Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік

Шамғұл Ыбырайымұлы

Шамғұл Ыбырайымұлы
Loading player...

ШАМҒҰЛ ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ

(1891 – 1967)

Кешегі ғасырда өткен ақын-жырау, күйші-сазгер Мұрат Өскінбаев:

«Жанжігіт, Шамғұл, Дүйсенбай,

Есмағамбет, Құрекеш,

Мағзам, Қарыз, Хани мен

Сүгір жырау, Ұзақбай.

Өнерлерін өрлеткен

Ақтарылған бұлақтай.

Жүйріктер еді саңлақты

Жағымды құлаққа-ай.

Тебірендірді халықты

Екпіні күшті шыдатпай.

«Халқының айтқышы» атанып,

Жырменен көңіл жұбатты-ай.

Сүйегін елдің балқытып,

Көкірегін аңқытып

Ортаға сөзін сынатты-ай...» –

дегендей, өзінің сыршыл қоңыр домбырасымен Маңғыстау елінің шежіресін шертіп, тамаша көркем сазбен тыңдаушысын тебірентетін, халық өнерін қадірлеп, насихаттап бізге жеткізген өнерпаздардың бірі – Шамғұл Ыбырайымұлы. Шамғұл – Адайлық күйлердің тамаша орындаушысы. Ол – Есір, Есбай, Құлшар, Қартбайдың  небір күйлерін жеткізді.

1891 жылы Мұнайлы ауданы Жыңғылды елді мекенінде дүниеге келген. Ол ауыл молдасынан дәріс алып, 5 жасынан домбыраға әуес болады. Өнерге деген құштарлық алдындағы домбырашы Арал Тағаниязұлы, Әлмұрат Құлшарұлы, Бекен Кендірбайұлынан күй үйренсе, Қашаған, Сәттіғұлдардың жырын жаттап өседі. Күнелтіс қамымен еңбекке ерте араласып кетеді. 15 жасынан Астрахань қаласында Захар Дубскийдің кәсіпшілігіндегі балықшылар қатарында жұмыс жасайды. Осы кезеңдерде Дина Нұрпейісовамен кездесіп, оның «Әсем қоңырын» өз тартуынан үйренеді.

1921 жылы Әли Тауанының асында Өришан, Есмағамбет, Қарасай, Сүгір, Ұзақбай жыраулармен додаға түсіп, жыр өрбітіп, өнер өрлетеді. Шамғұл қайда жүрсе де қапталынан домбырасын тастамай Маңғыстауға белгілі Есірдің күйлерін үйреніп, қолы қалт еткенде атақты жыраулар мен күйлердің қасынан табылатын.  Ол – Есір, Арал дәстүрін дамытушы болды. «Шәкең домбыра тартқанда үйдің іші әдемі ғажап сазға бөленетін» -деп еске алады, Шамғұлдың көзін көріп, тәлімін алған шәкірттері – Әлқуат Қожабергенов, Алым Жаңбыршин, Орын Құлсариев, Сержан Шәкірат.

1926 жылы Шамғұл Қашаған, Сүгір жыраулармен бірге жүріп, түбектің арғы-бергі жыршылық, күйшілік дәстүрін дәріптеумен болады. Ел басына күн туған  аумалы-төкпелі түскен замана толқыны Шамғұлды да айналып өтпеді. Асыра сілтеу кезеңінің жазықсыз жаласы жабылып, 3 жыл Архангельск жағына жер аударып айдауда болған. Мерзімі бітіп елге оралғасын, үйінің орнын сипалап қалады. Сол кезеңдерде Шамғұлдың әке-шешесі Қарақалпақ жеріне бас сауғалап кеткен. Сұрастыра жүріп әке-шешесін іздеп тауып, 1934 жылы елге алып келеді. Осы кезеңдерде Сәттіғұл ақын, Мұрат Өскінбаевтармен ел ішінде мәдени үгіт насихатшылық бригадасында бірнеше жыл қызмет атқарады.

1936 жылы мамыр айында Сәттіғұл ақынмен бірге Москва қаласында өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндік декадасына қатысады. 1937-1941 жылдары Жыңғылдыда ұжымшар колхозында қызмет етеді. Ұлы Отан соғысы кезінде Алматы маңындағы теміржол құрылысы майданына араласады. Елге оралған соң жиын-той мерекелерде де халық алдында өнерін насихаттаумен болады.

Шамғұл талғамы жоғары тамаша күйші болып қана қоймай, сонымен қатар қазақтың халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлы:

«Рахмет Шамғұл – замандас,

Жүйріксің сен де жаңылмас.

Хас шебердің белгісі,

Сөз сұрап жанға жалынбас...» -

дегендей, ақын-жыраулар мұрасын бағзы жырымен жеткізген жайсаң жыршы да болатын. Ол – Абыл, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Аралбай, Мұрын, Сәттіғұл, Өскінбайдың небір жаһұт жырларын халық арасында таңды-таңға асырып жырлайтын.

Жалпы Шамғұл орындауында қызуқандылықпен шырқау басым жататын. Сүгір мен Шамғұл арасындағы айырықша өзгешелік – Шамғұлдың домбыраға қосу шеберлігімен оқшаулануында еді. Шамғұл жыр айтып отырғанда бірде бәсеңдетіп, бірде сағалатып, домбыраны қанша безеп отырса да, дауыс пен домбыра дыбысының үйлесімі тыңдаушыға айырықша таңғаларлықтай әсер қалдыратын.

1950 жылдары Маңғыстауға келген Қазақ КСР Ғылым Академиясының фольклорлық-этнографиялық экспедициясы Маңғыстаудың жыр-күйлерін Шамғұлдан жазып алған. 1967 жылы Шамғұл Жетібай жерінде қайтыс болады. Зираты – өз атақонысы Жыңғылдыдағы Құнан Ата қауымында.

Музыкадан хабары бар қауым Шамғұлды тек орындаушы ғана ретінде танып келді. Негізі расында да аса шебер күйші болды. Шамғұл атамыз Адай көтерілісінің рух берер, жігерлендірер жыршы-күйшісі болған. Өкінішке орай, сол аласапыран заманда күйші де, күйі де қудалауға ұшырады. Осындай қиын-қыстауда авторды ауызға алып айта алмаған, содан автор көлеңкеде қалып, күйлері халықтікі болып кеткен. Бүгінде Шамғұлдың оннан белгісіз болып келген, ешкім тартпаған төл күйлері табылып отыр.