Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік

Әбдіжәміл Нұрпейісов. "Сең" романынан үзінді

Әбдіжәміл Нұрпейісов. "Сең" романынан үзінді
Loading player...

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов (1924 жылы 22 қазан) – Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отансоғысы ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан. 1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітіреді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түседі. 1962-1964  жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық қазақ ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланады. 2000 жылы ПЕН клуб жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Көп жылдардан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы. Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды. Жазушының «Қан мен тер» романының дүниеге келу сыры осы сөздерде жатыр. «Қан мен тер» трилогиясын құрайтын «Ымырт» (1961), «Сергелдең» (19б4), «Күйреу» (1970) романдарынан, атының өзінен-ақ байқалып тұрғандай, төбеден жарқырап тұрған күнді аз кезіктіреміз. Ал, жарқырап шақырая қалса, кейіпкерлері тағы бір тозаққа ілінді дей бер. Өзінің бас кейіпкері Еламан тәрізді туынды ұдайы дерлік томырылып, үнсіз-түнсіз тұнжырап түнерген қалпынан жазбайды. Соның өзінде де туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімінің орны бөлек. Прозашының туған халқына, оның жазира даласына деген сүйіспендігі елінің кең қолтық мінезін, шалқар әнін, салқар көштей шұбатылған тарихын эпостық құзарға көтере суреттеуінен аңғарылады. «Қан мен тер» трилогиясы – ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма.Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған.

Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер: Мұхтан Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.

Бұл – Қазақстанның ашық кітапханасы мен ҚР Ұлттық кітапханасының бірлескен жобасы. Кітапхананың Өнер бөлімінде ХХ ғасырдың басынан бері Қазақстанға қатысты жарық көрген грампластинкалар толық  сақталған.  Құнды аудиоматериалдар осы жоба аясында kitap.kz сайты арқылы оқырмандарға тұңғыш рет ұсынылып отыр.

Грампластинканың толық мазмұны және ҚР Ұлттық кітапханасындағы каталогтік нөмірі төменде көрсетілген.

                                                                                                    Н/3951 «Қазақстан жазушылары сөйлейді»

ӘБДІЖӘМІЛ НҰРПЕЙІСОВ

Сең, романнан үзінді

САПАРҒАЛИ БЕГАЛИН

Өзім туралы

қазақ тілінде

  • BMG BMG Дүйсенбі, 18 Қыркүйек 2017 08:38

    comment