқып жатты. Оқырмандарымыз жазушыларымызды тек оқып қана қоймай, шығармасын оның оқуында тыңдаса деген ойымыз болды. Себебі, туынды автор оқығанда мүлдем басқа түске боялады. Спектрдің жеті түсіндей әр сезім айқын көрінеді. Жүрегінен үзіліп түскен әр сөзін аялайтындай олар. Бұл іс біздің шығармашылық топ үшін де, жас қаламгерлер үшін де жақсы тәжірибе болды. Ал оқырман үшін бұл да аздық ететіндей.   Сапалы талдау ұсынсақ, оқырманның әдеби талғамын қалыптастыруға қосқан аз ғана үлесіміз болмай ма? Таңдауымыз жас сыншы Әсия Бағдәулетқызына түсті. Ол әсілінде өте адал, әділ сыншы. Рецензиялар бірінен соң бірі поштама түсіп жатқанда, оны алғашқы болып оқып, рухани ләззатқа бөленгенде, бұл таңдауда да біз қателік жібермегенімізді түсіндім. Жобаға қатысқан жас қаламгерлер үшін де замандас сыншының сөзі маңызды болар деген ойдамын.

Сонымен, “Құс қанаты” жобасына бүгінгі күні аты аталып жүрген жиырмадан астам прозаик қатысты. Қаламгерлер өз таңдауымен үздік деген үш шығармасын назарларыңызға ұсынды. Авторлар мен шығармалар белгілі бір ретпен апта сайын жарияланып отырмақ.

Жобаның бұлай аталуы да кездейсоқтық емес. Өз басым отыз-қырық атауды тізіп, сәтті нұсқасын таба алмай әбден қиналдым. Күн күрт бұзылып, ақ қанат қар түсті көктемгі күнде. Анам болса табиғаттың бұл тосын мінезін “Құс қанаты ғой” деп бағалап жатты. Табылды! Міне! Бұл жобаның атауы – “Құс қанаты”!

Құс қанаты – жыл құстарымен бірге келетін табиғат құбылысы екенін әр қазақ білсе керек. Құс қанатының қарлы жаңбырынан, суық желінен кейін іле-шала көктем келіп, тіршілік атаулы түрленіп сала береді. Құс қанаты – жаңа өмірдің бастауы, жаңалықтың, жақсылықтың белгісі. Көктемнің келгенін, жыл құстарының туған жеріне аман жеткенін әйгілеп тұратын әдемі әпсана.   Атам қазақ осы табиғат құбылысына “құс қанаты” деген поэтикалық атау бергені де жүректің қылын қозғайды. Бұл жас жазушылар шоғыры да әдебиеттегі “құс қанаты” болғай.

Әдебиетке алды жиырма жыл, арты он жыл бұрын келіп, жанкештілікпен еңбек етіп жүрген бұл толқынға баға берер біз емес. Баға беріп, екшейтін оқырман мен уақыттың өзі. Біздікі тек – барымызды ұсыну. Оқырман мен әдебиеттің арасына дәнекер болу. Әрі әдебиеттің жұлдызды шағы туарына үміт ету!

Мақпал Жұмабай

kitap.kz  бас редакторы

 

Арман Әлменбет

Арман Әлменбет

Жазушы

Арман Әлменбеттің әңгімелерін алғаш оқығанда бойыңызды әлдебір сәулелі сезімдер қытықтап өтеді. Кейін түсінесіз, бұл, «бұйырса, сөз бәйгесіне қапысыз тұлпар қосылды» деген қуаныш екен. Кейде біз жастар арасында кәсіби жазушылықты емес, жазушылыққа пародияны, талпынысты жиі көреміз. Ал Армандікі қоспасыз суреткерлік. Бұл суреткерліктің сиқыры неде дейсіз ғой? Оны сезіп, көріп, түсіну оңай болғанымен, өзгеге түсіндіріп беру соншалықты қиын. Қарабайырлап айтқанда, Арманның табысының сыры ­ оқиғаны әңгімелеп отырып, оның астарына меңзеу. «Су беті» емес, «су асты» ағындарына жетелей білетіні.

Ең жақсы шығарма, бір сөзін де өзгерткің келмейтін шығарма. Кейбір жазушылардың шығармасын абзац-абзацқа бұтарлап, керек емесін қысқартып, кәдеге жарайды деген түйіндерін өңдеуге жібергің келеді. Арманның әр сөйлемі, сөзі жанды, тірі құбылыс. Бұл ­ шын суреткерлердің ғана маңдайына жазылған бақ. Онда бәрі шынайы: оқиға шынайы (өйткені өмірдің өзі кез келген қиялдан асып түседі), тіл шынайы (жасанды тіркестер, қинап қосылған сөздер атымен жоқ) ой шынайы (өресі жетпейтін жерге секіріп, елге ақыл айтқысы келетін кей әріптестеріндей емес). Ең бастысы, жас жазушының өмірді бақылап қана қоймай, ең нәзік пернелерін баса алатындығына таңдай қағасыз.

«Ерлі­-зайыпты»

«Ерлі­-зайыпты» − қазақ әңгімесінің ең ізгі дәстүрлерін жалғайтын туынды. Мұндағы Майра мен Серәлі ­ типтік бейнелер, олардың қарым-­қатынасы қазақ отбасындағы типтік қатынас.

Біз расында бір-бірімізді бағаламаймыз, жақын адамдарға көңіл бөлмейміз. Ал өмірде одан басқа не қызық, не құндылық бар? Жалпы, ауыл қазағы үшін жақыныңа сезім білдірудің өзі кейде соншалықты қиын шаруа, алынбас қамалға айналады. Арман осының бәрін нәзік сезінеді және ауыл қазағының аппақ көңілін перзенттік іңкәрлікпен жырлайды. Оның жазуындағы нәзік юмор, кейіпкердің болмысынан, әңгіменің ішкі жүлгесінен қайнап шығады. Арман адамның, оның ішінде «қазақ кісінің» психологиясын керемет меңгерген. Одан Бейімбет пен Тынымбайдың исі шығады, Шукшинді еске түсіретін иірімдері бар. Қараңыз:

«– А-а-л, біссімілә, – деп алақанын бір ысқылап алды жүргізуші жігіт жүрер алдында, – Жол тайғақ. Құдайға сиынып отырыңыздар». Көлік жүргізушінің пысықайлығын байқадыңыз. Ал, жолға шыққан кейіпкерлер қайтті: «Майра білгенін айтып, дұға жасаған болды. Серәлінің құлағының мүкісі бар еді, шопыр баланың не айтқанын естісе де, үндеген жоқ. Алдыңғы жаққа қарап қойып, отыра берді». Жүргізушінің пысықтығын ұнатпағаны ма, өзінің томаға-­тұйықтығы ма, әйтеуір Серәлі қырсығып отыр. Және осы қылығының өзі жып­-жылы: бары сол. Ауылдағы, еш нәрсеге көңілі толмайтын, күн ұзақ өзінен-­өзі тоңқиып жүретін ағаларымыз еске түседі.

Кейіпкерлердің мінездері оқыс ситуация кезінде даралана түседі. Оқыс болатыны, жол шынында да тайғақ болып, бұлар аварияға түседі. «Далаға алып шығып, жерге отырғызған соң, есіне түсе бастады. Алдымен үш баласы ойына оралды. Олар бұл машинаға мінген жоқ. Күйеуі... Орнынан атып тұрды: – Серәлі? Серәлі қайда?».

Бір қарағанда, бұл қазір болып жатқан оқиғаның сипаттары. Бірақ баяндау үшін жедел өткен шақ формасын алғаны соншалықты ұтымды. «Балаларын ойлай берді. Өліп кеткен болса, қызының, күйеу баласының халі не болар еді деп бір жылады. Қаладағы былтыр оқуын бітірген ұлының жағдайын ойлап, тағы егілді. Ал енді әлі бастауыш сыныпта оқитын кенжесінің жайын ойлауға тіпті дәті бармады. Үнсіз өкси берген». Бұл жолдар да Арманның, қазақ әйелін жіті бақылап, жақыннан танығанын көрсетеді.

Кез келген шынайы жазушы сияқты, А.Әлменбеттің шығармаларында кейіпкерлердің бір-­біріне айтқан сөзі, қарым-­қатынастағы әрекеті емес, көзге көрінбейтін нәзік байланыстары маңыздырақ. Арман адамның ішкі ойын, ниетін дөп басып жеткізеді. «Оңаша сәтті пайдаланып, күйеуін оятып алып, аман қалғанына шүкір айтып, бір ақтарылғысы келді. Балаларға деген, оның өзіне деген махаббатын да айтқысы келді. Бірақ отасқандарына отыз жылға таяса да, олай шешіліп сөйлесіп көрмепті» дейді. Бір­біріне «жаным, күнім» демек түгілі, қатар отырып суретке түсуге қысылатын аға буынның мінезін айнытпай тапқан. «Бұйра шашын жастыққа батырып, ұйықтап жатқан күйеуіне қарап жымиып қойды. Кешеден бері үнсіз жүргенін, әлсін-әлсін бұған қарап тұнжырай беретінін де байқаған». Түсінесіз бе, «бұйра шашын» деген бір анықтама сөздің өзінен сіз әйелдің күйеуін, әсіресе сол бұйра шашын жақсы көретінін аңдайсыз. Ал Майраның күйеуіне қарап «жымиып қоятыны» қандай аяулы? Жас жазушының қазақ отбасындағы қатынас әдебін, ымдап қана білдіретін сезімдерін дөп басқан шеберлігіне таңдай қағасыз.

Ең қызық сурет кешке болады: күйеуі кіріп келеді де, үстелдің үстіне қорап қоя салады. «Неге екені, осы кезде Майраның жүрегі тулап кетті. Бірақ онысын білдірмеуге тырысты. Қорапты көрмеген адамдай, ол туралы ештеңе сұраған жоқ». Қаламгердің адам көңіліндегі нәзік құбылуларды дөп басатыны ғажап. Серәлінің әрекеті де қызық: «оқушы бала секілді түп-түзу бұрылды да, анадай жердегі орындыққа барып отырды», «өзінен-өзі қипақтап, сәл отырды», «сосын тұрды да, үндеместен кабинеттен шығып жүре берді». Сезім білдіруге шорқақ, көңілдегісін айтуға дағдыланбаған кейіпкердің қылығын автор шынайы жеткізген. Бұл Бейімбеттің Шұғасы сықырлауықтың арғы жағынан қарайтыны сияқты, Мағжанның лирикалық кейіпкері үй сыртындағы «Шолпының» үнін құлағымен аңдитыны сияқты, шешен әрекет. Қазақ үшін шын сүйіспеншілік «сүйемін» деп айта алмайтын сүйіспеншілік. «Күйеуі шығып кеткен соң, Майра қызыл түсті әдемі жіппен байланған қорапты аша бастады. Ашып қараса... ішінде шаш кептіретін фен екен». Жазушы аяулы кейіпкерлерін, күйкі тірліктен биіктетті.

Арманды оқығанда түсінесіз, әдебиетте “не жазу” емес, “қалай жазу” маңызды. Әдебиет үшін «ұсақ» және «ірі» тақырыптар болмайды. Бәрі шеберлікке байланысты. Егер шығармаңызда Адам болса, оның жай ғана келе жатып жердегі тасқа сүрініп кеткені де әңгімеге арқау болуға татиды. Өмірінде бірінші рет күйеуінен сыйлық алған Майраға қарап отырып, қазақ аналарының бәрін аяп кетесіз. Және есіңізге Шукшиннің «Етік» деген әңгімесі түседі. Жүргізуші Сергей 45 жылдан кейін бірінші рет әйеліне сыйлық жасауға шешім қабылдаушы еді. Ауылдастарының бәрі мазақ қылғанда, су жаңа етік аяғын қысып тұрса да, ерінің «ерлігін» әйелі бағалайтын. «Ерлі-­зайыптыдағы» Серәлі мен Майра да жан ­дүниесімен ұғысқан, бір-­біріне сай жандар. Жазушы сізге олардың сыртқы сипаты, өмірбаяндық штрихтары туралы ләм деген жоқ, бірақ сіз олардың мінезін, болмысын, ішкі дүниесін ең жақын адамыңыздай білесіз.

Тілдік тұрғыдан алғанда, Арман, сыртқы сұлулыққа, жылуы жоқ әшекей сөздерге құмартпайды. Оның әр сөзі орынды, әр сөйлемі жатық, адасып жүрген тіркес жоқ. Сөздің техникасын, қарапайым, қазақы тілді жақсы білетіндігі, шебер қолданатыны байқалады. Жасанды тіркестер, журналистік «паразит» сөздер, басы артық терминдер жоқ, бәрі табиғи тілдік элементтер.

Кезінде З.Қабдолов Бейімбет туралы: «Қазақ кедейінің жұмсақ юморы, халық даналығы дарыған, еңбекқор және арманшыл қарапайым ауыл қазағының ойы мен мүддесін білдіруші» десе, қазір Арман да кейбір ауылдарда сақталған, қарапайым қазақтың өзіне ғана тән мінез-болмысын білдірушілер қатарында. Дәлірек айтқанда, ол қарапайым өмірлік ситуациялардан тосын тереңдіктер, нәзік лиризм, поэзия мен саф сұлулықтар тауып алады. Оның кейіпкерлерінің ғажабы сол, есеп­-қисабы жоқ, жасандылығы жоқ және сол, сезімге шорқақ кейіпкерлерден, жазушы рухани мазмұн көреді.

«Аңшы»

Арманның баяндау стилистикасы байыпты, орнықты. Ауылдың әңгімешіл шалдары сияқты оқиғаны аптықпай, баппен, дәмін кетірмей баяндайды. Бұл әңгімеде де солай. Әбдірәш сиырын қайтарып сап келе жатады да, Сәрсенғалидың қорасының маңына бірнеше адамның үймелеп  қалғанын көреді. Сөйтсе, көрші қорасына түлкі кіріп кетіпті.

«Осы жерде айта кету керек, Әбдірәш – төңірекке танымал аңшы еді. Әрі мерген» деп қояды автор. Драматургиядағы ілгек деп осыны айтады. Не керек, аңсыраған аңшы мылтығын алып шыға келеді. «Табанына  киіз байлап алғандай» деген суреттеуден-­ақ Әбдірәштің «кәсіби» машығынан айырылмағанын аңдайсыз.  Өзіне сенімділігі де орасан: «Көзіне бір көрінсе болды, жалпасына түсіреді ғой». Оқиға шиеленіскен тұстағы сипаттауы да ерекше: «Мылтығын ақырын қидың шетінен шығарды да, түлкіге кезей… Кезене берді де айқай сап атып шықты: - Әй, сорлы! Өй, адам өлтіре алмай жүрсің бе?»

Түлкіні енді ата бергенде, көршісі ербеңдеп шыға келсін. Шатақ мінезді аңшының сөйлеуі де өктем. «Сорлы» дейді, «сол немее» дейді. Қысқасы, сол қашып кеткен түлкі күні бойы мазасын алады. «Қазақ осы - өзімсінген адамға, Насыбайға бола өкпелеп қалатын» дейтін Қадыр ақынның айтатыны тұп­-тура Әбдірәш. «Аңшыға тән асау көңіл тыныш табар түрі жоқ. Таңертең түлкіні көрген бетте көз алдына қалай тыраң еткізетіні елестеп кеткен. Қарашы, әлгі неменің не істегенін. Ендігісі терісін сыпырып отырар еді» деп қояды. Таңданарлығы, Арман жастығына қарамай, осындай ересек кейіпкерлердің жүйке жүйесіне еркін сүңгіп кетеді. Әбдірәш соқтығысар жан таппай тұрғанда, көзі көршісінің алабайына түссін. «Мылтығын тура алабайға кезеді. Қашықтық тым алыс. Бірақ оқ жетеді. Шынжырын үзіп жіберердей боп ұмтылып үріп тұрған итті гүрс еткізді». Чеховтың шарты орындалды. Оқтаулы мылтық атылды. Жазықсыз итке жаныңыз ашып бара жатқанда, ары қарай оқисыз: «Әндетіп үйіне беттеді. Сәрсенғалиға деген өкпесі де тарқаған. «Өзім басқа алабай сатып әперем,» – деді іштей – «Бұнысы бәрібір қабаған боп кетіп еді. Біреуді қауып алмай тұрғанда, қайта дұрыс болды».

Не дейсіз енді? Дауа жоқ. Мұндай әпенді мінездер қазақ ауылында ғана болуы мүмкін. Ұлттық болмыс дегеніңіз осы. Әбдірәшке бір жағы ашуыңыз келеді, бір жағы айыптайсыз да, бірақ жек көре алмайсыз. «Аңшының» трагедиясы ­ ол жанымен дала қазағы. Бостан адам. Ал аңсыз ауылдың түрме тектес мағынасыз тірлігі, оны құса қылады. Ол идеал, мінсіз кейіпкер емес, сонысымен де сізге жақын. Бірақ қарапайым болғанымен «кішкентай адам» да емес. Өзіне ғана жарасатын бөлек өлшемдегі ірілігі бар.

Сол сияқты, Сәрсенғалидың да алабайға деген қатынасы қызық. «Күндіз байлаулы тұрады. Түнде қораға қамалады. Неге қамайсың деп сұрағандарға Сәрсенғали: «Ұрлап кетсе қайтем. Жыл сайын алабай сатып ала беретін ақшам жоқ» - деуші еді». Адам итті өзін қору үшін асыраушы еді, ол итін қориды. Қысқасы, Арманның кейіпкерлерін оқып отырып, Тынымбайда, Бейімбетте, Оралханда бар әпенділер еске түседі. Және сөзсіз олардың шынайылығына сене отырып, табиғи қалпынан ажырамаған дала қазағымен қайта қауышқандай қуанышқа бөленесің. Олар аяуы. Өйткені бұл әпенділерінің күнделікті тірлігінің өзі күрес, өзі болып қалу үшін, қазақтың бойындағы табиғилық, өзгешелік үшін күрес.

Алабайдың «қазасынан» кейін оқиға қалай өрбіді? «Әйтеуір, Сәрсенғали алабай емес, бір жерден құмай тазы алдырыпты деп естідік. Әбдірәш көршісі екеуі келер жылғы қансонарға баптап жүр деген. Бірақ ауылға аң кіретін болса Сәрсенғали жағаласпайды екен, Әбдірәш жалғыз өзі аулайтын көрінеді». Конфликтінің келісіммен аяқталуынан Арманның өмірден жарқын бояуларды көруге ұмтылатынын байқайсыз. Автор өз кейіпкерлеріне ирониямен және ең маңыздысы, үлкен құрмет және сүйіспеншілікпен қарайды.

«Алғашқы қар»

Бұл аталған үштіктегі композициялық құрылымымен ерекшеленетін шығарма. Әңгіме шартты түрде төрт бөлімге бөлінген. Біріншісі, Арманның әдетінше, дауыл алдындағы тып­тынық сурет. Ауылдағы алғашқы қар туралы естелік. Өзінің ілмиген кезі екенін, бұлар отын тасып жүргенде қардың кенеттен жауғаны, «әкесі мен достары қайда екені есінде жоқтығы»... бәрі­-бәрі шынайы. Суриковтың картинасы сияқты әсер береді.

Екінші бөлімде тағы бір қыс суреттеледі. Ауылдың әдепкі тіршілігі. «Ел соғымдарын сойған, бірін-бірі шекеге шақырысып жатқан шақ екен. Көрші-көлемнің барлығы дерлік бұл салтты атқарып тастапты. Тек бір үй ғана... Түменбектің үйі. Жылда солай. Ол үй шақырады деп ешкім күтпейді де». Осы тұста оқырманда оқыс сұрақ туады. «Неге күтпейді?». Себебі, «Түменбектің өзі кемтар адам. Көзі көрмейді», «Аздап арақ ішетіні бар»... «Әйелі ешкіммен араласпайтын, томаға-тұйық адам». «Үлкен қызы күйеуге шыққан деседі. Ақылы кемдеу болатын. Одан кейінгі ұлы – Дидар. 7-сыныптан кейін оқудан шығып кеткен... Одан кейінгі баласы... Мүгедектерге арналған арбада отырады». Автордың бүтін отбасыны бір абзацпен ғана суреттей білуінің сыры − мінездемелік детальдардың көптігінде. Сол үйдің атұстары Дидарды көргендегісін қараңыз: «Шанаға арқан жалғап, санына орай, тақымына басып алыпты. Шанада «престелген» шөп. «Е-е-е, қыс басталмай жатып, шөптері біткен екен ғой» деп ойлап едім ішімнен»... Мүмкін, ауылдағы басқа адам мән бермес еді, біздің лирикалық кейіпкер бұл суретті аңғармай қоймайды.

Қош, үшінші бөлімде баяндаушыңыз қалада жатады. Тағы да қыс келген болуы керек. «Көршілердің бәрі де қысқа дайын шығар. Олар ондайға ерте қамданушы еді ғой. Тек бір үй... Түменбектің үйі. Бірақ ол үйде биыл от жағылмауы да мүмкін. Өйткені былтыр көктемде Түменбек мас болып отырып от жаққан екен, түнде түтін ішке соғып, иіс тиіп қалыпты».

Түменбектің отбасын сол шаңырақтың ішінен суреттеуге де болатын еді. Бірақ автор бұл сюжетті, сырттай бақылаушының қабылдауы арқылы­-ақ  жеткізеді. Және соның өзінде жүрек шымырлап, тамағыңызға тас тығылады. Неге дейсіз ғой? Өйткені сол оқиғаны жан ­дүниесімен қабылдап, сізге жеткізіп отырған баяндаушының да жүрегі ауырады ғой. Әңгімедегі кілт кейіпкер сол автор, ол немқұрайлы болса, әңгіме де шықпайтын еді. Бұл жерде нысан ­ Түменбектің емес, баяндаушы автордың психологиясы. Көрші тұрмысын жіті бақылап, қиыншылығының бәрін біліп жүрген бала, уайымдайды, бірақ тікелей әрекетімен соларға болысуға, қол ұшын созуға бата алмайды. Әңгімеде «кешіріңдер» деген сөз жоқ, бірақ бұл әңгіме жоқтау, бұл әңгіме кешірім сұрау. Сіз автордың өз кезінде бір ауыз жылы сөзімен болса да, көршісінің отбасына демеу бола алмағаны үшін, аруақтардан кешірім сұрап тұрғанын сезесіз. Айтылмаған махаббат қандай аяулы болса, айтылмаған «кешірші» де сондай. Психология дегеннен шығады, бел шешіп іске кіріскеннен гөрі рефлексияға берілуді көбірек ұнататын қазақ мінезінің тағы бір қыры – осы емес пе еді?

Ал төртінші бөлім үш қысқа ғана сөйлемнен тұрады. «Әкем хабарласты. Ауылда алғашқы қар жауыпты. Ылғи осылай күтпеген уақытта жауады...». Қар бұл әңгімеде поэтикалық, философиялық мәнге ие. Мағжанның поэзиясында дала қандай болса («Дала. Дала. Сар дала! Жапан түзде бір қара...»), мұндағы алғашқы қар да сондай. Қыс мезгілі (теңдік белгісі) өмір сияқты, кез келген мезетте мұрттай ұшыруы мүмкін. Әлсін-әлсін кейіпкердің есіне нашар тұрмысты Түменбектің үйі түсіп кете беретіні де содан. Демек, бұл әңгімеден сіз әлеуметтік проблеманы көресіз. Автор ешкімді кінәламайды, мемлекетті, билікті айыпты қылмайды. Бірақ дүниеде кедейлік пен бақытсыздық бар екенін айтады. Және содан дерттенеді.

 «Шебер болғың келе ме, шындықты ғана жаз. Басқа еш нәрсемен таңқалдыра алмайсың» дейді Шукшин. Жазушы болам деген кейбір жастардан жасанды диалогтар, қиялдан туған ситуацияларды көрсеңіз, Арманда бәрі шынайы. Ол өмірді ғана жазады. Өйткені аңғарымпаздығы, тақырып, кейіпкер таңдауда түйсігі алдамайды. Ойы толысқан, позициясы анық, таптаурын жолдарға жүгірмейді. Онысына оқиғаны шебер өре білуін, шешен әңгімешілдігін, оқырманын жылтырақпен алдамай, қарапайым баяндаумен­ақ баурап алатынын қосыңыз. Осының бәрін ескере келе, жас қаламгердің болашағы зор екеніне кәміл сенесіз. Ендеше, «жаз, жаза түс» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Алғашқы қар
Аңшы
Ерлі-зайыпты
Аягүл Мантаева

Аягүл Мантаева

Аяулы мұң

Америкада 50-жылдары Маргарет Кин деген суретші болған. Аягүлдің әңгімелерін оқығанда сол Маргарет Кин жазған жанары мұңды портреттер көз алдыңызға келе береді. Ол ылғи да бақытсыз балалық шақтан өсіп шыққан жаралы жандар туралы жазады. Сондықтан кейде ғаламдық мұңды жалғыз өзі арқалап жүргендей көрінеді.

Жауһар, Айнамкөз, Бұрым, Айкөркем... Аягүлдің «сөйлеп тұратын» есімдер сыйлауынан­ақ сіз жазушының бақытсыз кейіпкерлеріне деген қатынасын көресіз. Оның сүйкімді кейіпкерлері мұңданып, кейде жынданып өмірден өтіп кетіп жатады... Сондықтан да Аягүлді оқығанда сізді бір сұрақ мазалайды. «Адамдар неге бақытсыз?»...

«Депрессия»

Бұл әңгіме негізінен екі қыздың диалогынан тұрады. Реалистік әдебиеттің канондарына салсақ, «Депрессия» кейіпкерлерінің сұхбаты жасанды сияқты әсер қалдырады. Әдепкі адамдар бұлай сөйлемейді. Әдепкі адамның ойында мұнша көп шарттылыққа орын жоқ. Бірақ әңгіменің ішкі өрісіне бойлаған кезде сіз түсінесіз. Аягүлдің бірде­бір кейіпкері «әдепкі» адам емес. Сезімталдығы мен интеллектуалдық өрісі үйлесім тапқан Аягүл Мантаева, көбіне­көп қазіргі адамның деформацияланған жан-дүниесіне үңіледі.

Мысалы, осы әңгімедегі Айкөркем неге мысық пен мәулендерді өлтіреді? Өйткені зұлымдықтан зұлымдық қана туады. Дүниеге аппақ, тап-таза болып келген оны өзінің ортасы, жезөкше анасы, шегір көздер, былғаныш ниеттер ластады. Төрт құбыласы түгел болу үшін адам мейірімге қанып өсуі керек. Ал жазушы бізге сол мейірімнің апаттық жағдайда жетіспейтіндігін айтып отыр. Айкөркем образы арқылы ол, адамның қатыгездігі жайлы сұрақ қояды.  Мұндай адамды аяу керек пе, айыптау керек пе, одан қорқу керек пе? Айкөркемді «қара мысықтың аңдитыны» – оның өз әрекетіне деген ішкі, психологиялық қарсылығы. Сондықтан да сіз Айкөркемді айыптай алмайсыз. Оның қолынан өлген мәулендер қандай құрбан болса, өзіне тиесілі мейірімге қанбаған бұл да, сондай құрбан.

«– Кешір, – деді аспан жаққа көз тастап. – Кешірші. Сені жақсы көре тұрып, жек көретінім үшін кешірші. Ғасыр... Ол менің сезімімді қорлады.  Ғасырға өлім тілейтінім үшін кешірші. Аппақ әлемді, айналамды қоршаған адамдарды жек көретінім үшін кешірші. Сен жазмышқа сенесің бе? – деді ол темекісін тұтатып...»

Жоғарыдағы жолдардан байқағандарыңыздай, Аягүл адам жанының шым тереңдеріне бойлай алады. Өзінің тумысынан неге сонша бейбақ болып жаралғанын түсінбейтін Айкөркем, «бұл бәлкім, жазмыш шығар» деген жалғыз сөзден жұбаныш табады. Кісі бойындағы қарама­қайшы сезімдер, арпалысқан ойларды соншалықты дөп басу кез келген қаламгердің қолынан келмейтіні анық. Бұл сөзсіз, психологтың, және өзгенің де, өзінің де жанына жиі үңілетін, кісі бойындағы қайшылықтарды байыптай алған сұңғыла жазушының ғана несібесі.

Екінші кейіпкер, баяндаушы – Айкөркемге қарама-қайшы бейне. Балалық шағы лайланбаған, мейірімге қанып өскен, махаббатқа шомылып жүрген «қалыпты» қыз. Бір қарағанда. Бірақ Айкөркемнің қырағы көзімен қарасаңыз, «баяндаушының» да бақытсыз жан екенін аңдайсыз. «Еркек пен әйелдің қарым-қатынасы гүл мен көбелектің қарым-қатынасын қайталайды. Сен биік үйлердің терезесінен көрінетін қызыл гүлге көбелек қонғанын көрдің бе?». Айкөркем құрбысын биік үйдің терезесіндегі гүлге ұқсатып тұр. Демек, ол биік болғанымен, сол биігінде жалғыз. Айкөркемнің: «Білем ғой, сен менің болмысымнан қорқасың, сүйе тұрып, сезімін тұншықтырып тастайтын сенен мен де қорқам...» дейтіні де содан. Жалпы, жаратылыста әйелдер екі топқа бөлінеді: сезім жетегінде өмір сүретіндер және сезімін тежей білетіндер. Автор сол екі типтегі әйелдің де психологиясын дөп басады.

