Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік

Біләл Ысқақов, күйші-ғалым: АЙНАЛЫМДА ЖҮРГЕНІ - 2000 КҮЙ. ОДАН ӘРІ БАРА АЛМАУЫМЫЗДЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты, Тәттімбеттің туған немересінен тәлім алған күйші-ғалым Біләл Алпанұлы Ысқақовты студиямызға шақырған едік. Мақсатымыз - күйлерін орындатып, жазып алу. Ол қазіргі кезеңдегі Арқа, Қаратау, Алтай-Тарбағатай, Жетісу өңірі күйлерінің көрнекті орындаушысы, әрі зерделі зерттеушісі саналады. Арқаның ақиығы Мағауия мен Қаратаудың дүлділі Төлегеннен, Жетісудің майталманы Нұрғисалардың қолынан күй үйреніп, осы өңір күйлерінің дәстүрлі негіздерін алып келе жатқан шебер күйші әр күйдің шығу тарихына, әсіресе өзі зерттеп келе жатқан Тәттімбеттің күйлеріне көбірек тоқталып, әңгімені әріден бастады:

 

 

Тәттімбеттің алтын зауыты болған

b2ap3_thumbnail_20160413-105329..-2.JPGРомановтар әулетінің жылдығында қонақ ретінде Қазақ жерінен бес төре барады. Соның ішінде 25 жастағы Тәттімбет те болған. Сонда ол өзінің «Сылқылдақ» күйін орындап береді. Күйге тамсанған патша  Тәттімбеттің арқасынан қағып, ерекше ықылас танытыпты. Сол жерде болған 75 жастағы Аққошқар төре ренжіп, патшаның көмекшісіне: «Белгілі қаншама төре тұрғанда 25 жастағы жас балаға ерекше ықылас көрсеткені қалай?» - депті. Сонда патша: «Мен үлкенге, кішіге барғаным жоқ, мен өнерге, қазақтың өнеріне бардым. Қазақтың өнеріне бас идім», - деген екен. 

- Сонда Тәттімбет «Сылқылдақ» күйін ғана орындаған ба?

- «Сылқылдақ» күйімен қатар тағы бір күй орындаған. Өкінішке орай, оның аты жазылмаған. Біз мұны Петербургтің мұрағатынан таптық. Сол жерден жас Тәттімбеттің де суретін таптық. Оны өзімнің «Сарыарқа саздары» аттары кітабыма енгіздім. Кетерде Тәттімбет патшаның өзіне жақсы ықылас танытқанын сезіп, «мені жеке қабылдасын» депті. «Егер басқа ақсақалдар сұраса қабылдамас едім, ал Тәттімбетті қабылдаймын» – депті. Сонда Тәттімбет патшаға кіріп былай депті: «Мен қазақтың суын да, нуын да, даласын да білемін. Маған алтын өндіруге рұқсат беріңіз». «Оны қалай өндіресің?» деген патшаның сұрағына Тәттімбет: «Оны қалай өндіруді өзім білемін. Алған өнімнің жартысын патша өкіметіне беремін, жартысын өзім аламын. Маған Ресей өкіметімен алтын өндіруге келісім-шарт жасауға рұқсат берсеңіз болды» - дейді. Осылай патшадан рұқсат қағаз алады. Қазіргі күні бұл туралы көп адам біле бермейді. Тәттімбет қазақтан шыққан тұңғыш алтын өндіруші. Бұны тарихшылар да білмейді. Өйткені олар өнерді қазбайды, басқа тарихи дерекнамалардан іздейді. Тарихтың көбі өнерде жатыр. Қазір Тәттімбеттің алтын өндірген орны Түндікті деген жерде жатыр. Бірақ кейін Тәттімбетті көре алмаушылар зауытты өртеп жіберген екен. Зауытты өзеннің үстіне салған, сүзгі жасаған. 50-100 қойды алып, алдымен жүнін қырқып, сояды. Терісі кеппей тұрып өзеннің астына жайған. Сонда алтынның ұнтақтары жүнге тұрып қалады екен. Соны әйелдерге таратқан. Өзі сондай талантты болған. Бір ауылға барып суын ішсе, «мына жерде тотиайын бар, мына жерде күкірт бар, мына жерде бәлен бар» деп айтады екен. Судан білетін болған. 45 жыл ғана өмір сүрген. Ол кезде емі жоқ құрт ауруынан қаза болған дейді. Поляк жазушысы Адольф Янушкевич те өзінің естеліктерінде Тәттімбетпен кездескені туралы жазып өткен. 

