Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ, ақын: БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ БАЛАЛАР ҮШІН ҒАНА КЕРЕК ПЕ?

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Байбота Қошым-Ноғайдың балаларға арналған «Қуыршағым бар менiң» (1984), «Таңертеңгi тәттi түс» (1989), «Сымбат салған суреттер» (1996), «Таңғажайып түс» (2003), «Он екi қонақ» (2004), «Мүшел» (2004), «Мамандықтың бәрі жақсы» (2006), «Таниды екен, кәне, кім өз мінезін, әдетін» (2006), «Жол әліппесі» (2006), «Сауат ашу, оқу және жазу» (Светлана Трофимовамен бірігіп жазған, 2007-2012 жылдар аралығында бірнеше рет қайта басылым көрді), «Әдемі әліппе» (2009), «Алғашқы мүшел» (2010)  атты кітаптары да жарық көрген.

Ол армян ақыны Сильва Капутикянның «Маша сурет салады» және орыс ақыны Елена Благининаның «Шинельдi неге сақтап жүрсiң?» атты балаларға арналған кiтаптарын қазақ тiлiне аударды. Көптеген шетел ақындарының өлеңдерін тәржімелеуге қатысты. 2012-2013 жылдары Ресейдің Ростов-на-Дону қаласындағы «Проф-Пресс» баспасынан (Алматыдағы «Асыл кітап» баспасының қатысуымен) «Қызыл телпек», «Бауырсақ», «Сәулетті үйшік», «Шалқан», «Шұбар тауық», «Түлкі бикеш пен қасқыр», «Маша мен аю», «Қасқыр мен жеті лақ», «Қоянның үйшігі» атты мектеп жасына дейінгі балаларға арналған тоғыз ертегі кітапшаны қазақ тіліне аударып жариялады. 

Байбота аға бүгінде «Балдырған» журналында қызметте. Бірқалыпты, биязы мінезінен танбайтын ағамызды жағалайтын үлкен-кіші көп-ақ. Өйткені, замандастары туралы, қатарластары туралы әңгімесі әсерлі. Сондай әңгімесінің біріне жуырда біз де куә болдық. «Осыдан біраз жыл бұрын ғой, Жазушылар Одағының Әдебиетшілер үйінде ақын Өтежан Нұрғалиевтің шығармашылық кеші өтетін болды, – деп бастады әңгімесін. – Кешті Жұматай Жақыпбаев жүргізді. Басталатын уақытта залда жиырма шақты ғана адам отырды. Сәл ыңғайсызданып қалған Жұматай Жақыпбаев «қайтеміз, күтеміз бе?» деген еді. Өтежан Нұрғалиев: «Жоқ, бастай береміз. Мен өзім де осы адамдар келеді ғой деп күткенмін», – деді. Сол кеш әлі күнге дейін есімде. Өте әсерлі өтті. Залда отырған жиырма шақты адамның баршасы Өтежан ақынды танитын, оның шығармашылығын білетін, тағдырымен таныс адамдар. Сұрақ қойылды, жауап берілді. Арасында өлең оқылды. Керемет бір сырлы кеш болды». Ал бүгінгі сұхбатта ақын балалар әдебиетінің жай-күйі жөнінде көбірек айтты.  

b2ap3_thumbnail_P1010572.JPG

– Сізді оқырман қауым ақын деп таниды. Шығармашылығыңыздың бір бөлігі балалар поэзиясынан тұрады. Жұмбақ, жаңылтпаштар жаздыңыз. Ертегілер шығардыңыз. Бірқатар шетел ақындарының балаларға арналған туындыларын қазақ тіліне аудардыңыз. Балалар әдебиетіне үлес қосып келе жатқан қаламгер ретінде қазақ балалар әдебиетінің бүгінгі жай-күйін қалай бағалайсыз?

– Бұл сұрақ, меніңше, «Қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйін қалай бағалайсыз?» деп қойылуға тиіс-ау деп ойлаймын. Ал егер сұрақ осылай қойылатын болса, оның ауқымы тіпті ұлғайып көрінер еді. Яғни, бұл сұрақтың жауабын бір пленумның аясына да сыйдыра алмаймыз. 