Аягүлдің кейіпкерлеріне ортақ қасиет ­ асқан білімді, терең, интеллектуал, бейнелі ойлай біледі. Ол жадаулық пен қарабайырлық жайлы жазбайды. Шынайы өмірде айтылмайтын, бірақ ең маңызды сөздер оның әңгімесінде түйдек­түйдегімен ақтарылатыны да содан шығар.

«Сенің өмірің – сенің ғана шындығың». Бұдан асқан әділетті өмір сүру формуласын табу мүмкін емес сияқты. Бірақ Аягүл табады: дүниенің кілті мейірім екен. «Депрессия» бір жезөкше мен сұлу қыздың қор болған өмірі жайлы әлеуметтік әңгіме ғана емес, бұл – тазалық пен мейірім туралы пәлсапалық шығарма. Сол тазалықтан әділетіз қағылған Айкөркем, әңгімені оқып біткен соң да өзіңізбен бірге қалады. «Қарызға құрбым да бермеген ақшаны тәнім тауып берді». Демек ол, туған анасынан көрмеген мейірімді басқалардан да іздеген, бір кездері үміттенген, бірақ ешкімнен таба алмапты. Бұдан былай табуы да екіталай...

«Жауһар»

«Жауһар» кейіпкерлерінің психологиясы құлыптаулы қалған сияқты. Мысалы, кейіпкердің шегір көз жігітке «ғашық болуы» сендірмейді, сипаттауында жарты тон болса да жылу жоқ. Бірақ шап-шағын әңгімеге мінез сыймаса да, өмірбаян сыйып тұр. Өзін сүймейтін жігіттен көтеріп қалып, о дүниелік болатын Жауһардың да, оны қорғай алмаған құрбысының да, біреуді жылатып, екіншісін жұбата алмаған шегір көздің де өмірі сізге «түсінікті».

«Жауһардағы» схема «Депрессияға» ұқсас. Бір жігітке ғашық болған екі қыз. Айкөркем мен Жауһар өзін қаламаған жігітті жақсы көрді, бірақ жігіт сүйген қыздар да бақытты емес. Бұл әңгімеден кейін де, тамағыңызға тығылған түйін мен «бақытты болу сондай қиын ба?» деген сұрақ қалады.

Аягүлді ерекшелейтін нәрсе – кез келген әңгімесінде тіршіліктің мәні, ғаламның жаратылысы, адамның болмысы туралы құнды ойлар болады. «Мен өзімді ұйықтап жатып, ояу жатқандай, ояу жатып, ұйықтап жатқандай сезінем. Күн суық күні ыстықтап жүремін, ал ыстық күні тоңып жүремін» дейді «Жауһардың» кейіпкері. Неге олай дейді? Өйткені өмір көбінде «бұл менің түсім болса екен» дейтіндей үрейлі. Аягүлдің кейіпкерлері неге мұңды? Адам қайткенде бақытты болады? Екі әңгіменің де кейіпкерлерінің орасан жалғыздығын сезінесіз. «Біз өмірді өзіміз күрделендіріп аламыз» дейді бір кейіпкер. Оның кейіпкерлерімен бір кеңістікке түскенде, өмір шынында да күрделеніп кетеді. Ал оны қарапайым деп кім айтты...

«Қабір гүлі»

«Қабір гүлі» адамның өлімді алғаш рет түйсінуі туралы. Бір данышпанның таңғалатыны бар еді, «Менің ең бақытсыз күнім – адамдардың бәрі өлетінін түсінген күнім. Ересектер, дүниеде бәрінің жойылатынын біле тұра қалайша түк болмағандай өмір сүре береді?» деп. «Қабір гүлінің» кейіпкері кездесетін алғашқы өлім – бұларды ойнататын бүкір шалдың өлімі. Ал адамдардың бәрі түбінде бақилық екенін білгенде ол ересектерге сұрақ қоя бастайды. «Адамдар неге 600­800 жыл өмір сүрмейді?»...

Әңгіменің сәтті шығуының кілті − баланың атынан баяндалуында. Сондықтан тілі, стилі барынша қарапайым. Диалогтары шартты емес, реалды:

«– Әкетеміз. Ата-бабамызды сендердің зираттарыңда жатқызбаймыз, – дейміз бәріміз «хормен».

– Қашан әкетесіңдер?

– Бүгін әкетіңдер!

– Бүгіннен қалдырмаңдар, әйтпесе...

– Әйтпесе, не істейсіңдер?

– Сендердің ауылдарыңда зираттан басқа не бар өзі? Ауылдарың мәдениет дегеннен жұрдай ғой.

– Ой, осы сендер бір-біріңе  неге сонша кектенесіңдер? Ерте ме, кеш пе, бәріміз сол зиратта жатамыз ғой».

Гонг соғылғандай. Сипаттаудағы жеңіл ирония: қара баланың «ақбозын» тілімен «сипап» қоятыны, өзен үшін таласта жеңілген жақтың әділетсіздікке «күйінетіні», Жарабастың шынтағын тырнап қоятыны – бәрінің әсері бір ғана сөзбен ізім­ғайым. «Бәріміз сол зиратта жатамыз ғой».

Жазушының ерекшелігі сондай нюанстарды ұстай білуінде. Сондай­ақ, оның ешкімге ұқсамайтын бейнелі ойлау жүйесі қызықты.

«Депрессиядағыдай»: «Сен көбелекке ұқсайсың», «сен шіркейге ұқсайсың» деген «салғыласу» болмаса да, Аягүлдің өзіндік қабылдауы бұл әңгімеде де менмұндалап тұр. Мысалы, оқыңыз: «Әлі есімде, сол күні жүгері алқабының ішінде отырып, ұзақ жылағаным. «Біздің өміріміз жүгеріге ұқсайды екен ғой» деймін де жылай беремін». Бір сөздің астарында бүтін адамзаттың ең үлкен күмәні тұр. Біздің жүгеріден, ағаштан, басқа өсімдіктен қай жеріміз әулие? Біз де өлген соң ғайыпқа сіңетін биологиялық түр ғана шығармыз? Адам шынында да «өсімдік» болып жүрмесін.

Қысқасы, Аягүлдің өмір мен өлімді қабылдауы, махаббат пен достыққа деген авторлық қатынасы қызық. Сондықтан оның кейіпкерлері де қызық болады. Тағы бір қасиеті, А.Мантаеваны оқығанда оның әлемдік классикамен етене таныс екенін байқайсыз. Мысалы, «Депрессиядағы» «данышпан» «Боранды бекеттегі» Әбутәліпті еске түсіреді. Ал «Жауһар» әңгімесінің бас кейіпкері: «Өмірге ешқандай ұрпақ әкелгім келмейді. Қайғы, мұң арқалап, ол да өмірден өтеді. Бір бақытсыз жанды өмірге әкелмей, сауап іс жасағым келеді» дейтіні − Гамлеттің Офелияға айтатын сөзін санаңызда жаңғыртады. Қазақтың әдебиетіне бұған дейін жат болып келген, өзгеше өрістегі ойлар, танымдық, эстетикалық жаңа қабаттар – А.Мантаеваның прозасындағы құндылық осы.

Тілдік жағынан алсақ, кейде бұл әңгімелер жасанды болып көрінуі мүмкін. Мысалы, жоғарыдағы: «Мен оны жақсы да көрмеймін, жек те көрмеймін», я «Жасанды да өмір сүргім келмейді» дегенде жалғаулық шылаудың өз орнында тұрмағанын байқайсыз. Я болмаса «Қабір гүліндегі»: «Әкем маған кінәлаған көзқараспен қарады» дегенін алыңыз. «Взгляд» сөзінің аудармасы «көзқарас» болғанымен, қазақшасында «кінәлаған көзбен қарады» дей салу орындырақ көрінеді.

Ең бастысы, Аягүл Мантаеваны оқығанда шылау мен жалғауды ұмыта тұрып, оның өмір шындықтарын өзіңізден ерте түсініп қойған кейіпкерлерімен бірге, пәлсапалық ойлардың шырмауында қала тұрғың келеді. Неге десеңіз, ойландыратын жазушы, әсіресе соңғы буында, өте сирек қой.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Қабір гүлі
Жауһар
Депрессия
Лира Қоныс

Лира Қоныс

Құлпынай қосылған мұң

Лира Қоныстың есімі бүгінде жас жазушылардың алдыңғы үштігінде аталады. Олай болатыны, осы уақытқа дейін бірді­екілі кітабы шыққаны рас, бір жылдары баспасөзде белсенді жарияланғаны да рас. Бірақ оның оқылымды болуының негізгі себебі – өз оқырманын табуында. Ол ауылда туып, қалада қалыптасып жатқан жастардың «өз жазушысы». Оның жазғандарынан қала мен ауылдың, шетелдік пен қазақылықтың арасында дағдарып тұрған қазіргі жастарға түсінікті және олардың болмысын дөп басады. Оған қоса,  Лираның әңгімелерінде қазақ прозасында бұрын болмаған кейіпкерлер, оқыс оқиғалар мен заманауи суреттер бар.

Бұл − оның жазуының бір сипаты болса, өзіміз байқаған екінші сипаты –  Лираның қаламынан автордың ешкімге мойынсұнбайтын, жігерлі, батыл болмысы «менмұндалап» тұрады. Мінезсіз, жуас заманда мұның өзі үлкен жетістік. Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дейтіні осындайда еске түседі. Ал енді Лирамыз, мінезді бола тұра неге көбіне пассивті, өз әлемінде тұйықталған қияли кейіпкерлермен әуре? Түсініксіз. Бұл болмыспен ол жалқыдан жалпыға өтіп, қоғамдағы қаны сорғалап тұрған құбылыстарға жақындаса, шығармаларының бағасы арта түсердей көрінеді. ­Жан-жағыңызға қараңызшы, баспасөз бен теледидар тұншықтырылды, оқырман ғаламтордағы арзан даналықпен алданып отыр. Бірақ осы коллапста мәңгі өмір сүруге тиісті емеспіз ғой? Халық өзі сусаған шындығын әдебиеттен табуы керек. Ал қазіргі болмысымен осыны бір айтса, Лира Қоныс айта алатындай елестейді. Бәлкім, біз қаламгердің мойнына тым ауыр жүк артып отырған шығармыз, бірақ ішкі түйсік солай дейді. Ендеше ертеңге деген үмітпен, әзірге Лираның бар шығармаларын місе тұтамыз...

«Адам»

«Ақмоншақ жастан түзілген ғұмыр». Бұл –  «Адам» атты әңгімедегі ең әсем теңеу. Лираның өз шығармашылығын, ерке, назды, мұңды шығармашылығын да дәлме-дәл сипаттай алатын теңеу. Әйтеуір, дәл осы топтамада ұсынылған үш әңгіме де осындай, «сұлудың көз жасындай» әсер қалдырады.

«Адамға» келсек, ой қуаты мықты болғанымен, фабуласы әлсіз шығарма. Әлсіз болатыны, «іңкәр әлем» деп сипатталатын кейіпкер реалистік бейнеге ұқсамайды. Қиялдан, қиял болғанда да ең бір балауса қиялдан туғандай. Оның үстіне мұнда моральдық позициядан басқа іліп алатын ештеңе көрмейсіз: оқиға жоқ, мінез жоқ, қақтығыс жоқ.

«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер. Тырнағын қанша батырса да солай де» дейтін кейіпкер, «оң бетіңнен ұрса, сол бетіңді тос» деген Иса пайғамбардың өсиетін еске салады. «Адам» әфсана, адамгершілік жайындағы тәмсіл. Күннен күнге көбейіп келе жатқан адамдардың арасында АДАМға орын жоқ қазір. Дүниеге іңкәр көңілмен қарайтын жан – есуас сияқты қабылданады. Автор бізге соны айтып мұңаяды.

Және оның дүние жайлы көзқарастары таптаурын емес: ар туралы әңгімелерді «қағаздағы жан жұбатар өтірік» дейді, «бақыт іздегендер көп, бірақ бақыт көп емес» дейді... және «адам қашан жаратылған деп емес, қашан жаратылып бітеді деген данауи оймен» алысып жүреді.

«Ол әрдайым кішкене қолдарына қарап күрсініп алатын. Себебі, барлық жұртты құшағына сыйдырғысы келетін». Бұл әдемі образ, кейіпкерін оңай түсіндіріп тұр. Ал келесі жолдарына назар салыңыз: «Ертеңгілік сабағына қарай асығып көше қиылысынан өте берген оны өзі соншалық ғашық болған адамның бірі көлігімен қағып өтіпті. Көлік ішінде ажал отырған екен...». Байқасаңыз, осындай кейбір абзацтарда автор бекзат лиризмнен жадау сентиментализмге қалай түсіп кеткенін білмей қалады: қалыптасқан қаламгер емес, тәжірибесіз талапкер жіберетін қателік. Оның үстіне сюжеті жасандылау, әңгімеде суреттеуден гөрі баяндау басым. Сондықтан қызықты идеяларына қарамастан, шығарманың көркемдік қуаты біз күткендей емес.

«Ертегі»

«Ертегі» балаң кейіпкердің атынан баяндалады. Тіпті кейбір сипаттарына қарап, мұны автобиографиялық баянға жатқызуға болады. Неге десеңіз, әңгімедегі кейбір уақыт­кеңістік белгілерін автордың өмірімен шендестіру оп­оңай.

Мұндағы екі кейіпкер, екеуінің де мінезін айшықтау автордың қолынан келген. Және онысы ұзын­сонар сипаттаумен емес, кейіпкерлердің өз сөзі, өз әрекетінен білінеді. Мысалы, баяндаушы қыздың: «Қара кемпір шолжаңды жарата бермейді», «Қара кемпірге бәрібір» деген сияқты бағалаулары, оның әжесіне деген қатынасын, демек, өзінің ерке, шолжаң мінезін дөп басып тұр. «Алжып қалған» дейтін көрші шалмен болатын диалогта да баяндаушының ирониясы анық:

«- Ә, атаң үйіңде ме?

Өзі жаназасын шығарғанымен ісі жоқ, екі жыл бұрын қайтыс болған атамды сұрайды.

- Ата, менің атам өліп қалды ғой.

- Сөйтті ме?

 Ол кісі кәдімгідей абыржып қалды.

- Қарағым, естіген жоқ едім, иманы саламат болсын».

Бірақ бұл әңгіменің негізгі нысаны ерке қыз емес, Ғайникен. Автор білдіртпей ғана назарыңызды Ғайникенге қарай аударады.

«- Сенде неше түрлі бантик бар?

- Жоқ.

- Бір бантик те жоқ па?

- Иә.

- Менікіндей бант әпер деп апаңа айтсай. Тәттігүл тәтейдің дүкенінде толып тұр. Айтпақшы, ағатайым әкелер доп біздің ауыл тұрмақ, Шымқаланың өзінде де жоқ.

Ғайникен үндемейді».

Байқағаныңыздай, әңгімедегі диалогтар шебер өріледі. Шынайы және кейіпкер мінездемесіне қызмет етіп тұр. Сөйтіп, ерке өскен еркін қыздың көзімен жасқаншақ, ұяң қыздың жан әлеміне үңілесіз. Ғайникен ертегі айтып отырып, әлсін­әлсін тамақ сұрайды: «Сенің үйіңде нан бар ма?», «Сенің үйіңде кәмпит те бар ма?»... Яғни болмысында жасқаншақ емес. Бірақ оны не жағдай жасқаншақ қылып қойды? Қаламгер, ең соңғы абзацта ғана айтады. «Апасы ерте қайтып, өгей шешесіне телінгенімен, көкесі де дүние салған оны көктемге салым бөгде тәтей келіп алыс-алыс жақтағы балалар үйіне алып кеткен». Ғайникен айтатын ертегіде Балшық бала суға кетіп, Күлше қыз бақытты өмір сүрсе, өмірде бәрі керісінше. Лира тағы да, өмірдің  әділетсіз, ал әділетсіздіктің мұңды екенін еске салады. Ең тамашасы, ол мұның бәрін тікірейген тікенек тілмен емес, нәзік іңкәрлікпен жеткізген.  

«Сәтсіз сегіз қадам»

Бұл, Лира шығармаларының атмосферасын жақсы беретін әңгіме. Неге десеңіз, Лираны танытқан сюжетті әңгімелердің көбінде қаланың көңіл­күйі басым еді. Оның «ауылдан шыға алмай жүрген» қаламдастарынан артықшылығы да осы болатын. «Сәтсіз сегіз қадам», бізді сол жаңашыл Лирамен қайта табыстырды.

«Сол күндері киноорталықтарда Ст.Майердің қансорғыштар туралы романының желісімен түсірілген картинаның алғашқысы жүріп жатқан. Мұндай хоррор жанрындағы кадрды тамашау үшін қасыңа ерген жігіттің сыртқы бітімі мен реңінің жақсырақ болуы тіпті де керек емес». Стефан Майер де, «Түнек» фильмі де бүгінгі оқырманға түсінікті, өте таныс атрибуттар. Заманауи бойжеткеннің ойында осындай ниеттің жылт ете қалуы да таңқаларлық жағдай емес.

«...қабырғаларына темекі иісі сіңісті болған кафелерді әсте ұнатпаймын, ондағы ұдайы ойнап тұратын әуендер де көбіне талғамсыз қойылады. Бірақ таңдау көбейген жерде оны ұмытып кетуім де мүмкін, айтпақшы, өткен жолы көрші үстелдегі жігіттің шарап бокалын сырбаз ұстайтын қалпынан көзімді аудара алмай қалғам». Мұндай суреттеулер Дидар Амантайдың «Қастерле мені» деген жинағындағы әңгімелерді, Харуки Муракамиді, Милан Кундераны еске салады. Заманауи өмірдің үзік­үзік суреттері, кейіпкердің көңіл ауаны сайрап тұр.

Әңгімені, айналып келгенде, қыз жанының зертханасы деуге болады. Құпия емес, қыздар жігітпен танысқан мезетте оның қандай күйеу болатынын елестетіп үлгереді. Ал Лира әлі таныспай жатып әрі қарай не болатынын ойлаған кейіпкердің ішкі әлемін айнытпай сипаттаған. Бір адамның бүкіл болмысын, айналдырған тоғыз (негізінде тоғыз қадам суреттелген, бірақ автор, атау айшықты болсын деп, «сегіз» дей салған сияқты) қадамға сыйдыруға болады деп кім ойлаған? Ал Лира, сыйдырады. Өзін бейтаныс жанмен бөліп тұрған тоғыз қадамды аттап үлгергенше, кейіпкер жер­әлемді шарлап шығады. Сол тоғыз қадамға – жиырма төртке келіп, өзін «кәрі» сезінетін, махаббаттан жазуын биік қоятын қыздың бүкіл әлемі қона кеткен. Ол – еркін, нысанаға алған адаммен алғаш болып танысуды үйреншікті жағдай деп қабылдайды. Қысылу-қымтырылу, ұяңдық жоқ. Бәлкім, «Ертегідегі» қыздың есейген шағы дерсіз. Себебі мұнда да автобиографиялық нышандар өріп жүр.

Кейіпкердің әр нәрсеге өзіндік көзқарасы бар. Исламнан басқа діндегілердің адасып жүргеніне сенімді. Махаббаттың қарапайым және ыңғайлысы жақсы деп санайды. Харуки Муракамиге бейтарап, Дэн Браунды менсінбейді. Гүл сыйлауды құптамайды, өйткені адамдар оған лайық емес: «бір құшақ әсемдікті сабағынан айыру қиянат емес пе?». Адамдардың жақсы­жаман болып бөлінбейтінін жақсы біледі.

Осы тұста шығармадан интеллектуалдық прозаның нышандары қылаң беріп қалады. Жазушының адам табиғатын сарренциямен және кактуспен шендестіруі ұтымды шыққан: жақсы деп жүрген адамыңыздың қорқаулығы барын, жаман деп жүрген кісіңіздің жанында да ізгілікке орын барын жеткізеді.

«Оған деген соңғы қадамды алғанда жасанды «adidas» бәтеңкесін киген аяқтарым  бөгелместен алға қарыш жасап кете барған. Ал, Сіз бұл оқиғаның қалай аяқталғанын қалап едіңіз..?». Әңгіме шебер түйінделеді. Сіз, өз әлемінде тұйықталған кейіпкердің, ешкімді менсінбеген жалғыздығын сезінесіз де...  мұңаясыз.

Десе де, прозаны өмірім деп санаған қаламгердің кейбір сөздерді орынсыз қолданатынын байқап, налығанымызды да жасырмаймыз. Мысалы, «Адам» деген әңгімесінде: «Тобырдың жанарына бағынбаған болмысынан тектілік іздедім» дейді. «Тобыр» дегеніңіздің өзі топ болса, топтың «жанары» болуы мүмкін бе? Ал «жанарға бағыну» дегенді қалай түсінеді екен автор? «Сықпытына қарап адам табиғатынан  биігірек ұғымды табу да қиындау» деген сөйлемнің де айтар ойы бұлыңғыр. Немесе «Сәтсіз сегіз қадамда»: «Мұндай хоррор жанрындағы кадрды тамашау үшін...» дейді. Осындағы «кадр» деген сөз орынсыз, өйткені стандартты кинода секундына 25 кадр зу ете түседі. Ал, бір секундтың 25­інші бөлігіне татитын сәттік көріністі қалай «тамашаламақсыз»? «Роберт Паттисонның гуманизмге толы жүзіне қарап...» дейді. «Гуманизмге толы» деген анықтама да сәтті дей алмас едік. Немесе «Қанаттарымен бірін-бірі қағып, жапатармағай ұмтылуда. Ал, ол құстардың кейпіне қарап күлуде» дейді. Осындағы «күлуде», «ұмтылуда» деген формадағы етістіктер сөйлемнің көркін ашып тұрған жоқ.

Тағы да қайталаймыз, Лира оқырманына өз танымының болуымен қызықты. Кейбір жастар әр жерден көріп­білгенін, өздеріне сырттан сіңірілген идеяларды насихаттап жүріп жазушы болғысы келеді. Одан ештеңе шықпайды. Лира Қоныс ондай «кемшіліктен» ада. Бәлкім, жазушыға тақырыптық, формалық, идеялық, тіпті тілдік жағынан іздене түсу керек шығар, бірақ ең бастысы, ол прозаға өз әлемімен келді. Ең кереметі, оның бұл әлемін ешкім де тартып ала алмайды.

 Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Сәтсіз сегіз қадам
Ертегі
Адам
Алмас Нүсіп

Алмас Нүсіп

Балауса

Алмас Нүсіптің жазғандарынан әдебиетке адалдық, тазалық пен шынайылық сезіледі. Интеллектуалдық өресін, өзіне және өзгеге сын көзімен қарайтынын, сөз өнеріне деген талабын есептегенде, жас қаламгерді жемісті ізденістер күтіп тұрғанына кәміл сенесің: тілі жатық, ойы анық, оқиғаларының бәрін өмірден алады. Рас, өмірлік ситуацияларды қаз­қалпында беріп отырып-ақ, маңызды ойларды айтуға болады. Мысалы, М.Мағауиннің «Подонок» деген әңгімесін алыңызшы. Орыстың әйелін құтқарам деп суға секіріп, қаза болған жігіт жайлы. Қарапайым ғана әңгіме. Бірақ арғы жағында не жатыр? «Үміт күттіріп отырған» әжептәуір ғалым «шошқаны құтқарам деп жер жастанды» (цитата емес).  Демек, аға жазушы кейбір «гуманистік» түсініктерден ұлттық мүддені биік қояды. Ұлттық ұстаным М.Мағауиннің негізгі ұстыны, шығармашылығының түпқазығы. Мұны неге айтып отырмыз? Себебі Мұхтар Мағауин қазіргі жастар үшін пайғамбартекті жазушы. Қалам ұстағандардың арасында оған еліктемеген адамды табу қиын. Алмас та солай. Рас, ұлттық мүддені темірқазық еткен адам адаспайды. А.Нүсіптің де ұлт үшін пайдалы істер тындыратынына кәміл сенімдіміз. Бірақ әзірге жас қаламгердің ұсынған үш әңгімесі, ой ауқымы жағынан онша тұщындыра қоймады бізді.

«Аға, ертегі деген не?»

Мысалы, «Аға, ертегі деген не?» деген әңгімесін алыңыз. «Алматы қаласы. Көп қабатты үйлердің көп шоғырланған ауданы. Күн кешкіріп қалған. Сол көп қабатты үйлердің біріне келгем. Аға-жеңгемнің үйі. Аман-саулық білісу жолымен. Амандығымнан хабар беріп тұруым керек. Бұл бергі жағы ғана. Негізгі келісім – інімді сағынғам. Сүйкімді. Қылығы тәтті. Ойынқұмар. Арнайы сәлем айтыпты: – «Келсін!» – Келдік». Мұхтар Мағауиннің сөйлем құрасын айнымай көшірген. Көшірген демейік, еліктеген. Ұқсағысы келген.

Бірақ Мағауиннің синтаксисін алған Алмас, фабула, сюжет құрастыру жағынан ұлы жазушыға еліктей алмағандай. Әңгімеге арқау болған оқиғаның ұзын­ырғасы – туысқан ағасының үйіне барған студент, оның баласына ертегінің не екенін ұғындыра алмай қайтады. Қаланың баласы қайта­қайта сүріндіреді: ол үшін «бөртеде» деген де, «төстік» деген де, «қырғауыл» деген де «бөтен» сөздер. «...Оңай болмай шықты. Ер Төстіктің сағат санап өсетін тұстары күмән тудырды, екі күнде жүргені, үш күнде күлгені – өтірікке сайды... Аңның еті мен терісінің тау болып үйілетін тұсына келгенде мүлдем түңілді. Сөзді басқа тарапқа бұруға талпынып жатты. Осымен тоқтасақ керек еді, не де болса шыққан сапар, ұшығына шықпай тоқтау мүмкін емес». Тағы да Мұхтар Мағауинді оқып отырғандай дежавю-хал кешесіз. Айта кету керек, осы тұсқа дейін әңгіме қызықтырады, ал әрі қарай...

Құрғақ мақала оқып кеткендей боласыз. «Байырғының балаларына қызығам, тек ертегі ғана емес, аңыз, жыр тыңдап өскен. Байырғы ғана емес, күні кешеге дейін қазақ баласы солай тәй басқан, ес білген», «Ертегі тыңдау қиялды ұштайды. Рас. Баланың көкірегінде ізгі сезімдер қалыптастырады», «Ана тілінің мәселесін шеше алмай жүргеніміздің бір себебі, тіпті, бастысы осы ертегінің жоқтығына саяды», «Басқалар қайтпек? Несін айтады? Амал жоқ, «Өрмекші адам» мен «Шректі» тықпалайды», «Қайсысы адамды (баланы) көбірек ойлантады? Демек, дәл қазіргі жас баланы көзінің алдындағыдан арғыны көрмейтін тар шеңбердегі ойлау жүйесімен тәрбиелеп жатырмыз», «Бұл мәселені шешу мен шығу жолдары ма? Мен білмеймін» деген сияқты түйдектеліп кете беретін пайымдарының дұрыс, әділетті екеніне күмәніміз жоқ. Бірақ көркем шығармада ойыңды оқиғадан бөліп алып, дәл осындай қақ шекеден ұратын, қасаң формада жеткізу орынсыз. Мақалаға жарайтын еді. Әңгіменің талабы басқа. Әңгімеде өмір шындығын қабылдап, ой елегінен өткізген жазушы, оны көркем шындыққа айналдырады. Ал мұнда сіз ондай сипат байқамайсыз. Бары – бар күйінде ғана.

Ал, әңгіменің түйінсөзі: «Біздер деген, жарқыным-ау, қазақ ертегілеріндегі өз жұмбағын өзі шеше алмай, сергелдеңде жүрген кейіпкер емеспіз бе?!». Сөзсіз, өте ақылды, ойландыратын толғам. Бірақ тағы да, әңгіменің емес, мақаланың түйіні.

«Сатқын»

Келесі бір әңгіме, «Сатқын», ол да ұлттық ұстанымдар төңірегіндегі тақырып. Футбол көріп отырған жігіттердің диалогынан басталған әңгіменің тілі жатық, сөз қолданыстары шынайы. «Италия, домой!», «Мешок қой мынауың», «Өш, өш!», «болетьеттің», «братаным» деген сияқты, қатарластарымыз қапысыз қолданатын тіркестер толып жүр. Сіз еріксіз, Испания мен Италияның тарихи матчын еске түсіріп, сол жігіттердің жанында отырғандай күй кешесіз.

«Силвамен жаңадан танысып отырсам да, елге қосылып «жарадың» деп қоям. Себебі біреу-ақ: Ойын басталмай тұрып Испания жеңеді деп айта салғанбыз... Қазақ үшін атқаны тиіп, айтқаны келгеннен артық мақтаныш жоқ». Автордың самоирониясы мен нәзік психологизмнің нышандарын байқайсыз. Бірақ арі қарай оқиға тағы да «су бетінде» ғана қалқиды.

Сосын, «безендіру» жағынан алсақ. Бір білсек, әңгімеде мақсатсыз диалогтар болмауы керек еді. Ал аталмыш әңгімеде аралық диалогтардың көлемділігі мен (әсіресе) мақсатсыздығы, жазушыда машықтың аздығынан хабар береді:

                     КВН-шиктердің шығарып жүргені ғой. Олар да айта береді. Әйтеуір, ешкім өкпелемейтін тақырып болған соң тиіскен болады.

                     Енді, саясатта нелері бар? Жап-жас балалар, болашақтан үміттері бар дегендей.

                     Ресейдің КВН-і сияқты ештеңе айта алмайды бәрібір.

