Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік

Еркін Шүкіман, дәстүрлі әнші: ӘНШІЛЕРДІҢ ІШІНДЕ ҒЫЛЫМҒА БЕЙІМІ БАРЫ ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ

Сахнаға бүрмелі көйлек пен үкілі тақия киіп шығып, қазақтың ән-күйін орындап, ал шыға салысымен тізесі жыртық джинсы мен жұлым-жұлым күртесін іліп алып, ол аз десең, езуіне шылымын қыстырып, шіреніп тұратындар болады.  Дәстүрлі әншілердің ішінде де бәрі бірдей осы ұлттық қазынамыздың жоқшысы дей алмаймыз. Керісінше, біразы робот сияқты болып кеткен десек, аса қателеспейтін секілдіміз. Ал бірақ, бүкіл жан-тәнімен ұлттық өнерге қызмет етіп жүргендер де жеткілікті. Дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман солардың қатарынан. Сөзі өтімді, ойы орнықты азаматты әңгімеге тартқан едік. Біздің дәстүрлі ән өнері Арқа мектебі, Сыр бойының жырлары, Жетісудің әндері, Мұхиттың мектебі деп бөлінетіні белгілі. Осылай шартты түрде бөлу кейде жершілдікке, бөлінушілікке алып келетіндей де көрінеді. Біз алғашқы сауалды осыдан бастаған едік. Еркін ағамыз әңгімені әріден бастады:

 

b2ap3_thumbnail_12.jpg–Сөзіңнің жаны бар шығар. Дегенмен, бұл қазақтың тегіне, туған топырағына, тамырына байланысты қалыптасқан дәстүр. Көне сарындар, соның ішінде, сонау оғыз заманынан бері қарайғы сарындар Сыр бойында сақталған. Көне сарынның біразы Алтайда сақталған еді, біз оны ұстап қала алмадық. Алтай-Тарбағатай ән мектебі деп айтуын айтамыз. Бірақ, ол өңірдің Арқадағыдай Ақан, Біржан секілді үлкен тұлғалары да жоқ. Әндері көбінесе қара өлең болып келеді. Арасында байырғы, көне сарын аңғарылады. Алтай-Тарбағатай өңірінің әндері мен Жетісудің әндері бір-біріне өте жақын. Алғашқысында көне сарындар басым да, Жетісу әндерінде өзінше бір өзгешелік бар. Жетісу – ақындар мен жыршылардың елі. Әрісін айтпағанда, кешегі Кененге дейінгі, бүгінгі Сағатбек Медеубекұлына дейінгі қаншама ән авторлары бар. Қапез, Сәдіғожа, Кенен болып кете береді. Ал бөлінуге келсек, қазақтың жері, табиғаты өзі-ақ осылай бөлінуге алып келген. Бірақ, әуен қазақты бөледі деп айта алмаймын. Ел-жұрт жаңағыдай ойламауы үшін әншілерде шек, шекара болмауы керек. Арқаның әншісі тек Арқаның әнін орындасын, Жетісудың әншісі осы өңірдің әндерін ғана айтсын деген қатып қалған талап жоқ. Соңғы кездері мұны көп айтып жүрмін. Себебі, сөйлейтін тіліміз бір, ұстайтын аспабымыз біреу, онда неге бөлінуіміз керек?  Неге Батыстың әндерін Батыстың әншісі ғана орындауы керек? Бұл дұрыс емес. Мысалы, Естайдың «Қорланын» батысша айтуға болады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Кейіннен Ғарекеңнің – Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында естіп, қайран қалдым. Ғарекең Арқаның әндерін Батыстың стиліне, домбыра қағысына салып, көп орындады. Батыс әндерін көбінесе домбыра қағысы ерекшелейді. Домбыраның қағысы күймен байланысты. Батыстың күйлері төкпе күйге жатады. Күйлері адуынды, жігерлі, жылдам ойналатын болғандықтан, әндері де солай. Батыстың күйлеріне түркіменнің ықпалы көп. Біраз күйлерінде түркіменнің қағыстары бар. Сержан Шәкіратов ағамыздың орындауында ол қатты байқалады. «Қарғаш», «Балқадиша», «Қорлан», Жарылғапбердінің «Ардағы» сияқты көптеген әндерді Ғарекең орындады. Семейде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқып жүргенімде өз басым «Қанапияны» Батыстың әні деп ойлаған едім. Сөйтсем, Арқаның әні екен. Ғарекең оны Батыстың әнінің деңгейіне жеткізді. Жүсіпбек Елебеков бір ғана әнді орындап кете алды, ол – «Зәуреш» деген ән.

