Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік
1
Төлен Әбдіктің "Өліара" романы оқырманды бастағаннан-ақ иіріп алып кетеді. Шығарма жеңіл және жылдам оқылады. Қазақ халқының жаңа заманға көшкен өтпелі кезеңіндегі оқиғалар сипатталады. Қоғамдағы өзгерісті өз мүддесіне пайдаланғысы келгендер мен сол өзгерістер себебінен кіндік қаны тамған туған жерімен қимай қоштасқан сан түрлі кейіпкерлердің бейнелері ұтымды ашықталған. Зор тұлғалы Асқар, Бәйтен, Ботбайлар мен ел наласын арқалаған Назар, Нұрбек, Өлместерді салыстырып қарау да мүмкін емес секілді.
Жауап (6)
  • Жауап қабылданды

    Сәрсенбі, Сәуір 16 2014, 11:14 AM - #тұрақты сілтеме
    1
    Шығармадағы көп кейіпкердің ішінде бір төбе болып тұрған , бір-біріне қарама-қайшы деуге болатын кейіпкерлердің ішінде Асқар мен Назарды, Бәйтен мен Нұрбекті айтуға болады.
    Асқардың сипатын көз алдарыңызға елестетіңіздерші: «Асқар киініп сыртқа шықты. Басына барқыт тақия, үстіне қара көк матадан тігілген жұқа бешпент, аяғына жаздық құрым етік киіп, бойындағы ауруы мен кәрілігін білдірмей, денесін тік ұстап, кетіп бара жатқан шоқша сақалды ажарлы кісінің жүрісіндегі кербездік пен тәкаппарлық кісінің назарын өзіне бірден аударады. Осы жүрісі мен киім киісі бой басына жарасатынын өзі де білетін секілді, және өзі соған әбден үйренген болуы керек, бұл кісінің шаруа киімімен жүргенін ешкім көрген емес.»

    Ал Асқардың мына ойы қазіргі кезге дейін де маңызын жоғалтпағанын көруге болады: «Турашылдық, өрлік, бетке айтар батыр мінез қолданудан шығып қалған ескі қару секілді ешкімге қажет болмай қалды.»

    Бәйтен мен Нұрбектің дос бола алмайтынын автордың мына жолдарынан- ақ көруге болады: «Бәйтен басын көтеріп қатерқұмар Нұрбектің жүзіне қарады. Нұрбектің сәл томпақтау келген өткір көздері өзіне тесіле қарап тұр екен, «мен өлімнен қорықпаймын, басымды бәйгеге тіккен адаммын, ал сенің жаның тәтті, сондықтан сен мен жасаған ерлікті ешқашанда жасай алмайсың» деп тұрған секілді. Бәйтен төбелесқұмар адамға тап болып, енді содан қалай құтыларын білмегендей, дағдарып есікке қарады. Нұрбек оған сүймейтін мезгіл, жақпайтын ас секілді әсер етті. Бірақ ол қойныңдағы жарыңдай, көкірегіңдегі арманыңдай, қашан да өзіңмен мәңгі бірге болатын, қатеңді кешірмейтін, сыртқы өмірді былай қойғанда, жан дүниеңдегі әр қадамыңды қалт жібермейтін, бірыңғай бейнетіңе көрінген, өмірлік жұлдызы қарсы жанмен жүздесіп тұрғанын ол әлі сезген жоқ еді.»

    Қаратаймен әңгімелескен кезде Бәйтеннің айтқан мына сөзі оның жағдайды анық көріп, нақты баға бере алатынының бір көрінісі: "Үкіметтің жауымен күресу оңайдың оңайы. Ол басы ашық нәрсе. Ал Назармен күресу оңай емес. Зұлымдық атымен жасалған жамандықтан жақсылық атын жамылып жасаған жамандық әлдеқайда қауіптірек."
    Бұл жауап қайырулы Show
  • Жауап қабылданды

    Жұма, Сәуір 18 2014, 08:44 AM - #тұрақты сілтеме
    0
    Төлен Әбдіктің осы шығармасын оқи отырып көп нәрсені ойыңа түйесің, салыстырасың, күйінесің, кей жерлерінде күлесің. Сол кездері орын алған әділетсіздіктерге ашынасың. Шығармадағы оқиғалардың бәрі кейіпкерлері арқылы, солардың іс-қимылы, айтқан сөздері, ойлары арқылы ашылған.
    Маған ұнаған кейіпкердің бірі - ол Қаратай. Басты кейіпкерлердің бірі болмаса да, романда өзінің әрекеттері мен істеген істері арқасында оқырманға жақсы әсер қалдырады. Өн бойынан ақкөңілділік, адалдық, әділеттелік сияқты жақсы қасиеттер көрінеді. Досқа адал, туысқа бауырмал, әділ азамат. Көзі ашық, оқыған, білімді жігіт. Романды оқу барысында, оның досы Бәйтенге өзінің туған ағасы Назардың құрып жүрген тұзағы туралы ескертуі, Бәйтеннің ағасына қарсы жазған арызға қол қой деп өтініш білідіріп келгенде ағасының да жайын ойлауы, Бәйтеннің Хадишадан көңілі қалып налыған кездерінде сүйеніш бола білген кезі және т.б. оқиғалар арқылы жазушы оның бар болмысын шебер аша білген. Сол кезеңдерде Қаратай сияқты көзі ашық азаматтар көп болғанда, надандықтың жолына тосқауыл болар еді деп ойлаймын.
    Бұл жауап қайырулы Show
  • Жауап қабылданды