Мысалы, осындай жолдардың тақырыпқа да, кейіпкерлерді ашуға да еш септігі жоқ, көрермен хабардар болуға тиісті жауһар ойды арқалап тұрғаны да шамалы. Қатардағы мақаланың бір­екі сөйлемі, екі­үш кейіпкердің аузына салына қойған. Бары сол. Ал әңгімеге арқау болып тұрған оқиға ­ жігіттердің футбол көруі емес, сол футбол көру кезінде еститін оқиғасы. Бір қазақ Англия мен Қазақстан матчында шетелдіктерге болысады. Екінші қазақ оны сабап салады. «Сатқын». Осы шағын ғана оқиғаны Алмас алты­жеті бетке аямай созады. Сонысымен жалықтырыңқырап алады да. Себебі әңгіменің жетпіс пайызы диалог болса, сол диалогтың тағы да жетпіс пайызы жеке алғанда еш құндылығы жоқ, эмоционалдық бояуы солғын, қысыр, сұйық диалогтар. Жазушы бұл әңгімеде де таңдаған тақырыбына, оқиғасына оқырманнан гөрі өзі көбірек мән беретін сияқты.

«Рахмет, Мұқа!»

Бұл әңгіме фабуласы, тақырыбы, арқалаған жүгі жағынан алдыңғы шығармаларға ұқсамайды. Құрылымына тағар мін жоқ. Мұқағалидың «Қош махаббатын» оқып отырған кейіпкер, «қызымен» араз екенін айтады. Содан Сары қыздың хикаясын, онымен қалай танысып, қалай табысқанын бүге­шігесіне дейін еске түсіреді. Сөйтіп, флэш­бегіңіз аяқталар тұста Мұқағалидың «Қош махаббатына» қайта ораласыз. Кейіпкер «смс» жолдайды, қыз «келші» дейді. Түсінікті. Классика. Фабуласын айтам. Ал фабулаға негіз болып тұрған оқиғалар, жұқалап айтқанда майдалау. Шын жазушы жеке басына қымбат оқиғаның – қалың оқырман үшін, жалпы әдебиет үшін маңызы қанша, сол жағын ішкі түйсігімен бағамдауы керек.

Стильдік тұрғыдан, баяндау формасы шынайы және кейіпкердің балаң психологиясы мен сәуір сезімдерін айна­қатесіз алдыңызға жайып салады. Алайда, «Жомарт құдай бойдан қысса да, ой ғана емес түр-әлпеттен де соншалық қаға қоймағанға ұқсайды», «Басқа жер табылмай қалғандай, осы жерде отырып сүйісеміз келіп» деген сияқты арзан «ақпараттары», шығарманың шектеулі жастағы оқырман үшін жазылғанын көрсетсе керек.

Тағы бір байқағанымыз, Алмас диалогтарды өмірдегідей өрбіткісі келеді. Кейіпкерлер әңгімесінің ішкі логикасы болса деп талпынады. Бірақ бұл әдіс көп диалогтарды шектен тыс созып жіберуге әкеп соғып жатады:

                    Ииии... – деді кейісті үнмен.

                    Әкелмеймін деген шығарсың?

                    Иә, әкелмеймін дедім.

                    Неге?

                    Жынды мааа... Жүрейін енді, ұялмай...

                    А, ұят па?

                    Ұят. –  Өзіне сенімді адамның даусы.

                    Түсінікті... – дедім де, таң ертеңгі соңғы сөзімді айна-қатесіз қайталап шықтым.

                    Жоооқ, олай емес... – деді асығыс, қоштасу жайлы сөзімнің соңын айтқызбай. – Енді, түсінсеңші, қалай барам? Ұят қой.

                    Сонда, жігітің жолда қалғанда көмектесу ұят па? Әлде... Меніңше, көмектеспеу ұят сияқты.

                    Қойшы енді а?

Алмас сенімді сипаттайды, нанымды баяндайды, жылы жазады. Бірақ әңгіме не үшін жазылды? Идеялық құндылығы неде? Баяндау – баяндау үшін бе?  Байқасаңыз, шығармада кедергі жоқ, конфликтіні кейіпкердің өзі ойдан шығарып, қолдан жасап жүр. Демек, оқиға көркем шығарманың жүгін аса көтеріңкіремейді. Өмірдің шын қиындықтарын, қасіретті айырылысулар мен қуанышты табысуларын көрмеген қос кейіпкердің балаң сезімдері, қарым­қатынас психологиясы − бәрі жеткіншектерге ғана қызық болуы мүмкін. Ересек оқырман бұл әңгімеден ешқандай жаңалық таппайды.

Өкініштісі сол, осы әңгімені жазу сәтінде қаламгердің де өз кейіпкерінен эмоционалдық, интеллектуалдық, моральдық тұрғыда биіктей алмағаны сезіледі. Бірақ аталған әңгіменің дер кезінде қағазға түскені бір есептен дұрыс болған. Уақыт өте, қым­қиғаш тағдырларды көрген жазушы, бір кезде өзі сөз еткен болмашы дүниелердің соншалықты маңызды емес екенін түйсінеді. Есесіне бұл жазулар қаламгерлік машықтың қалыптасуына қызмет ететіні сөзсіз. Қысқасы, бұл үш әңгіме үлкен жазушылыққа дайындық сияқты әсер қалдырды.

Өзіміз құрметпен қарайтын замандасымыз Алмас Нүсіптің берік ұстанымын, мақала мен эссе жазғандағы тастай логикасын, нәзік сезімталдығын, интеллектуалдық қуатын есепке ала отырып, болашағынан көп үміт күтеміз. Әйтсе де, оның идеялары тегеурінді туындыларға айналуы үшін әлі де біраз еңбектену, тақырыптық және идеялық тұрғыда іздене түсу қажет секілді.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Рахмет, Мұқа!
Сатқын
Аға, ертегі деген не?
Әлібек Байбол

Әлібек Байбол

Әфсанашы

Әлібек қысқа жазады. Және ең бастысы,  қаны сорғалаған тақырыптарға жазады. Сондықтан фантастикалық реализмді, бейнелеу құралдарынан аллегорияны таңдап алған. Сюжетсіз, шағын прозаның өкілі, оған оқиғаны тәптіштеп сипаттау, ұзын сонар диалогтар беру қызықсыз. Ол оқырманымен жасырынбақ ойнайды, ребус, кроссворд ұсынады. Бұл ребустарды шеше алған оқырман да бақытты, шештіре алса, жазушы да бақытты.

Әлібек кімнен үйренді дегенде, бұлай жазатын қаламгер қазақ әдебиетінде  көп емес. Оның бұл жобаға ұсынған үш әңгімесі де тақырыбы өзекті, формасы жаңаша, идеясы ұшқыр. Мұндай әдебиеттен типтік бейнелер, эпикалық баяндау, нәзік психологизм күтпейсіз. Оның қуаты да, мұраты да басқада.

Таласбек Әсемқұловтың «Талғам дегеніміз − эстетикалық ар­ұят» деген сөзі бар. Бұл жинаққа ұсынылған үш шығарма да Әлібектің эстетикалық ар­ ұятынан хабар береді. Сол сияқты, жалпы, жазушылық дегеніміздің өзі азаматтық ар­ұят деуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда осы үш әңгімесімен ғана (басқа шығармаларын оқымағанымызды мойындаймыз) автор азаматтық міндетін атқарды деуге болады. Әрине, талай адамның ішінде өліп жатқан  шындықтарды көре білу бар да, оны «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтіріп алмайтындай» етіп жеткізу бар. Осы тұрғыдан алғанда Әлібек, ойын жеткізудің ұтымды формасын тапты деуге болады. Бұл Эзоп пен Крылов жазған мысал емес, бірақ бүгінгі күннің әфсанасы.

«Шындықты іздеу»

Әңгіме оқырманның ассоциативтік қабылдауына негізделген. «Қараңғы бөлме. Қара шаш. Қара көз. Қара қас. Қаражүзді пенделер». Композициялық тұрғыдан шағын­шағын бес бөліктен тұрады. Алдымен бәрі бар. Абзац сайын бір­бір ұғымнан азая береді.

Жүз жоғалады, бас жоғалады, көз жоғалады, шаш жоғалады, бөлме ғана қалады. Автордың не айтқысы келгенін түрліше тәпсірлеуге болатындай. Қара бөлме дегеніңіз ­ қоғам. Ал қара шаш, көз, қас, жүз дегендеріңіз ­ адамдардың сипаты. Мысалы, бұл ұғымдарға қазақтың Кеңестер одағына кіргеннен бергі тарихын түгел сыйдыруға болады. Алдымен жүз жоғалды: ар, ұят келмеске кетті. Бауыр бауырды сатты, бала әкесін атты. Одан кейін сана уланды, парықсыз, менмен ұрпақ дүниеге келді: «Асу немкетті ғана жауап қатты. Жауабында менсінбеушілік бар. Қасына май жақты». Сол қалпымызбен егемендікке жеткен кезде көзіміз әлі көріп тұр еді.  

«– Біріне-бірі жаны ашитын адамдар әлі бар екен ғой, – деді бір жанар.

– Біз тіріміз! – деді көбісі. Қалғандары қалғып отырды».

Бұл да халықтың аянышты ахуалы. Одан әрі оқыңыз: қараңғы бөлме ғана қалған. «Әркім әр бұрышқа жайғасты. Араларында ызғар қалды». Бұл ызғар, қазіргі қоғамның негізгі нышаны. Жазушы соны дөп басып, өз жүрегінен өткізіп, сізге ұсынып отыр.

«Көз тиген шығар» дейді Әлібек. Тисе, өзіміздің көзіміз тиген шығар.

Бәлкім, бұл әңгімемен жазушының айтпағы мүлдем басқа болуы да ықтимал. Бірақ бізде туындаған алғашқы ассоциациялар осындай болды.   

«Қуыршақ»

Бір қуанарлығы, Әлібектің саясат жайлы жазған аллегориялық әңгімелерінде балаңдық пен аңқаулықтың көлеңкесі де жоқ. Қоғамдағы көптеген оқиғаларды сабырлы, байыпты көзқараспен бағалайды. Қақ маңдайдан ұрмайды, иекпен қағып қана жеткізеді. Сонысы ұтымды шығады. «Қуыршақта» да қоғам үшін маңызды көп шындықтар айтылған. Бірақ алдыңғы әңгімедегідей шартты емес, барынша реалды, түсінікті образдар. Оның қуыршақ театры деп отырған қоғамын, Қол, актер, директор дегендерінің кімдер екенін танып отырсыз.

«Шыны керек қуыршақтарға жаным ашып кетті. Байқұстар үйретілген иттерден айнымайды. Сондай кезде сол ағамызды сағынамын... Сол кісіні Саясат жұтты дегенде қатты өкіндім. Өкінуіме себеп, халқымыз жақсы перзентін қызметінен қуды. Ұзынқұлақтан естігенім: «Сол кісі қазір оппозицияның Сол қолымен бірге жұмыс істеп жүр екен. Және жақын аралықта оны ешкім көрмейтін сияқты...».

Бұл тұстардан сіз «саясаттың асқазанына түсіп», өнерден алыстаған режиссер ағамызды танисыз. Ол реформатор еді, жаңалықшыл еді, театралды ортаны тірілтіп еді. Өкініштісі, оның қазақ театрына әкелетін төңкерістерін енді ешкім де жасамайды. Аянышты. Және ғажабы, автор ешкімді ашық айыптамайды. Емеурінін түсінер ояу оқырманның ойына ой салады.

«Бір ай өткен соң Қуыршақ театрының директорына бардым. Барсам... Артистер ойнап жатыр екен. Екі қолынан, екі аяғынан, басынан жіп өткізіп алып, бір әлеуетті бір Қол арлы-берлі қозғалтып, ойнатып жатыр.

– Аға мені жұмысқа аласыз ба?

– Сен билей аласың ба?

– Түсінбедім.

– Мен тұр дегенде тұрып, мен жат дегенде жатасың ба? Мен айтқанда билейсің.

– Ондай өнерім жоқ.

– Онда жұмыс жоқ.

– Ол жұмыс емес қой.

– Ой, балам әлі жассың ғой. Көп нәрсені білмейсің. Түсінбейсің!..

– Сау болыңыз».

Директор мен баяндаушының диалогынан олардың мінез­болмысын қапысыз танисыз. Шертиген қарнына кәстөмінің түймесі жетпей тұрған бастықтың: «Ой, балам,  әлі жассың ғой» деген самарқау бейнесі көз алдыңызға келеді. «Жассың ғой» деген сөздің астарында да біраз сұмдықтар жатқанын ішіңіз сезеді...

«Диктатордың өлімі»

Атауы «Патриархтың күзі» деген сияқты әсер қалдырады. Баяндалған оқиға да, оны автордың қабылдап­бағалауы да Г.Г.Маркестің әйгілі шығармасымен үндес. Әрине, салыстыруға келмейді, бірақ айтар ойы соған сайып тұр. Әңгіменің экспрессивтік бояуы қанық:

«Диктатор өзі ішкен қанды құсыпты. Кезінде. Ой, сол қырқыншы жылдары ғой. Баяғы. Екі миллион адамның қанын ішкен. Әдемі өрнектермен әдіптелген тостаған мен одан кейін дәу бөтелкемен ішкен. Басында қасықтап, одан кейін шөміштеп... Шөлі содан кейін басылыпты. Оған дейін көңілінде Ұлы шөл орнаған деседі көргендер. Адам терісінен тіккен сәнді қолғаптарды қыздарға сыйлаған екен». Біз үшін жаңа, бірақ әлем әдебиетінде бар ескі принциптер. Детальдар ұтымды пайдаланылады. Қиял-ғажайып сюжет арқылы гротескілі бейне туады:

«Бір кезде диктатордың қарнынан дауыстар шыға бастайды. Жанындағылар Ібіліс пе деп шошынып, жан-жаққа қашады. Сөйтсе, ол диктатор бұрын басын жалмаған адамдар екен. Ақырындап, асықпай бірінен соң бірі шыға бастайды». Тілдік тұрғыда жұтаңдығы байқалып тұрса да, эмоционалдық әсері орасан, автор мақсатына жетіп тұр.

Не керек, «Диктатор өлді» деген хабар бүкіл елге жария болды. Оны жерлеу рәсіміне өзі қанаған рухтар келді. Ал, зиратқа тірілерден ешкім аяқ баспады».

Әрине, әңгіменің солай аяқталатыны о бастан анық еді. Бірақ диктаторларға және оларға табынатындарға ойланарлық­ақ әңгіме.

Қорыта келгенде, шығармалардан жаңашылдық еседі. Бірақ бұл жаңалықтың ныспысы не? Фантастикалық реализм дейін десеңіз, кейбір тұстары фантастикаға келгенімен (диктатордың қарнынан шыққан дыбыстар, Саясаттың асқазанында кездесіп қалу, адам терісінен қолғап жасау, т.б.), бұл әңгімелерде фантастикадан гөрі шындық көп. Дәл жоғарыда аталған мысалдарды сюрреализмге, немесе абстрактылы реализмге де телуге болады. Бір анығы, бұл әңгімелерде де қиялдан туған образдар шындықпен біте­қайнасып, бүтіндікті құрап тұр. Бұл –  шығармалардың күшті тұсы. Ал әлсіздігі – мұнда айтылған ойлар ұстанымға айнала қоймаған, үзік­жұлық тұжырымдар сияқты әсер береді.

Әлібектің жазуын біреулер қабылдамауы мүмкін. Алайда бір нәрсе анық: ол «жақсырақ не жаманырақ» жазбайды, бар болғаны басқаша жазады. Жалпы, жазушыларды техникасы, тақырыбы, идеясы, тілдік шұрайы жағынан классификациялап, стильдік бағыты жағынан бірін жоғары, бірін төмен қоюға қарсымыз. Бердібекше жазғандар сол бағытты жазсын, эпикалық құлашқа жақындап келе жатқандар сол бағытта дамысын, Дархандар сюжеттік әңгімені, Серік Сағынтай лирикалық прозасын жазсын. Әдебиет әр түрлі болсын, жазушылар бір­біріне ұқсамасын, бірін­бірі қайталамасын. Сол әртүрліліктің ішінде, әрине, Әлібектің фантастикалық­аллегориялық реализміне де орын табылады.

Қорыта келгенде, түсінілмей қалудан, «жасанды күрделілікке құмар» деген айыптаулардан сескенбей осы жолға қадам басқан жас қаламгерге құрметіміз жоғары. Әлібек Байбол әлі де «базарға бара жатыр», сондықтан ол жөн деп тапқан әдіс­тәсілдердің іріленіп, көркемдік концепцияға айналуын күтеміз.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Диктатордың өлімі
Қуыршақ
Шындықты іздеу
Алмаз Мырзахмет

Алмаз Мырзахмет

Алхимик

Алмаз Мырзахметтің әр шығармасын оқу шағын мереке сияқты әсер етеді. Өйткені көз алдыңызда сойы бөлек, қалам сілтесі ерекше, оқиғаны өрбітуі мен сөз саптасы ешкімге ұқсамайтын жазушы қалыптасып келеді. Алмазды оқығанда классикалық реализмнен тамыр тартқан дәстүрлі қазақ прозасы емес, ең алдымен модернистік бағыттағы шет ел жазушылары еске түседі. Ол, мысалы, серб қаламгері Милорад Павич, жапон жазушысы Акутагава Рюноскэ, латын әдебиетіндегі Борхес, Маркес сияқты магиялық реализм өкілдері. Әсіресе, Павичтың қысқа әңгімелері, ондағы сюжеттік бұрылыстар, шарпысқан шым­шытырық идеялар мен мистикалық сарын Алмазға әсер еткені анық көрініп тұр. Бұл бұрын қазақ әдебиетінде болмаған әңгімелер, қолданылмаған тәсілдер. Ең бастысы, Алмаздың туындыларынан прозаға схема деп қарайтын, біздің жазушыларда сирек кездесер салқынқандылықты байқаймыз.

«Теміржол қиылысында»

Мысалы, «Теміржол қиылысында» деген әңгімені алыңыз. Сезім сергелдеңіне түскен бозбаламыз қызға сөз айта алмай әлек. Ұнатқан қызымен автобусқа қатар отырған ол бойжеткеннің ыңғайын білу үшін эксперимент жасамақ болады. Сыра сіміреді. Қызды сынауды ойлап отырып, ұйықтап кетеді. Теміржол қиылысында оянған кезде оқиға әрі қарай өрбиді. Ауылға келеді, отырысты өткереді, ақыры сылтау тауып қызға ренжіп, «Ниваға» отырып, ауылдан қайтып кетеді. Жолда көзі ілінген. Ояна кетсе, қайтадан ауылға келе жатыр, тағы да теміржол қиылысы. Оқиға қайталанады, ауылға жетеді, отырысқа қатысады, қызға ренжиді, қара­сұр «Мерседеске» мініп, қалаға тайып тұрады. Ұйықтап кеткен екен... Оянса, тағы да теміржол қиылысы. Оқиға тағы қайталанады, бұл жолы «Хонда» көлігіне отырып қалаға қайтады. Ояна кетсе, тағы да теміржол қиылысы...

Қысқасы, адам тағдырынан қашып құтыла алмайды. Кей адамдар бір­біріне көктен жіберіледі және кейіпкердің өзі де түсінбеген шындықты оқырман түсінеді: Айым ол үшін дәл сондай жан. Автор шығармадағы ең соңғы нүктені қойған соң да әрі қарай өз бетімен өмір сүре беретін кейіпкерлер болады ғой. Бұл шығармада дәл сондай. Иә, иә, автордың айтпағы мұнымен түгесілмейді. Адам өмірі лайым қайталана беретін оқиғалар тізбегінен тұрады. Және болуға тиіс оқиға болмай қоймайды. Бір қарағанда студент жігіттің балаң сезімдері жайлы шығарма, жазылуы да сондай балаң сияқты әсер етеді. Бірақ бұл - бір қарағанда ғана.

Ақында жүрек шешілсе, жазушыда жүрек те, ой да, ақыл мен сана да, логика мен интуиция да, бәрі­бәрі қатар сөйлеуге тиіс қой. Осы тұрғыдан алғанда Алмаз кәсіби жазушылық жолда деуге болады. Ол суреттеген ситуациялар сендіреді. Диалог болсын, кейіпкердің ішкі ойы болсын, әдемі ағысын тауып жатады. Тіпті кейіпкердің «Менің қызым болуға қалай қарайсың?» деген сияқты әдеби стилистикаға жатпайтын сөз саптауы да орынсыз емес.

Алмаз жасаған әлемдегі өзгеше өлшем ­ түс. Түс және уақыт. Адам ұйқыға кеткенде санаға бағынбайтын тылсым дүниеге түседі. Әйгілі Павич шығармашылығының негізгі тақырыбының бірі түс тылсымы болатын, қазақ даласындағы оның ізбасары да бұл жүлгеден айнымай, композициясы шебер қиысқан әңгіме жазыпты.

«Жазушы жазбасы»

«Жазушы жазбасы» да мистикалық сарыны бар, там-тұмдап оқырман психикасына шабуыл жасайтын шығарма. Мұнда қаламгер жаңа әңгіме жазу барысындағы шығармашылық процесті сипаттайды. Кейіпкерлер тіріліп кеткен, мұның соңынан қалмайды, мұнымен тілдеседі, керіседі, тіпті бірігіп алып, авторға қарсы шығады. Түс пен өң, қиял мен шындықтың шарпысуында қаласыз. «...егер барлығы мен күдіктенгендей болса, бұл ойымның өзі бір жерде қағазға түсіп жатыр. Яғни, ол — менің ойым емес...» - дейді кейіпкердің кейіпкері. Бәріміз де кейіпкерміз ғой. Жаратқан жазып отырған кітаптағы еркі жоқ кейіпкер емей, кім едік? Автордың айтар ойы осы бағытқа жетелейді.

Алмаздың жазуын ерекшелейтіні ­ шиырлаған психологизм. Ол көп адамдардың бойында бар қараңғылықтан қорқуды (ахлуофобия) ұтымды ойнатады: «Құлағымның түбіне демалып, қан ұйып қалған көздерін таңдана жұмып-ашып, шашымды иіскеп, мен қозғалған сәтте бұрышқа дыбыссыз жетіп барып, отыра қалатын шығар деп ойлап жатқанда қайта ұйықтап кетіппін», «Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда аңғардым, кілт салатын тесіктен қап-қара көз жылтылдап қарап тұрды», «Баспалдақтан түсіп бара жатқанда есіктен әлгі қыздың қарап тұрғаны сезілді» деген жолдарын оқығанда еріксіз түршігесіз. Жоқ, бұл жапонның қорқынышты фильмі емес. Кәдімгі кез келген адамның санасында болатын арпалыс. Сондықтан қазақы танымға да жат болмайды.

Ең бастысы, сіздің жүйке талшықтарыңызды бір­бір жыбырлатып алған шығарма, «Қорқақтық қатыгездіктің анасы емес пе!», «Өлім мәңгіліктің дүниеге келуі емес пе?» деген сияқты толып жатқан оқыс тұжырымдарымен ойды қозғамай қоймайды.

Тілде шұбалаңқылық жоқ, баяндау серпінді, қысқа да нұсқа. Бірақ ара­тұра «нәзік жанды аруын ертіп», «үлкен ойға шомдым», «еңсеңді езетін мұң көмкеріп тұрды», «әңгіменің ауанынан арыла алмай жүріп» деген сияқты жасанды тіркестер кездесіп қалатынын жасырмаймыз.

Ә, айтпақшы, әңгімеде автор кейіпкерінен қашып құтыла алмай, ақыры пәтерді жағып кеткен екен ғой... Алмаз сюжет құрастырудың шебері.

«Ұшқын»

А.Мырзахметтің әңгімелерінен кейін, кейіпкер тағдырына алаңдау деген ғанибет сезім есіңізге түседі. Алға жылжыған сайын Алмаз оқиғаны енді қай қиырға сүйрейді, сюжетті қалай құбылтады деп иненің ұшында отырасыз. Өйткені одан бәрін күтуге болады. Бұл аңғал да қарапайым, бір оқып шығып ұмытып кететін проза емес, біраз уақытқа дейін қиялыңды мазалап, санаңды сансыратар әңгімелер. «Ұшқындағы» оқиға «түс ішіндегі түс» емес, қиял мен шындықтың арасы да емес, кәдімгі реалды оқиғадай сипатталады. Сонысымен де әсерлі. Шашын иығына дейін өсіріп алған баланы Исраил Хасанов деп таныстырғаннан­ақ Иисус Христостың бейнесі көз алдыңызға келе қалады.

Оның жалғызбасты Мағрипа (Мария) деген ананың баласы екені де, ашулы адамды сабырға шақыра алатыны да, өлген балапанды тірілткені де, барлық ізгі қасиеттері Исаны еске сала беретін. Және ол тура Иса сияқты, пенденің араласуынсыз, Құдайдың құдіретімен ана құрсағына біткеніне сенетін. Мұның бәрі оқырманды әрі қызықтырады, әрі ширықтырады. Түсінесіз бе, сіз жазушының қайда алып келе жатқанын білмейсіз. Неге Исаға ұқсата берді?..

Акутагаваның «Нанкиндік Христос» деп аталатын ғажап әңгімесі бар. Сәл шегініс жасасақ. Жезөкше бойжеткен Цзинь Хуа Христосқа сенеді, Иса өзінің бұл кәсіпке амалсыздан келгенін түсінеді деп ойлайды. Күндердің күні ол сифилиспен ауырады, бірақ «басқа біреуге жұқтырсаң жазыласың» деген құрбыларының сөзін тыңдамайды, ешкімді қасақана ауру қылғысы келмейді. Күндердің күні оған жатжұрттық еркек бас сұғады және ол Иисустан айнымайды екен. Бұл ғашық болады, бөтен еркек мұны баурап, ақыры көндіреді. Таңертең оянса Иисусы жоқ, өзі құлан таза айығыпты. Өткен оқиға өңі ме, түсі ме, оны да білмейтін қыз, маған Құдай келді деп сенеді. Ал шын мәнінде ол Иисус деп жүрген шетелдік Джордж Мерри, көп ұзамай сифилистен көз жұмады. Автор-баяндаушы бұл шындықты жезөкше қызға айтпайды. Өйткені Цзинь Хуаның ғажайыпқа сеніп жүре бергені абзал. Адамның сенімі мен тағдырдың бұралаң жолдары туралы ойландыратын «Ұшқынды» оқығанда осы әңгіме еріксіз ойға орала береді.

Расында да, әңгіменің шешімі Акутагавадан алыс кетпейді. Жылдар өте Мағрипа автор­баяндаушыға шындығын айтады. «Мені қараңғы бұрышта күтіп тұрған, кім екені, түрі, жасы, ұлты, діні белгісіз біреу, мүмкін бірнешеуі соққыға жығып, зорлап кетті деймін бе? Әлде жас болып, мас болып жүріп, кімнен жүкті болып қалғанымды білмей қалдым дейін бе?». Яғни, Мағрипада шындықтың өзінің бірнеше нұсқасы бар. Бұл Акутагавада жоқ, соны ағыс. Әңгіменің түйініне келейік:

«Мен оған: – Ұлыңыз діни білім алу үшін араб елдерінің біріне кетіп қалған ғой – деп айтқым келді». «Мен оған: – Екі-үш жыл бұрын қала көшелерінің бірінде ұлыңыздың мас болып, «Мен – Исуспын!» деп айқайлап жүргенін көріпті – деп айтқым келді». Жазушы тағы да ребус құрады. Осының қайсысы шын?

Адамдар бір­бірін алдайды, бірақ өзгеден бұрын өздерін алдайды. Және ең ғажабы мен ең сорақысы, әркім қай шындыққа сенетінін өзі таңдайды. Сондықтан да бұл әңгіменің екі түйіні бар. Әулиелікке сенбейін десең, Исраил расында да жақсы бала болды ғой. Оның жанжалды тоқтатып, ашулыны сабасына түсіретіні - өзінің пәк ананың құрсағында дүниеге келгеніне сенетіндігінен еді ғой. Сонда әдемі өтірік артық па, сұрықсыз шындық артық па? Бір кезде баласы үшін әдемі аңыз ойлап тапқан ананы, өзінікі сияқты тағы бір өтірікпен алдау керек пе, жоқ па? Алмаз тағы да адамзатқа ортақ сұрақтарды ортаға тастайды. Қай халықтың өкіліне аударып берсеңіз де түсінікті. Қай уақытта да өзектілігін жоймайды.

Қандай болсын, бірақ өзге қалам иесін қайталаудан пұшпаққа шыққанды көргеміз жоқ. Бір ғана тілек, Алмаз шетелдік жазушылардың шырмауында қалып қоймай, өз соқпағын тапса екен деп тілейміз.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Жазушы жазбасы
Теміржол қиылысында
Ұшқын
Мұрат Алмасбекұлы

Мұрат Алмасбекұлы

Мұрагер

Соңғы онжылдықта әдебиетке қосылған лекке қарап, көпшіліктің көңілі толмайтыны рас. Олай болатыны, сол көпшілік қазақтың классикалық прозасының лайықты ізбасарын іздейді... Бірақ көре алмайтын болу керек. Жастардың шимайлап жүргендерінің бәрі сол киелі әдебиеттің солқылдақ, солғын көлеңкесі ғана сияқты. Жоғарыдағы даңғылды жаңа белеске көтеру жайы былай тұрсын, жалғап әкетер қуат жастардың көбінен байқала бермейтіні шындық. Майлин, Әуезовтерді былай қойғанда, Кекілбаев пен Мағауиндермен қатар қойсаң, кейінгілердің бойлары пәкене, ұстындары осал, ізденістері майда сияқты әсер қалдырады.