Жуырда ғана 2-3 күнге Қызылордаға барып келдік. Төлепберген Тоғжанов деген әріптесіміздің шығармашылық кеші өтті. Сол кешке Батыстан Қатимолла ағамыз да келіпті, ол кісіге біраз әндерді көрсеттім. «Арқаның қағысымен, тура осылай айта бер», – деді ағамыз. Мысалы, «Қара қаншық» деген ән бар. Қатағаңның өз орындауында таспаға басып та алдым. Өз нұсқамды орындап беріп едім, Қатағаңа қатты ұнады. Мұхиттың «Паңкөйлегі», «Айнамкөзі», «Кіші Айдай», «Үлкен Айдай», халық әні «Тілеуқабақ» секілді әндерді орындауға болады. Батыстың әні саналатын «Япурайды» да Қайрат ағаларымыз орындап жүр. Біз орындадық, бізден кейінгілер де орындап жүр. «Зәурештің» әдемі бір нұсқасын Жүсекең жасап кетті, ол күні бүгінге дейін орындалып жүр.

Осыдан 2-3 жыл бұрын Әсет Найманбаев атындағы республикалық конкурс өтті. Сол конкурсқа Айгүл Қосанованың класында оқитын Жанаргүл деген қыз да қатысқан еді. «Аға, қай әнін алсам болады?» деп кеңес сұрай келіпті. Мен «Кіші Ардақ» деген әнін ұсындым. Батыстың стиліне салып айтуын сұрадым. Әуенін де бердім. Конкурста орындаған уақытта тура Батыстың әні болып шыға келді. Әрине, барлық ән бірдей келе бермейді. Ал келетін әндерді айту керек. Бұл біздің музыкамыздың байлығы. Әрі бізде бір әншілік мектептің өзінде бірнеше орындаушылық ерекшелік бар.

Қайсыбір жылы Астана күніне байланысты өткен концертті Пласидо Доминго келіп тамашалапты. Өзім барған жоқпын, естуімше, ұлттық музыкамызды 10-15 минут тыңдамақ болып, ақырында аяғына дейін тапжылмай отырып тыңдапты. «Біздің өмір бойы іздеп жүргеніміз осы еді ғой» деп айтты дейді ең соңында.

b2ap3_thumbnail_maxresdefault.jpg

–Домингоның Ерлан Рысқалидың дауысына ерекше қызығатын кезі ғой?

–Ерланға ән айтқызыпты. Даусына қызықса қызыққан шығар, себебі, Ерлан да өзіндік ізденісі бар, мықты әншілеріміздің бірі. Өзінің буынында қазір Ерланға тең келетін әнші жоқ. Өзінің жолы бар, ізі бар, ойлауы бар. Ал осынша мол мұраны біз қазақ музыкасының байлығы деп білуіміз керек. Оны бөліну деп есептеудің керегі жоқ. 

–Оны сұрап жатқан себебім, бір кездері осы консерваторияның өзінде «егер талапкер Батыстан келсе, онда Батыс ән мектебінде оқуы керек; Жетісу өңірінен болса, Жетісу мектебінде оқуы керек» дегендей бөлу болған екен.