Қазақ балалар әдебиеті де қазақ әдебиетінің құрамдас бір бөлігі. Қазақ прозасы, қазақ поэзиясы, балалар әдебиеті, қазақ әдеби сыны, драматургия, сатира, фантастика, детектив, деректі проза... Осы жанрлардың бәрі қосылып, қазақ әдебиеті деген біртұтас организмді құрайды. Ал біртұтас тірі организмнің бір ағзасы ақсап жатса, яки дертке шалдықса, ол организмнің дені сау деп ойлауға бола ма? Мысалы, біртұтас организм ретінде адамды алайық, оның басы ауырмай ма, жүрегі сыздамай ма, жүйкесі тозбай ма, асқазаны қыжылдамай ма, қолы қақсамай ма, аяғы сырқырамай ма, бауыры ірімей ме, іші бүрмей ме...  Осындай сырқаттардан аман болса, ол адамның дені сау деп есептеледі ғой. Әдебиет те сондай. Ұлттық тіл, ұлттық ойлау жүйесіне байланысты қалыптасқан иммунитеті болса да, оны да адам секілді дерттен айықтыру үшін көп шығындалуға тура келеді. Қанша шығын шықса да, оның бетін бері қарату үшін жұдырықтай жұмыла әрекет жасамасақ, ажалдың ашылған араны иірімдей үйіріп алып кететінін сезіну қиын емес. 

Қазақ әдебиетінде әдеби сын жанрының тоқырауымен бірге балалар әдебиетінің бүгінгі хал-ахуалын байыптап, болашағын бағдарлайтын сын да семіп қалды. Қазақ балаларына арналған фантастикалық шығармалар мен шытырман оқиғаларға құрылған детективтер айы-күні толмай дүниеге келген нәресте секілді түсікке айналды...

– Балалар әдебиетінің өкілдеріне де «бала» деп қарайтын көзқарас байқалады. Осы дұрыс па? Балалар жазушылары неліктен үлкен жинақтарға, антологияларға кірмей қалады? Мен былтыр ғана жарық көрген он томдық қазақ поэзиясының антологиясын меңзеп отырмын. Сол антологияға қазақ ақындарының балаларға арналған өлеңдері неге енбей қалған? Жалпы, балалар әдебиетінің өкілдерін, олардың жазған-сызғанын үлкен жинақ етіп шығаруға не кедергі?

– Менің ойымша, әдебиеттегі ең үлкен тұлға – ақын. Ал Мағжанның сөзімен айтсақ, «Ақын да бір бала ғой Айға ұмтылған». Балалар әдебиетінің өкілдеріне де «бала» деп қараса, жақсы болар еді. Өйткені қазақ әуелі баласын ойлаған: бар тәттісін баласының аузына тоспай ма, бар мұрасын баласына қалдырмай ма?! Бірақ қазақ қазір, керісінше, баласының аузынан тартып алып жейтін болған. Демографиялық жағдайымыз біршама оңалып, бала туу деңгейі өссе де, ата-аналар балаларына кітап сатып алып бермейді, балаларға арналған мерзімді басылымдардың таралымы осыдан отыз жыл бұрынғы деңгейінен әлденеше есе төмен.

Ал өзің айтып отырған антологияның айыбы шаш-етектен. «Жыр маржанына» қазақ әдебиетінің бастауында тұрған тас-бітігтердегі Күлтегін, Тоныкөк жазбаларынан, «Қорқыт ата кітабынан», Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни, Қожа Ахмет Яссауи, Махмұд Қашқари, Ахмед Йүгінеки, Кетбұға сынды орта ғасырлық алыптарымыздың мұрасынан үлгілер ұсынылған. Ал олардың бел ортасынан ойып тұрып орын алуға тиіс Әбунасыр Әл-Фарабидің өлеңдерін, Хорезмидің «Махаббатнамасын», Құтбтың, Хұсам Кәтибтің, Сайф Сараидың, Бабырдың, тағы басқалардың  поэзиялық шығармаларын қай халықтың антологиясынан оқуымыз керек? 