Ал Мұрат Алмасбекұлын оқығанда сол дәстүрлі прозаның ізбасарын шырамытқандай, көңілің аздап орнына түседі. Оның шамшырағы –  ұлттық тақырып. Не жазса да қазақы таным тұрғысынан жазады. Және жатық тілмен, аға буыннан қалған майда мәнермен жазады. Сондықтан кейінгі буында дәстүрлі әдебиетті ертеңге жалғайтын бір жазушы болса, ол осы М.Алмасбекұлы болуға керек.  Әйтеуір, ішкі түйсік солай дейді.

«Үш бейіт»

Мұрат Алмасбекұлының бұл әңгімесінде көп жазушының қолынан келмейтін, бірақ шын суреткердің жазуында болуға тиіс бір белгі бар. Ол ­ шебер өрілген композиция мен шиыршық атқан драматургия. Байшағыр, Сеңгір, Жәнібек... Қай батырдың бас кейіпкер екені белгісіз, анығы, бас кейіпкер мұнда – жаумен қапысыз алысқан күллі қазақ әскері. Шығарманың балталауға келмейтін көркем тілінде жиі қолданыла бермейтін оралымдар да көп, соған қарағанда бұл талантты, шабытпен жазылған туынды болса керек.

Оқығанда, кейіпкермен бірге уайымдаудың (сопереживание) не екенін еске түсіресің. Оның сыры – қайыс қамшыдай өрілген ішкі драматургиялық желісінде. Қараңыз. Шүршіт пен қазақ әскері кездескен. Қазақтар көмекке келер қосынды күтіп жатпай, көп шүршітті аз күшпен­ақ тосып алған. (Алғашқы ілгек: бірінші кедергі. Егер әңгіменің драматургиялық желісін бір сызық деп есептесек, бастала бере, сызығымыз төмен түседі). Алғашында қалың қолды байқаған Байшағыр тіксініп қалады. (Кедергі күшейе түсті, сенім сетінеп барады, сызық төмен кетіп барады). Талай майданды көрген Сеңгір селт етпейді. Ақ туын желбіреткен Жәнібек арынды ұран тастайды. (Драматургиялық сызық көтеріле бастайды, көңілде жылтыңдап, үміт оты тұтанады). Сол сәтте атын ойнатып, шүршіттің батыры пайда болады. Жекпе­жек. (Екінші кедергі. Қолбасынан айырылу қаупі. Жүйкеңіздің әлдебір талшықтарымен қауіпті күйді сезесіз). Жоқ, Жәнібек емес, Қуандық батыр шығады. (Аздап болса да жеңілдеді, қалай болғанда да бас сардарға қауіп жоқ. Бірақ кедергі бар. Қуандық та қазақтың батыры ғой). Қуандық шүршітті жеңеді. (Сызық жоғары өрлейді). Екінші шүршіт шығады. (Сызығымыз тағы да төмен түседі). Оны да жеңеді. (Қайтадан көтеріледі). Үшінші шүршіт шығады. Сипаттауын қараңыз: «...есік пен төрдей қара атқа өңкие мінген біреу шықты. Сыртқы пішіні дәл бір ат үстіне үйе салған балшық тәрізді екен. Қара қожыр бетіндегі жыланның тісіндей түктері тікірейіп, қара қошқыл қан толған көздері қараңғы көрдей үңірейеді»... Мынаның сойы бөлек, яғни Қуандық қапы кетеді­ау, бәтшағар, онсыз да санымыз аз болып тұрғанда, қазақ әскерінің тауы шағылатын болды-ау... (Сызық қайтадан төмен кетті). Жоқ, шүршіт Жәнібекті нұсқайды. Тағы да уайым жейсің. Сардарсыз қалып жүрмейік... (Сызық құлдилай берді). Тәңірдің көзі түзу екен, жеңді. (Жоғары шапшыды). Кескілескен айқас. Басымдық қазақ әскерінде. Екінші бөлімде Сеңгір мен Байшағырлар шолғыншы болып шүршітке ереді. (Сызық бірқалыпты). Абайсызда қоршауда қалады, үшеуі ер өлімімен өледі. (Сызық күрт түсті). Аман қалған Сеңгір үш досын көзден тасалап, қосынға қайтады. (Сызық құлдилай береді). Шүршіт әскері шегінбегені мәлім болады. Жәнібек шешуші шайқасқа дайын. (Шығарманың кульминациясы осы тұс). Майдан даласындағы ақылды ұрыс, сенімді жеңіс. (Сызық күрт көтерілді, шығармамыз мәресіне жетті).  Байқап отырсаңыз, шағын ғана әңгіме тартысқа толы, ішкі өмірі қайнап жатыр.

Бұлэксперимент те, барлау да емес, ересек автордың есті шығармасы. Ең кереметі, «аруақтап» тұрған рухты шығарма. Қараңыз: «Осы сәтте айғайға бүйірі қызған тор қасқа ауыздығымен алыса тік шапшыды. Батырдың қолындағы толқынданған ақ ту да дүр сілкініп, алаулаған ақ шоғыр ұшы тауларды қақыратып, жауларды қалтыратқан ұранмен бірге көк аспанды кернеп кеткендей болды Байшағырға».

Шүршіттерді қалай сипаттайды: «Қытай шерігінің ереуілдей шаптыққан айқайы». Қазақтарды қалай сипаттайды: «қабыландай ширығып, қаршығадай түйіліп тұрған қазақ қолы»,  «қазақ қолының өр ұрандары»... Бірақ авторлық бағалау шүршітті ылғи жығып беріп отыр екен демеңіз. Мысалы, жекпе­жек көрінісін алыңыз. «Жәнібек жартастай денесі ат белін жаншып, қауғадай қаба сақалы кеудесін жапқан қарсыласының алып күш пен алымды айланы тең қолданатын қатерлі дұшпан екенін аңдады. Айбалталарын оңды-солды ұршықша үйіріп, серпе қаққанда, сілтеген найзасының сабын сындырып, қолын сырқыратып жіберді» дейді. Текетірес, конфликт бар. Жаудың осал еместігін баса айтады.

Әңгімені оқып отырып, жазушының көркемдік қиялы тудырған жағдайға қапысыз иланасың. Және амалсыз өзіміз жайлы ойлайсың. Бейбіт заманның босбелбеу ұрпағы шейіт кеткен батырларымыздың жұрнағына да, тырнағына да татымаймыз­ау... Шығарманың соңында «үш бейіттің «биіктей түскені» тегін емес. Олар бұдан кейін де биіктей береді.

«Бура Доңғыл»

«Бура Доңғылда» екі тосын дүние бар: кісікиік пен түйекиік. Ескі аңыз болса керек. Тақырыптың өзі мистикалық ауанға жетелейді. Бірақ мұндай тақырып үшін қаламгердің тілі тым байыпты, байсалды, тіпті сараң дерсіз. Кісікиікке кездесу сәті де соншалықты әсерлі шықпаған. Оқырманның үрейін ұшыратын, қиялын ұштайтын ештеңе көрмейсіз. Экспрессиямен бояуларды қалыңдатып, кісікиіктің образын таңсық ете түсуге болар еді.

Мына бір тұсын оқиық: «Тұла бойына жаңа туған жас ботаның түгіндей тықыр да қою жүн өскен. Денесіндегі түгі демесең, бүкіл түр-тұлғасы адамнан ажырағысыз... - Сонда бұл неғып жүрген болды, - деді басқа не айтардың ретін таппаған Тоғай балуан». Қарап отырсаңыз, кейіпкерлердің «бағалауы» көршінің иті қотанға кіріп кеткендей жайбарақат. Кісінің кісікиікті көруінің өзі тосын құбылыс. Ал оны екіншісінің келіп ертіп әкетуі ­ тіпті керемет оқиға. Бірақ кейіпкерлердің қабылдауы бәрін бұзып тұр, сюжет әлсіз ширайды. Дегенмен әңгіме мақсатына жеткен: ессіз адам мен тылсым табиғаттың қарама-қайшылығы туралы нелер ойларға жетелейді.  

«Ноқта»

«Ноқтаның» идеясы да, көркемдік қуаты да толысты, тілі шұрайлы. Сюжет желісі мынадай. Құлан үйірінің ішінде жүрген жылқыны байқап, көңілі құлаған Асу, күндердің күні жаңағы Ақкөк жылқыны қолға түсіреді. Жанындағы жылқышыларға бір-бір құланнан үлескен. Бірақ дала тағысы қолға көнбей, темір ноқтаны жатсынып, ақыры арам өледі. Ең сұмдығы, Асу Ақкөктің мойнына сіңіп кеткен ноқтаны көріп түршігеді. Бұл сәтті жазушы былай түйіндейді: «Ноқталы басқа бір өлім» дегенді бұрынғылар қалай толғап айтқан. Көзге көрінбегенімен сол ноқта менің де, мына сенің де басыңда тұр»... Осылай деген қарт саптама етігін сықырлатып, үйге беталды. Ойланып қалған Асу жалпақ алақанымен бет-аузын ұзақ сипалап, бедері де, берері де белгісіз «ноқтасын» ұстап көргісі келді».

Әңгіме осылай аяқталады. Адам тағдырдан қашып құтыла алмайды. Өліп қана құтылады. Бірақ өлім де сол тас құрсаулы тағдырдың жазуы. Құландардың ноқтаны жатырқап өлуі –  тағы жануардың тектілігі мен кісі баласының меңіреу қатыгездігін көрсетеді. Көрсетіп қана қоймайды, осыған дейінгі «Бура Доңғылдағы» сияқты, адамның ессіз, менмен заңдары мен табиғаттың ілкі заңдылықтарын бетпе-бет қойып шендестіреді.

Сол сияқты, Ақкөктің де ноқталы кетуі – адам баласы қатыгездігінің айғағындай. Ең өкініштісі, адамдар мұндай қиянатты жан­жануарларға ғана жасамайды, бір­біріне де көрсетеді. Жүрегін жаралайды, жанын қыл бұрауға салады, қиянатқа қия салады. Өмірде Сабылдық пен Байғаралардың сирек кездесетіні қандай өкінішті...

М.Алмасбекұлы табиғат көріністерін сипаттағанда  немесе  әлдебір тұрмыс заттарын немесе өсімдіктерді атағанда, біздің талай жастар қызғанышпен қарауға тиісті. Өйткені ол өткен ғасырлардың өкіліндей, зерделі шалдардың жұрнағындай елестейді. Техникалық, стильдік тұрғыда да Мұраттың жазуынан мін табу қиын. Суреткерлік өресі кең, құлаш сермейтін тақырыбы да отбасы-ошақ қасы емес. Жазуында жиі кездесе бермейтін тіркестер, бейнелі сөздер, көпшілікке таңсық оралымдар бар: «сүмбедей денесі», «маңдайға басқан сетері», «ой шүңеті», «сүркей суық», «ұтық-ұтығымен қонған ауылдар», «сүлкіні түсу», «күдір соқпақ», «таңын тартқан тайдай тәлтіректейді»... Ол уақыттың өзін «ет қайнатым, сүт пірісіммен» өлшейді. Оның кейіпкерлері де қаймағы бұзылмаған кәусар тілде сөйлейді. «Қайда барасың?» демейді, «Бұл не жортуыл?» дейді...

Қорыта келгенде, суреткерлік тәсілдер, идеялық ұстындар тұрғысынан М.Алмасбекұлын дұрыс бағытта қалыптасып келе жатқан қаламгер деуге болады. Ол бізге, алау-жалау жасандылық пен ессіз еліктеу заманындағы қазақы танымның күзетшісі болып елестейді. Текті бабалардан бастау алған дәстүрлі танымның лайықты ізбасарындай әсер қалдырады. Ендеше, қаламгердің осы абыройлы міндетті абыроймен атқарып шығуына тілектеспіз.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Бура Доңғыл
Ноқта
Үш бейіт
Қанат Әбілқайыр

Қанат Әбілқайыр

Талап

Қанат Әбілқайырды студент кезіндегі «Табаныңыздан сүйейінші» деген кітапшасынан білеміз. «Жазушылыққа талабы бар екен» дедік те, көз жазып қалдық. Көз жазғанда, Қанат әдебиеттен алыстаған жоқ, жазбайды емес, жарияланбайды емес,  тек  айып өзімізден болыпты. Қанаттас, тілектес досымызды оқымай келіппіз. Араға бірнеше жыл салып Қанаттың бірнеше шығармасын қатар оқығанда, ізденетін, еңбектенетін... жазушылықты шынында мұрат санайтын қаламгерді көріп қуандық. Ол прозаға «нұрлы ақылмен» келетін сияқты. Сюжет құрастыруға шебер, оқырманды қызықты оқиғамен үйіріп әкетуге болатынын біледі. Қысқасы, жазушы қиялының қуаты, тақырыптық ізденістері қуантады. 

«Көршінің қызы»

«Көршінің қызындағы» Талаптың – автобиографиялық кейіпкер екені анық. Сондықтан да жазушы тіліндегі субъективизм, сатиралық сарын жарасымды. Автор оқырманымен ылғи да байланыс ұстап отырады. «А, айтпақшы Әсел деген кім?», «Әне, әне қараңыз», «Охо, қараңыз...», «Ой, Әселді айтамын деп отырып, өзімді ұмытып кетіппін ғой»... Осындай оралымдардың бәрі сізді оқиғаға ортақтастырады.

Автордың кеңістік пен уақыт позициясы да анық. Ол кейіпкермен бірге өткен күнге оралып отыр. Бірақ бір ғана олқылығы, повестің атауы ақталмай қалған сияқты. Басталған кезде маяның үстінде тұрып көршінің қызын аңдитын кейіпкер, бір қарағанда сым темір жинап жүреді, бір қарағанда спортшы болып кетеді. Жоқ, оның бәрі бөлек­салақ тұрған жоқ, сюжеттегі әрекеттерді біріктіретін тетіктер бар. Бірақ ол тетіктер, атауы нұсқайтындай, көршінің қызы емес. Әселге деген ғашықтық біртіндеп екінші планға ығысады, кейде жасанды қиыстырылып, зорлықпен жапсырылатындай әсер береді. Шығарманың аяғына қарай, тіпті жайына қалады. Негесі сол, әңгіменің шешімінде Талабымыз көршінің қызын ойланбастан қиып, қалаға кете барады. Біздіңше, автор­кейіпкер балалық шақ туралы ең әсерлі естеліктерін теріп алып, «Көршінің қызы» деген ортақ атаумен ұсынған секілді. Ондай ракурспен қарағанда, әрине, тоққа түсетін бала да, боз кілемдегі белдесу де, көршінің қызы да – бір баланың әлеміндегі ең сілкіністі оқиғалар. Автор соның бәріне сендіре біледі және мұнда рефлексия емес, шын мәнінде көңіл қоюға тұрарлық оқиғалар (!) өтіп жатады. Бірақ қайталап айтайық, «Көршінің қызы» деген атау бұл әңгіменің «аузы-мұрнын буып» тұрған сияқты.

Повестің тілінде болар­болмас кем­кетіктер жоқ емес. Мысалы, «қанша жерден әдемі болсам да (анау айтқандай сымбатты емес екенімді онсыз да жақсы білемін)» дейді. «Қанша жерден әдемі болсам да» және «сымбатты емес екенімді білемін» деген тіркестер мағыналық тұрғыда бір­біріне кереғар. Оның үстіне, жігіт адамға «әдемі» деген теңеу қолданылмайтынын Қанат білсе керек еді. Немесе мына бір тұсына қараңыз: «Бүгін айдалада қалған темірді ұрлаймыз, ертең біреудің үйін тонамасымызға кім кепіл?». Ал енді осыны, ұрлыққа түскен ойын баласының шын монологы деуге иланасыз ба? (ирония деуге негіз жоқ). Бұл – баланың өзінен гөрі,  ересектердің жекіп ұрсатын сөзіне көбірек ұқсайды. Десе де толықтай алғанда кейіпкер психологиясы ашылғанын айту керек. Шығарманың ең үлкен табысы да сол.

«Атасының баласы»

«Көршінің қызы» бала туралы болғанымен, оқырман талғамайтын шығарма болса, «Атасының баласы» ­ балаларға арналған әңгіме. Кезінде Ыбырай Алтынсарин жазған дидактикалық әдебиеттің ұшқындары бар: бала санасына лайықталған, танымдық және тәрбиелік сипаты басым («қырық шұбар тай деген немене»? «жеті атамды айтайыншы»? «сүйінші деген не?»). Бірақ көркемдік тұрғыда жасандылау, құранды шығарма сияқты әсер ететінін жасырмаймыз. Жазушылық әдістерден баланың қиялын  сөйлетуді ұтымды деп табар едік.Өзі бата беретін, өзі Әнұранды жатқа білетін Мұқыштай қазақ баласының идеалы ма дерсіз. «Менің үш атам бар. Бірінші – Абай атам! Ол – менің ғана емес, барлық балалардың атасы. Екінші – Нұрсұлтан атам. Ол – еліміздің басшысы. Үшінші – Бірлік атам». Әрине, жазушы қазақы ауылда, шалдың етегіне оралып өскен баланың аса зерек, саналы болатынын меңзеген шығар, бірақ әңгімеде қақтығыс жоқ. Уақыт пен кеңістікте сіз Мұқыштаймен біргесіз. Алайда шығарманың басты интригасы («атамның баласымын» ­ «Талаптың баласысың») әңгіменің басында­ақ шешіледі. Сондықтан да алға қарай зорға жылжиды.

«Жынды»

Қанаттың алдыңғы екі әңгімесі жақсы болса да, жаңалық емес. Қатарластарының бәрі барып жүрген тақырып. Ал оны әзірге бөлектеп тұрған туынды − «Жынды» повесі. «Жас әдебиетте» композициясы тиянақты кесіп­пішілген мұндай шығарма некен­саяқ. Бөлім­бөлшектері қисынды қиюластырылған, автор нені, қай кезде айтуды, әртүрлі уақиға, іс-әрекеттің қайсысын бұрын, қайсысын кейін баяндауды – бәрін тәптіштеп ойластырған. Сюжет құрудың бірнеше әдісі болса, «соңынан білу» (узнавание) Қанаттың осы әңгімеге таңдап алған ұтымды тәсілі. Егер кино өнерімен шендестірер болсақ, бұл Кристофер Нолан, Дэвид Финчер сияқты режиссерлердің фильмдерінде жиі кездесетін, қазақ киносы мен әдебиетінде кең тарай қоймаған, күрделі-сюжетті туынды.

Мистикалық сарында басталған шығарма, біртіндеп психологиялық зерттеуге ұласады. О дүние бар ма? Болса, қандай? Адам қалай жынданады? Елестер бар ма? Болса, олардан қорқу керек пе? Бала кезімізде бәріміздің үрейімізді ұшырған әңгімелер, қайбір жылы «Маған Әл Фараби мен Абай сабақ үйретеді» деп мәлімдеген вундеркинд қыз, осындай тылсым оқиғалардың бәрі матасып, оған он бес жыл бойы әкесінен адасып келген баланың тағдыры қосылып, шағын хикаят таңғажайыптар тізбегіне айналады.

Ал авторлық баяндау тұрғысынан қарайықшы. Кейіпкердің шындықтан тылсымға өтуі қалай? «Денесі дір ете түсті.Бүйрегі шаншу қадалғандай шым ете қалды. Құлақтағы қолын бүйіріне апарды. Пыс-пыс. Пыс-пыс. Демалып жатыр. Дәл қасында». Үшінші жақ, жедел өткен шақ формасындағы бірыңғай етістіктермен өріліп келе жатқан сөйлемдер легі кенеттен, «пыс­пыс» пен «демалып жатыр» деген нақ осы шақ формасына ауысуы арқылы­ақ атмосфераны ширықтырады. Тілдік жағынан алғанда, бұл повесте бас сындырып, көз шығаратын тіркестер жоқтың қасы. Есесіне Қанаттың үйреншікті теңеулерді дамытып әкететіні бар: «Құлын жүрегінің тұяғы кеудесін тепкілеп жатыр», «күн тасбақадай тырмысып жүріп, тас төбеге көтеріліп қалған еді»...

Композициясын қараңыз. Бірінші «бөлімнің» өзі басы, дамуы, шарықтау шегі және шешімі бар. Қалай да автор «не болар екен» деп, ынтықтырып қояды.

Екінші «бөлім» қалай өрбиді? Үңіліп көрейік. Композиция құруда екі кейіпкерді қатар сөйлету әдісі жиі қолданылады. Дж.Фаулздың әйгілі «Коллекционері», мәселен, осы әдістің шыңы деуге болады. Қанатта да  екінші «бөлім» Елес қыздың позициясынан айтылады. Есіңізге Марк Левидің «Жер мен көктің арасында» деген әйгілі хикаяты түседі. Бірақ Айгүлдікі басқа кеп. Шығарма одан әрі қызықтыра түседі.

Шартты түрдегі үшінші бөлім тағы да Нұрланның атынан баяндалады. Төртінші бөлімде қайтадан қыз. Жазушы кейіпкерлерін кезек көрсете отырып, тереңдете береді, өмірбаяндарын арши түседі, ең бастысы, шығармада бір сәтке де динамика жоғалмайды, бастан­аяқ қимыл, қозғалыс толастамайды. Жүйкеңді қытықтайтын көріністер де жоқ емес: «Табалдырықтан тағы аттады. Үрейлі дыбыстар. Шыңғырып жатыр. Жылап жатыр. Біреулердің денесін құрт-құмырсқалар кеміріп жатыр. Біреулерінің мойнына абжыландар оралып алыпты. Кері қарай бір қадам басты. Өз үйі». Идеялық тұрғыда Елес-кейіпкерді – ескі үйде қамалған, тіл мен үннен айырылып тұншыққан, туған ұлтымыздың рухы деп қабылдауға болады. Әңгімеде бәрі шартты екені сондай, дәл олай деп қабылдамауға да болады. Автордың шындық пен қиялды жымын білдірмей өретіні - шеберлік десек, артық емес. Мысалы, жоғарыдағы фантастикалық көріністен кейін: «Көрші үйдің қызыл сиыры қораға қарап тағы да бір мөңіреп қойды…» дейді. Мұндай прозаикалық суреттер оқырманын әп сәтте «жерге түсіреді» және сиырдың мөңірегені қандай шындық болса, табалдырықтан әрі жаһаннам екені дәл сондай, қолмен ұстап, көзбен көретін шындық сияқты әсер береді.

Оқырман санасына ең үлкен соққыны Қанат ең соңғы сөйлеммен береді: «…Қой күтіп тұрғандағы Айгүл тәте жайлы үрейлі әңгімені ойдан шығарып айтып едім…». Осы кезде Қанаттың, кейіпкері ойлап тапқан кейіпкерінің өзі өз бетімен өмір сүргенін көресіз. Повесті оқып отырып сіз байқаған сәйкессіздіктер, әккі автордың әдейі тастаған қармағы екені түсінікті болады: «төрт апта бұрын» көшіп кеткен Қуаттың «үш апта бұрын» Елесті көргені немесе Елестің алдымен өлімге сүйреп, одан кейін құтқаруға тырысатыны... Оның бәрі сізді финалға астыртын дайындау екен.

Қорыта келгенде, авторда үлкен әдебиетке деген талап бар. Бірақ көп замандастары сияқты, Қанатқа да идеялық тұрғыда ойлана түсу керек сияқты. Тілі жатық, жеңіл оқылатын дүние жазған дұрыс, әрине. Естелікпен әуестену жас қаламгерлерге тән шығар. Бірақ соның бәрі не үшін жазылады? Сюжетпен таңғалдыру үшін бе? Әлде басқа да айтарың бар ма? Біздіңше, Қанаттың айтары болу керек. Және бұдан ілгері бұл әңгімелерден де толысты дүниелер күтеміз.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Атасының баласы
Көршінің қызы
Жынды
Мирас Мұқаш

Мирас Мұқаш

Бекзаттық

Қалам ұстаған адам өзін әлемге әйгілейді (даусы жеткен жерге дейін, әрине). «Мен мұндаймын». Қаласа да, қаламаса да сол, «өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр...». Жазушының өзі қызық болған сайын, оның жазуының да құны артады. Қаламгердің бірінде интеллект болады, бірінде сырнап-қырналған стиль болады (оның екеуі де ізденіспен қалыптастыруға мүмкін нәрсе), бірақ өте сирек ­ жүре жинауға келмейтін, қолдан жасауға болмайтын сипаттар ұшырасады. Мысалы, жазудағы мінез. Сырбаздық. Бекзаттық. Ішкі ырғақ. Қуаныштысы, Мирастың жазуында сол сипаттар бар.

Ол кейде біздің жабайы әлемге адасып келген, жырақтағы жарық дүниенің жаршысындай көрінеді. Ол жазған дүние іңкәрлік белгісіндей әсер етеді. Әйтеуір, бізге ұсынылған үш әңгіме де сондай. Үшеуі де естелік.  Естелік болғанда да, ата­-анаға деген сағыныш белгісімен өткен балалық шақ жайлы ыстығы басылмаған естелік. Үшеуінде де басын салбыратып, ойланып жүрген кішкентай адамды көресіз. Көресіз де, туысыңыздай қабылдайсыз.

Кейде ойын баласын бақылап отырып, қызықтайсыз ғой. Қалай ойлайды? Не жайлы ойлайды? Өзіңіз де бір кезде бала болғансыз, бірақ ол қабылдау қазір жоқ, айырылғансыз, ұмытып қалғансыз. Баланың әлемі сізге бейтаныс, жұмбақ. Жазушы ғайыптан тайып, сол балаң күйді, жан сезінісін лайлап алмай сақтаған. Бір тетікті басып қалады ­ сол күйге түсіп кетеді.

Ол оқиға қиыстырып, сюжет шиеленістіріп әуре болмайды, бірақ жазушылық қарымының күштілігі, қарапайым оқиғасының өзі көз алдыңызда көркемсуретті фильмдей жылжиды. Бұл – сиқыр, сөзбен сипаттауға келмейтін, бірақ арбап алатын сиқыр.

«Ащы алма»

«Ащы алмада» Харуки Муракамиді еске түсіретін музыкалық ырғақ бар. Шығармадағы ең құнды дүние − кейіпкерлерінің көңіл­күйі:  мұңды, сәулелі өлең секілді әсер қалдырады. Жас жазушылардың көбі тілге салақ қарайтыны бар. Ал Мирас керісінше, сөзге тиянақты, аса ұқыпты: онда орашолақ орамдар, тікірейіп тұрған тіркестер болмайды. Әңгіменің тілі жатық, өз­өзінен құйылып отырғандай әсер етеді.

«Кей күндері кемпір екеуі қатар-қатар жайғасқан кино кинокөрерменінше ауа сыртындағы кеңістікке телмірген күйде алақандарын тізелеріне қойып күн ұзақ отырады.  (Кейін ойласа, ол бір базардан қайтқан, бірі о жаққа енді ғана бет түзеген екі адамның дәл жолдары түйіскен тұсы екен)». Кемпір мен бала, олар жайғасқан аула, екеуінің қимылсыз отырысы көз алдыңызға елестейді. Эстет режиссердің әдемі ойластырған кадры сияқты, әңгімеде көз алдыңда тұрып алатын осындай көріністер көп.

М.Мұқаштың жаттанды теңеулерге үйір еместігі қуантады. Мысалы, «кішміштей бет-аузы» дегенін алыңыз. Кейіпкердің бетін мыжырайған кішмішке теңеу арқылы-­ақ, оның шөкімдей ғана, бір уыс кемпір екенін жеткізіп тұр. Жазушы кемпірдің алманы кептіретінін, оның ащы болатынын да бекер айтпайды. Марқұм, өзі жинаған ащы алма сияқты, бойындағы бұғып қалған мейірімімен бірге, ешкімге керек болмай өтті де кетті. «Аузына кемпір марқұмның қышқыл жеміс қағының дәмі келгендей болды. Қышқыл емес, көк татыған ащы дәм. Алма да ащы жеміс қой. Тірлік те бірде кермек, бірде тәтті...» дейді. Дәл осы жерде тоқтай қалса, әңгіме сәтті аяқталайын деп тұр еді.

Бірақ әңгіме аяқталған жоқ. Кенеттен «Ол бала құрбысы Аленаға барып қайтуға бекінді» дейді Мирас. Біздіңше, осы сөйлем артық. Түсінікті, адамның балалық шақтағы достарын сағынуы қалыпты жағдай. Бірақ бір естеліктің әсерімен,  қай қиырда жүргені белгісіз Аленаны аяқ астынан іздеп барам дегені, әшейін айтыла салған сөздей әсер етті. Шығарманың жүрекжардылығына жат. Өз естеліктерінің құшағында, рефлексияда отырған адамның аяқ астынан белсенді әрекетке сілкінуі үйлесімсіз, себебі ­ мотивациясы ашылмады.