–Ол дұрыс. Батыстың баласын Арқа мектебіне оқыта алмайсыз. Батыстың баласы өзінің мектебінде, Арқа өңірінен келген бала Арқа мектебінде оқуы керек. Батыстан келген баланы Арқа мектебінде оқытатын болсам, ертең ол дүбәра әнші болып шығады. Неге дейсіз ғой? Сіз сол жердің суын іштіңіз, ауасын жұттыңыз, құмында аунадыңыз, топырағында ойнадыңыз. Сол жердің бүкіл табиғаты сізбен тамырлас. Мысалы, 3-4 жыл өсіп тұрған талдың өзін басқа жерге көшіру үшін терең етіп қазып, топырағымен аласыз. Басқа жерге апарып отырғызған уақытта өсіп тұрған бұтағының тең жартысын міндетті түрде қиып тастайсыз. Әйтпесе, ол қайтадан өніп кете алмайды. Бұл да сол сияқты нәрсе. Тіпті, зорлықпен бітіртіп-ақ шыққан күннің өзінде, ертең еліне барғанда не айтады ол бала? Ондай бірді-екілі әншілер бар, бірақ, жаппай бәрін олай оқыта алмаймыз. Бұрынғылардан бір өңірден келіп, екінші өңірдің мектебінде оқығандардан елдің алдында жүргені Қажыбек ағамыз бен Қапаш апамыз ғана. Әркім өз мектебінде оқуы керек. Бірақ, оқи жүріп, басқа мектептердің де әндерін айтқаны дұрыс. Мысалы, Арқа мектебінде оқитын бала Батыстың әнін Арқаша айтуы керек. Сыр өңірінен келген балалардың дауысы көмейден шығады, бүкіл аппараты солай, табиғатынан солай қалыптасады. Оны басқа арнаға бұра алмайсыз. Арқаға кең, үлкен тынысты дүние керек. Арқаның әндерін көмеймен айтатын Сыр өңірінің балаларына айтқыза алмайсыз. Ал жырды лекітіп әкетеді. Алма Аманжолованы білесіз ғой. Міне, сол Алма эстрада-цирк колледжінде Қайрат ағада оқыды. Арқаның әндерін айтқан уақытта қатты кідіретін. Ал Кененнің, Алтынбек Қоразбаевтың әндерін айтқан уақытта төрт аяғы тең жорғадай жібереді. Табиғаттың ерекшелігі деген осы. Сондықтан, бала қай өңірден келсе, сол өңірдің ән мектебінде оқуы керек.

–Ал Сәуле Жанпейісова ше? Сәуле апай о баста Батыс мектебінде оқыды. Сыр өңірінің жырларын да орындайды. Жетісудің әндерін де айтып жүр. Дәстүрлі әнші, орындаушы ретінде біз Сәуле Жанпейісованың орындауында Батыстың да, Сыр өңірінің де, Жетісудың да ән-жырын ести аламыз. Басқа дәстүрлі әншілерден мұндайды байқай бермейміз. Неліктен?

–Маған ренжи қоймас, бірақ, Сәуле апай Батыстың әншісі. Ол кісіні мен Арқаның әншісі дей алмаймын. Арқаның әндерін Батыс әндеріндей құйқылжытып орындамайды. Сәуле апаймен қарым-қатынасымыз жақсы. Қазір ол кісі ән жазып жүр. Әндері тамаша. Ең алғаш Төлеген Айбергеновке арнап ән жазды. Өзім де бірнеше әнін алдым. Бірақ, барды бар деп айту керек. Ал Сәуле апайдың Сыр өңірінің жырларын орындауына келсек, оның қағысы, мақамы Батыстың қағысынан аса алыс емес. Сондықтан, өзінің ыңғайына келетіндерін айта береді. Алтай-Тарбағатай, Жетісу әндерінде аса кең диапазон жоқ. Кененнің әндерінде бар, тік шырқауында, сосын Шалтабайдың әндерінде ғана бар. Әйтпесе, негізінен Жетісу әндері қоңыр, сыршыл әндер. Ондай әндерді айтуға болады. Ал жалпы, бүкіл мектепті ұстап жүретін әншіні өз басым көрген жоқпын. Өйткені, ол мүмкін емес. Ондай болу үшін ерекше бір таланттың иесі болу керек шығар. Жетісу, Алтай, Арқа бір-бірінен аса алыс емес. Әндері, домбыра қағысы да бір-біріне келеді. Ал одан ары қарайғы Сыр, Батыс өңірінің әндерінде қағыс, мимика мүлдем бөлек.

–Жақында күйші Мұрат Әбуғазы мен дәстүрлі әнші Ардақ Исатаева өткізген шеберлік сабағына қатысқан едік. Сондағы Мұрат ағамыздың бір пікірі ерекше көңілімізге қонды. Сіздер академиялық оқу орны болғаннан кейін ән-күйді нотамен үйретесіздер ғой?