    Дүйсенбі, Сәуір 21 2014, 11:22 AM - #тұрақты сілтеме
    1
    Жалпы шығарманың "Өліара" атты тақырыбының өзі мені қызықтырды. Себебі өліара - екі айдың ортасындағы күндізі жауын-шашынды, түні көзге түртсе көргісіз қараңғылық басатын, тіршілік үшін қолайсыз, қиын кезең. Оқи келе шығармада да сондай қиындық пен көз жасының жауынын көргендей болдым. Шығармада капитализм мен социализмнің арасындағы өліара кезең суреттеледі. Тап пен жақтың арасындағы күрес суреттелген. Жалпы мен үшін бұл күрес алтыға бөлінетін секілді.
    1. Тектілік пен Тексіздік арасындағы күрес.
    2. Зиялылық пен Қараңғылық арасындағы күрес.
    3. Адал мен Арам арасындағы күрес.

    Текті
    Тектіге Асқар қартты жатқызар едім. Шығыс философы Румиден бір шәкірті: "Ұстаз, адамның ең таза, ең жақсы, ең ғұламасы кім?"- деп сұраған екен. Сонда ұстазы: "Адамның ең асылы ешкімге ісімен, сөзімен, ойымен зияны, қиындығы тимейтін адам"-деп жауап беріпті. Сол айтқандай Асқар қартты қасиетті адам дер едім. Оны зияным тимесін деп балаларын бөлек шығарғанынан, өзінің жаны қанша қиналсада аулақта отыруынан, қызы мен күйеу баласын болашағына зияны тимесін деп ажыратып жіберуі, қолына түскен нәпақасын бөлісіп жүретінінен де көре аламыз. Барша ауыл адамдарының аузымен оның ең жомарт,ең таза адам екендігі айтылады.

    Тексіз
    Тексізге Назарды жатқызар едім. Оның образына зер сала отырып ойыма Абайдың "Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар, Сорпа-сумен, сүйекпен
    сүйдірмекке"-деген өлеңі оралды. Оның бас пайдасы үшін ешкімді аямай, мансаптағылардың көңілін көтеруге халықтың аузындағысына
    қол салуы, өзіне ұнамаған адамдарды айдатып жіберуі өте жағымсыз бейне ретінде әсер қалдырды. Сол іс-әрекеттерімен теңдікті орнату емес
    өзі баяғы бай-шонжарлардың билігіне ие болғысы келетін де секілді.

    Зиялылық
    Бұл қасиетке Бәйтенді лайық деп санар едім. Оның образына қарап отырып әл-Фарабидың "Тәрбиеге негізделмеген білім адамның хас
    жауы" деген сөзі ойыма оралды. Қаны таза, негізгі ата-ана тәрбиесі берік Бәйтен жаңашыл білім алған соң нағыз мәдениетті, зиялы адам
    болып оралады. Ол - жаны таза, көркем мінезді, өте ұялшақ, ардан аттамаған ерекше тұлға ретінде суреттелген. Оның өзгелерден артық
    туған адам екендігін достарының сөзінен де байқауға болады.

    Қараңғылық
    Сағидолла, Қарағұл, Малдыбайлар осы топқа жатады. Себебі олар өздеріне не керегін, не боларын білмейді, тек сол кездегі атқамінер Назарлардың
    шашбауын көтеріп, көңілін табуды ғана ойлайтын жандар. Отбасы тыныштығы мен қарын тоқтығын басты орынға қойғандар деп ойлаймын. Сауатсыздық шырмауынан шыға алмай, шын асыл мен бақырдың сапасынан шатасқандар дер едім.

    Адал
    Адал деп әрине Асқар қарт пен Ботпайларды айтуға болады. Өздеріне өлім қаупі төніп тұрса да еліне, жеріне, туысына, иманына, арына
    адалдығынан айнымаған нар тұлғалар болды. Оған мысал қылып жан қиналысында тұрып Асқардың:"Жүрегіме талшық етер жалғыз
    амалым - жанымның адалдығы."-деген шешімін айтуға болады. Өмірден ешкімге зиянын келтірмей өтуді қалайды. Осы арқылы
    оның өте биік рухты тұлға екендігін көреміз.