Шайқының қолын неге шапты?

- 25 жасында осындай беделге ие болған Тәттімбет қанша күй шығарған?

- Күйлері өте көп болған. Өте қиын, мотиві күрделі болғандықтан, көп күйі жоғалып кеткен. 25 күйін Затаевич нотаға түсірген, қалған 22 күйді елді, ауыл-ауылды аралап жүріп біз таптық. 

- Туған немересі Шайқы ақсақалдан қанша күй үйрендіңіз?

- Ол кісіден он шақты күй үйрендім. Оның оң қолының ортаңғы екі саусағын Новосибирск қаласында түрмесінде отырғанында  домбыра ойнай бергендіктен шауып тастаған. Түрмеге болыстың ұрпағы деп қудалап отырғызған.  Домбырада аса ойнай алмай қалса да, әр күйдің әуенін, мелодикасын жақсы біледі.

- Шайқы ақсақалмен қалай таныстыңыз?

- Ол кісі Аягөзде мектепте оқып жүргенімде бізге дене шынықтыру сабағынан дәріс берген. Мен 6-сыныпта оқушы едім. 10-сыныпта оқып жүргенімде, 1969 жылы қайтыс болды. Өзімнің нағашы аталарым Қасқырбай, Бағаналы күйші болған. Солардан да үйрендім. Әкем Тәттімбеттің немересі барын естіп, ол кісіге арнайы ертіп апарды. Ол кісі маған күй ойнағанда «сәтсіз шыққан жерлерін ойнама, ал сәтті жерлерін қайталап ойна» деп кейбір жерлерін ойнатқызбайтын. Егер қателессең, орнынан атып тұрып ұрсатын. Бір артық дыбыс алсаң біле қояды. Ақсақалдың Гүлнар деген қызы болған. Алматыда тұрды, іздеп бардым. Үйге қонаққа шақырдым. Заман асылдарымыздың тұқымын тұздай қылған ғой, тіпті, қазақша білмейді екен. Балалар үйінде өскен. Менің бір қателігім, сол кезде естелікке суретке түспеппіз. 

Күйді эстрадаға айналдыруға қарсымын

- «Күй» деген атының өзін көрмейсің бе? Күй орындағанда сол күйдің күйіне келу керек. Адамда соған жетеғабыл көңіл болу керек. Әйтпесе, ол жасанды шығады. Ойнайтын күйіңді алдымен әбден тыңдауың керек, сосын толқуың керек. Күй жаныңа әсер етуі керек. Сол кезде ғана ойнауға дайынсың. Егер өзіңнің жаныңа әсер етпесе, сен де тыңдаушыға әсер ете алмайсың. Онда құр «цирк» қана болады. Қазақ неге күйге «күй» деп атау берген? Орысша «состояние». Адамда мың түрлі күй бар. Психологтардың айтуынша, бір адам көңілдің мыңнан аса күйін сезіне алады. Қазақ соның бәрін күй арқылы сипаттаған. Күй – өте ауыр өнер. Оны тойда, эстрадада көп ойнамау керек. Ол – киелі. Оны біреулер эстрадаға айналдырады. Мен қарсымын.

b2ap3_thumbnail_maxresdefault.jpg- Кейбір күйшілер, мысалы, сіздің шәкіртіңіз Асылбек Еңсепов эстрадаға салып, өңдеп орындап жүр. 