–Жоқ, біз нотамен үйретпейміз. Көбінесе тыңдау арқылы үйретеміз. Әнді тыңдау арқылы алу керек. Өйткені, нотада әннің характері жазылмайды. Әнді нотамен үйрену үшін әннің не екенін түсінетін жаста болуың керек. Тұла бойың тұтас әнші болуы керек. Әнге айналған адам ғана нотамен айта алуы мүмкін. Алдымен қағысты үйреніп алып, сосын ары қарай үйренесің онда да. Ол үшін әнді қорыта алатын адам болуың керек. Нотаны алып, ондағы әнді үйреніп алғанмен, әннің бұрылысын, үзілтіп не шырқап беретін жерін келтіре алмауың мүмкін, қайқаңдардан қайқаң еткізіп өткізе салатын жерде кібіртіктеп қалуың мүмкін. Әннің бүкіл табиғатын, болмысын бойына сіңірген адам ғана нотадан әннің негізгі формасын алып, содан кейін ән жасай алса, ол басқа әңгіме. Ал нотамен ғана үйрене салу әншілікке апармайды. Әнші болу үшін алдыңдағыны тыңдау керек. Кешегі өткен ақсақалдарды миға, жүрекке, бүкіл тұла бойыңа жазуға тиіссің. Екі-үш қағысынан-ақ кімнің әні екенін білетін деңгейге жетуің керек. Біздің балалар ондай деңгейге жеткен жоқ.

–Мұрат ағамыздың жаңағы пікірі «нота шеберлікті үйретпейді» дегенге саяды.

–Иә, мұнымен мен толықтай келісемін.

–Енді тыңдау мәселесіне келсек, осы өзіңіз сабақ беретін консерваторияда балалардың Ғарекеңдерді, басқаларды тыңдауға толық мүмкіндігі бар ма?

b2ap3_thumbnail_66600_188210987969565_10641786_n.jpg

 –Бар. Кафедрада «Қазақтың 1000 әні» бар. Жоғарғы қабатта Медиатека бар. Онда Әміре Қашаубаевтан бастап, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков қостап, Байғабыл, Қалилардың барлық таспалары жиналған. Қайрат ағалар да бар. Сол жерге барып, таспаларды алып, отырады да тыңдайды. Тыңдаудың әсері мүлдем бөлек. Бүгін тыңдап, қай жерінде қандай қағыс екенін, қай нотаны алғанын бағамдап кетесің. Ал ертесіне келіп тағы тыңдасаң, тағы бірдеңесі шығып тұрады. Ән деген сондай нәрсе. Ал нотада негізгі қаңқа ғана тұрады. Бір ғана «Жалғыз аршаны» Әміре, Жүсіпбек, Қали, Қосымжан, Жәнібек, Қайрат, Мәдениет Ешекеев, Бекболат Тілеуханға дейінгі 15-20 әнші орындаса, соның 15-і 15 түрлі орындаған. Әрқайсысында әртүрлі нәрсе бар. Оны айтасыз, «Жалғыз аршаны» Жүсекең үш рет орындаса, соның үшеуінде үш түрлі нәрсе бар. Әртүрлі ньюанстары бар. Қазақ әндері нотаға сыймайды деген түсінік осындайдан шыққан. Әнші қандай жағдайда өседі? Ең алдымен, репертуарды көбейту арқылы. Екіншіден, көп тыңдау арқылы. Репертуар мейлінше бай болуы керек. Соған қарай әншілік шеберлігің өседі. Бір күні «Сұржекей» «мені айтшы» деп тұрғандай болады. Оның ар жағынан «Ардақ» көрінеді. Ар жақтан ән өзінен-өзі келіп тұрады. Соны айтқан сайын шеберлігің шыңдала береді. Консерваторияда оқитын студенттерге Құдайдың құтты күні осыны айтамыз. Әр әннің өзінің кілті бар. Кей әндердің өмір бойы айтылмай кететінінің себебі сонда. Бүкіл қазақтың әнін бір әнші тұтас орындап тастауы тағы мүмкін емес. Өйткені, қазақ әні – жатқан бір мұхит. Мұхитты кесіп өту қалай мүмкін болмаса, қазақ әнін түгел бір әншінің орындап тастауы да солайша мүмкін емес.

–Қазір сіздің өз репертуарыңызда қанша ән бар?