Бірақ бұл антологияға қазақ балалар әдебиеті өкілдерінің енбей қалғанына өкінудің қажеті жоқ. Өйткені балалар әдебиетінің өз антологиясы шығуға тиіс. Қазақ балалар поэзиясының алғашқы антологиясы 1977 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген. Келесі антология 1992 жылы «Шынашақ» деген атпен «Балауса» баспасынан жарыққа шықты. Бұл антологиялар өздеріне тән жетістіктері бола тұра кеңестік қызыл идеологияның ықпалымен жазылған дүниелер болатын. Ал еліміз тәуелсіздік алғалы балалар әдебиетіне қатысты мұндай антологиялар шығару баспагерлердің есінен мүлдем шығып кетті. Ал Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан 2013 жылы жарық көрген «Домбра и колыбель» атты орыс тілінде жарық көрген қазіргі балалар әдебиетінің антологиясы асығыс жасалған шалағай дүние болып шықты. Ширек ғасырдан астам уақыт бұлай салғырттыққа салынуды ұлтымыздың болашағы кешіре алмайды. Осы жайтты ойлап мен Алматыдағы «Раритет» баспасына он томдық қазақ балалар әдебиетінің антологиясын дайындап бергеніме төрт-бес жыл болды. Бұл антологияда балалардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, қазақ ауыз әдебиетінің нұсқаларынан бастап балалар әдебиетінің барлық жанрлары қамтылған. Авторлар ауқымы да барынша мол. Белгілі мемлекет қайраткері, қаламгер Ербол Шаймерденұлы қолжазбамен танысқан соң өте қажет нәрсе екен деп, мемлекеттік тапсырыспен шығарып беруге уәде етіп еді. Марқұм қайтыс болып кеткен соң министрлікке жаңадан келген ағайындар бұл шаруаны жылы жауып қоя салды. Көз майыңды тауысып ұзақ жылдар бойы жасалған жұмыс осылай сиырқұйымшақталып аяқталатын болса, қазақ балалар әдебиетінің өсіп-дамуына кім кедергі жасап отыр деп түюге болады?

Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы тек балалар үшін ғана жасалмайды. Оны балабақша тәрбиешілері мен ұстаздар қауымы, бала тәрбиелеп отырған барлық ата-ана пайдаланады. Ұлы ұстазымыз Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтсақ, «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын?!» 

– Балаларға арнап жазатындардың көпшілігі жасы келген кісілер. Олар бүгінгі балалардың таным-түсінігін ескере ме? Солардың талаптарына жауап бере алатындай дүние жазып жүр ме? b2ap3_thumbnail_IMG_0849.JPG

– Жалпы әдебиетке келген тұлғалар үшін әйел не еркек, кәрі не жас, сырқат не сау деген өлшемдер жоқ. Ол жынысыңа да, жас мөлшеріңе де, денсаулығыңа да қарамай, тек жақсы жазуыңды талап етеді. Бұл талап балалар жазушыларына да ортақ. Оның үстіне біз әдебиетке келген тұста орыстың ұлы сыншысы Белинскийдің балалар жазушылары жайында айтқан мына сөздерін жиі қайталайтынбыз: «...должно родиться, а не сделаться детским писателем. Тут требуется не только талант, но и своего рода гений. Да, много, много нужно условий для образования детского писателя: тут нужна душа благодатная, любящая, кроткая, спокойная, младенчески простодушная; ум возвышенный, образованный, взгляд на предметы просветленный, и не только живое воображение, но и живая, поэтическая фантазия, способная представлять все в одушевленных, радужных образах». Демек, балалар жазушысына қойылатын талап кез келген қаламгерге қойылатын талаптан да гөрі жоғарырақ екен. Оның үстіне орыс сыншысының: «Детские книги пишутся для воспитания, а воспитание – великое дело: им решается участь человека»,– дейтіні де бар-тын.

Балалар әдебиетінің жүгін арқалап жүрген қаламгерлеріміздің қартайып бара жатқанын мен бұрын да айтқан болатынмын. Тіпті, кейбір ақсақалдарымыз бұл салаға уақыт бөліп араласпайды да. Араласпайтын себебі белгілі: төленіп жатқан қаламақы жоқ, қалт-құлт еткен денсаулығына қарамай, түн ұйқысын бұзып тынымсыз еткен еңбегінің жемісін көрмейді. 

Қазақ балалар әдебиетінің көзі тірі өкілдерін ғана атайық. Жасы тоқсаннан асып, төсекке таңылып жатқан Мұзафар Әлімбай, сексеннің сеңгіріне шыққан Қастек Баянбай, жетпістен асып жығылған Сұлтан Қалиұлы сынды ағаларымызға неге белсенділік көрсетпейсіз деп айтуға хақымыз бар ма біздің?..