«Жер мен көк»

Бұл да – «флэш бэк». «Терезенің ернеуінен сырғып түсіп, тұнжыраған күйі сыртқа қарай беттеді. Құлағына сырт жақтан бірқалыпты ырғақпен гу-гу айналған сеператордың дыбысы келді». Расында да, кейіпкермен бірге сіз де терезеден сырғып түсіп, сол сеператордың даусы шыққан жаққа жүресіз. Сосын санаға сіңісті, көңілге жақын қаншама суретті тірілткені үшін, жазушы жайлы ризалық пейілмен ойлайсыз. Мирас атмосфераны беруге шебер, көбінде кейіпкер психологиясын керемет меңгергенін және нәзік ирониясын байқайсыз: «Біссіміллә! Жар бола гөр, Жаратқан ием!» деді іштей. Мағынасын онша ұқпағанмен әжесінен үйреніп алған сөздері», «Әжесі жүрісін жылдамдатып, мұны сүйрей-мүйрей, алға қарай аршындай ұмтылған».

Баяндаушы – бір жағы кейіпкердің ішінде, әлемді соның көзімен қабылдайды.  Әрі жанында: баланың білуге, ойлауға тиіс емес дүниелерін ойлайды. Мысалы: «Мамасы мен папасы келген сайын небір костюмдерді әкеледі. Бірақ әжесі бәрін жақсылап қаттап, көк кебежесіне тығып тастайды. «Мерекелерде, той-томалақта кигенің жөн», - дейді. Талай тойлар да өтті ғой, бәрібір кигізбейді. Соған қарағанда, бұ кісі күткен мейрам айырықша бір мейрам болуы керек!». Баланың қабылдауына лайықтап жазылған, әңгіменің бұндай тұстары аса шынайы шығады. Ал келесі, кейіпкердің «жанынан алыстамаған» авторлық баян: «Жұрттың айтуынша, әйелімен ажырасқан, үстел жағалай бастаған баласын бірге әкеткен. Сол сәбиін сағынады». Мирас осы екі тәсілді жымын білдіртпей өреді. Оның жазуында сезімсіз, немқұрайлы бір сөйлем жоқ. Сөзсіз, тамаша техника.

«Меруерт»

Бұл да қаладағы ата-­анасын сағынған, ғашық болғыш баланың «бастан кешкендері». Әңгіме кейіпкердің оянуынан басталады. Тым тәптіштеп жатпаса да, сіз сол баламен бірге оянып, әжесінің сиырды өріске шығаруға кеткенін түсініп үлгеріп, итті еркелетіп, көрші үйінің алдындағы «Жигулиді» көріп, сағындырған Меруерттің келгенін аңғарып, жылдам бетіңізді жуып, киім ауыстырып үлгересіз. Мирастың баяндауының ерекшелігі сол, оқырман процесске қатысушы, ол бір сәтке де кейіпкерден қалмайды, ілесіп отырады.

Бірақ әңгіме біраз жерге келгенде бағанадан бері «әже» деп отырған кісінің аяқ астынан неге «ана» болып кеткенін түсінбей қаласыз: «Анамның айтатыны дұрыс екенін де білем. Және сиырды өріске шығаруға аса құмартқан да емеспін. Тек шешем қысқа уақыт жанымнан кетіп қалған мезгілде үлкен үйде жалғыз қалудан қорқатын да сияқтымын». Ал келесі абзацта қайтадан әже болып шығады: «Біраздан соң «ашуым» басылған мен жаңа пісірілген сүттің қаймағын нанға жағып жеп, әжемнің жанында шай ішіп отырамын».  Әжеңізді «үлкен шешем, ұлы анам» деп пайдалану басқа да, «анам, шешем» деп айту бір басқа ғой. Соны ескеру керек сияқты.

Әңгіменің аяғына қарай бір сызықтың бойымен дамып келе жатқан баяндау, арнасынан жаңылғандай болады: «Сәтсіздік атаулыны жек көрем. Тіпті, жейдемнің түймесі түсіп қалса да, біразға дейін мазам кетіп, тұнжырап жүретін мінезім бар. Ұсақтықтан емес, әрине. Көңілге қымбат асылдарымнан жастай ажырап, жан күйзелткен нәзіктігімнен, бәлкім...». Баланың ішінде отырған автор, кейіпкерінен әп сәтте алыстап кетті, ересек адамның көкжиегінен сөйлеп тұр. Бұл ­ авторлық баянда табылған мөлдір ағысты бұлдыратып жібергендей әсер етеді. Осындай ұсақ-түйектерді есептемегенде, Мирастың жазғандарын оқыған кезде самал жел соғып өткендей, жылы сезімге бөленесің.

Кейбір шет ел авторларын оқығанда, мысалы, Ремаркті: кейіпкерлерінің ерекше тәрбие-болмысын, джентльмендігін байқайсыз. Байқайсыз да қызығасыз. Қазақ жазушылары көбінде, ғашықтық туралы жазып отырғанда да қыз-­қырқынға стереотиптер терезесінен қарайды. Ал Мирастың сойы бөлек. Мысалы, «Ащы алмадағы» Аленаға, «Меруерттегі» Меруертке деген ізет, қамқорлығы ерекше. Мұндай әдебиетті оқып өскен ұрпақ сөзсіз джентльмен болып тәрбиеленеді. Қысқасы, Мирасқа тек жаза берсін дейміз. Тілек сол ғана.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Меруерт
Жер мен көк
Ащы алма
Дархан Бейсенбек

Дархан Бейсенбек

Қоңыр

Дархан Бейсенбек жалқау жазушы емес. Тақырыптық тұрғыда ізденеді, шығарманың сюжеттік желісін, композициясын ойластырады, тілдік қолданыстары да (кейбір кедір­бұдырлықтарды есепке алмағанда) көңілге қонымды. Қысқасы, оны кәсіби жазушыны мазалайтын техникалық сұрақтардың бәрі мазалайды. Бір сүрлеуге түсіп алып, бір­біріне ұқсас әңгімелерді сықпырта беретін әріптестеріне ұқсамайды, әр шығармасына әжептәуір ішкі дайындықпен келетіні байқалады. Оқиғаны баяндау жағынан оның дәстүрлі прозаның аясынан өсіп шыққаны анық. Бас жарып, көз шығаратын эксперименттерге жолай бермейді. Бұрын ешкім айтпаған ойды айтып, ел­жұртты айран­асыр қалдырам деген астамшылық пен өзімшілдіктен де аулақ. Оның стихиясы ­-  қазіргі қоғамның суреттерін шынайы жеткізу. Ол өз табиғатындағы қоңырлықты жоғалтпай, қазіргі қиқулы дүниеге лайықтай білген жазушы. Оның шығармаларының түпкі мақсаты, мың құбылған көппен бірге адасып бара жатқан адамды арнасына түсіру сияқты. Және бір атап айтарлығы, Дархан рефлексияның жазушысы емес, ол оқырман қуанышына орай, динамиканы жақсы көреді. Кейіпкерлерін өмірдің небір қым­қиғаш ситуацияларына салып сынайды. Сондықтан оны сюжеттік әңгіменің шебері, ал баяндау ырғағын «кинематографиялық» деуге де болатындай.

«Гиппократ анты»

Мысалы, «Гиппократ анты» деген әңгімесі дәл сондай. Бұл шығарманы алғаш оқығанда бізді қуантқаны, әңгіменің ішкі драматургиясының шебер өрілгендігі еді. Артық суреттеу атымен жоқ, әр абзацта оқиға бар, кейіпкер бар. Сіз «Гиппократтың антын» оқып отырып, кейіпкермен бірге ұйқыдан оянасыз, кеше істеген қылмысын еске түсіресіз, таңғы ас ішесіз, балаңызға көліктің кілтін беріп, өзіңіз жұмысқа келесіз. Қиын жағдайға түскен бейтаныс таксишіні тыңдайсыз, оған аяушылық таныта қоймайсыз, кенеттен... таксиші қағып екткен баланың өз балаңыз екенін түсінесіз. Әңгімені бұлай өріп әкелу кейіпкерді әртүрлі ситуацияларда өзін қалай ұстайтынын көрсетуге тамаша мүмкіндік берген. Марғау, маңғаз, тәкаппар болып жүрген Азатыңыз бір сәтте мүсәпір халге түседі.

«− Аға, өз басым жұмыс істемеймін. Шиттей төрт балам бар. Әйелім де жұмыс істемейді, баламен отыр. Оларды асырап жүрген жалғыз мәшинем бар еді». Төтеден әңгіме бастаған «қонақтың» әлеуметтік жағдайы ғана емес, жалпы болмысы шағын ғана диалогқа сыйып кеткен.

Осы сәттен бастап зейін қойыңызшы. Сіз таксиші жігіттің сөздерінен «аварияға түскен» - Азаттың баласы екенін сезіп отырасыз. «Тек Азат соны қашан түсінер екен?» деген ой мазалай бастайды. «Азат қызғылт-күрең әмиянның ішкі қалталарына салынған құжаттарды енді аша бергені сол еді...». Баланың құжаттарына қарап үлгермейді. Яғни Дархан шығарманың ішкі драматургиясын  шиеленістіре біледі.

«− Мен сіздерге ақшасын екі есе қып төлейін. Уәде берем.

Жас жігіттің жалынышты үнінен екеуі мырс етіп күліп қойды».

Дәрігерлердің образдары қырлана түскен. Әңгіме ширыққан үстіне ширығып келеді.

«− Дәрігер мырза, маған ана баланың құжаттарын берсеңіз. Әйтпесе мен оның адресін, ата-анасын қалай табам? − деді ақсары жігіт кетуге ыңғайланып.

− Ә, иә, қазір берем. − Орнынан көтерілген Азат шашылып жатқан қағаздардың арасынан қызғылт-күрең әмиянды алды да ішкі қалтасында тұрған жеке төлқұжатты суырып алды. Кенет көзі шарасынан шыға жаздап бақырайып кетті...». Әрине, өз ұлы.

Байқағаныңыздай, Дархан оқиғаны ширатудың хас шебері.

«Дәрігер дәлізді бойлай, операциялық бөлмені бағыттап, құстай ұшып барады екен». Автор кейіпкерінің әкелік сезіміне аяушылықпен қарайды. Дархан өмір мен әдебиеттің ең негізгі сиқырын түсінген сияқты. «Жақсы» және «жаман» адам да, кейіпкер де болмайды. «Баласының өлі денесіне қарап тұрған Азаттың жылағысы келген». Барған сайын шиеленісіп келген оқиғаның кульминациясы осы тұс. Ол жылайды, Құдайға жалбарынады, ақыры талықсып кетеді. «Есін жиғанда әуелі құлағына кардиологиялық аппараттың дыбысы естілді»... Дархан мейірімді екен, кейіпкеріне тағы бір мүмкіндік беріпті. Оқиғаның заманауилығын, тақырыптың әлеуметтік және гуманистік тұрғыдан маңыздылығын, кейіпкер жан­дүниесіндегі астамшылық пен қорқыныш, тоғышарлық пен үрей арпалысының «хеппи эндпен» аяқталуы да – дайын кино емес пе?..

Ұнамдысы, жазушы монологтар мен диалогтарда барынша шынайы. Сондықтан, оның кейіпкерлері жансыз сөздерге жоламайды, ал олардың аузындағы: «просто», «главный врач», «техосмотр», «таксовайтетемін», «общем», «врачтар», «ну и что»  деген сияқты орыс сөздері оғаш емес, қайта сендіре түсетіндей.

Қазір кім көп, науқастың қарғысына қалған дәрігер көп. Еліміздегі медицинада бір кездегі тәртіп жоқ... Осы сарынмен, әңгіменің публицистикалық ыңғайда талдауға болады. Бірақ Дарханның айтып отырғаны басқа кеп. Одан гөрі биіктеу һәм тереңдеу. Дархан бізге аса жақсы емес, аса жаман емес, қатардағы пенденің рухани солқылдақтығын көрсетеді. Ол қалай ақшаға сатылып кетті, қалайша қу дүниені ­ адам өмірінен артық көрді? Гиппократ антын қолдану арқылы жазушы, қазіргі адам жанының қасіретін әдемі жеткізеді. Және бәріміздің де Жаратқанның алдында шарасыз пенде ғана екенімізді еске салады.

«Ринг»

«Ринг», аты айтып тұрғандай, боксшы жайлы әңгіме. Дархан әдеттегідей шығармасын оқиғаның қайнаған тұсынан бастайды. Алан рингке шығып келе жатыр. Біртіндеп оның қарсыласы туралы ойын білесіз, Махмудтың өзінен гөрі мықты екенінен хабар береді, кеудесінде «кектің қара дағы» бар екенін де жасырмайды. Рингтегі айқас. Бірінші раундтың соңы естелікке ұласады. Алан мен Махмудтың қарым­қатынасының сыры ашылады. Екінші раунд. Дархан осы шақ пен өткен шақты, рингтегі жұдырықтасу мен естеліктерді қатар және әдемі өре білген.

Әңгіменің басынан аяғына дейін Алан, жүрегін алақанына салып, махаббат үшін, әділет үшін әлі келгенше күреседі. Соңғы сөйлемдерді оқиық: «Махмудтың осы соққыдан кейін тұра алмайтынын пайымдадым. Бұл кезде шықшыт тұсыма тиген қарсыласымның алапат күшті оң жұдырығы менің де сегіз секундтың ішінде есімді жинай алмайтыныма оның сенімін нықтай түскен еді. Ринг - өмір. Өмір ешкімді аяған емес. Соңғы пайымым санама сіңді де қараңғылық қойнауына тарта жөнелді...»

Дарханның жазуында бізге ұнамайтын бір қасиет сол, ол шығармадан ой түю ләззатын оқырманнан тартып алатыны. Мысалы, екі боксшының қатар жайрауымен әңгіме аяқталғаны ұтымды бола тұра, «Өмір де ринг сияқты, ешкімді аямайды» деген байлам Аланның емес, оқырманның санасында қылаң беруі керек еді. Шын шеберлік, біздіңше, ойыңды ашық айтпауда.

Сосын, әңгіменің тіл қолданысында кейбір сәтсіздеу оралымдар бар. Мысалы, «соңғы пысықтап айтқан сөзін есіме алдым» дейді. Өзі «пысықтап» тұрған соң, оның «соңғы» сөз екенін айтып не қажеті бар? «Сәтті орайын таба алады» дейді. Өзі «орай» болса, оның жанына «сәтті» деген сөзді тіркеп қайтесіз? «Бағындырған биігі де бес батпан» дейді, батпан деген салмақ бірлігі, онымен биіктікті өлшемесе керек еді. «Қашан да еркектің көмегін қажет етіп тұратын қызды құтқару керек деген ой санамды осып өтті» дегені де қарабайырлау. Осыған дейінгі «Гиппократ антының» артықшылығы, жасанды көркемдік жоқ, оқиға баяны да, диалогтары да барынша шынайы өрбісе, «Рингте» жасандылықтың салқыны еседі: «Сол түні таң атқанша көз іліндіре алмадым. Қаңғыбас Күн жер бетіне жарығын молынан төге бастағанша жылаған қос қыздың үні жүрегімді найзағайша тынымсыз осқылап шығып еді...». Жан­дүниесі қара жердің өзіндей қарапайым, нені болса да шорт кесіп, тікеден тартатын жігіттің сөз саптасы да сол болмысына сай болса керек еді. Мұндай әсіре көркемдеулер, әрине, әңгіменің әсерін күшейтудің орнына, солғындатады.

«Жер сағыз»

Кейде ойлаймыз, қазақ жазушыларының бәрі балалық шақ туралы жазуды бұлжытпас міндет, жазылмаған заңдылық санайтын сияқты. Бұл бір жағынан түсінікті де, өйткені «ауыл» деп аталатын таңғажайып әлемнен шыққандар ғаламның жеті кереметін араласа да, балалық шақтың суреттерін  ұмытпайды.

«Ол лифтіге кіріп келгенде мен оған арқамды беріп тұрғам. Бірақ қабырғадағы үлкен айнадан бәрін көріп тұрмын». Әңгіме осылай басталады. Әдетінше, Дархан кейіпкердің өзі болып сөйлейді. Кейіпкердің қызға қарап тұрғандағы ойы кәдімгі кеңсе хикаясындағыдай әсер қалдырады. Таниды, әрекет етеді, Шынардың алақанына сағыз салып, «Әзірге жер сағыз жоқ» дейді. Оқиғаның естелікке өтетін осындай тұстары әдемі түйінделген.

«Сіздерді қайдам, өз басым ең алғаш  зауыттың жасап шығарған емес, далада өсетін жер сағызын шайнап едім» дейді кейіпкер. Көз алдыңызға жерді шұқылап, жер сағыз теріп жүретін баланың суреті келеді.

«Кенет дәл көзімнің алдына екі қызыл төпли келе қалды. Мен жерде отырған едім. Өзім солай ойлаймын, әсілінде жерде етпетінен жатқанмен бірдей еді». Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Қызыл орамалды шынары» еске түседі.

Әңгімедегі ирония автордың кейіпкерге емес, кейіпкердің өзіне деген қатынасы. «− Сен мені жақсы көресің бе?, − дедім салған жерден. Енді түні бойы дайындап, бірнеше мәрте қайталап, әбден пысықтап алғам ғой.

− Сен ше?, − деді ол. Менің құрған жоспарым бойынша ол маған сұрақ қоймауы керек еді.»

«Мен Шырынды құшағымнан босатып қоя бердім де, ұялғанымнан қаша жөнелдім».

Бұл суреттердің бәрі шынайылығымен баурайды. Сезімтал жазушы алғашқы, балаң махаббаттың көңілдегі әсерлерін солғындатып алмай, дәлме­дәл жеткізе біледі. Алайда кей тұстарында әсерлеймін деп әсірелеп жіберетінін байқаймыз: «Екеуміз қайтадан құшақтаса кеттік. Кеудеміздегі қос жүрек бірге соғып, асыл сезімдер кеңістікте тоғысып жатқандай». Егер әңгіме толықтай осындай әшекейлі сөздерге құрылса, стилистикасы сондай болса түсінікті еді. Олай емес қой, Дарханның қарапайым тілмен баяндап келе жатып, аяқ астынан осындай бір бейнелі сөздерге құмарта қалатыны әңгіменің ішкі табиғатымен қабыспай жатады. Яғни, шығарманың  стилистикасында кедір­бұдырлық бар. Бұл, біздің пайымша, жазушының әлі де болса баяндау стилі тұрғысынан бір байламға келмегенін көрсетеді.

«…Мен расыменен-ақ жер сағызын сағындым. Сіз ше?..» деп аяқталады шығарма. Бізге салсаңыз, жер сағыздың төңірегінде өрбіген жүрекжарды әңгіменің соңында, бұл жолдар тіптен артық. Мақалада, эсседе пайдаланылатын арзан тәсіл сияқты. Ал жалпы алғанда, әңгіме жеңіл оқылады, балалық шақ суреттерімен көңілге жылы тиеді.

Қорыта келгенде, Дарханның әңгімелерін оқу қашан да қызық. Ол − уақыт, кеңістік пен әрекеттің бұлжымас бірлігін ұстай отырып, оқиғасын түрліше құбылтудың шебері. Оның әңгімелерінің өзегінде қатпар-қатпар өмір шырғалаңдары, қайшылыққа толы тіршілік драмалары жатады. Тақырыптық, идеялық ізденістері, қара сөздің дәстүрлі әдістеріне адалдығы қуантады. Өйткені эксперимент керек екен деп, кез келген қаламгерді жаңашылдыққа итере беруге де болмайды. Әркім өз табиғатына сай ауанда жазғанда ғана табысты қаламгер болады. Дарханның да өз жолы, жас жазушылардың қатарында өз орны бар. Жалғыз тілек, стилистикалық тұрғыда сүрлеуін айқындап алса екен дейміз.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
«Ринг»
«Жер сағыз»
«Гиппократ анты»
Нұрлан Қабдайұлы

Нұрлан Қабдайұлы

Лингвист

Нұрлан Қабдайдың жазушылыққа өте байсалды, байыппен қарайтыны байқалады. Кейбір жастардыкі сияқты, жүрдім­-бардым, хобби емес, бұл, сірә өмірлік ұстаным. «Сөз өнері дертпен тең» дейді, Нұрланның жазғандарынан сол аңғарылады. Ол, қай жағынан келсеңіз де өз жолын табуға тырысады. Ол сюжетке мән береді. Ол тақырыптық тұрғыда ізденеді. Айтары бар, идеясы мен авторлық позициясы анық. Тегеурінді қиялы сезіледі. Оның шығармаларының тілі аллитерация мен ассонансқа, метафора мен эпитетке бай, оның сөздері үйлесіп, бір-­бірін аймалап, құшақтасып тұрады. Қатар тұрған сөздер бір-­бірімен қабысып жатуын ойлап, кейде сөйлем ішіндегі тіркестер өзара тебісіп кететін кездері де жоқ емес. Ең бастысы, көркемдік ұстындарға кереғар келген жерін көрмейсіз. Тағы бір ерекшелігі, Нұрлан Қабдайды автобуста немесе біреумен әңгімелесіп, музыка тыңдап отырып, жарты зейінмен оқи алмайсыз. Өзі шығармасына қандай жауапкершілікпен келсе, оқырманнан да сондай зейінді талап етеді. Қысқасы, Нұрланның қаламын басқаның жазуымен шатастыра алмайсыз.

«Сұр әңгіме»

«Үй екені белгісіз, үңгір екені белгісіз, қожалақ қабырғалардың қоршауында қалыпты. Келіннің жүзінде аналық мейірімнің ізі де жоқ, тулақ үстінде тырбаңдап жатқан нәрестеге жемтік көрген жыртқыштай оқшырая төніп, ыңыранып отыр екен». Алғашқы сөйлемдері-­ақ ызбарлы: нәрестенің «тырбаңдап» жатуының өзі көңілді күпті қылады, ал сол нәрестеге «жемтік көрген жыртқыштай» «оқшырая» төну және оған қоса «ыңырану» − қандай үрейлі?!

Шығарманың аштық тақырыбына арналғанын біртіндеп түсінесіз. Жас қаламгердің өз буыны көріп­-сезгенді ғана шиырлай бермей, тарихи тақырыпқа барлау жасағаны қуантты. Және ол сізді аштықтың ауыр көріністерін сырттан бақылауға емес, соның ішінде жүрген шалдың көзімен көруге шақырады. Бір ғана әттеген-ай бар, бір қарағанда жұп-жұмыр әңгімеде, бас кейіпкер - шалдың психологиясы тиісті деңгейде ашылды, жазушы кейіпкерінің ішінен сөйлей алды деуге келмейді. Әйтпесе, аштық ­­­жазушылық экспериментке барам деген жанға көптеген есіктер ашатын тақырып. Бұл ұғымның қазақ көркемсөзінде соншалық терең зерделенбегенін ескерсек, ашығудың физиологиялық, психологиялық сипаттарына тереңдеп енуге болар еді. Немесе дәл осы әңгіме жағдайында, кейіпкердің туған баласын сою туралы тоқтамға қалай келгенін зерттеп, ­сипаттаса құндырақ болатындай. Бірақ автор кейіпкердің жан­ дүниесіне аса бір тереңдеуді жөн санамай, шағын әңгімеде жалқыны да, жалпыны да теңдей қамтуға тырысқан сияқты.

Айта кету керек, Н.Қабдайдың тіл қолданысына экспрессия тән. Бұл әңгемеде де солай. Мысалы, шал мен баласының соңғы көзқарасы: «жеміне шеңгелі жетпей қинала қыңсылаған шынжырлаулы тағының кекті жанарына арбалғандай болған қас-қағымда, шал артында енді қарайлайтын ештеңе қалмағанын ұқты». Өз баласы тағы, жай тағы емес, «жеміне шеңгелі жетпеген», содан «қинала қыңсылаған», «жанары кекті» тағы... «Әлі барлары асхананың жуындысын көпек иттің көмейінен тартып ішіп, әлі құрығандары арыққа құлап, арам қатуда. Теңкиген өліктен де аяқ алып жүргісіз. Ауа жемтік сасиды». Жазушының қиялы тудырған көріністерге сіз де сенесіз.

Қаламгер «Үй екені белгісіз, үңгір екені белгісіз» деген жарты сөйлеммен-­ақ аштықтың адамды кісілік салтынан айырып, жабайы қалыпқа түсіретінін меңзейді. Даланың тышқанын да тауысып, әбден титықтағанда, шалдың ұлы келінге: «баланы жейміз» депті. Және түсінесіз бе, бұл бір адамның емес, тұтас ұлттың трагедиясы. Сол қатыгездігі үшін бейбақ кейіпкер кінәлі емес. Оны айуандық кейіпке салып азаптаған - билік, кеңес билігі, «өзге тұрмақ өзінің дін-қарындасына опа таптырмаған, жаратушыдан үмітсіз, махаббаттан жұрдай, біз - құдаймыз дейтін өктем сеніммен дүниені ластаған коммунистер». Яғни, автордың тарихи, азаматтық позициясы анық. Енді бұл жерде адамның өзімен бетпе-бет қалғандағы мәселесі бар. Дүниенің астаң-кестеңі шығып, адам айуанға айналған кезде адам қалай адам болып қалады? Шал өзін қалай сақтады? Немересі де – ұрпағы, ұлы да – ұрпағы. Екеуінің өмірі ол үшін бірдей қымбат. Бірақ  аштан өлсе де, ұлының адам жеуіне мүмкіндік бермеу - сол кезең үшін ең абзал өлім еді. Әңгіменің соңында, домбырасына сүйеніп, жүріп кеткен шалмен бірге, қазақы тектіліктің соңғы жұрнағынан айырылғандай күй кешесіз...

«Жынойнақ»

Нұрланның кейбір жазғандарын Ч.Буковскидікіндей «лас реализм» деуге келмейтін шығар, бірақ соған жуықтайтын дөрекі реализмге жатқызуға болады.  Оның дүниені қабылдауында бір шөкім де ваниль жоқ. Жазушының өзі  әңгімелерінің тасасынан: «Мүмкін аяусыз шығармын, бірақ дүниенің шындығы, қабыл алсаң да, алмасаң да ­ осы» деп, тікірейіп қарап тұрғандай әсер береді. Өзін сырт ұстайды, тіпті жаны ауырмайтындай көрінеді. Бірақ жаны ауырмаса, қалам ұстамас еді ғой...

Ең бастысы, ол өмір құбылыстарын боямасыз қабылдайды, жан-­жағын барлай зерттейді.  «Жынойнақ» сондай барлаудан туған шығарма. Әңгімеде жұманың кешінде кафеден табылатын, ал ертеңіне бір түндік төсектесін еске түсіре алмайтын әйел образын снайперлік дәлдікпен берген. Бодлердің «Зұлымдық гүлдеріндегідей» сұрықсыз кейіпкерге қатысты, тағы да авторлық позициясы айқын. Ол кейіпкерін аямайды, одан жиіркенеді.

Кейбір жазушыларымыз ақыл айтуға, тәртіпке шақыруға, оқырманын тәрбиелеп жіберуге құштар ғой. Қуанарлығы, Нұрлан Қабдай орайы туып тұрса да, ондай қарабайырлыққа бармайды. Мораль оқымайды, силлогизмнен бойын аулақ ұстайды. Көркемдік жүлгеден бір сәтке де қиыс баспайды. Оның осы айтылған екі шығармасын да ерекшелейтіні сол - көркемдік жүйеге, әдеби ұстындарға адал.

«Кезек»

Ал «Кезектің» бояуы жоғарыдағы екеуінен солғындау екенін жасырмаймыз. Себебі әңгімеден гөрі зарисовка, эскизге көбірек ұқсайды, шығарманың әлі пісе қоймаған сұлбасы ғана сияқты әсер етеді. Неге десеңіз, автор сізге кредит төлеуге келген шалды таныстырады да, әрі қарай әңгіме нобайы несиені не үшін алғаны жайлы емес, не шалдың жеке жан ышқынысы емес, кезек туралы жалпылама толғанысқа ұласып кетеді. Сондықтан да көтерген тақырыбы мен оның орындалуы жағынан бұл шығарма мақалаға көбірек ұқсайды деуге мәжбүрміз.

Идеясы толыспағаннан болу керек, тілдік қолданыста да кедір­-бұдырлықтар жоқ емес. Мысалы, «Кемпірі марқұм арттағы балаларға аванс қып тастап кеткен соң, күйбеңінен жаңылар жайы жоқ...» деген сөйлемді алыңыз. Осы жердегі «аванс» сөзі қисынсыз. «Қарыз», тіпті «аманат» десе де орынды еді. Шұбалаңқылық байқалады: «...Шал аузы жеткеннің өңешін өртеп, өңештен өткен соң, талай бейбақтың өзегін қоса қарыған қазмойын мен бір тұтам бүрісе семген колбаса тұрмақ, «күн көсемнің» жемтігіне де тәу ету үшін тәуліктеп жіпсіз байланған аталардан немерелерге кезектен басқа мұра қалмағанына нали алмады». Сізді қайдам, өз басым бұл сөйлемнен ештеңе де түсінгем жоқ. Немесе мына сөйлемдерге қараңыз: «Ошарылған жұрттың алтын уақытын жемеу үшін, қосымша касса ашылғанына қуанып тұрды. Өйткені банктің ауасы тарылып бара жатқан». Бұл сөйлемнің қандай астары болуы мүмкін? Меніңше, толысты әңгіме бұлай аяқталмаса керек еді.

Десе де, автордың сөз қолданыстағы кірпияздығы мұнда да байқалады. Әдеттегідей, Нұрланның тілі өткір: «бетіндегі әжімін пұлдаған шал-­кемпір», «амандассаң ақша сұрайтын кассир қыз» деген сияқты сәтті «мінездемелерін» алыңыз. Немесе: «Әр айдың өларасында бабасының басына тәу ете барғандай, сүңкиіп банкте тұрар еді». «Сүңкиіп» деген етістіктің өзі ситуацияны тудырып тұр. Немесе «әр айдың аяғында» десе де болатын еді ғой, жоқ. «Өларасында» дейді.