–Бәлкім, 200 ән шығар. Бәлкім, 300-ге тарта шығар. Санап көрген жоқпын. «Қазақтың 1000 әні» шыққанда бұрын өзім естімеген әндердің бәрін бірден үйреніп алдым. Соның ішіне кіріп кеттім. Кезінде Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» және «500 ән-күйі» деген екі кітабы шыққанын білесіздер. Бірақ, осы 1500 шығарманың 34-інің ғана сөзін жазып алған, қалғандарының сөзі жоқ. Ерзаковичтің Затаевичті сынап, «өлі дүние» деп бағалағаны сол. Мен соның картотекасын жасадым. Үш өңірден жазған, Адай бөлімі, Семей бөлімі және Орал бөлімі деп бөлген. Батыстан 53 күй мен 25 ән, Семейден 17 күй мен 333 ән, Орал өңірінен 11 күй мен 61 ән жиналған. Көріп отырсыз, 500 ән-күйдің 350-і Семей өңірінен жиналған. Осының ішіндегі Арқаға қатысты-ау деген әндердің тізімін түздім. Олардың да бәрінің сөзі жоқ болатын. Осы арада айта кететін бір нәрсе, біз қазақ әндерінің текстологиясын әлі күнге дейін жөндей алмай келе жатырмыз. Осы уақытқа дейін қазақ әндерінің текстологиясын зерттеген, соған бүкіл ғұмырын арнаған жалғыз адам бар, ол – Зейнелғабиден Қоспақов. Үлкен музыкатанушы, үлкен ғалым. Қаншама әндер тапқан, қаншама әннің тарихын зерттеген, қаншама жинақ шығарған. 500 ән-күйдің 81-і күй де, қалғаны ән. Оның ішінде ішінара сыңсу, жар-жар, жоқтау деген секілді аз-маз дүниелер бар. Ал қалғанының сөзі болмаған. Міне, Зейнел ағамыз сол әндердің баршасының сөзін орнына қойып шыққан. Одағай сөздерге дейін қойған. Бүкіл ғұмырын осыған арнаған. 30 жыл тек қана осы жұмыспен айналысқан. Қазір Зейнел ағамыздың шықпай жатқан бір дүниелері бар. Егер ол жарыққа шығатын болса, керемет мол байлыққа кенелетін едік. Өзі дүниеден өтіп кетті. Міне, осы кісі сөзі жоқ әндердің бәрінің сөзін орнына қойып, қайтадан бастырып шыққан. Бұрынғы факсимиле күйінде және оған жаңасын қосқан. Нотасын қайта түсірткен. Оған көптеген мамандар қатысқан. Сейіт Қасқабасов, Серік Қирабаев сынды ғалымдар да атсалысқан. Зейнел ағамыз фольклорлық экспедицияларға көп қатысқан. Қазір бар ма, жоқ па, білмеймін. Бұрын фольклорлық экспедициялар көп болатын. Міне, сол Зейнел ағамыз жинап кеткен әндер қазір біздің қолымызда бар. Соны түгел қарап отырып, Арқа ән мектебіне жататын 100 әнді іріктеп алдым. Репертуарым осы әндермен де толығып жатыр деп айтсам болады.

Алтай-Тарбағатай әндерінің антологиясын жасасам деген ойым бар. Алтай-Тарбағатай ән мектебі деп ауызбен айтамыз, ал іс жүзінде жоқ. Бұл өңірдің әндері көбіне үш ішекті домбырамен айтылған. Абай да үш ішекті домбыра ұстаған. Шәкір Әбенов те үш ішекті домбыра ұстаған. Қазір Жарқын ағамыз Шығыс өңірдің күйлерін үш ішекті домбырамен орындап жүр. Бағлан Бәбіжан үш ішекті домбырамен ән айтып жүр. Бөкенбай деген ағамыз бар, негізі Батыстың әншісі, бірақ кейінгі кезде үш ішекті домбырамен ән салып жүр. Бір-екі жылдың алдында Біләл Ысқақов деген ағамыздың редакторлығымен Алтай-Тарбағатай әндерінің жинағы шыққан. Оны бірнеше адам нотаға түсірді. Әндерді Қытай өңірінен келген Долда Кенешұлы деген ағамыз жинап әкелген екен. Ол кісі мәтін күйінде емес, ән күйінде алып келіпті. Соларды тыңдап отырып түсіріп, соның нәтижесінде «Алтай-Тарбағатай әндері» деген екі томдық кітап шықты. Әрине, олардың ішінде айтуға татитын әндер де, татымайтындары да бар. Татымайтыны дейтінім, дені қара өлең. Ішінде Сұлубайдың, Бүркітбайдың әндері бар, қалғаны қара өлеңге құрылған. Былтыр қазан айында Қытайға барып, төрт том кітап алып келдім. «Қазақтың халық әндері» деген төрт том кітап шыққан екен. Соның барлығын реттеп, нотасын түсіріп, жасайтынын жасап, дайындап, антологияға жинап отырмын. Ол әндердің арасынан да репертуарыма қосылып жатқаны бар. Халық композиторларының әндерін де айтып жүрміз. Бізге белгілі Әбілахат Еспаев, Кенжебек Күмісбеков, Садық Кәрімбаев, Сыдық Мұхаметжанов сияқты композиторлардың айтылмай жүрген әндері бар. Сыдық ағамыз көп әнін фортепианоға лайықтап жазған. Ол кісі Абайға көп жазды ғой. Мысалы, «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да». Бұл да фортепианоға лайықталып жазылған. Бірақ, Жүсіпбек Елебеков орындады. Орындағанда да, лайықты орындады, ән өзін ақтады деуге болады. Сыдық ағамыздың романстарының ішінде бірқатары мүлдем айтылмаған күйі жатыр. Солардың біразын қазбалап, өзіме сіңіріп жатырмын. Сондықтан, репертуарыңызда қанша ән бар дегенде, «327» немесе «413» деп кесіп айта алмаймын. Оны өзім де білмеймін.