- Мен оған талай ұрыстым. «Байқа сен! Күй – киелі» дедім. Бірақ эстрадада ойнауға болатын жеңіл күйлер де болады. Соларды алып шығуға ғана рұқсат.

Жалпы Тәттімбеттің әлі көп сыры ашылмай жатыр. Әлі де  ізденіп жүрмін. Тәттімбет бірде Қамба деген күйшімен күй тартысқа түскен. Сонда Қамбаға былай депті: «Сен көзіңді жұмып тарт. Сен күй тартып отырған адамға қарап, арбайсың!» депті. Неге олай айтты екен деп ойлаймын. Осындай сыры ашылмаған дүниелер өте көп. Оның үстіне, күйшілік өнер көп халықта жоқ қой. Қырғыз ағайындарда кездеседі. Олар «ыр» дейді. Бірақ ырда бір кішкене мотив өзгертіліп қайталана береді. Оларда саз жоқ, ритм ғана. Бір ритмді мың құбылтады. Ал қазақ дыбыспен панорама, сурет, композиция жасайды. Оған тамыры тереңде жатқан 12 күйшілік мектепті қосыңыз. Қазір шығып жүрген күйлер де өз алдына бір мектеп болып отыр.

Нұрғиса Тілендиевте эффект басым, Төлеген Момбековке табиғилық тән 

- Қазір Тәттімбет бабаларымыздай күй тартысқа түсетін күйшілер бар ма? 

- Қазір күйді табанда шығаратын адам жоқ. Мен де табанда шығара алмайтын. Менде 5-6 ғана күй бар. Бірақ оларды ешкім жоқта ойнаймын, өйткені ұяламын, бұрынғы күйлердей деңгейі жоқ. Неге олай? Өйткені, қазір ниетіміз өзгерді. Тіпті болмысымыз өзгерді. Теледидар, техниканың барлығы әсер етеді. Сондықтан қазір бұрынғыдай күй тумайды. Бізде домбырада ойналатын 8030 күй бар. Бұл нұсқаларын қоса есептегендегі сан. «Кеңес» деген күйдің 20 нұсқасы бар. Біз санап, тізім жасадық. 8030 күйдің атауы бар. Дүние жүзінде осыншама репертуары сақталған аспап жоқ. 

- Тәттімбеттің немересі Шайхы Мұсатаев, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзиндерден басқа тағы кімдерден тәлім алдыңыз?

- Колледждегі ұстазым – атыраулық күйші Тілешбай Әділов, консерваториядағы ұстазым – Айтқали Жайымов. Оқып жүріп арасында Нұрғиса Тілендиевтен де үйрендім. Үйінде жатып үйрендім. «Бір жабысқақ бәле екенсің» деп мені талай қуып шықты. Бірақ аз да болса үйрендім. Ол кісі бөлекше тартады ғой. Солақай. «Арман», «Толғау» деген күйін үйрендім. Бірақ Нұрғиса ағамыздың  сырын ұға алмадым. Нұрғиса Тілендиевтің тартысында көп ой жоқ, онда эффект басым. Эффектіні жақсы көреді. Мысалы, «Аққу» күйінде. Ал Төлеген Момбековтің күйшілігі - табиғи, ол кісіде әдемілеу, жылтырату деген жоқ. Өзінің табиғаты сондай. 

- Шәкірттеріңізге күй үйретуде өз әдісіңіз бар ма?