Осы мысалдан өрбітіп, Нұрлан Қабдайдың талғампаздығын айрықша атап өткен жөн. Ол ойына оралған бірінші сөзді жаза салмайды. Тастың арасынан жауһарын іріктегендей, әр сөзін електен өткізіп таңдайды. Бізге сонысымен ұнайды. Бір ғана тілегіміз, қаламгер көлемділеу, кейіпкерінің ішіне түсетін дүниелерге, психологиялық зерттеулерге ден қойса екен. Нұрланға айтар басқа назымыз жоқ.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Жынойнақ
Кезек
Сұр әңгіме
Бейбіт Сарыбай

Бейбіт Сарыбай

Кейіпкержандылық

Әр жазушының тақырыбы, стихиясы болады ғой. Бейбіт Сарыбайды оқығанда көптен көз жазып қалған жақыныңды қайта тапқандай қуанасың. Оралхан, Тынымбай, Сайындардан кейін жоғалып кеткен, ауылдың аңғал да адал адамдарымен Бейбіт бізді қайта табыстырады.

Бейбіт Сарыбайды «бүгінгінің Бердібегі» дейді, расында ол өз арнасын адаспай тапқан қаламгер. Аса бір асқақтаған тақырыптарға бармайды, жекелеген адамдардың қарым-­қатынасын баяндап отырып-­ақ, тіршіліктің түпкі мағынасын іздейді. Оның прозасының алтын діңгегі – қарапайым адам, оның мінезі мен болмысы. Оның прозасы сол адамдарға деген шексіз махаббаттан, мейірімнен тарайды. 90 жылдары ауыл мектебінде оқыған, 2000 жылдары қалаға бейімделген буын бар десек, әлемге сол буынның ең бір бұзылмаған, жасандылықсыз өкілінің көзімен қарағыңыз келсе, Бейбітті оқыңыз. Бірден айтайық, ұсынылған әңгімелерде шебер қиысқан оқиға, шиыршық атқан сюжет жетіспей тұрғандай болуы мүмкін, идея жұтаң дейтіндер де табылады. Есесіне ондағы боямасыз шындықтар мен сүйкімді кейіпкерлер сізге етене таныс болып шығады. Және бірден баурап алады.

«Бейкүнә күнәһарлар»

Бейбіттің көп жазғандарында біздің балалық шағымыздың аяулы суреттері бар. «Бейкүнә күнәһарлар» дәл сондай шығарма. Самолеттің артынан жүгіру, балалардың бір­-бірін есек қып мінуі, өрікті көктей жеп тауысу... Бәрімізге ортақ естеліктер. Бұл әңгіме балалықтың алғашқы күмәні, алғашқы сезімі, алғашқы түйсіктері, күрделі сұрақтары төңірегінде алғашқы рет ойлануы туралы. Сондықтан да ыстық.

Оқиғаға келейік. Ойнап жүрген балалар «адам маймылдан жаралды ма?» деген дауды шешу үшін қарияға жүгінеді. Осы тұсқа назар аударыңыз. Ашуланып кеткен Тойболды: «Маймылдан бiр жаратылса, ақылы соған жеткен Қарлығаш апайың мен... соның коммунист қайын атасы жаратылған шығар», - дейді. Байқап қарасаңыз, бір ауыз сөйлемге қазақтың әдебі сыйып тұр. Ақсақал мұғалімді тікелей айыптамайды. «Сондай адамды келін қып отырған коммунист қайынатасы» деп, қайын атасына соқтыға кетіп тиіседі. Өйткені қазақ түсінігінде ер мен әйел, қария мен келіншек теңдей айтысушы емес. Мұныңыз - ұлттық танымның біз мән бере бермейтін нәзік иірімдері, әсіресе, қазір азаматтар әйел деңгейіне түсіп шапылдасып, қыз-қырқын ер-азаматтың бетінен алып жатқан заманда, біздің қандай екенімізді еске түсіріп тұру керек.

Не керек, әңгімедегі сотқар Дарын балшықтан бала жасап, «біз балшықтан жаралсақ, мына бала да ертең тірілетін болсын» дейді. Мұны естіген Тойболды бәрін қамшының астына алады. Әңгіменің «Бейкүнә күнәһарлар» аталуы осы оқиғаға байланысты екені анық. Дарынның істегені күнә, бірақ балалық шақтың ғажаптығы сонда, оған қандай сотқарлық та жарасады. Бір қарағанда қауырсын естелік сияқты көрінгенімен, әңгімеден кеңестік тәрбие мен дәстүрлі танымның қақтығысын көресіз. Оқиғаны дамыта түссе, басқа бір тереңдіктегі шығармаға сұранып тұр. Бірақ Бейбіт бір ситуация төңірегінде өрбіген сюжеттік әңгіме емес, балалық шақтың әдемі әсерлерінен өрілген калейдоскоп түзуге бекінген сияқты.

Әйтеуір әңгімеде бөлек-­салақ тұрған екі бірдей мағыналық бөлік бар секілді көрінді. Басқа әңгімеге сұранып тұрған екінші оқиға ­ алғашқы махаббат туралы. Сүйрік есімді қыз кейіпкерге «колготки сығысып жіберші» деп өтініш айтады. Колготкі сығудың қаншалықты күнә екенін қайдам, алайда бала соның өзінен қарадай қысылады. Деталь қызық, бірақ жоғарыда айтылғандай, бұл оқиға «Бейкүнә күнәһар» деген тақырыпты ақтайды екен деп, жол­-жөнекей қосыла салғандай әсер етеді. Айтпақшы, осы бір тұста «сығу» етістігінің он төрт сөйлемнің тоғызында қатар келгенін құптай алмадық. Бұл жерде  жазушының саналы түрде сөз қайталап отырғаны анық, бірақ онысы сәтті ме, сәтсіз бе – басқа мәселе. Бейбіттің кейбір шығармаларына авторлық мораль, түйіндеу, қорытындылау тән екенін байқаймыз. «Жастардың әңгімелері мақалаға ұқсап кетеді» деген сынның бір ұшы сонда жатыр. Десе де дәл осы шығармаға ондай айып таға алмайсыз. Өйткені қараңыз. «Мен Дарынның келекесiне қалғым келмей, кетiп қалудың амалын таппай тұрғам. Аспаннан тағы да самолет ұшып бара жатты. Бұл жолғы бағыты бiздiң ауыл жақ екен. Мен соны пайдаланып самолеттiң артынан тұра жүгiрдiм. — Ей, самолет, самолет, Алматыға ала кет»... Самолеттің «аспаннан» емес, «аспанда» ұшатынын ескермегенде, әңгіме шебер аяқталған. Адамдар барлық кезде қауіп­-қатерден, шешілмеген мәселелерден, кейде тіпті шындықтың өзінен қашып кеткісі келіп тұрады емес пе?..

«Өліара»

«Өліара» мектепті бітіріп, үйлеріне тарап келе жатқан түлектер көшінен басталады. Бәрімізге таныс қимастық, таныс толқыныстар. Бірақ оның бәрі негізгі оқиғаға кіріспе ғана, экспозиция. Жалпы жағдайды сипаттап барып негізгі әңгімеге кірісу ­ Бейбіттің заңдылығы (кей-­кейде бұзып тұру артық етпейтін заңдылығы). Сонымен, негізгі оқиға баланың тест тапсыруы және жай тапсырмай, көрші қыздан көшіріп алуы туралы. Бұл көшіріп алады, 117 балл алады, оны жақсылап тұрып жуады, сосын барып тексергенде, бар-жоғы 22 балл алған болып шығады.

Кейіпкердің бұл жағдайды қабылдауы да қызық. «Ауылға келсем менiң Қожанасыр атағым дүрiлдеп тұр екен. Кездескен адамдардың барлығы күледi. Намыстанатын несi бар, мен де күлдiм». Есенғали Раушановтың «Мұратберген оқудан құлап келген» деген өлеңі еске түседі. «- Сонда деймін, ештеңе жазбадың ба? - Не жазасың?- дейді ол есінеп ап». Бейбіттің кейіпкері де осы стихияның адамы. Ондай адамды жазғырарсың, налырсың тіпті, бірақ жек көре алмайсың. Оның оқуға түспей, ауылда қалғаны да бір есептен дұрыс болды. Сабазың қалада адасып кетер ме еді, кім білсін. Ауылда адаспайды. Ондай әпенді адамдар ауылға ғана жарасады, ауылда ғана таза қалпын сақтап қалады. Әрине, әңгімені ҰБТ туралы жазылған мақалалармен қатар қойып, публицистикалық сарында талдауға болады. Бірақ ҰБТ мен оның айналасындағы шу да уақытша құбылыс қой. Ал мына кейіпкердің менталитеті, бәлкім заманға үйлеспейтін бейқамдығы ­ ұлттың мінезі, бұл әңгімедегі ең құнды нәрсе де, сол кейіпкердің  психологиясы. Шукшиннің бір кейіпкері бар еді ғой, темір жолдың болттарын шешіп алып, қармақ жасайтын. Ал «пойыз апатқа ұшырайтын болды» деп жауапқа тартса, балықтың жайын айтып жайбарақат отыратын. Ол шынында да өзін кінәлі санамайды. Міне, жауһар. Қайталанбайтын, орыс мінезін, орыс болмысын түсіндіретін деталь. Бейбітте де осы сияқты толыққанды образдар бар, сәл сюжет жағын дамытса, өзге тереңдіктегі шығармаларға сұранып тұрғаны анық.

«Деканыңа сәлем айт»

Мұнда да кейіпкер белсенді әрекетке араласып, негізгі оқиға басталам дегенше үш абзацтай кіріспе керек болады. «Әр ортаға түсiп, әртүрлi пiшiндерге енiп әртiстенiп жүрiп, табиғи қалпымызды жоғалтып алдық па, қайдам…»  дейді студент. Бейбіт осындай, адамның оңашадағы ойларын кей прозаиктерге тән жасанды пафоспен емес, үстелдің басында, көзіңе қарап отырғандай қылып қарапайым­ақ ұғындырып бере салады.

Ал шығарманың өзегі ­ телефон әңгімесі. Осы әңгіме арқылы бүкіл ауылдың өмірі тамаша жеткізілген. Жақсы жазушыны, тыныс белгісінен де танисың ғой. Диалогқа құрылған әңгімеде, кейіпкер әкесіне сұрақ қойып отырады. «Әпкем сәлемдеме беріп жібердім деп еді, алған шығарсыздар». Жауап та күтпейді, хабарлау мәніндегі сұрау. Байқасаңыз, сұрақ белгісінің болмауының өзі кейіпкер мінезіне қызмет етеді. Қала көрген балалар ауылдағы әкелерінен өздерін басым сезінеді.

Бейбіт нені жазуда ғана емес, қалай жазуда да сүрлеуін тапты деуге болады. Күрделендірмейді, кейде тіпті көркем әдебиет жатсынатын ауызекі тілмен («ең құрымаса», «ештеңке», т.т.) жазады. Сосын оның стиліне орфография емес, орфоэпия заңдылықтарымен жазу тән. «Жәрайды», «қалыптым»... Көркемдік шешімге жатпайды деп сынауға болар еді, бірақ жоғарыда айттық қой. Лирикалық кейіпкер − жазушының өзі емес, ол да бір ауылдың аңғал қазағы... Жазушының мәнері ­ кейіпкер тілімен сөйлеу. Өйткені Бейбіт өмірге солай, кейіпкерлерінің жүрек тұсынан қарайды. Оның жазғандары көпшілікке ұнап жататыны содан болса керек: шынайылық кімді болсын баурайды. Кезінде Шукшинді де «жаргонмен жазады» деп сынайтын болған ғой. Есесіне нағыз орыс табиғатын сол Шукшиндей жеткізген кім бар? Бейбітті өзге замандастарынан ерекшелейтін және бір қасиеті, жазуындағы сатиралық сарын. («Әшейiнде өзi қант сұрай келгенде иттi таяқпен ұрып, ұясына тығып тастап, беймарал кiре беретiн Әсемханның аяқ асты өстiп қорқа қалатыны бар»). Көп құбылыстарға ирониямен қарай алатыны оған әлі талай мәрте көмекке келетіні сөзсіз.

Бейбіт адамзат проблемаларына, қоғамдағы келеңсіздіктерге баға беруге құштар емес. Жасанды тереңдіктерге де ұмтылмайды. Оның бар зейіні  кейіпкерлерде. Бейбіт прозасының эпицентрі сол кейіпкерлер. Қай тақырыпта жазса да, адамдардың болмысын зерттейді. «Әкем таза көңiлiмен “деканыңа сәлем айт” дедi. Мен айта алмаймын. Не деп айтамын. Ол да, мен де қалалықпыз ғой. Ал әкем ауылдiкi». Бұл да шебер түйінделген әңгіме. Бұрын «Қала адамдарымыз ғой» деген сөзге аярлық пен қулықтың бәрі сыйып кетеді деп кім ойлаған... Бейбіт ауыл аңғалдығын сағынады. Табиғилық, шынайылық үшін дауыс береді. Сіз де сөйтсеңіз, міндетті түрде жазушының басқа әңгімелерін де оқып көріңіз.

Қорыта келгенде, Б.Сарыбай өз стихиясын тапты дегенді айттық. Енді басқаша ізденудің, жаңа көкжиектердің уақыты келген сияқты. Әйтеуір біз оны жаңа сапада көргіміз келеді. Себебі басқа тақырыптарға, тың белестерге барлау жасауға қаламгердің қарым­-қабілеті де, пайым-­парасаты да, ой қуаты да, ең бастысы - жүрек байлығы да жетеді.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
«Деканыңа сәлем айт»
Өліара
Бейкүнә күнәһарлар
Сержан Закерұлы

Сержан Закерұлы

Балаңдық

«Кез келген суреткер өз атынан және өзі жайлы сөйлейді» дейді Звягинцев. Расында, әр жазушы әдебиетке өзін әкеледі. Оның шығармасы қызық болуы үшін, өзі де қызық тұлға болу керек.

Сержан Закерұлында жақсы жазушы болуға мүмкіндік беретін біраз артықшылықтар бар. Мәселен, табиғи тіл, ізгі ой, автордың өзі үшін маңызды кейбір идеялардың ұшқындарын да байқаймыз. Бірақ соның бәрі бірігіп, жазушыны суреткерлік өреге көтере алмай тұрғандай әсер қалдырады. Неге? Өйткені С.Закерұлының әңгімелерінен, әзірше, баршаға ортақ шаблондар мен мораль туралы дайын рецептілерді ғана көріп отырмыз. Тосын ой, өзіндік байлам аз.

Сосын жазушылық жолға түскен кез келген суреткер жан-дүниесінің қалтарыс-бұлтарыстарындағы сұмдықтар мен шындықтарын түгел ақтарады. Ондай батылдыққа бармаған адам суреткер емес. Әлде Сержан өмірде қайшылықтары жоқ тым «дұрыс» адам (бұл жағдайда оның адам ретінде жолы болып, жазушы ретінде жолы болмады), не өз тереңіне үңілуге дайын емес (оның да уақыты келетін шығар).

Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені көркем шығарма жазу деген – ең алдымен өзіңді тану. Бұл – орасан интеллектуалдық жұмыс. Жазушы туындыларындағы түрлі полярлық әлемдерді өзінен таратады. Достоевский, Толстой мен Акутагава неге қызық болды? Өйткені олар - ой алыптары еді. Мелвилл мен Лондон неге қызық болды? Өйткені америкалық романтизмді қалыптастырған аласапыран өмірді сүрген. Чарльз Буковски неге тез арада оқырманын тапты? Өйткені бұзық, сотқар, болмысы қызық еді. Демек, мазмұны жұтаң жазушы оқырманын еліте, ерте алмайды.

«Арылу»

«Арылу» дүниеден өз шындығын іздеп жүрген жас жігіт жайлы. Бірақ «шындық» деген ұғым да шартты ғой. Бөлек ұлт үшін, бүкіл адамзат үшін маңызды, ауқымды шындықтар болады, адамның жеке басының, шағын шындықтары болады. «Арылудың» кейіпкері бас қатырған мәселе осының соңғысына келіңкірейді. Көз алдыңызда тым тәртіпті және сол тәртіптілігін кәдімгідей жетістік санайтын балаң жігіттің жан­дүниесі. Бұл әңгімеде конфликт жоқ. Бары ­ «ақша емес, адам іздеп» жүріп, «періштеге» жолыққан жігіттің, сол қыздың жанынан тыныштық табуы ғана. Оқиғаның бояуы солғын, айтпақ идеясы қарабайыр.

«Мен сөйлесетін, тілдесетін бір дара жүректі, жалғыз жүрегі бар адам таптым. Біз сөйлесіп отырмыз. Оны қалай тапқанымды айтсам бос мылжыңға уақыт жоғалтқан болар едім. Ол көп күлмейді. Бұрын жүрегі жоқ адамнан қорқатын едім. Қателесіппін. Дәл қазір жүрегі көп адамдардан қорқамын». Дәл осы топшылауды біз бұрын да бір жерден оқығанбыз. Қайдан? Кімнен? Сержан Закерұлынан екен! «Арылудан» екі жыл бұрын жазылған (автордың өз көрсетуі бойынша) «Мың жүрек» деген әңгімесіне негіз болған ойды, автор (жерден жеті қоян тапқандай) мұнда да қайталайды. Жарайды, автордың өзі үшін қызық тұжырым шығар, бірақ бір әңгімеден екінші әңгемеге көшіп жүрген идеялар, болмай, толмай жатып өзін өзі «тонау» ­ жақсылыққа апармайды.

Сондай­ақ, автордың баяндауында басы артық сипаттаулар, оғаш көрінетін оралымдар барын айта кету керек. Мысалы, «Ойлардың адам миына шабуылға өтетіні қалай?» дегенді оқисыз. Осындағы «ойдың миға шабуылы» дегеніңіз - қаншалықты ұтымды тіркес? Ары қарай оқиық. «Сол жақ қапталымда қыз бен жігіт бір-біріне жабысып қалғандай бүкіл дүниені табандарымен таптап, тек екеуі ғана өмір сүріп жатқандай ұзақ сүйісті» дейді тағы бір жерінде. «Табандарымен таптап» демей­ақ, «бүкіл дүниеде тек екеуі өмір сүретіндей» десе де түсінікті еді.

Тағы бір байқағанымыз, көп тұстарында жазушының ойы тұманды. Мысалы, кейіпкердің хауызға қарап: «Дала заңының осыншама оңай болғаныма?» дейтінін алыңыз. «Жоқ бұл дала заңының зынданға түскен бір мөлтек сыры ғой – деді тағы да егде дауыс». «Дала заңы» деп нені айтып отыр, «заң» «оңай» не «қиын» болатын ба еді, «заңның» «сыры» болушы ма еді, «зындан» деп нені меңзеп тұр, түсіну үшін тағы бір шолып шығасыз. Бірақ логикалық ілгек жоқ. «Осы сезімдерінен қорқып жүрегі тарсылдап еді, бірақ өзіне беймәлім әлемнің сырлы жұмбағы батылдандыра түскендей көзін жұмып тұңғиықтың сырына үңілді» дейді. Біріншіден, сөйлем шұбалаңқы. Екіншіден, мұнда да автордың не айтқысы келгені түсініксіз. Қысқасы, Сержанға синтаксисті тағы бір шолып шығу керек, сонда «беймәлім әлемнің сырлы жұмбағы батылдандыра түскендей, тұңғиықтың сырына үңілді» деген сияқты жалған бейнелілікке ұрынбайды.

Әңгімеде қызғылықты ой ұшқындары жоқ емес, бірақ кейбір сөздерді орынсыз қолданудың кесірінен олардың өзі шашырап кетіп жатады: «Бұл күндері өмірдің өзгеріссіз алдау мен алданудың арасында өтіп жатқаны болмаса ешбір құбылыс байқалмады» деген сөйлем бар. Әп­әдемі ойы бар сөйлемге «өзгеріссіз» деген «бөтен» сөз араласып, берекесін қашырып тұрғандай. Сол сияқты, «Сағат қана бүкіл ғұмырды қиналасүйреп, найза тілдері жаныма қадалып жатыр. Шық-шық еткен даусы мені тағы да масқаралап тұрғандай болды» дейді. «Бүкіл ғұмырды» емес, «бүкіл тіршілікті» шығар?

«Жай ғана қарадым», «жай ғана күлді» деген тіркестерді де кездестіресіз. Жазушының ондай қарабайыр сипаттаудан гөрі, эмоционалдық­экспрессивтік бояуы қанықтау сөздерге әуес болғаны жөн­ау. «Терең ойға бөгіп келемін», «терең ойға шомдым» деген де жиі кездеседі. Басқа біреу туралы «терең ойға шомды» десе де, адам өзінің терең не саяз ойлағанына қалайша баға береді?

Көркем сөзге талабы бар жас қаламгер, бір ғана сөз, көрікті ойдың ажарын ашатынын білсе керек еді. «Ерніне көзім түсті. Тым үлбіреп тұр» дейді. Сәл ойланса, «тым» дегеннен гөрі ұтымды («шиедей» дей ме, «уыздай» дей ме, «жібектей» дей ме, қазақта сөз көп қой) теңеу табылатыны анық еді. Әдебиетте әр сөз, тіпті дұрыс қойылған үтірдің өзі маңызды. Сержанның пунктуацияға да немқұрайлы қарайтынын байқайсыз.

Кейбір тұстарда жасанды ноталарды байқайсыз: «Маған қыз көктемнің қытықты күлкісін елестетші» дейді мысалы. Немесе кейіпкер өзі туралы: «Терезенің алдында оған қарап сәл тұрдым. Мейірлене қарадым. Махаббатпен көз тіктім» деп қайырады.

Осындай-осындай сипаттарын ескере келгенде, «Арылу» деген атау бұл шығарма үшін тым асқақ па дейсіз. «Арылу» ­- арылу болу үшін ол - ағынан жарылу болу керек. Маңдайы тауға да, тасқа соғылған кейіпкердің бойынан тосын қайшылықтар мен шешілмес түйіндерді аңғаруыңыз керек, ішкі конфликт өрістеу керек. Бұл әңгімеде оның бірін де көре алмадық. Мүмкін, автордың қыз бен жігіт қарым­қатынасына деген моральдық позициясын қолдауға болатын шығар. Бірақ тақырыптық, идеялық тұрғыда бұл әңгімеден ешқандай жаңалық көре алмай тұрмыз.

«Мың жүрек»

Сержан Закерұлының кейіпкерлерінің өмір, адам туралы ұғым-түсініктері кіршіксіздігімен қаншалықты сүйкімді болса, балаңдығымен соншалықты қынжылтады. Мысалы, қараңыз.

«Бір танысым әйелінен безіп, көгендегі қозыдай төрт баласын жәутеңдетіп бір сылқымға ерді де жоғалды. Ал, ол сылқымның мың жүрегі мыңдаған жылдардың жемісін жеген бір түйір қарағай құртындай ма қалай, бұл орманда тоқылдауық деген сорлы да жоғалыпты»... Бүкіл әңгімеге, шалдың қасіретті монологы мен әлсін-әлсін лирикалық шегініске өзек болып тұрған оқиға - осы ғана. Әрине, бір отбасының драмасы көркем шығармаға арқау болуға әбден лайық. Бірақ мәселе ненің жазылуында емес, қалай жазылуында ғой.

Әңгіменің сөз саптасына қараңыз: «Мүмкін ол да болса жанымның тәніме жасаған азабы шығар» дейді. Осы қиқар сөйлем «Адамдардың жылдарды жалмайтыны қалай? Жоқ, жылдар адамдарды жалмай ма?!» деген әдемі ойды қиқалайды.

«Мына ағаштарда мың жүрек бар. Мың жүрек не істеткізбейді. Мүмкін адамдар әлдеқашан ағашқа айналған шығар».

«- Адамдар ағашқа айналған. Оларда мың жүрек бар, – деді шал артына қайырылмастан».

Қысқасы, «адамдарда мың жүрек бар» деген байлам қайта­қайта алдыңыздан шығады. Формасы жағынан, бұлай ойды қайтарып отыру ұтымды­ақ. Бірақ түсінесіз бе, кейіпкер ересек кісі, алайда оның дүниені қабылдауында - өмірлік тәжірибесіне сай (болуға тиіс) даналық жоқ. Шалдың бойына баланың қарабайыр байламдары қинап жапсырылғандай жарасымсыз. Жалпы, автордың өзі қарияның психологиясын жеткізуге дайын емес сияқты.

«- Сонда қалай ата...- деп жігіт тұрған орнында қатты да қалды.

 - Солай, балам. Мен адам бауыздаймын!- деді шал ұзаңқырап барып».

Бұл да жеңілтек шешім. Оқырман үшін ақсақалдың мұндай оқыс шешімге келуі түсініксіз, өйткені ішкі мотивтері ашылмады. Қорыта келгенде, пішіні қызықты болғанымен, бұл әлі де бір қайнауы ішіндегі шығарма сияқты әсер қалдырды.

«Ғасырлық меңіреулер»

Бұл, көркемдік тұрғыда С.Закерұлының неғұрлым сәтті туындысы деп бірден айту керек. Жазушы меңіреу жігіт пен меңіреу емес үш қызды салыстыра алу арқылы олардың тіршілік болмысына үңіледі. Әлгі үш қыз меңіреу болмаса да мағынасыз тіршілік кешіп жүр. Ал бас кейіпкерге екі ракурстан қарауға болады: біріншісі, әлгі парықсыз қыздар білмейтін әлдебір ақиқатқа көңіл көзімен жеткен данышпан деп. Екіншісі, әлдебір қасіретті арқалап жүрген, жүйкесі бұзылған бейбақ деп. Қай жағынан қарасаңыз да, оның тағдыры аянышты.

Жетістігі деуіміз керек, әңгімеде аяғына дейін айтылмаған жарты тондар көп. Сонысымен де қызықты. Кей тұстарында детализациялар ұтымды: «Үш қыз оның көгеріп жіпке асулы тұрған денесін тамашалап тұр. Темекі түтіні үш қыздың бетін тұмшалап кетті. Қып-қызыл болып еріннің бояуы жұққан темекі тұқылы жерге домалап түсіп тұтап жатты. Тық-тық еткен өкше даусы ауладан шыға бере тапталып қалған дымқыл жерге соңғы ізін тастап кете берді. Есіктер меңірейіп әлі тұр. Күзгі жаңбыр бүркіп жауады. Тым сылбыр...» Бұл сияқты жолдардан киноның исі шығады. Әңгіме көз алдыңызда Нариман Төребаев түсіретін ақ­қара түсті қысқаметражды фильм іспетті жылжиды.

Біздің байлам, С.Закерұлы соңғы әңгімесінің сипатындағы жазуын жалғастырса, әдебиетте өзіндік сүрлеуін табатын секілді. Оның жазуға талпынысы орасан, формалық ізденістері, өз қадарынша философиялық ойларға құштарлығы байқалады. Тілінде кедір­бұдырлықтар бар, танымы мен интеллектісі әлі де толыса түсер, эстетикалық концепциясын да қалыптастырар. Ал дәл қазір жазушыға кедергі ­ өмірлік тәжірибенің жұтаңдығы ғана сияқты. Қаламгеріміз әлі адамдарды тани түссе екен дейміз. Әйтпесе «Мың жүрек» пен «Арылу» сияқты талай әңгімеге арқау болуға лайықты қилы тағдырлар, қайшылықты оқиғалар жан­жағымызда толып жатыр ғой. Тек көре білсеңіз, тани білсеңіз болғаны.

Әзірге осы, ал бұдан әрі С.Закерұлын жазушылық өресі қандай қияларға жетелейді - оны уақыт көрсетеді.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Арылу
Ғасырлық меңіреулер
Мың жүрек
Өміржан Әбдіхалық

Өміржан Әбдіхалық

Мәңгілік сұрақтар

Өміржанның бір қасиеті, әлі жазылмаған шығармасына ынтықтыра біледі. Осыдан нешеме жыл бұрын «Қазақ әдебиетінде» елең еткізген «Қош бол, Раушанынан» бері солай.  Содан бері Өміржан оқырманын сағындырып, сарылтып барып жазады. Аз жазатыны, сірә, қабілет­-қарымының, ой қуатының шектеулігінен емес. Ол үшін көрген­-түйгеннің бәрі көркем шығармаға арқау болуға татымайды. Себебі, Өміржан үшін көркем шығармада ең маңыздысы -­ идея. Жастардың көбінің сыры мәлім: балалық шақтан есте қалған оқиғаны суреттейді де, жазушы болдым деп есептейді. Ал Өміржан ­ әлемге айтарың болмаса, жаңалығың болмаса, шығарма жоқ деп санайды. Ол үшін тіршілік – күнделікті тырбаң ғана емес, мәңгілік сұрақтарды естен шығармау. Эрих Мария Ремарктың бір кейіпкері айтатын еді, «өлім туралы, Құдай туралы күн сайын ойлау саналы адамның бәріне тән дағды» деп. Міне, Өміржанның кейіпкерлері де тіршілік қамытын арқалай жүріп, мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді (Ал оның замандастарының көпшілігі бір күндік тақырыптардан аса алмай жүр). Қайдан келдім? Қайда барам? Құдай бар ма? Мәңгілік сұрақтардың түбіне жеткен адам жоқ. Бірақ олар жайлы бәрібір ойлану керек.