–Ұлттық қазынамыз Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақтар арасында көбірек сақталған десек, қателесейтін сияқтымыз. Мысалы, тарихи құжаттардың көпшілігі сыртта сақталды. Сол секілді ән-күй мұрамыздың ішінде де бізде ұмытылып кетіп, Қытайда, Моңғолияда немесе басқа да елдерде сақталып қалып, қазына болып қайта оралған дүниелер бар ма?

b2ap3_thumbnail_1499643_335988266573286_4184368587006473746_n.jpg

–Мына кітаптың ішінде де, Біләл ағамыз шығарған екі томда да, Қытайдан өзім алып келген кітаптың ішінде де қайталанатын әндер бар. Мысалы, «Әләулім-ай» дейік. Ондай әндерді есептемеген күннің өзінде, 658 әнді санап алдым. Сенесіз бе, 658 ән! Ал бізде «1000 әнді» жасаған уақытта соңына қарай мыңға толтыра алмай қиналған көрінеді. Сол 658 ән нота күйінде қолымызда тұр. Шетінен балаларға үйретіп жатырмыз. Әр емтиханға бір-екі әннен беріп жүріп, екі-үш жылда 20-30 әнді жарыққа шығардық. Адам таңғалатын керемет әндер бар. Кәдімгі үнемі айтылып жүретін Майраның әні «Майраның» иірімдері мүлдем бөлек, басқа бір түрі шықты. «Гәккудің» қанша түрі шықты. Мағжанның «Сен сұлуы» бар ғой, соны Шәкір Әбенов Мағжанның өзінен үйренген екен. Мағжаннан Шәкір ағамыз, Шәкір ағадан Келденбай аға үйренген екен, ол кісімен мен үйрендім. Иірімі мүлдем бөлек. Ал енді Хабиба апамыз берген минорлық нұсқасы бар, ол мүлдем басқа. Апамыз маған үйретті, Ерлан Рысқалиға да үйреткен екен. Затаевичте «Нұрсұлу» деп берілген ән бар екен, ашып кеп қалсам, Мағжанның сөзі. Мүлдем басқа романс шыға келді. Мағжанға байланысты М.Әуезов театрында спектакль қойылатын болып, менен Мағжанның әндерін сұратыпты. Музыка маманы арнайы келіп, бірнеше әнін алды. Сол кезде есіме түсе қалып, кітапханадан жаңағы кітапты алдырып беріп едім. Мәскеуде оқып келген маман екен, «мынадай романсты бұрын-соңды естіген жоқпын» деп, қатты қайран қалды. Бірақ, өкінішке қарай, ол спектакль қойылмай қалды. Айтайын дегенім, осынша мол дүние әлі тасқа басылған күйінде ғана тұр.