– Қазір жекеменшік баспалар балаларға арналған қызылды-жасылды кітаптардың түр-түрін шығаратын болған. Олардың көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Балаларға арналған кітаптарға қандай негізгі талаптар қойылуы керек деп ойлайсыз? 

– Қазір мемлекеттік баспа дейтін баспа қалған жоқ. Баспалардың бәрі де жекеменшікке – жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналған. Олардың балаларға арналған кітаптарды қызылды-жасылды етіп шығарғанын көрсек, өкпелеудің орнына қуануымыз керек. Бірақ шынында да солай ма? Бәрі олай емес-ау деп ойлаймын. 

Біздің перзенттеріміз мектеп жасына дейінгі мекемеде тәрбие алып жатқан сәбилерден бастап, балиғатқа толып жасөспірім атанғанша бала болып есептеледі. Олардың әрқайсысының жас мөлшеріне байланысты өз деңгейі бар. Біз алдымен ұрпаққа берілетін тәрбиенің іргетасын қалап алуымыз керек. Яғни бұл іргетас балабақшадан басталады. Одан кейін бастауыш сынып, орта сынып, жоғары сынып оқушыларына арналған көркем әдебиетті оқытудың кезең- кезеңдері бар. Кішкентай бала үшін бәрі де ойын. Хат тану, сурет салу, тақпақ айтып, ән салу, би билеу – бәрі-бәрі ойын. Балалар бәрін де ойнап жүріп үйренеді. Сондықтан бөбектерге арналған көркем әдебиет те осы ерекшелікті ескеріп жазылуы керек. Баспа қызметкерлері де осы ерекшелікті ескергені жөн. Кішкентай балалар тез жыртылып қалмайтын, қатырма қағаздан алуан түрлі пішінде жасалған ойыншық кітаптарды (книжки-игрушки), көлемі шағын мәтіндерден және көркем образды суреттерден тұратын суретті кітапшаларды жақсы көреді. Мен осы талаптың үдесінен шығып «Аруна» баспасынан жарық көрген балаларға арналған бірнеше кітапты көрдім. Баспаның игі істері құптауға лайық-ақ. Бірақ бұл әлі жетімсіз.

Бастауыш сынып оқушылары мен ересек балаларға арналған кітаптардың да өз ерекшеліктері бар.

Ал олардың сапасы сын көтере ме, жоқ әлде сын көтермей ме – ол сыншылар қауымының айтатын шаруасы. Алайда қазір «мен балалар әдебиетінің сыншысымын» деп айта алатын бір әдебиетшіні атап бере аламыз ба? Жоқ, әрине! Кеңес билігі тұсында қазақ балалар әдебиеті жөнінде бірлі-жарым мақала жазған, жыл сайын өтетін әдеби жылдық қорытындыларда шолу баяндама жасаған азғантай қаламгерді білеміз. Олардың ешқайсысы да балалар әдебиеті жөнінде терең талдап тұшымды пікір айта алған жоқ. Мен бір ғана балалар поэзиясы жөнінде жазылған Зейнолла Серікқалиевтің «Туғанда дүние есігін ашады өлең», Әбдіраштың Жарасқанының «Балалар поэзиясын бағдарлағанда» деген мақалаларын ғана еске түсіре аламын. 

– Бұрынғы кезде көптеген мықты ақын-жазушыларымыз «Балдырғанның», Мұзафар ағаларымыздың қамшылауымен балаларға арнап жазғаны белгілі. Қаламақы да аз рөл ойнамаған шығар. Ал қазіргі күні балалар әдебиетіне ынталандыру үшін не керек деп ойлайсыз?

– Мұзафар ағамыз қазақ поэзиясының ірі өкілдері Сырбай Мәуленов, Сағи Жиенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов сияқты көптеген ақындарды балалар ақыны етіп шығарса, көптеген қаламгерлердің балаларға арнап әңгіме, ертегілер жазуына Мұқан Иманжанов ағамыз себепкер болғанын білеміз.