    Арам
    Біз қазақ "Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы"- деп санайтын халықпыз ғой. Бұл шығармадағы Өлместі барлық адамдықтан құр қал-
    ған, жеке басының мүддесі үшін ұрпағын да құрбан ететін жауыз кейіпкер деуге болады. Оны жылқысын аман алып қалу үшін келінін әскерлерге кіргізіп жіберуі, байдың ұрпағына үйленем деген ұлының сүйген қызын өзгелерге күштеп беріп жіберіп, ұлының жынданып кетуіне себеп болуынан көруге болады. Жаны қысылғанда иманын сатып жіберуі де соны дәлелдейді.
    Бұл жауап қайырулы Show
  • Жауап қабылданды

    Сәрсенбі, Сәуір 23 2014, 06:28 AM - #тұрақты сілтеме
    0
    Бақтыгүл апай мен Зәуре апайдың жақтап отырған кейіпкері Бәйтенді мен жақтай алмас едім. Рас, ол оқыған, жаны таза, көркем мінезді, сол кездің интеллигенті болған шығар. Бірақ ол еш жерде батылдық көрсете алмады, ұялшақ, жасқаншақ. "Заманың түлкі болса, тазы боп шал" деген емес пе, ол өз білімін Назар, Нұрбектерге қарсы қару қылып қолдана алмады. Жиналыста өз ағасы Асқарды да қорғай алмады, сол кезде ішімнің ашығаны-ай, қайдағы Ботбай шал ғана ақтап, бәріне қарсы шықты. Сонда Бәйтен қайда жүрді, қайда қалды, ол да жиналыстың ішінде болды ғой. Және ағасының соншалықты қорланғанын көріп қалай отырды десеңші.
    Одан кейін махаббат жолында да бірнеше жерде әлсіздік танытты. Мысалы, Хадиша екеуі кешкі отырыстан шығып, үйіне қайтар жолда, артынан келген Нұрбекке Хадишаны ләм деместен тастап кете барды. Иә, бұл жерде таңдауды қыздың еркіне салған шығар, бірақ қыз да бұл жерде Бәйтеннен батылдық күткен еді деп ойлаймын. Өйткені Хадиша артынан жүгіріп келіп, "неге мені тастап кетесің?" демес еді?!Бәйтеннің осындай әрекеттеріне қарның ашады.
    Бірақ романның соңында "бірінші кітаптың соңы" деп аяқталған екен, яғни екінші кітап та бар деген сөз. Сол екінші кітапта Бәйтен өзін-өзі көрсетеді, жасаған қателіктерін, осалдықтарын дұрыстап, надандарды жеңіп шығады деген үлкен үмітте қалдым. ;)
    Бұл жауап қайырулы Show
  • Жауап қабылданды