«Қош бол, Раушан»

«Қызға сезім білдіру - еш дайындықсыз өмірге келу сияқты аяқ астынан болады деп ойлаған емеспін» деп басталатын алғашқы әңгімесінің, алғашқы сөйлемімен-­ақ ол бізді ойландырып тастаған. «Расында, адам өмірге еш дайындықсыз келеді екен ғой. Қандай аяулы және аянышты». Бұл енді, сіздің ойыңыз. Сіз түсінесіз, әңгімені оқып отырып, оған сену бір басқа да, автормен бірге ой жарыстырудың ләззаты бір басқа.

Өміржанның жазуын стандартты ситуациялардың өзін қалыпқа сыймайтын байламдармен өретіні ерекшелеп тұрады. Мысалы, аталған әңгімедегі қыз бен жігіттің сырласқан сәтін алайық. «Ақырғы сөзіңді айт» деген бозбаланың талабын қараңыз:

«- Үнсіздік - келісім белгісі демеуші ме еді?» Бұл қыздың сөзі.

«- Мен сөзге сенем. Әуелі сөз жаралды емес пе? Егер үнсіздіктің бәрі келісім бола берсе, онда жердегілердің іс-әрекетін Құдай мақұлдаған болып шығады ғой».

Күтпеген байламға таңданып отырғаныңызда, диалог ары қарай жалғасады:

«- Мен Құдайдан қорқам.

- Ал мен қорықпаймын. Раушан басын оқыс көтерді де:

- Түсінбедім! - деп таңырқай қарады.

- Мен Құдайды жақсы көрем. Одан қорықсам, оны жақсы көре алмас едім. Құдайдан қорықсаң - алыстайсың, жақсы көрсең жақындайсың».

Мүмкін, дүниеде бұрын ешкім айтпаған су жаңа пайым емес шығар, бірақ оқырманын осындай оқыс тереңдіктерде жетелейтін жазушы бізде сирек екенін мойындау керек. Өміржанды осындай ой жауһарларын кездестіру үшін оқисың.

Осы сөздерден кейін қыз: «Бәлкім, жанның егізін табуы − жаныңа жар болған жалғыздықпен соңғы рет бақұлдасуы болар. Мен жалғыздықты сағынатын боламын» дейді. Байқасаңыз, жазушы подтекстпен сөйлейді, оның оқиғаны баяндауында тәптіштеу жоқ. Жоғарыдағы диалогтан кейін Раушан кетеді. Қайда кетті? Не үшін кетті?.. Жігіттің сөз салуын, қыздың жұмбақтау жауап бергенін ғана білесіз, бірақ жазушы интриганы сақтап қалды.

«Шайға отырғанда досымның шешесі:

- Құдалықтың сарқыты - деп, табақтағы етті алдыма қарай сырғытты. Мен Раушанға қарадым. Ол стол үстінде қатар тұрған күнтізбе мен сағатқа қарап, ойланып отырды. Мен еріксіз етке қол создым.

Сен расында да Құдайдан қорқады екенсің.

Қош бол, Раушан!».

Сөзбен айтып жеткізіп болмайтын мұң сезіледі. «Құдайдан қорқу мен Құдайды жақсы көру - расында кереғар ұғымдар ма?» деп сарсаңға түсіп отырасыз да, әңгімені қайтадан шолып шығып, оқиғаның ширатылу шеберлігіне күмәнмен қарай бастайсыз. Аздап қисынның жетіспейтінін аңдайсыз: мұндай шағын әңгімеде басы артық кейіпкер болмауы шарт. Яғни, «досымның шешесі» деген сөз, «Раушанның  енесі» дегенмен пара­-пар оқылады. Өз құдалығына барғаны рас болса, Раушанның «жалғыздығымды сағынатын боламын» деген сөзі түсінікті. Бірақ біздің кейіпкердің Раушанды қандай үмітпен күткені түсініксіз. Құдалықтың сарқытын жегеннен кейін, кейіпкердің «Қош бол, Раушан!» дейтіні түсінікті. Бірақ «Сен Құдайдан қорқады екенсің» дейтіні түсініксіз. Бұл сөз «Сен Құдайдан алыстапсың» деген кінәлау сияқты естіледі. Бірақ Раушанның жазығы қайсы? Қыздың «сағат пен күнтізбеге қарағаны», уақытқа мойынсұнғаны, әлдене үшін тым кеш болғанын ұқтыруы дейік. Онда кейіпкердің де жай ғана уақытқа, жағдайға мойынсұнғаннан басқа шарасы жоқ еді.

Қысқасы, Өміржанның қысқа ғана шығармасына әлдеқандай тарата түсулер жетіңкіремей тұр. Сюжет жоқ, кейіпкер тұманды, оқиға түсініксіз. Сіз бастан­-аяқ баяндаушыға ілесіп отырасыз да, ең соңында ілесе алмай қалғаныңызды түсінесіз. Қайта оқып шығуға ­- көлемді мәтін емес, бірақ бәрібір логикаға ілгек табылмайды. Шығарманың артықшылығы да, кемшілігі де сол, оқырманынан озып кете береді.

«Топырақ»

Өміржанның «Топырақ» деген әңгімесін алыңыз. Басқа қатарластары балалық шақтан алыстай алмай жүргенде, ол Шыңғысхан тақырыбын барлады. Жалпы, әдебиетте Шыңғысхан жайлы аз жазылған жоқ. Және осал жазылған жоқ. Сондықтан жас қаламгердің бұл тарапқа баруының өзі батылдық деуге болады. Және қуаныштысы, әңгіме жұп­-жұмыр. Мұнда табиғат құбылыстарының өзі эстетикалық емес, философиялық өлшемдерге айналады. Ол сипаттаған заманның адамы ғана емес, даласы да жорық тілеп жатады, аңсары - қалың қол, ат тұяғының дүбірі.

Бөртенің ішкі монологын алыңызшы. «Дала. Сол баяғы қалпы. Мұнарланып мұң кешеді. Сағымданып сарғая сағынады. Жауындатып жылайды. Жылайды да көз-жасын өз бойына сіңіріп алады. Жасынан тамырланып көк алған, бір түске бағынбас табиғатқа түлетіп өмір беріп, баршасының сойы өзі екенін медет қылады». Осы жұп-­жұмыр, поэтикалық абзацта «бір түске бағынбас табиғатқа» деген тіркес қана ойдың құтын қашырып тұр. Әйтпесе Бөртенің танымы, Бөртенің қабылдауы жаттанды пайым емес.

«Күншығыс пен күнбатысқа кезек қараған Бөрте ғұмыры ат үстінде өтіп жатқан жарының қанмен ашқан дүниені қанмен тазартқысы келетініне ойы жетпейді»  дейді, содан соң автор. Байқасаңыз, жарты сөйлемнен­-ақ әлемді билеген Шыңғысханның өміріне, тарихи миссиясына авторлық көзқарас сезіледі. Шығарманың құны да осы жарты сөйлем болуы мүмкін. Және бұл әңгімеде автор кейіпкер Бөртенің жан иірімдеріне сыналап болса да, бойлай алған. Әрі оның көзімен Шыңғысханды бағалау арқылы, екі қоянды бір оқпен атыпты: әңгімеде Бөрте де бар, Шыңғысхан да жоқ емес. Бөртенің ойы арқылы Тимучинді танисыз және Бөртенің өз образы да бедерленеді.

Әңгіме поэтикалық ауанда жазылған дедік. Соның бір дәлелі анафораны көркемдік тәсіл ретінде пайдалану. Олар кейіпкердің ой ағысын ара-­тұра бір қайырып отыру үшін керек. Суық түс көріп, өңі мұздаған Бөрте «Қанағатсыздық» дейтін. Ал сағынышқа бой алдырған кезде, «Тойымсыздық» деп, демін ішке тартқан. Сөйтіп тұрғанда әңгіме шарықтау шегіне жетіп қалады: ханнан қаралы хабар келеді, Бөрте қырық батырына ханды жерлетіп, жас қабірдің үстінен үйір жылқыны үш рет айдатып, батырлардың бәрін өлтіртеді. Әңгіме солай аяқталады. Өкініштісі, мұнда да жазушының оқырманымен жасырынбақ ойнағанын байқайсыз. Бөрте әрекетінің ішкі мотиві ашылмай қалады. Қаралы хабарды естігенге дейін Бөртенің «ішінде отырған» автор, шешуші тұсқа келгенде сырттан бақылаушы болып шыға келеді. Әлемдегі ең үлкен құпияның бірі, сол құпия күйінде қалады.

Айта кетерлігі, мазмұнына сай, әңгіменің сөз саптасы да байыпты, авторлық баянда бекзадалық бар, ой асықпайды, әрекет аптықпайды. Шығарма сонысымен баурайды, сонысымен есте қалады.

«Құдай»

«Қатардағы адамдар оқиғаларды, ұлы адамдар идеяларды талқылайды» дейтін бе еді? Өміржанның да сюжет пен оқиға емес, идея, тұжырымдар төңірегінде жазатынын айттық. Ұлтарақтай әңгімеде бір емес, бірнеше даулы, даулы да қызықты тұжырымдар қылаң беріп жатады. Бірақ кейде негізгі идея ашылыңқырамай қалатындай көрінеді. Мысалы, «Қош бол, Раушандағы»  Құдайды жақсы көру идеясы, «Топырақтағы» Шыңғыс ханның моласы. «Құдайда», бұл екеуінен ерекшелігі, әңгіменің тұтас композициясы Құдай мен сенімді сату деген идеяның төңірегінде өріледі.

Сюжетке келейік. Әңгімеде қысқы киімдердің қалтасын ақтарып, ақша іздеген жігіт бар. Және хат жазған әйел бар. Әйел пәтердің есігін кілттеп, подъезден шығып кетеді. Жігіт оның ізімен жүріп алтын крест тауып алады. «Құдайды» сатады. Қайтып келе жатып, хат тауып алады: «Мен Құдайды сатқан жоқпын. Сенімімді саттым. Сенім – қай заманда да өтімді тауар. Тіпті, өмірдің өзі – сенім саудасы. Адамдардың бір-біріне сенім артуының өзі сол сауданың басы... Сеніміңіз өз құнын өтеді ме?..»

Біз расында, Құдаймен саудаласып өткіземіз көп уақытымызды. Құдайға сенбейміз, сенсек, міндетті түрде бірдеңе сұраймыз. Сұрағанымызды бермесе, қайтадан күмәнданып қаламыз. Құдайға адамнан ештеңе де керегі жоқ, ал адамға Құдайдан ылғи да бірдеңе керек болып тұрады. Енді ойлаңыз. Осындай сауалдардың төңірегінде бас қатырып жүрген әйелдің кресті түсіп қалады да, оны ақша таппай жүрген біреу апарып сата салады. Адамның ең үлкен байлығы – сенім, рух болуы керек еді, қазір ең үлкен олжасы сол сенімнің сыртқы символы, мардымсыз ғана материалдық табыс. Енді деймін. Осындай идеяны неге құрығанда одан әрі дамытпасқа? Бұл әңгімеде де, Өміржан, әдетінше, тәптіштеуді ұнатпайды. Әйел кім? О баста мұсылман болып, кейін дінін сатқан, сондықтан да крестті сүйе алмай отырған бейбақ па? Діннен көңілі қалған, күмәнін жеңе алмаған бейшара ма? Құдайының бейнесін сатпасқа амалы қалмаған діндар ма? Түсініксіз емес, жұмбақ. «Қош бол, Раушан» әңгімесіндегі сияқты, мұнда да кейіпкер көрмейсіз. Оның психологиясы, биографиясын былай қойғанда, жалпылама мінездемесі де жоқ. Көлеңкесі, сұлбасы ғана.

Осы тұрғыда Өміржанды жазушы ретінде тым сараң деуге болады. Оның кейіпкерлері сезінетін, қасірет шегетін, қуанатын, өмір сүретін тірі жан иелері емес, әлдебір идея ұшқындарын тасып жүрген құты ғана сияқты. Одан да әрірек үңілсеңіз, идея бөлек те, кейіпкер бөлек екенін байқайсыз. Достоевскийдің ұлы болатыны, әр кейіпкері толыққанды образ ғана емес, бір­-бір идея болатын. Өміржанда идея бар, енді кейіпкер келсе, екі аяғын тең басайын деп тұр. Түйсінеміз, ол қазақта бұрын-­соңды жазылғандардың ешқайсысына ұқсамайтын әдебиет жасағысы келеді. Бір артықшылығы, оқырманға ойлану үшін көп мүмкіндік береді. Бір кемшілігі, кейде тым көп мүмкіндік береді. Өміржан Әбдіхалық маған, тамаша тағамның исін бұрқыратып, күттіріп қойған шебер аспаз сияқты елестейді. Ол ой ауқымы жағынан, өз замандастарының алды. Сондықтан «шефтің» мәзіріндегі басты тағамын әлі де күтудеміз.


Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Топырақ
Қош бол, Раушан!
«Құдай»
Ерболат Әбікенұлы

Ерболат Әбікенұлы

Сатиралық әңгімелер

 

Ғұмыры ұзақ болатын дүниенің формуласын жазушының бәрі білгісі келер еді. Бірақ ол тылсымды таңдаулылар ғана, оның өзінде бейсаналы түрде ашатын болуы керек. Е.Әбікенұлы әдебиеттің «сыр сандығын» ашуға жақындап қалғандай.

Қаламгердің мұратын әртүрлі түсіндіруге болады. Соның бірі ­ замандас пен заман бейнесін ашу. «Кімбіз? Қайда бара жатырмыз? Кім кінәлі?» деген сияқты программалық сұрақтарға жауап беру. Бір заман туралы толғап отырып әр заман, бір адам туралы айтып отырып бар адам туралы айту. Кешегі «Өлі жандар» мен «Ревизор» неге мәңгілік? «Футлярдағы адам» мен «Хамелеон» неге өлмейді? Өйткені екі классик жазып кеткен орыс қоғамындағы кемшіліктер кез келген халыққа таныс. Таныс болатыны, бірде-­бір ұлт құрған мемлекет, бірде-­бір тарихи кезеңде мінсіз адамгершіл формация болған емес. Болмайды да. Кез келген жерде, кез келген уақытта билік - кісі болмысын бүлдіреді. Билікке құл болған адамзат ілкідегі абыройлы, намысты, ер қалпынан – жағымпаз, жасық, сорлы кейіпке түседі. Ондай жағдайда жазушыға не істемек керек? Чеховтың «Тогда человек станет лучше, когда вы покажете ему, каков он есть» деген сөзінің жаны бар. Чехов та, Гоголь да қоғамының көзін ашты. Өзіне сырттан қараған орыс адамы «Бұлай өмір сүруге болмайды» деп дүр сілкінді. Бірақ ол жолғы таңдауы да қате болатын... Қош, ол басқа әңгіменің тақырыбы.

Қазір біздің рухани дүниемізді тұмшалап тұрған тұман да – осындай, болмысымызды боямасыз көрсете алар суреткерлердің сиректігінен болса керек. Е.Әбікенұлы да о баста программалық сұрақтарға жауап берем деп ойламаған сияқты. Бірақ ғайыптан тайып, орайы түсіп, сол сұрақтың кемінде біріне жауап табылған. Мысалы, «Біз кімбіз?»... Ерболаттікі бос мақтан, құрғақ пафос емес, қазіргі қазақтың аяусыз, шынайы портреті. Оның қалам сілтесін - сабырлы ирония ма, ащы мысқыл ма, уытты сатира ма, сыни реализм бе, қалай атайсыз, маңызды емес. Маңыздысы ­ оның қаламының көлеңкесінде қазіргі қоғам, әлеуметтік және моральдық проблемалар туралы қасіретті ойлар тұр. Оны оқып отырып, әрі күлкің келеді, әрі жылағың келеді. Ал ең текті юмор, біздіңше, жаныңды қозғай алатын юмор.

 

 

«Министр»

«Замандас бейнесі», «типтік бейнелер», тағысын тағы дейміз ғой. Кейде ойлайсың, бүгінгі қоғам соншалықты ұсақ ­ оған лайығы сатира ғана сияқты. Басқаша жазам дегеннің бәрінікі, эпикалық құлаш болмаған жерде, жазушының жеке басының сарсаңы болып шығатындай. Сондықтан осы топтамадағы қоғам жайлы ең шыншыл, батыл да сәтті шығарма Е.Әбікенұлының «Министрі» дер едік. «Министрді» оқығанда, Гоголь мен Чехов, Бейімбет пен Ғабиттің сатиралық әңгімелері ойға оралатыны содан. Барлық сипаты бойынша «Министр», қазір бізге ауадай қажет болып тұрған әлеуметтік саяси әңгіме.

«Мені қызметке қабылдаған күні-ақ, директор, сұқ саусағын мұрныма тигізіп тұрып: «Министр келеді, андағы шашты құрт, ретті киін» деген. Содан бері менің басым, ай сайын шаштаразға домалаумен болды». Бірінші сөйлемнен­-ақ сіз ситуацияға топ ете түсесіз. Кіріспелеп жағдайды түсіндіру, бос суреттеу, артық сөз шығындау жоқ. Бұдан әрі де әр сөйлем шиыршық атып тұр. Әр сөйлемде тапқыр тіркестер, бейнелі оралымдар, мәйекті мінездеме бар. Әр абзацтан өзіміз өмір сүріп отырған қоғамды «жаңа» қырынан тани түсесіз. Ирониялық­-гротескілік суреттеулер әңгіме кейіпкерлерін дөп басып сипаттап тұр. Өзінің аянышты екенінен бейхабар кішкентай адамдар, алдыңызда әбігерге түсіп құрдай жорғалайды. Оларды сізбен бірге баяндаушы кейіпкеріңіз де бақылап отыр. Бәрінің есіл-­дерті «министр келеді» деген сыбыс. Ұлық келердің алдында жанын қоярға жер таппай, әрқайсысы бір «ақыл» айтып кететін шолақ белсенділердің образы снайперлік дәлдікпен суреттелген. Біреуі «жүніңді қампит, өзіңді семіз көрсет» дейді. Тағы біреуі келіп, «курткаңды шеш, министр келгенде жылуды қосамыз» дейді. Әсіресе үшіншісінің суреті керемет: «Таныс көзілдіріктің арғы жағынан, таныс көз жылтырады. Кабинетті тінте, алақ-жұлақ етті. Таныс мұрын, пыс-пыс етіп иіскелей жөнелді. Сосын, біздей үшкірейіп, тура маған шүйіліп келе жатты. Сол біздей мұрынның астындағы кемпір ерін сапылдай жөнелді. Көп бастықтың бірі: Бәсе, тамақтың иісі сендердің кабинеттен шығып тұр екен ғой!-дейді тап бір ұрыны  ұстап алғандай қоразданып».

Мекемеде жылу жоқ, су жоқ, дәретхана лас, түстік ішуге жалақы да жетіңкіремейді... Осы, қиюы қашқан тұрмысқа қызметкердің бәрі көндігіп кеткен. Ұлықтың сапарын пайдаланып, жалпы жағдайды түзеу ешкімнің ойына келмейді, «бәрі жақсы» деп бетін сылап­-сипап, министрді шығарып сала, батпағына батып отыра бергенді жөн санайды. Асып кетсе ойлайтындарды «әлеуметтік саты».

Гогольдің «Ревизорды» жазғысы келгенде айтатыны бар еді ғой, «Мен Ресейдегі кемшіліктің бәрін бір шығармаға сыйдырғым келді» деп. Ерболаттың «Министрі» де біздің қоғамдағы біраз шындықтардың «бетін тырнаған».

               Басқалар қайда?

               Төменде гүл шоқтарын көтеріп алып министрді күтіп жүр.

               Ал сен ше?

               Осында бір адам отырсын деп әдейі қалдырған.

               Гүлге ақша бердің ғой?

Қазақ өмірінің боямасыз суреті. Біздің ұсақталып кеткен менталитетіміздің қапысыз көрінісі. Скрипкашы М.Бисенғалиевтің айтатыны бар, «Англиядағы тақтайдай жолмен келе жатып, ағаштың тасасына тығылып тұратын қазақ ГАИ­лерін сағынып кетем» деп. Сол сияқты, Ерболаттың уытты әңгімесіндегі «спецификалық» кейіпкерлерді де, оқиғаларды да біз жақсы танимыз. Бәрімізге мәлім жағдайлар, бірақ оның осыншама аянышты екенін мойындауға батылдығымыз, суреттеуге қиялымыз жетпей келіпті. Асүйде отырып күңкілдеп­-күңкілдеп қоя салатын, кейде біз тіпті мән бермейтін үйреншікті оқиғалар Ерболаттың көзімен қарағанда қасірет екен.

«Министрдің көзі кенет төргі қабырғада ілулі тұрған бастықтың әкесінің суретіне түсті. Кәдімгі қазақтың қарапайым қара шалы. Иегінде сақалы бар тұғын. Өмірден ерте озып сүйегіне әлдеқашан қына шықса да, қақпастың суреті төрімізден ойып тұрып орын алған. «О, эта, Абай» деді жалғыз-ақ ауыз. Сол сөз жетті. «Иә, Абай!» дедік тегіс шу етіп».

Біздің қоғамдағы надандықты сипаттау үшін бұдан артық қандай ситуация керек? Немесе мына бір суретке қараңыз: «Дәретханаға кіре бере менің де жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Құдай-ау, мыналар тілімен жалап тазартқан ба? Еденнен өз сұлбамды көрдім. Сасық иістің орнына аямай себілген иіс судың хош иісі бұрқырайды.  Шүмектен ыстық су атқылап тұр... Ғажаптанарлық жағдай». Қазіргі қазақ қоғамындағы ұрлықшылықты, мемлекет пен халықты тонауды, осы елдің азаматына тиесілі ең қарапайым игіліктің өзін, қол жетпес ғажапқа айналдырып отырғанымызды бұдан артық қайтіп суреттеуге болады? Орыс жазушысы Е.Гришковец, қожайыны тастап кеткен қоян туралы тақпақты оқып тұрып, «бұл менің өмірімнің поэмасы» деуші еді. Сол сияқты, «Министрдегі» лас дәретханалар туралы эпизод та біздің өміріміздің «дастаны».

Ерболат сатира жанрын мейлінше меңгерген. Жоғарыда айтқандай, әр сөйлем, әр сөз лыпып тұрады. Оны қазірдің өзінде бейнелеу тілі, өзіндік стилі қалыптасқан жазушы деуге болады. Қараңыз: кейіпкер ай сайын шаштаразға өзі бармайды, «басы домалайды», ақшаны бала­-шағасынан жай алмайды, «шыр» еткізіп тартып алады», қызметкерлер жай ғана жүрмейді, «үріккен қойдай» «коридордың ана басынан мына басына суылдайды», өзі жай кетпейді, «қайқиып кете барады», жай бастық емес, «орынбасардың орынбасары», жай жүрмейді, «құйрығын бұтына қысып алып, шапқылайды», жай өтпейді, «сүйретіле» өтеді. Кабинеттің суықтығын жай ғана «суық» демейді, «Жалап көріп едім, тісімнің қызыл еті мұздай суық екен» деп сипаттайды. Мұндай айшықты суреттеулер, әрине, әңгіменің табысы.

Бірақ шығарманың ең үлкен жетістігі шебер қиысқан тілі емес. Оның оқырман санасына жеткен идеясы. Мұндағы жазушы сатирасының нысаны – жай бір әлеуметтік мінез емес қой. Кейіпкер де, оның әйелі де, қайын атасы да, бастығы да, бастығының орынбасары, орынбасардың орынбасары, кеңсесінде барлық әріптестері, «министр келеді» деген соң мұны «үйіне қонаққа шақырып үлгерген» бұрынғы достары да ­ бәрі бір адам. Олардың бәрі бір дертке шалдыққан. Олардың бәрі құлдық қамыттың ішінде өмір сүреді.  Соның әсерінен министрдің бейнесі Гогольдің «Шинеліндегі» сияқты зорайып кеткен. Кейіпкеріміз министрдің өзімен бетпе­-бет сөйлеспегендіктен, аяғының тасырына дейін қағып алып отырады: «Әрі бей-берекет, әрі мағынасыз тыпырши басылған аяқ дыбысы, сосын маңғаз басылған аяқ дыбысы анық естілді». Министрді көрген сәтіне назар салыңыз: «Адамнан аумайды. Тек қана сұсты». Ал астаналық ұлық кетіп бара жатқанда: «Министрге қарасам бір аяғы сыртта, бір аяғы іште, артын беріп тұр екен. Жауырыны қозғалады» дейді. Осындай кішкентай детальдарды ұстай білу, әрине, кейіпкердің өзін қаншалықты кішкентай сезінетінін көрсетеді. Бұл жазушының шеберлігі. Өйткені қорланудың одан сорақы формасын елестету қиын.

Әңгіменің тамаша табысы, баяндаушы кейіпкердің психологиясы бір нәзік жүлгенің бойымен өріледі. Басында оқиғаның бәріне ирониямен бақылаған, бір кезде әріптестерін ойлап «қаны басына шапшыған» кейіпкер, түптің түбінде «кішкентай адам», кішкентай қызметінің тұтқыны. Оның ішкі қарсылығын сезе тұра, шарасыз екенін байқайсыз. Мысалы, «Егер дәл қазір министр жетіп келсе, коридордан кіргеннен тамақтың иісі бұрқырап тұрса, кабинетте тамақ ішетінімізді білсе не боламыз?» деп сұрайды ғой, бізтұмсық бастық. Бұл «Арам қатамыз ойбай» деп жауап береді. Бұл диалогтан да кейіпкердің мысқылын сезесіз. Яғни, ол бір министр келеді деп жұрттың неге сонша шабылатынын түсінбейді. Бірақ оның да осал жері бар: кез келген қазақ сияқты, мақтанды сүйеді. «Сен мынауский жігітсің» деген бастықтың сөзінен кейін өзгереді, «расында да, керемет жігіт шығармын». Көңілі марқайып отырып, әйеліне хабарласып, «министрдің өзі келетінін» айтып бір мақтанады, «өзін менсінбей кеткен» достарына екі мақтанады, туған­-туыс, қыз­-келіншектер... Оны екінші рет сылқ түсірген жай, әйелінің сөзі еді: «Әкем орайды жіберіп алмасын деді... Сөйт жаным!». Бұл ойланып қалады. «Қолымнан келетін сияқты»... Жеме­-жемге келгенде қолынан келмейді, ол өзінің бастығы сияқты пысық емес екен. Неге десеңіз, «бәрі сіздің арқаңыз» деп барша жұрт сазды дауыспен жағымпазданып жатқанда, мұның даусы сүйкімсіз шығады. Бұған жағымпаздық жараспайды. «Мынаны кім жұмысқа алған»,- деді директор беті бүлк етпестен. «Ей, сенің атың кім еді ей?»,- дейді бастығым жаңа көргендей». Сосын кейіпкеріміз тұрып­-тұрып: «Бір-бірден боқтап тұратын уақытым жоқ. Бәріңнің әкеңнің ауызын...» дейді де «тайып тұрады». Есі сәл дұрыстау адам бұл қоғамға басқаша реакция көрсетуі мүмкін емес. Кейіпкер іштей екіге жарылған. Бір жартысы тобырдың әрекеттеріне биіктен қарағанымен, екіншісі «орайды жіберіп алма!» дейтін әйелін жақсы көреді. Кейіпкер болмысының апогейі, әңгіменің ең соңында: «Басым ауған жаққа, сенделіп біраз жүрдім. Сосын үйге қарай аяңдадым. Құдай-ай, қайтсем екен...». Жағымпаздық жарысында қалып қойғандар, біздің қоғамда дәл осындай сергелдең күй кешеді.

Ерболаттың шеберлігі, күллі қоғамның дертін соншалықты қысқа, дәл жеткізуі. Ол билік алдында дірілдеп-­қалтырау ­ өмір сүру формасына айналып кеткен кейіпкерлеріне, жағымпаздық пен жалбақтауды жалау қылған олардың өмірлік позициясына аяушылықпен қарайды. Сипатталған оқиға Ерболаттың қиялы ғана болып шығуы үшін барымызды берер ек, бірақ «Министр», өкінішке қарай, біз көріп отырған дәуірдің қоспасыз шындығы. Билік өкілдерінің өктемдігі, жағымпаздық, жасықтық пен жасқаншақтық, кішкентай адамның тапталуы... бүгінгі күннің өмір салты осы. Сондықтан бұл әңгімені оқығанда айызыңыз қанып, рахаттанасыз, ішіңізде өліп жатқан шындықтар тірілгендей күй кешесіз. Аға жазушылардың өзі қауіпсіз тақырыптардан шыға алмай жүргенде, Ерболат бір ғана әңгімесімен қазіргі әдебиеттің ең маңызды миссиясына адалдық танытты. Демек көркемдік табыстарын былай қойғанда, бұл шығарма авторлық позициясымен­-ақ шоқтығы биіктеп тұр.

Осы топтамада ертеңгі күнге қалатын санаулы шығарма болса, «Министр» сол тізімге міндетті түрде енеді. Өйткені бұл сөзсіз, қазіргі қазақ сатирасының жауһары.