Балалар әдебиеті қазақ жазушылары үшін пайда түсіретін көз емес. Біріншіден, балаларға арналған шығармалардың көлемі шағын болады. Екіншіден, балаларға арналған туындылар көркем безендірілуге тиіс, яғни шығарманың оқырмандарына жетуіне графика саласында жұмыс істейтін суретшілер де өз үлесін қосады. Бұның бәрі қомақты қаржыны талап етеді. Үшіншіден, қымбат кітаптарды сатып алуға балалардың қалтасындағы ата-анасынан балмұздаққа деп сұрап алған тиын-тебені жетпейді. Яғни, балаларға арналған туындыларды мемлекет өз қамқорлығына алу керек. Ақын-жазушылар мен суретшілерге курортта демалып, санаторийде сайран салмаса да, қарын тойдырып қабағын жазатын қаламақы төлеп, балаларға арналған кітаптардың бағасы арзанырақ болуына жағдай жасалуға тиіс.

Балаларға арнап жазатын ақын-жазушыларға ерекше жағдайлар жасалмай, бұл әдебиеттің көсегесі ешқашан да көгермейді. Ал еліміздің ертеңі бүгінгі балалар екеніне ешкім дау айта алмас.   

– Мектеп оқулықтарына енген авторлардың көпшілігі 50-60 жылдан бері өзгермей келе жатыр екен. Қатып қалған қағида дейін десек, кей оқулықтардан журналистердің арзанқол материалдарын да аңдап қаламыз. Оқулық авторларына қандай талап қойылуы керек деп ойлайсыз? 

– Мектеп оқулықтары жөніндегі орынды жазылған сын пікірлерді ара-тұра баспасөз беттерінен, басқа да ақпарат құралдарынан көріп қаламын. Алайда өзің айтып отырған ол оқулықтарды қолға алып қайта бір парақтап шықпай, бұл сұраққа толық жауап бере алмайтын шығармын. Әлбетте, бұл көз жұмып қарайтын елеусіз нәрсе емес. Мектептегі Әліппе, Ана тілі, Қазақ әдебиеті оқулықтары мен хрестоматияларын дайындауда педагогтер мен қаламгерлер қауымы тізе қосып атқаратын жұмыстар бар. Бұл жайында айтылған ата-аналар мен ұстаздардың ой-пікірлерін де ескерусіз қалдыруға болмайды.  

Менің ойымша, оқулықтар ең әуелі мектепке дейінгі мекемелерге арналып жазылуы керек. Қазақтың өз алдына хандық құрғанына 550 жыл толды деп тойлағалы жатырмыз. Ал қазақ қазақ болғалы қазақ тілді балабақшаларға арналған арнайы оқулықтар жазылған жоқ. Мен осыны қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе деп ойлаймын. Біз әлі күнге дейін осы мәселені шеше алмай келеміз. Қазақ балабақшаларында балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиешілер пайдаланатын оқулықтар мен хрестоматиялар да шығарған жоқпыз. Осы тұрғыдан келгенде, әуелі балабақша тәрбиешілеріне әдіскерлермен және осы салаға қатысы бар басқа да мамандармен ақылдаса отырып, арнайы әдістемелік жасауымыз қажет. Мысалы, педагог оқу үдерісін жақсы білсе, ал әдебиетші қауым – ақын-жазушылар ондай оқулықтардың тілдік-шығармашылық жағын үйлестірер еді. Осылайша бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе отырып жүзеге асыратын жұмыс шаш-етектен. 