- Иә, мен нотамен емес, тыңдап тартқызамын. Өзім де, көбінесе солай үйренгенмін. Нотамен үйренген де дұрыс, бірақ оның бір жаманы - ол құр схема. Тыңдап үйренсең, ол уақыт өткен сайын бойыңа сіңе түседі. Дыбыс та су сияқты адамға сіңеді. Көп тыңдау керек. Өкініштісі, қазіргі жастар көп тыңдамайды. Дайын нотамен шыға салады. Содан күй өз деңгейінде шықпайды. Күй деген өте ауыр өнер ғой. Қазақтың кемеңгерлігі күйден білінеді. Бүкіл қазақтың шері күйде тұр ғой. Әр күйдің астында саз, ауыр сезім, тарих жатады. Ал әндерде ондай тереңдік жоқ. Күйдің орындаушысы жақсы болса, ол тереңдей береді. 

Қазақтың күйі жеті нотаға сыймайды

- Ғылыми-әдістемелік жұмыстарыңыз орындаушылық өнеріңізге әсер етпей ме?

b2ap3_thumbnail_Bilal_s.jpg- Дұрыс айтасың, көп уақытыңды алады. 5-6 жыл бойы қолыма жара шығып ойнай алмай  қалған кездерім болды. Сонда зерттеушілікке көп көңіл бөлдім. Жалпы бірыңғай орындаушы болып жүру керек. Менің көп уақытым орындаудың орнына оның тарихын зерттеуге кетеді. Мұрағаттарды ақтарамын. Тәттімбет туралы ғана емес, басқа да күйшілер жайында дерек шыға ма деп Петербургке бес рет бардым, Мәскеуге бардым. Біздегі мұрағаттардан іздедім. Ізденіс барысында түйгенім,  8030 күйдің 500-дейі халық күйі. Авторлары ұмытылған. Орындаушысы да жоқ. Қазір бізде 2000 күй ғана айналымда жүр. Орындаушылар ары қарай бара алмай жүр. Өйткені ол күйлер бізге сіңбей жатыр. Формасы бөлек күйлер де кездеседі. Соларды кім зерттейді? 1800 жылғы күйлер де бар. Валикке жазылған күйлер де бар. Бұлардың барлығын зерттеуге бір адам емес, бірнеше ұрпақ өзін арнау керек. Бұл өте үлкен дүние. Қазір бәрін шаң басып тұр. Кейбірлеулерінің, тіпті, аты да жоқ. Кім жазғанын, кім орындағанын, қалай, қайда орындағанын ешкім білмейді. Небір ғажап күйлер бар. 

Қытай қазақтарының 400 күйін нотаға түсірдім. Кітап болып шықты. 100 сыбызғы күйін нотаға түсірдім. Ал нотаға түсіру деген өте қиын іс. Өзің ойнамаған соң қай диапазонда тұрғанын білмейсің. Оның ритмін, қағыстарын табасың. Қазақстанда сыбызғыда ойналатын бар-жоғы 80 күй ғана бар екен. Мен Қытайдан 120 күй алып келдім. Қазіргі зерттеушілер еуропаша зерттейді. Күйлеріміздің нотаға түскені - қате. Қазіргі зерттеушілерге айтсам, мені «жынданып кеткен бе» дейді. Біздікі жеті тондық нотаға сыймайды. Индиялық 11 тондық ноталық кестеге келеді. Оларда 11 нота бар. Бізге жақыны осы. Домбыраның кейбір ноталары жарты тон, оның жартысы болып кездеседі. Үндістанда оның аттары бар. Ал бізде жоқ. 

Тоғыз жыл баулысам да, кәрістен күйші шықпады. Неге?

- Оны ауыстыруға болмас па?