–Дәстүрлі ән-күй мұрамызды көп зерттеп, жинаған, ерекше назар салған адамдар ретінде Әлкей Марғұлан мен Қаныш Сәтбаевты көп айтамыз. Әлкей ағаның саласы, яғни археология фольклорға кішкене жақын ғой. Ал Қаныш ағамыз мүлдем басқа саланы оқып, басқа салада жүріп те әуестенгенін білеміз. Әсіресе, Томскіден келген жылдары ән-күйді жинаумен қатты әуестенгені белгілі. Сол кісілердің мұрасы сіздердің қолдарыңызда бар ма?

–Әлкей Марғұланның кітабын осы қазір оқып жатырмын. «Қазақтың сал-серілері» деген еңбегінде көне түркі заманынан бастайды, Күлтегіндерден бері тартып, кешегі Қамбар батыр, Ер Тарғындарды да сал-серіліктің нышаны деп келтіреді. Керемет үлкен мақала, 4-5 бөлікке бөліп, өзімнің сайтыма да салдым. Әлкей ағаның бір кітабын қолыма түсіре алмай отырмын. Кезінде Қажытай Ілиясов ағамнан Біржанның бір әнін алған едім. Жарыққа шығарайын десем, қайырмасында бір даулы мәселе бар. Қажытай аға ол жөнінде Әлкей Марқұланның жазып кеткенін айтқан болатын. Соны іздеп, таба алмай жүрмін. Қолымдағы кітаптан таба алмадым. Әлкей ағаның бес томдығы шықты ғой, менде екеуі ғана бар. Ал Қаныш Сәтбаевтың жиған-тергені Затаевичте бар. Сәтбаевтың 100 жылдығына байланысты «Қаныш берген әндер» деген жеке кітап шыққан. Қаныш ағамыз 25 ән берген екен.

–Жуырда «Ақ желкен» журналында «Архивтің шаңын жұтқандар» деген бір мақала жарық көрген еді. Сонда Әлкей ағамызға қатысты қызықты деректер көп. Ол кісінің үлкен папкасы бар екен, тапқан дүниесінің бәрін соның ішіне сала беретін көрінеді. Ең қызығы, қолжазба алуға кешкі мезгілде келгендер болса, «ертең кел» деп қайтарып жібереді екен. Сондағы ойы, кешқұрым уақытта ұры-қары, бұзақыға тап болса, анау дүние қолды болады деп ойлайды екен...

–Бұл туралы жарық көрді деп айтты маған. Біржанның «Егіз тауық» деген әнін алғанмын. Керемет ән. «Жалғыз арша» секілді, әлде «Алқаракөкке» ұқсай ма, әйтеуір, сондай бір биік ән. Қайырмасында бір қиындау нәрсе бар. Қажытай аға айтқан соң, түрткі болып, Әлкей Марғұланның екі томын тауып алдым. Толық жинағын қолыма түсіре алмай жүрмін. Мәшһүр Жүсіптің де толық жинағы қолыма түспей жүр. Жалпы, ақсақалдарда көп дүние жатыр.

Осыдан 5-6 жыл бұрын Мұрат Әбуғазы «Сарыарқа әндері» деген кітап шығарды. Өте құнды дүние. Колледждің, консерваторияның студенттері үшін, жалпы әншілер үшін таптырмас дүние. Ішінде 150-200-дей ән бар. Соның ішінде «Бәйкен сал» деген ән бар. Халық әндерінің ішінде жүр. Кейіннен Ерлан Төлеутаудың кітабын парақтап отырып, Бәйкен сал туралы айтылған пікір оқып қалдым. Сөйтсем, Бәйкеннің өзінің әні екен. Ән мәтіндерімен көп жұмыс істеу керек. Бір әннің сөзі анда да, мұнда да жүретін жағдайлар көп. Өзімнің жазып қойған мақалам еді, сонда да болса айтып қояйын, «Перуайым» деген ән бар. «Перуайым» деген не сөз екенін білмей жүрдім. «Пері» дегеннен шыққан ба, әлде орыс тілінен енген сөз бе, таба алмадым. Бұл жөнінде кезінде Жәнібек Кәрменов те жазды. Бізге араб пен парсыдан көп сөз енді ғой. Оңдасынов құрастырған араб-парсы сөздігін тауып алып қарасам, «перуайым» парсы сөзі екен. Ішіме түйіп қойдым. Сөйтіп жүргенде бір күні тойға бардым. Қытайдан келген қазақтар екен. Той соңында сөйлей келіп: «Айналайын ағайын, перуайым пейілдеріңе рахмет», – деді. Мына сөзді естігеннен кейін ел тарқағанша кете алмай, той соңында ақсақалды әңгіме тартып, әлгі сөздің мағынасын сұрадым. «Тілекші, қамқор пейіл деген мағына ғой» деді. Расында да, Оңдасыновтың аудармасында парсы тілінен аударғанда «қамқор» деген мағынаны білдіреді. Қытайға барғанымда да «перуайым» алдымнан шықты. Онда да сол тілекші, қамқор деген мағынада. Ал енді әннің сөзіне қарасақ:

Дегенге перуайым, перуайым,

Түседі сізді ойласам зар-уайым.