b2ap3_thumbnail_Baibota-2.JPGСтатистикалық деректерге сүйенсек, 1991 жылы елімізде 8743 балабақша болыпты, олардың жартысынан астамы (4868) «оңтайландыру» кезеңінде жекешелендіріліп кеткен, балабақша ғимараттарының бір бөлігі қараусыз қалып, бұзылған. Тұтастай алғанда, 2000 жылға дейін республикадағы балабақшалардың саны 1144-ке дейін азайыпты. Ал 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 8590 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді екен, оларға 644300 бала баратын көрінеді. Кейбір шенеуніктердің айтуынша, бүгінгі таңда мектепке дейінгі мекемелердің саны 9148-ге жетіпті, ал оларда 700 мыңнан астам бала тәрбиеленетін тәрізді. Сондай-ақ 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республиканың мектепке дейінгі ұйымдарында 60422 адам (12957-сі – шағын орталықтардың педагогтері) еңбек етеді, оның ішінде жас педагогтер саны 18387 адам екен. Бұл да бұдан бірер жыл бұрынғы сәл ескірген деректер. Таяуда премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың аузымен Қазақстанда биылғы жылдың соңына дейін 162 мектепке дейінгі мекеме ашылатыны айтылды. Бұлардың қаншасы қазақ тілінде тәрбие беретін мектепке дейінгі мекеме екенін анықтап алғанымыз жөн. Демек, біздің айтып отырған мәліметтеріміз толықтыруды қажет етеді. Дегенмен, осы 700 мыңнан астам бала мен 70 мыңнан астам педагогтер мектепке дейінгі мекемелерде қандай оқу құралын пайдаланып отыр деп ойланған адам бар ма? Олардың жартысынан астамы өз қаракөздеріміз екенін еске алсақ, ішіміз удай ашымай ма? Балалардың бас-басына демей-ақ қояйын, әр балабақшаға бір-екі данадан оқу құралы, бір-екі данадан хрестоматия, бір-екі данадан балаларға арналған көркем әдебиет керек болса, кітаптарымызды қанша таралыммен шығаруға тиіс екенімізді ойлана беріңіз. Әрбір мектепке дейінгі мекемеде шағын ғана кітап қоры бар бұрыштар – кітапханалар ашу да теріс болмас еді.  

Сөздің тоқетері – мемлекетіміздің ұлттық идеологиясына бағытталып, балабақша тәрбиеленушілеріне арналған әдістемеліктер, бейнелеу өнері, дене тәрбиесі, музыка сабағына арналған оқулық кітаптар жазып, хрестоматиялар құрастыру кезек күттірмейтін уақыт талабы. Нақтылап айтар болсақ, тілі шықпаған балалармен логопедтер жұмыс жасап, тәрбиешілер тақпақтар жаттатып, ертегі оқытып, сазбалшықпен жұмыс істеуді үйретуі керек. Балабақшаға арналған бағдарламаға сай балаларды саз аспаптарында ойнап, ән салып, би билеуге баулу үшін тәрбиешілерге көмекші құралдар мен оқулықтар ауадай қажет-ақ.

– Әдебиеттегі халтура балалар әдебиетіне де жетті десек, келісесіз бе? Балаларға арналған шығармаларға байқау жариялайтын уақыттарда неліктен азғантай авторлардың жолы бола береді?

– Халтура дегеніміз – жаны сірі жанкешті нәрсе. Бірақ эстетикалық талғамы төмен оқырманды халтура да «қанағаттандыра» береді. Олар түрлі түс түгіл, ақ пен қараны ажырата алмайтын соқыр адам сияқты ғой: қолына не ұстатсаң, соны талғамына талғажау етеді. Суретшілер негізгі шығармашылығынан тыс ақша табатын қара жұмысты «халтура» деп атайды. Қаламгерлер мен баспагерлер үшін де халтура кейде күнкөріс құралына айналады. Мәселен қалтасы қалың адам баспаға ақысын төлеп, өзінің шала-пұла жазылған шатпағын ақша төлеп кітап қылып шығарады. Ол кітабын талғамсыз оқырманға бұлдап сатып пайда көреді немесе ағайындары арасында «кітабы шыққан» деген арзан «абыройға» ие болады. Сіз оларға қой дей аласыз ба? Нарық талабы да сондай: әркім өз тауарын өткізеді, әркім өзіне керегін алады. 

Халтура бүгін ғана пайда болған жоқ. Бұрыннан бар. Ғұмырлы шығармалар аз, ал халтура көп. Ащы мен тәттіні айыру үшін тағамның дәмін тату қандай қажет болса, жақсы туынды мен жаман шығарманың аражігін ажырату үшін оларды оқып көру керек. «Күріш арқасында күрмек су ішеді» деген де бар. Талғам да бірден қалыптаспайды, жүре келе жолға түседі. Менің ойымша, дүниедегі қиын жұмыстардың бірі – кітап оқу. Кітап оқуға мойыны жар бермейтін адамның бұл дүниеде эстетикалық талғамы қалыптаспай өтуі де мүмкін. 