    Бейсенбі, Сәуір 24 2014, 06:22 AM - #тұрақты сілтеме
    1
    Бұл шығарманы оқу барысында маған ұнаған кейіпкерлердің бірі – Қотыр. Жазушы Қотыр, Тоқан сынды кейіпкерлер арқылы бұл өмірде барлық дүние мәңгі болмайтынын, бұл өмірдің жалған екендігін айтқысы келгендей. Бұл тұрғыда шығармада бірнеше мысалдар келтіріледі. Мысалы «бармын деп мастанба, жоқпын деп жасқанба» деген. Өмір қашан да алдамшы, – дейді Қотыр. Қотыр жаны, ары таза өте кедей адам, ол тауқыметте өтіп жатқан күндеріне қарамастан болашаққа жарқын бейнемен қарайды. Түбінде әділдіктің бір туарына сенімі мол. Сондай-ақ шығармада Қотырға кереғар кейіпте Тоқан бейнесі. Тоқан – Арқаны шулатқан атақты бай болған. Бұл дүниенің есігінің ашқан күннен бастап Тоқан үшін тіршілік тауқыметі деген ұғым әсте болған жоқ. Байлығына сенгені соншалық оқу оқып, білім алуға да тырыспады. Жүрген жерінің барлығы сауық-сайран, молшылық, жарлы-жақыбайлардың барлығы оған қызмет қылған, тіпті Арқаның байларының өзі ығысып одан бір саты төмен отыратын болған. Байлығының арқасында үш әйел алып, оларды үш отауға бөліп шығарды. "Қолда бар алтынның қадірі жоқ", – дейді қазақ. Ақыры аяғында сенген ағасы ұрланып, мал-мүлкімен Қытайға кетті. Екі ұлы партия құрамыз деп, одан еш нәтиже шықпай ақыры соңында үкімет құрығына ілініп, айдалып кетті. Өлі-тірісі белгісіз. Үкімет тәрбиесін көрген кіші ұлы өзіне қарсы шығып, ел алдында масқарасын шығарды. Бірақ ғұмыры ұзақ болмады. Ақыры қу басын сүйреткен Тоқан қаңғып жүріп Ақшоқыдан бірақ шықты. Ендігі жерде ол бір үзім нан үшін өзіне бұрын қызмет қылған жалшылардың өмірін енді өз көзімен көріп, басынан өткере бастады. Сол жалшыларға қарап отырып, өзінің бір ой түйетін жері айтылады шығармада. «Апыр-ау, – дейтін ол ішінен, – солардың қалай күн көріп жүргенін сол кезде назар салып байқамағаным ба? Олар маған солай болып туған, солай болып өлетін секілді және сол тірліктеріне өздері дән риза секілді көрінетін. Киген киім, ішкен астарына қарап, тым болмаса, бір рет өзімді солардың орнына қойып неге көрмедім екем?», – дейді.
    Жалпы алғанда шығармадағы оқиғалар сонау ұжымдастыру науқанында өткен болса да бүгінгі біздің қоғамымызда да бұндай дүниелер болып жатыр және баршылық. Назар мен Нұрбек сынды кейіпкерлер өте көп деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлік жайт жазушының керемет суреткерлігі. Әсіресе ауылды суреттеуде келтірген мына бір сөздері: «Ойдағы елден тым қашып болса да, жаңалық атаулы ұзынқұлақ арқылы жүз құбылып жетіп жататын, жұрттың сыбырлап айтқан құпиясын да біліп қоятын, түнде әйеліңе айтқан сырыңды, келесі күні өзіңе айтып беретін – осынау қияндағы ауыл күндегі әдетімен әрең дегенде ұйқыға кетті.»
    Бұл жауап қайырулы Show
  • Жауап қабылданды

    Сейсенбі, Шілде 28 2015, 05:56 PM - #тұрақты сілтеме
    0
    Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ: "Советтік дәуірдің ұлтымызға тартқызған тауқыметі мейлінше шынайы жырланған «Өліара» романы жиырмасыншы ғасырдың ауқымды эпопеясы ғана емес, барлық уақытта да құндылығын жоймайтын, байлығы ешқашан да сарқылмайтын әдебиетіміздің алтын қазынасы болып қала береді. Романда даралық сипаты бір-біріне ұқсамай кестеленген образдардың тұтас әлемі бар. Ал, аласұрған өмір теңізінің үстінде сеңдей соғылысып, жанталасқан адамдардың тағдыры туралы сезіміңді жеткізу тіпті де мүмкін емес. Бәйтен мен Хадишаны бір-біріне ынтызар еткен, ақсүйек ойнаған кеш қандай тамаша! Ал сол кештен кейін өмірі ажырамастай болған Хадишаның Бәйтенге жасаған опасыздығына күйінген ашу-ызаңды сөзбен қалай жеткізе аласың. Өмірден тірек іздеген қаншама адам зұлым дәуірдің боранында адасып жүр. Жынды Хамзаның трагедиялық бейнесі қалай әдемі сомдалған. Романның соңында өмірден түңілген Асқар өзіне-өзі қол салып өлмек болғанда, оны ажалдан құтқарған сол жынды Хамзаның ақылды адамдардың бәрінен де асқан парасатына қалай қайран қалмайсың. Қоғамның сайтанына айналған Нұрбектің образын талдайтын болсақ, әңгімеміз тіпті ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Бірақ олардың бәрін жіпке тізе берудің қажеті жоқ.

    «Өліара» романының сол жылдары жазылған басқа туындылардың барлығынан биіктетіп тұрған даралық сипаты тек сонда ғана емес. Оқырманның мүлгіп кеткен ойын түртіп оятып, романды өміршең етіп тұрған құдіреттің ең ғажайып сыры мүлде басқада.

    Шығармаға жан бітіріп, оның шырайын келтіріп тұрған ең үлкен құдірет – заманның зұлымдығын әшкерелеуден қаймықпаған, Төленнің ақындық жүрегі. Романның әр бетін парақтаған сайын, зұлымдықпан айқасқан сол ақындық жүректің дірілін айрықша сезіне түскендей боласың.

    Ғажайып эпопеяны туғызған Төлен талантының даралығы өмір топырағының астында көміліп қалған ақиқатты қазып алып, тарихи дәуірдің зұлым шындығын біздің санамызда қайта тірілте білген шеберлігінде жатыр."
    Дереккөзі: Парасат майданы
    Бұл жауап қайырулы Show
Сіздің жауабыңыз