 

«Ақын»   

Ерболат Әбікенұлының «Ақын» деген әңгімесі «Министрге» қарағанда әсері солғындау. (Бұдан былай автордың кез келген әңгімесі солай көрініп тұратын сияқты). Бірақ бояуы қанық, оқиғаны өрбітуінде мін жоқ, тілі мен стилистикасы сауатты, мұнда да автор баяндауында ирониялық­гротескілік элементтер басым.  Ерболат әңгімені оқиғаның ортасынан бастағанды жақсы көреді. Тағы да бірден шиеленістің үстінен түсесіз: ақынымыз көршісін неге ұрғанын түсіндіріп жатқанда, полицейлер, «сізді ол үшін шақырған жоқпыз» дейді. Бұл көршінің әйелін қалай балағаттағанын түсіндіріп отырып, оның баласын сыбағанын да қоса кетеді. Тергеушілерді ақынның «моральдық келбеті» таңғалдырады. Қысқа қайырғанда, бұл шығарма кейбір ақындарға пародия деуге келеді. Әжуа, мысқыл. Немесе көлемді эпиграмма.

«Жеті қат көктің үстінде жел еміп жүр ем,

Кек егіп жүр ем, ауаға кек егіп жүрем,

Ең биік шыңның басындағы әуенді қудым.

Шайтан менен шайырды тел еміп жүрем»...

Ерболат елден оғаш жазам деп, үйлеспейтінді үйлестіріп, шендеспейтінді шендестіріп, сөзді сұраусыз олай да, былай да сапырған «модернист» ақындарды мысқылдап отыр. Ал ондай ақындар қайдан шығады? Кейіпкердің «бөсіңкіреп» жіберетінін, не айтса да әсірелеп сөйлейтінін мына жолдардан­-ақ байқайсыз: «Арыстандай атылдым. Даусымнан өзім қорықтым. Жарқышақтанып әлі күнге құлағымда тұр». Бұл ­ мінезге, дағдыға  айналып кеткен әрекет формасы. Инфантилизм дейміз бе, пафостылық дейміз бе, әйтеуір бөлекше ғалам ойлап тауып, соған шын сеніп жүретін әдет бар екені рас. Е.Әбікенұлы соны дөп басып көрсетіп отыр. «Адамзат поэзияны түсінуден қалды. Бұл - апат. Жойқын апат әкеледі әлі». Жазушы, тағы да, өзінің асқан аңғарымпаздығымен қызыл сөзге жақындығымызды, адамдардың өз бойына өлшеп алмай, биік сөздерге құмарлығын сынап отыр.

Тергеушілер де «сау сиырдың жапасы» емес. Олардың қасіреті қорқақтық. Илікпей тұрған дөкірлер, «Елбасына арналған өлеңімді оқытпағандарың үшін сотқа беремін» деген бір ауыз сөзден кейін­-ақ құбылып сала береді: «Ақын, бауырым! Арыздарды ақырындап шешеміз»...

Ал ақын, департаменттеп шығып келе жатып, «Мен ақынмын. Космостық деңгейдегі, ғарыш мінезді ақынмын. Ақындық табиғатымнан айырылмаймын. Өлеңді қоя алмаймын. Онсыз дүние қараң», – деп ойлады іштей». Оның трагедиясы да сонда, өзінің сұрапыл ақын екеніне шын сенетіндігі. Қазір өздерін «біз, өнер адамдары» деп атайтын кемталанттар көбейген заман ғой. Көбінде сауатсыз келетіндіктен, өздері айтқан сөзге иланады. Сондықтан да шын ақын емес, Ерболат айтып отырған «космостық деңгейдегі ақын» иттің итақайынан көп. Бірақ «космостық ақындардан» да көп бір «халық» бар бізде. Олар «жезтаңдай әншілер». Сондықтан жазушыдан «Әнші» деген шығарма күтеміз.

 

«Пәтер іздеп жүр едік...»

«Пәтер іздеп жүр едік...» бір қарағанда, көп қазақтың басындағы жағдай ғой. Таңқалатын, таңсық ештеңесі жоқ. Бірақ Ерболаттың жазуында сіз тұрмысының қиюы қашқан қазақты ғана көрмейсіз. Сіз сол тұрпайы тұрмыстың азаматтың азамат басын қалай итше тепкілеп, қорлайтынын көресіз. Батырлық, серілік дәуірдің ірі болатыны – жанталастың бәрі абырой үшін, ар үшін, еңселі ел үшін, ұлан ғайыр жер үшін еді. Қазіргі адамның өмірі ұсақ-­түйекке қор болып, ит-ырғылжыңмен өтіп жатыр. Арман, мақсаттың бәрі майдаланып кетті, расында, бар аңсары қараңғы, сасық құжыра болған қазіргі қазақ, қандай аянышты еді?..

Мұнда да суреттеу, авторлық түсіндіру атымен жоқ, сіз ә дегеннен кейіпкердің ішіне түсесіз. Түсесіз де, соның көзімен қоғамға қарайсыз. Пәтер иелерінің бұларға деген қарым­-қатынасына назар салыңыз: құныңыз көк тиын болған заманды танисыз. Ол: «мен өзімді нашар сезіндім», «жаман қорландым» деп жазбайды, ситуацияны ғана береді. Кейіпкер тапқан лашықтың сипаты адам шошырлық. Бірақ терезесі жоқ, күндіз жарығы өшік тұратын, егеуқұйрықтар толып жүрген сасық бөлмеде, қайынағасы келгенше шыдап жүре береді. Өлімнен ұят күшті, қайынағасы үн-­түнсіз шығып кеткенде ғана ол, «әдіре қал» деп, көшіп кетеді. Яғни, қаламгер ситуацияны ғана шебер суреттемейді, сол ситуациядағы кейіпкерлердің өзін ұстау формасын, психологиясын дөп басады. Бұл әңгімеде, пәтер іздеген жігіттің сергелдеңі қалай аяқталатыны қызық. Пәтер иесі мен оның диалогын оқиық:

— Далаға шыққанда аяқтарыңнын ұшымен басып шығыңдар.

— Неге?

— Дыбысы шықпау үшін, әйелім ұнатпайды.

— Айтқаныңыз болсын.

—  Ал кірген кезде....

— Онда да аяқтың ұшымен кіреміз ғой?

— Жоқ. Кірген кезде өкшелеріңмен ептеп, дыбыс шығармай кіресіңдер..

— Мақұл, мақұл, мақұл.

— Ал тамақ жасаған кезде...

— Иісін шығармай, аяқ-табақты салдырлатпай жасаймыз ғой.

— Оны қайдан білесің?

— Аға, ау аға!

— Тыңдап тұрмын.

— Атаңның басы».

Ерболаттың «Министрдегі» кейіпкері сияқты, пәтер іздеп жүрген кейіпкері де қайнау кондициясына келгенде, морт сынады. Бәріне үнсіз шыдап, басын шұлғып келіп, бір сәтте бұрқ-­сарқ ете қалатын туған халқының психологиясын Е.Әбікенұлы керемет меңгерген. Сондықтан бұл шығармалар кейде, кей жағдайларға ескерту сияқты әсер етеді.

Түсінесіз бе, бір қарыс жер үшін түрмеге түсетін ақын да, министрді күту үшін шабылатын қызметкер де, сасық құжыра таба алмаған пәтер іздеуші де... бәрінің арғы жағында әлеуметтік қарсылық бар. Ерболат қоғамдағы бар қисынсыздықтарды дәл тауып, оны кәнігі кәсіби жазушыларға тән шеберлікпен суреттеп отыр.  Жас қаламгердің бұдан кейінгі аяқ алысы қалай болатынын білмейміз, бірақ «Министрдегі»  миссиясына адал болса, қазақ әдебиетіне үлкен суреткер келді деп қуануымызға болады.

Әсия Бағдәулетқызы

 

Толығырақ
Ақын
Пәтер іздеп жүр едік...
Министр
Серік Сағынтай

Серік Сағынтай

Сыршыл

 

Дүниеде қанша адам болса, сонша әлем бар. Серік Сағынтай прозаға өз әлемінің сыршылдығын  әкелді. Автордың көңіл ауаны ғана емес, оның образдары, оқырманға оқиғасын жеткізуі де жоғары эмоционалдық, лирикалық ырғақта өрбиді. Оның дәл қазіргі қалам ұстап жүрген «жас буынның» арасындағы ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі де сонда. Оның шығармалары формасы жағынан қарасөз болғанымен, мазмұны жағынан өлең сияқты әсер қалдырады. Басқа сөзбен, Серік Сағынтай лирикалық прозаның өкілі.

«Таза мінсіз асыл сөз шер толқытса, шығады». С.Сағынтайдың немқұрайлы, не жарты қабақпен, салқынқанды жазылған шығармасы жоқ. Оның әр әңгімесі шер толқытқан соң жазылғаны анық. Эмоционалдық көңіл күй, лирикалық пафос, сыршыл толғаныс көркемдік тенденцияға, авторлық ұстанымға айналған.

Тағы бір айта кетерлігі, Серік Сағынтайды оқыған адам, жастар қаламынан әлсін­-әлсін кездестіретін қораш тіркестер мен қисынсыз сөйлемдерді таппайды. Ол тілге өте жауапты: орынсыз қолданған бір сөзін көрмейсіз.

 

«Гүлмира»

Сонымен, “Гүлмира” алғашқы махаббат туралы новелла. «Ақын боп кеттім, ақын боп кеттім, обал не» деп Жұматай Жақыпбаев жырлайтындай, новеллада кейіпкердің алғашқы махаббаты жайлы баяндалады. Өмір деген қисынсыз нәрсе ғой. Ғашығынан алыстамау үшін, мектептен кейін де қалаға кетпей жүрген жігіттің сүйіктісін Ноқай есімді “ноқай” алып қашады. Автордың баяндауынан сол оқиғаның бәрі күні кеше болғандай аһ ұрған күрсініс, жалын шарпыған өкініш сезіледі. “Тағдыр да кейде қисынға, әділетке қарамайды екен”.

Жазушы, прозада ұмыт қала беретін, поэзияның еншісі саналатын метафора, теңеулерді жомарттықпен пайдаланады: «Үлбір жүзіне қарақат жанары, бүлдірген еріні, жайбарақат аңтарылған кірпіктері шақтап тартылған. Ауыл-үйдің түбіт мұрттарына қырдан қашқан түлкідей болды Гүлмира». Сонымен қоса, лирикалық кейіпкердің сезімін біресе қолқадан кеп шаққан қарақұртқа, біресе жанартауға телиді. Және осы жанартау лейтмотиві шығарманың басынан аяғына дейін жеткен.

Мысалы, баланың жүрегіндегі алғашқы бұлқыныстарды ол былай суреттейді: «Жанартаудың зіл күрсіністері жиілеп, ауа шытынап, аттас зарядтар тебісе бастаған. Мұндайда тау қойнауын аралар жаңғырықтар да тыйылып, әуе ауыр ырғақта лықсып, жерге жабысарман болар еді».

Ал Гүлмираны Ноқайдың алып қашқанын естігендегі жағдайы: «Қаншама ғасыр самарқау тартып, ұйықтап жататын жанартау атылғанда... Аспанды қара бұлт қаптар еді. Қап-қара бұлттар шеке түйістіргенде аспан тітіреп, қара жер аунай кетіп, түпсіз түнекке құлап бара жатқандай алапат болар еді».  Мұндай сұлу сөз, сұлу теңеулер екінің бірінде кездесе бермейтін сирек қазынаға айналғаны қашан. Ал идеялық тұрғыдан алғанда шығарма, осы, Гүлмираға деген сезімнің күштілігімен қасіретті. Бұл алапат сезім, өлеңге сыймағандықтан, новелла болып түзілгендей әсер береді. Шығарманың ең басты қасиеті де осы, жүрекжардылық.

Не керек, қапыда алыстаған Гүлмира отыз жылдан кейін телефон шалады. Әлдебір шаруамен. Баяндаушы автор, оның бәрін ыңғайластырып береді. «Жылдар бойы тыншыған жанартау бір заманда тау төбесіне көтерілген әлдебір геолог немесе альпинистің жақпарға қаққан шапқы темірінен де оянып кетер еді. Әуелі жердің тінін тітіретіп гуіл жүгіретін. Мұның кеудесі де кешегі телефон шылдырынан кейін өзгеше күрсініске толған». «Гүлмираны көрсем бе, көрмесем бе, көргенім дұрыс па еді?» деген толғаныстардың құрсауында аяқталған новелладан бір түсінетініңіз, шын махаббат ешқашан көмескі тартпайды екен. Сәруәр сезімдерді өлтіріп алмай, жүрек түкпірінде аялай білген авторға құрметпен қарайсыз.

 

 «Көктемнің мөлдір тамшысы»

«Көктемнің мөлдір тамшысы» ­ шындық деуге қимайтын әпсана. Кейіпкерлері Бүгінгінің Қозысы мен Баяны. Тіпті жазықтары жоқ еді. Бірақ кенеттен көз жұмды. Автор бұл әңгімесінде алғашқы сезімнің, махаббаттың адамдарды өлтіріп тынатынын айтады. Осы балғын шақтарында өліп кету де − мүмкін бақыттың үлкені шығар. Өйткені өмір ондай іңкәрлікті, ондай тазалық пен балғындықты көтере бермейді...

Шығарманың композициясына келсек, мұнда да  («Гүлмирадағыдай») көлемді шегіністер бар. Көркем кестеленгеніне дауа жоқ. Бірақ көп сөзді шегініс қазіргі оқырманға қаншалықты қызық, қаншалықты түсінікті? Ол, әрине, басқа әңгіме. Әйтеуір екі абзац бойы шегіністерді оқып отырасыз да, оқиға үшінші абзацтан басталады.

Ал оқиға былай. Бас кейіпкердің әкесі ескі қойманы сатып алып, онда спорт клубын ашпақ. Қыстай екеуі арбалеттен оқ атып жаттығады. Сондай жаттығудың бірінде аяқ  асты сүйген қызы келе қалады.  Бұл қуып барып сүйе бергенде, оқтаулы арбалеттен атылған оқ ­ құшақтасқан ғашықтардың жүрегін тесіп өтеді. Лезде. Көзді ашып-­жұмғанша. Байқасаңыз, оқиғаның өзі өлеңге бергісіз.

Алғашқы махаббатты да жазушы ақындық шабытпен суреттейді: «Көктемнің кешіккен жылуы қос жас өреннің де жүрегіндегі егіз тамшы – ынтықтық дәнегін кенет қыздырып, кеуделерінің сол жақ тұстарын бүлк еткізген. Егіз тамшы қосылмаққа ұмтылып, бір-біріне қарай талпынған». Поэзияның жалғыз ғана артықшылығы болуы мүмкін: сыңғырлаған сазы бар. Ал образды көркемдеу жағынан, новелла артық түспесе, кем түсіп жатқан жоқ. Тіпті мұнда, поэзияға сыймайтын лирикалық әлем тұнып тұр деуге болады. Және оныңыз авторлық шегіністер болсын, табиғат көріністерін сипаттауы болсын, кейіпкерлердің монологы мен әрекет импульстері болсын, бәрі-­бәрінен көрініс табады. Қараңыз: «Открытка ішіне «Мен сені жақсы көремін!» деп жазыпты. Қыздың беті дуылдап, жүрегі кенет дүрсілдей кеткен. Алақандай қағазды сүйіп алғанын да сезбей қалды». Осындағы қыздың әрекеті (қағазды сүйіп алғаны) ­ кейіпкердің жан әлемі, қуаныш сезімі, жан дүние иірімдерін жеріне жеткізе суреттейтін әсем поэтикалық көрініс.

Шығармадан жастықтың исі шығады: «Кіріп келе сап, мұның ұйпа-тұйпа шаштарын одан сайын дудырата сап, қойма төріне қарай қашты. «Қап!» деді бұл». Сіз де кенет, аяқ астынан сол балауса жастарға айналып кете барасыз. Және «сәулелі» трагедияның шешімін, жазушымен бірге аһ ұрып қабылдайсыз.

Негізгі оқиға басталарға дейін және ол аяқталғаннан кейін де, С.Сағынтай пролог пен эпилогтан өзін қыспайды. Сондықтан әңгіме сюжетті құрғақ баяндау ғана емес, оқырманмен сырласу деңгейіне өтіп кеткен. Бұл – Сағынтай прозасының басты сипаттарының бірі. Ол өмір шындығын айнытпай тізбектеуші емес, өзінің (автобиографиялық кейіпкерінің) жан әлемін ақтарып, жүрегіндегі дертпен бөлісуші.

 

 

«Қарға»

«Қарғаның» жанрын автор «әфсана» деп беріпті. Барлық әфсанада болатындай, онда айтылған оқиғаның ауылы шындықтан алыс емес. Композициялық тұрғыдан алғанда, шығарманың ұзын-­сонар кіріспесі, автордың лирикалық шегінісі артықтау секілді. Қарға туралы әдебиетте бар ұғымның  бәрін түзіп шығу әңгімеден гөрі эссеге көбірек жарасар еді. Олай дейтініміз, әңгіменің өне бойында кездесіп отыратын автордың қарға туралы пәлсапалық ойлары, негізгі оқиғадан оғаштанып тұр.

Суреттеу стиліне келсек, Кеңестік дәуірден кейін жоғалып кеткен табиғат көріністері бар: «Сарыесіктің жазығы Қояншоқыдан өзенге қарата қодыра шөпті, ерменді боп кетеді. Топ тобылғысына қараған араласа, күбі ыстар майлы бұта тікенекті тапал тоғайға айналады. Еспе құм да емес, топырағы майлы. Бірақ, қодыра шөп, жусан басқан. Мұндай топыраққа көде байланатын, шалғынымен шұрай бітетін».

Бірақ әңгіме өзегі жер жағдайы емес. Әңгіме қарға жайында. Лирикалық кейіпкер, шемішке алқабына тыныштық бермеген қарғаларды жазалау оқиғасын айтады. Көкесінің Қабыл досы қарғаларды шегемен піскілетіп, даусын магнитофонға жазады. Осы оқиға арқылы автор, адам баласының қатыгездігі мен бала психологиясын тамаша жеткізген. Тозақы дауыстан үрейі ұшқан бала былай дейді: «Қолыма қайдан іліккені белгісіз, әлдебір қисық шегемен бір бейбақты мен де піскілеп-ақ жатыр екем». Автор айуандық пен қатыгездіктің жұқпалы екенін тамаша суреттеп тұр. «Құлағымда тозақ үні... «Қғғ-ғарққ. Өлдім. Өлдім. Өлдім! Қарғыс атсын! Қарррр-ғғыс атсссын, адам атаулыны! Қққққайдасыңдар, балапандарым? Өлдім!» деп, зарлады бір кәрі құзғын. «Қғғғаааа-ааа-ааааа! Қап! Қаррр-ғыс тіледім!» «Өлдім! Өлдім!» деп жыласты қарғалар. Үш жүз, үш мың, үш жүз мың жылдар бойы бойына жинап келген қаралы қарғыстар атылды қарғалардың жүрегінен. Тозақтың бар тұрғыны арқалаған аһ ұрған ажал зары төгілді қарғалардың үнінен».

Жан түршігерлік оқиға, ең бастысы, шығармада конфликт бар. Адамның шын бағасы сол конфликті кезінде көрінеді. Жазушы кейіпкерлерін тәптіштеп суреттеп жатпайды, бірақ кішкентай штрихтар арқылы­-ақ бар болмысын түсіндіріп береді. Мысалы, көкесінің «Жетер!» дейтін бір айқайы, немесе қанды оқиғадан кейін «сүйретіліп” кетіп бара жатқаны» біраз жайтты аңғартады. Бұл қылмысты ерлікке балаған Қабылдың жарты тон, жарты әрекетінен-­ақ адамдық құны белгілі. Одан әрі автор елеусіз ғана, бір жылдан кейін Көкесінің жалғыз ұлы суға кетіп көз жұмғанын жеткізеді. «Қарғыс атты» деген бір ауыз сөз жоқ. Бірақ оқырман көңілінде сондай сенім қалады.

«Дән итерген құмырсқаға тимесеңші, іздегені өмір ғой. Өмір сондай абзал ғой» деуші ме еді Фирдоуси? «Қарға» әңгімесі сол даналық пайыммен үндес, он сегіз мың ғаламға біз жауапты болғанымызбен, жазалаушысы емеспіз дегенді меңзейді. Әңгіменің соңына қарай Туысының өлігін жасыруға жіберілген қарға арқылы, Қабылға ақиқатты нұсқаған Құранның сүресі келтірілген. Демек шығарма, қазіргі адамның қатыгездігі туралы емес. Адамзаттың барлық кездегі қатыгездігі туралы. «Неге біз сондай болдық екен?» деген, автордың жан күйзелісін аңдайсыз. Алдыңғы екі шығарма жалқының тағдырындағы проблематика болса, «Қарға» жалпыадамзаттық пәлсапалық ойларға жетелейді. Лирикалық шегіністердің тым көптігін есепке алмағанда, бұл аталған үштіктегі ең ауқымды, салмақты дүние. Біз, әдебиетімізде сәтті шығармалар көбейсе деген оқырман ретінде, автордың сентиментализмге жұтылып кетпей, осындай өрелі тақырыптарға жиірек барғанын қалар едік.

Қорыта келгенде, Серік Сағынтай − сүрлеуі мен сойы бөлек қаламгер. Бұл сыршылдық, Жүсіпбек жазған ақ өлеңнен басқа сыршылдық. Әуезов пен Майлин, Бөкей жазған лирикалық прозадан да сипаты бөлек. Бұл − жан­дүниесі ақын адамның прозасы. Және Сағынтай тақырыптық, идеялық жағынан іздене түссе, орыс әдебиетіндегі Бунин сияқты, өз стилистикасын қалыптастырған қаламгеріміз бар деп мақтана алатын боламыз.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Көктемнің мөп-мөлдір тамшысы
Қарға
Гүлмира
Қанағат Әбілқайыр

Қанағат Әбілқайыр

Тіл ұстарту

 

Өзін құрметтейтін халықта әдебиет болуға тиісті, ал болашақтан үміті бар әдебиетте міндетті түрде сатира болуы керек. Әдебиеттегі әр буынның өз сатиригі, өз эпигі, өз лиригі, өз интеллектуалы, өз мистигі, т.т. болғанға не жетсін. Қанағат Әбілқайыр - «жас буын» делініп жүрген топтағы маңдайалды сатирик. Ол қаншалықты қысқа жазса, соншалықты дәл жазады. Кейде тіпті «Қысқалық таланттың туысы» дейтін Чеховтың тәмсілін асыра ұстанатындай көрінеді. Ал кейде «Твиттерді» ойлап тапқан Джек Дорси сияқты, шымшымаларын смартфонның бетіне лайықтап жазатындай. Мойындауға тура келеді, кітаптың өзін телефоннан оқитын заманда осындай формадағы шығармалар өтімді болатындай көрінетіні рас . Ал қозғайтын тақырыптары сан түрлі.

 

«Рәбиға»

Әлем әдебиетінің тарихында бұдан да қысқа әңгімелер бар, бірақ әділдік үшін айту керек, «Рәбиға» жазылу шеберлігі жағынан олардың қай-­қайсысымен де бой таластыра алады. Оқиға желісіне келсек, Рәбиға деген қыз лагерьге келеді, суға түседі, ойын ойнайды, тауға шығады, бірақ бір әттеңі бар. Басқа балалардың әке-­шешелері келгенде, өзінің анасын сағынады. «Жұмыстан шығып қалуға қорқады» деп түсіндіреді баяндаушы кейіпкер – қыздың өзі. Күндердің күнінде құрбы қыздың әкесі қызының жанында қонады. Бұл қатты қызығады.  Бары сол ғана.

Жазушы детальдарды тамаша пайдаланған. Алаңсыз баяндап отырады да, ойламаған жерден нокаутқа жібереді: «Әке мен қыз түн ауғанша ойнады, Рәбиға қарап жатты. Ұйықтап қалған қызына қонған масаны әкесі ұшырып жіберді, маса Рәбиғаны шақты. Таңертең Рәбиға бетіне қонған шыбынның ызыңынан оянды. Қараса, жанындағы қызға шыбын қондырмай әкесі қолын сермелеп отыр екен...». Осы көрініс­-ақ адамды айран­асыр қылады. Оқығанда тамсанасыз, және кішкентай ғана шығармадан соншалықты әсер алғаныңызға өзіңіз де таңырқайсыз.

Бұл жердегі маса да, шыбын да ­ жай ғана қанатты жәндіктер емес. Адамға өмір бойы кездесетін үлкен қатерлердің кішкентай символдары. Ал оның тасасындағы ойды қараңызшы. Көрші қыздың әкесі ұшырып жіберген маса ғайып болған жоқ: дүниедегі зұлымдық ізім­-ғайым жоғалмайды. Әкесі бар қызға тиіспеген маса, әкесіз қызды барып шағады. Сіз қақпайлап жіберген шыбын, басқа біреудің мазасын алады. Төрт абзац, он сегіз сөйлеммен осыншама тереңдікті бере білу дегеніңіз, сөзсіз шеберлік.

Осы шағын әңгіме арқылы-ақ автор өзінің тамаша психолог екенін аңғартты. Ата­-ананың бала тәрбиесі ғана емес, жан ­дүниесіндегі орны, кішкентай адамның жүрегінде үңірейіп бос тұрған кеңістікті көрсетті. Неге Рәбиғаның мамасы жайлы ғана айтылады? Қыз неге әкесіз өсіп жатыр? Анасы неліктен жұмыстан шығып қала береді? Тіпті ол расында әкесіз бе, оны да білмейсіз. Бірақ солай деп қабылдайсыз. Әлеуметтік, дәлірегі жарымжан отбасылардың проблемасы алдыңыздан кес­кестейді. Жүректі қозғайды, ойыңызды билейді.

 

 

«Тіл»

Автордың қоғамдағы басқа құбылыстарды уытты сынайтын туындыларын білеміз, бірақ осы жинаққа тақырыптық тұрғыда ұқсас шығармаларын ұсыныпты.  Қ.Әбілқайырдың «Тіл» және «Оқысаңдарсайшы» деген екі шығармасы да қазіргі қазақ тілі қолданысындағы өрескелдіктер жайлы.  Қос шығармада да сатиралық әдебиеттің ирония мен пародия сияқты тәсілдері пайдаланылады.

«Тіл» – әңгімеден гөрі интермедия деуге жақын. Неге десеңіз, авторлық позициясы анық, интонациясы тірі, эмоциямен оқылады. «Сонда бір жерге қонаққа барсаң, «Мынау біздің үйдегі келініңіз болып табылады» дейсіз бе? Әлде, досыңа «Моншаға барасың ба?» десең, ол саған «Бағасы қол жетімді ме?» дей ме?... Сонымен... а, кешіріңіздер, әйелім қоңыраулатып жатыр. Қазір...». Кәдімгі сахнада айтылатын монолог. Немесе мынаған қараңыз. Шығарманың басында әйелінің «үстіміздегі жылы» деген сөзіне – «Оны үстімізге шығармай-ақ, биыл деп айтсаң болмай ма?» деп кейитін кейіпкеріміз бір абзацтан кейін өзі де жарысып сол өлі тілде сөйлеп кетеді.

«- Әкесі, сіз кешігу үстіндесіз...

- Ой, мені қойшы, өзің жылжымайтын мүліктесің бе?».

Кейіпкердің бойындағы бір мезеттік өзгерісті оқуға емес, көруге лайықталған сахнаның шарттылық сипатымен ғана түсіндіруге болатындай. Ең маңыздысы, Қанағат күлдіріп отырып, оймақтай ғана шығармасымен БАҚ­тағы барлық клишелерді, жаттанды сөз тіркестерін сынайды. Және орынды сынайды.

 

«Оқысаңдарсайшы»

«Оқысаңдарсайшы» ­ төрт адам екі­-екіден қайырған сегіз жол диалог қана.

«- Өткенде ауылға бара жатырғанда, жо-жоқ, келе жатырғанда алма сатып жатырғандардан бір қап алма алдым. Баладар мәз әйтеуір.

- Ой, біз де алмаға қарық боп атырық. Күніге 5-6 келісін жеп атырық. Келесі аптада тағы әкелуге арнайы бара жатырық.

- Ауылың қаяқта еді? Ояқта ма, бұяқта ма?»

Осылай өрбитін диалогта ең үлкен соққы – бірінші сөйлем: «Журналист, жазушы қазақ тіл-әдебиетінің мұғалімі және ақын дастархан басында әңгімелесіп отыр». Түсіне білгенге, ащы сарказм. Кілең сөздің бұйдасын ұстағандар осылай сөйлегенде, басқасынан не қайыр?..

Идея тамаша, тек автордың етістіктің екі түрлі құбылуына («жатырық, айтсаңдарсайшы») акцент қойып, диалогтарды түгелдей соған құрғаны, аздаған еріншектік сияқты әсер етті. Әйтпесе ауызекі тілдегі сорақылықтарды тасқындатып тізе беруге болады. Демек, аталған тақырыпты өрбітсе, «ізденіңкірей» түссе, бұдан да құйқалы диалогтар шығаруға мүмкін екені анық.

Жоғарыда айтылғандай, соңғы екі шығарма тақырыбы, орындалуы, формасы жағынан ұқсас. Бастысы, «тіл ұстартамын» деп автор қарабайырлыққа ұрынбайды, публицистикаға кетіп қалмайды. Айтарының бәрін көркемдік құралдар аясында айтады. Бұл оның өз соқпағын тапқан, қалыптасқан қаламгер екенін көрсетсе керек. Ал «Рәбиға» Қанағат Әбілқайырды күтпеген ракурстан ашып, кейіпкерін нәзік сезінетін суреткерлігін көрсетті. Шыны керек, сатирада ол өзін дәлелдеген адам. Сондықтан, соңғы бағыттағы шығармаларын көбірек күтеміз.

Әсия Бағдәулетқызы

Толығырақ
Рәбиға
Оқысаңдарсайшы
Тіл!