Халтураның өсіп-өрбуіне өзімнің де атсалысқан кездерім жадыма оралады. Кешегі күндері баспаларда қызмет істеген тұсымызда кемталант ағайындар ешкімнің көңілін жықпайтын көңілшек ағаларымызды көп жағалайтын-ды. Ал көңілшек ағаларымыз біз секілді көңілшек інілеріне қолқа салады. Содан түкке тұрмайтын күлдібадам қолжазбаларды өңдеп-жөндеп, ортақол деңгейге жеткізіп жарық көруіне себепкер болатынбыз. Әбділда Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев сынды дарынды ағаларымыздың өтінішін жерде қалдыра алмай, әдебиетке ештеңе бермеген бірқатар кісілердің балаларға арналған кітаптарына, өлеңдер жинағына редактор болғанымды ыңғайсыздана отырып еске алуға тура келеді. Сондай қолжазбалардың бірін шимайлап түзеп-күзеп отырғанымда қасыма келген Жұматай Жақыпбаев ағам: «Мен сендердің редакцияларыңа балаларға арналған кітабымның қолжазбасын өткізсем бе деп едім»,– деді. Мен қуанып кетіп: «Өткізіңіз, Жұмаға!»– дегенмін. «Бір бет параққа кітапқа енетін өлеңдердің атын тізіп берсем, қалғанын өзің жаза саласың ғой»,– деді Жұмағам мұртынан күліп. 

Ал «Балаларға арналған шығармаларға байқау жариялайтын уақыттарда неліктен азғантай авторлардың жолы бола береді?» деген сұраққа мен былай деп жауап берер едім. Әуелі, балаларға арнап шығарма жазатын авторлардың саны тым аз. Байқауды бес жыл қатарынан өткізсе, жүлдеге жететін жүйріктердің кімдер екені де көзге түсіп қалады. Тек қана балалар әдебиеті емес, қазақтың барлық бәйгесі – мүшәйрасы бар, байқауы бар, түрлі деңгейдегі сыйлығы бар – тамыр-таныссыз өтпейді. Яғни бізде кейде ат шабады, кейде бап шабады. Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озатын кездер де болып тұрады. 

Мен өзім осындай әдеби бәйгелерде әділқазылар алқасының мүшесі болуға аса құлықты адам емеспін. Менің әділқазылар алқасының мүшесі болғанымды қалап отырған кісілер де шамалы. Бірақ әділқазылық еткенің үшін төленетін ақы бар ғой. Соны ойлап, балалар әдебиеті туындыларына арналған «Дарабоз» бәйгесіне қазылық еткен кезімде бас бәйге әділқазылар алқасы төрағасының қалауындағы нәрсе екеніне көзім жетті. Ғажайып шығарма жыл сайын туа бермейді. Оқылып іріктелген шығармалардың деңгейлері шамалас шығып жатады. Шығармаларды бағалайтын барлық қазының бір-бірден ғана дауысы бар. Ал әділқазылар алқасы төрағасының екі дауысы бар. Яғни ол алқа мүшелерінің ішінде өзі секілді екі адамға тең. Қалаған авторына бас бәйге әпергісі келсе, екі дауысын да пайдаланып, ең жоғарғы балды жинап бере алады. Өйткені шығарманың авторы құпия деп аталғаны болмаса, олардың көбі түрлі жағдайларға байланысты конвертті ашпай жатып-ақ белгілі болады... Бір-екі жылдан кейін мені әділқазылар алқасының мүшелігінен шығарып тастады. Еш өкінген жоқпын!

– Қазақ әдебиетінде балаларға арнап ең өнімді жұмыс істеген қаламгерлер кімдер? 

– Біз әдебиеттің қай саласы болса да өзімізді орыс және Еуропа елдері қаламгерлерімен салыстырып үйренгенбіз. Бірақ дат жазушысы Ханс Кристиан Андерсен, француз жазушысы Шарль Перро, неміс жазушылары Гофман, ағайынды Гриммдер, итальян жазушысы Джанни Родари секілді ертегішілеріміз, орыс ақындары Чуковский, Маршак, Михалков, Барто, Заходер секілді шайырларымыз, ағылшын жазушылары Дональд Биссет, Редьярд Киплинг, Алан Милн, орыс жазушылары Виталий Бианки,  Николай Носов, швед жазушысы Астрид Линдгрен тәрізді қаламгерлеріміз бар ма? Бұлардың даңқы әлемді шарлап кетті. Кез келген ұлттың балалары, балалары ғана емес ересек адамдар да олардың туындыларын жатсынбай сүйсініп оқиды. 