- Ол латын қарпіне ауысу мәселесі сияқты күрделі процес. Бүкіл күйді қайтадан жазуға тура келеді. Бұл жұмысты қайтадан басқа ұрпақ бастауы керек. Мен Үндістанға барып сұрадым, зерттеп көрдім. Оларда бір октавада 11 нота. Әрқайсысының аттары бар. Өйткені олардың аспаптарының пернесі өте жақын. Екі пернені бір саусақпен басады. Біздікі бір-бір саусаққа арналған. Мүлдем басқа жүйе. Болашақта бұл бізге келеді. Өйткені біздің нотамызда көрінбейтін дыбыстар көп. Біздің нотамызбен оларды дәл бере алмай жүрміз. Симпозиумда да айттым, Мәскеуде де айттым. «Біреу бастау керекпен» ғана шектеледі. Мен күйлермен дәлелдедім де. Әсіресе, көне күйлерде нотаға түсіре алмайтын дыбыстар жиі кездеседі. Соны Мәскеуде көрсеттім. Бізде осындай өте күрделі мәселелер бар. Өйткені күй ілімін ауқымды түрде толық зерттей алмай жатырмыз. Құранның көктен түскені сынды  күй де біздің ұлтымызға солай келген бе деймін. Оның сырын ешкім білмейді. Мысалы, Қорқыттың 11 күйін қазақ қана сақтап қалған. Дүние жүзінде 80-нен астам ұлт Қорқытты өздерінің бабалары санайды. Ал күйлері бізде ғана қалған. Күйлерді неге басқа ұлт орындай алмайды? Менде бір кәріс жігіт, екі орыс қыз оқыды. Әдейі бәрін оқытып көрдім. Жоқ, ойнай алмайды. Орындаушысы тек қазақ болу керек. Олар орындағанда нотасы таза, бірақ күйіне кіре алмайды. Бұл - ұлттық мәселе. Кәрісті 9 жыл оқыттым, тіпті қазаққа да үйлендірдім. Өте еңбекқор. Күніне бәленбай сағат отырады, менен қалмайды, үйге қонып жатып үйренді. Күнімен-түнімен күй тыңдайды. Бірақ күй шықпайды. Қазір бір мектепте домбырадан сабақ беріп жүр. 

Сүгір күйлерін іштен шыққан баласындай қызғанған

- Бізге орындап берген Сүгірдің күйлерін кімнен үйрендіңіз? Күйшінің өз орындауындағы күйлері сақталған ба?

b2ap3_thumbnail_1338962192_b-iskakov_novyy-razmer.jpg- Төлеген Момбековтен үйрендім. Сүгірдің өз орындауындағы күйлер жазылмаған. Ол кісі өзі ешкімге орындамаған, қырсық адам болған. Далада шидің арасына барып орындаған. Қызғаншақ болған. Ондай адамдар да болады. Күй де іштен шыққан баласы сияқты ғой. Оны біреу пайдаланып кете ме деп ойлайды. Сүгір сондай адам болған. Домбырасын іліп алып есегімен кетеді екен. Сонда Төлеген Момбеков айтады: «Артынан арықтың арасымен барамыз. Бір уақытта ой сұңқылдатады. Сол уақытта жақынырақ барып тыңдаймыз». Сөйтіп жүріп алып қалғандары осылар. Бұрынғылар бір тыңдағаннан қағып алған ғой. Қазір студенттердің алдында бір емес, мың рет ойнаймыз. Құлақтары бітеліп қалған сияқты. Бұл - күйдің заманы басқа болғандығын көрсетеді. Ол кезде шәкіртті былай таңдаған: «киіз үйдің сыртына шығып тұр, мен бір күй ойнаймын. Соны маған қайталап бер» дейді. Қайталай алса, шәкірт қылып алған. 

- Өзіңіз шәкіртті қалай таңдайсыз?

- Бізде ондай мүмкіндік жоқ қой. Бірақ консерваторияда арнайы Тәттімбет класын аштым. Сол класқа таңдаймын. Оған шертпеге ыңғайы бар шәкірттерді аламын. Қолдарын қараймын, күй ойнау мәнерін қараймын. Кейбіреулердің шертпеге емес, төкпеге ыңғайы болады. 

 

Біләл Ысқақовтың орындауындағы күйлерді "Музыка" бөлімінен тыңдаңыз.

0

Пікірлер

  • Ешқандай пікір қалдырылған жоқ. Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдырыңыз

Қонақ Сәрсенбі, 18 Қаңтар 2017