Әрине, қазақ әдебиетінде де әліне қарай шабатын алуан түрлі жүйрік бар. «Құрғақ қасық ауыз жыртады». Қазақ балалар әдебиетінің атасына айналған Мұзафар Әлімбайды айтпасақ та, Мүбәрак Жаманбалинов деген ақын ағамыз

b2ap3_thumbnail_P1010568.JPGсоңына мол мұра қалдырды деп есептеймін. Қадыр Мырза Әлидің «Күміс қоңырауы» неге тұрады! Қастек Баянбайдың, Сұлтан Қалиұлының, Өтепберген Ақыпбектің балаларға арналған өлеңдері, ертегілері, жұмбақтары мен жаңылтпаштары аз емес. Бердібек Соқпақбаев, Машқар Гумеров, Молдахмет Қаназ, Қаржаубай Омарұлы, Марат Қабанбай, Сейітқұл Оспанов секілді жазушылардың әңгімелері мен ертегілерін, хикаяттарын қанағат тұтып, көңіл жұбатуға болады. Балалар әдебиетінде елеулі еңбегі бар басқа да ақын-жазушыларды атауға болады. 

– Жас ақын-жазушылардан кімдерді оқисыз? Не байқайсыз?

– Жаңа ғасыр басталып, екімыңыншы жылдардың алғашқы онжылдығы орталап қалған тұста «Қазақ әдебиеті» газеті марқұм Тұмағаңа – Тұманбай Молдағалиевке осындай сұрақ қойыпты. Тұмағаң өзінің жастарды оқып тұратынын айтып, Рафаэль Ниязбек, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулеттердің аты-жөндерін атапты. Сол күні ойда жоқта Тұмағаңа кездесіп қалдым да: «Тұмаға, сіздің айтып отырған жастарыңыздың алды зейнетке шығып, соңы елуді еңсеріп, алпысқа қарай адымдап бара жатыр екен»,– деп едім, «Айналайын, сендердің бәрің мен үшін баласыңдар ғой»,– деген-ді. Біз де соның кебін киіп келеміз. Жастардың бәрін бірдей болмаса да, кітаптары қолыма түскендерін оқып жүремін. Үміт күттіретін, әдебиеттегі бағдарын айқындап үлгерген іні-қарындастарым бар. Әңгімеміздің өзегі қазақ балалар әдебиеті жөнінде болғандықтан осы салада еңбек етіп жүрген жастарды ғана атай кеткім келеді. Балаларға арнап жазып жүрген жастардан Қуат Ахетов, Ернұр Сейдахмет, Серікбол Хасан дейтін ақын інілерімнің алғашқы қадамы қуантады. Балалар әдебиетіне өз үлестерін қосқысы келетін прозашы қаламгерлер қатарында Есей Жеңісұлы, Әдина Жүсіп пен Нұрлан Құмар да бар. Бұлар – балалардың психологиясына тереңірек үңіліп, көркем ойлай білетін, қаламдарының желі бар жігіттер мен қыздар. Қазіргі балалар әдебиетінің ең кенже өкілдері де осылар. Бірақ осы жігіттердің алды орда бұзар отызды орталап, соңы Лермонтовтың жасын жасап үлгерді. Өкінішке орай, қазақ балалар әдебиетінде бұлардан жас ешкімді көріп тұрғаным жоқ. 

–Әңгімеңізге рахмет.

Біз «бар жақсымыз – балаларға», «балалар – біздің болашағымыз» дегенді жәй әншейін, сөз үшін айта салатын сияқтымыз. Әйтпесе, жинақталып, қатталып дайын тұрған қазақ балалар әдебиетінің 10 томдық антологиясының 4-5 жыл бойы шаң басып жатуы басқа ненің көрсеткіші? Жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен әркім-әркімнің әр кезде жазған мақалаларын жинақтап та кітап етіп шығарып беріп отырған жоқпыз ба?! Өміршеңдігін, өзектілігін есепке алмастан! Ал оның жанында бүкіл жанры қамтылып, барлығы дайын тұрған онтомдық үлкен олжа емес пе?!

 

Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда
0

Пікірлер

  • Ешқандай пікір қалдырылған жоқ. Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдырыңыз

Қонақ Дүйсенбі, 18 Желтоқсан 2017