Өзіңмен қосыла алмай армандамын,

Аман бол, қайда жүрсең, қалқатайым, – дейді. Тілекші болып тұр ғой? Бұл біз жақта ұмытылған сөз сияқты. Міне, осындай нәрселерді орнына қоюымыз керек. Осы тақырыпта арнайы мақала да жазып отырмын.

–Әдеби шығармаларды оқып отырғанда, ішінде бір-екі шумақ өлең кездесіп қалады. Мысалы, Шерағаңның «Ай мен Айшасында» Айша әндетіп отырады. Бердібек Соқпақбаевта да бар. Дулат ағада да кездесіп қалады. Әдеби шығармаларда кездесетін ән-өлең сөздеріне назар аударасыздар ма?

–Аударамыз. Қай шығармада қандай өлең сөздері кездесетіні ойымда жоқ. Бірақ, маған жақсы ой салып отырсың. Болашақта ойда жүретін нәрсе екен. «Сәкеннің музыкалық мұралары» деген кітап шықты. Сонда Сәкеннің шешесінің айтатын әні бар. Кезінде Майра Ілиясова орындаған екен. Сол әнді студентіме үйретіп қойдым, қазір айтып жүр.

Оны айтып жатқанымыз, кейде солардың ішінде елең еткізетін бір жолдар кездесіп қалады. Содан кейін Бексұлтан ағаның баспасынан шыққан «Қара өлең» деген үлкен бір кітап бар.

–Оразақын Асқар шығарған кітап қой?

 b2ap3_thumbnail__N8A2769-1.jpg–Иә, міне, сол кітапта да елең еткізетін шумақтар кездеседі. Ұмытылып кеткен, құлағымызға сіңісті емес қара өлең үлгілері де кездеседі.

Мұндайды Қытайдан және Моңғолиядан келген қазақтардың ән-өлеңдерінен жиі байқаймын. Олардың көбі қара өлеңге құрылған. Арасында бұрын біз естімеген шумақтар кездеседі. Ақан серінің «Ақ саусақ» деген әні бар. «Қазақтың 1000 әнінде» сол әнде «махаббат» деген сөз жүр. Ақанның заманында «махаббат» сөзі көп қолданыла қоймаған шығар деп қоям. Ол уақытта «ғашықтық» деуші еді ғой. Нақ сөзі сол ма екен деп қоямын. Ал Моңғолия мен Қытай қазақтарының қара өлеңінде біз естімеген шумақтар бар. Көбінесе, жылқыға байланысты тіркестер кездеседі.

–Жаңа жылқы туралы жақсы айтып кеттіңіз. Әлеуметтік желідегі «Ерке жирен» туралы жазбаңыз біраз жұртты елең еткізді. Жалпы, қазақтың бүкіл тұрмыс-тіршілігінен әндері де алыс емес. Сіз жылқы туралы әндерді, жылқыны сипаттау кездесетін өлең шумақтарын теріп жазған едіңіз. Одан басқа төрт түлік немесе басқа бір тақырыптағы әндер деп жинақтап айта аламыз ба? Тақырыптық жіктеу жасай аламыз ба?

–Қазақ әндерінің классификациясы жасалмаған. Оны жасау керек. Мұнымен айналысқан екі-үш-ақ адам бар. Соның бірі – Ақселеу аға. Қоңыр әндер, майда қоңыр әндер дегендей, бөліп-бөліп жинақтаған. Қазақтың тұрмыс-салтына байланысты, жылқыға байланысты, табиғатқа қатысты, «қоңыр» деген түсінікке қатысты әндер бар. Соның ішінде, «қоңырдың» орны бөлек. Қоңырмен байланысты күй де көп, ән де көп. «Арда қоңыр, «Майда қоңыр», «Жайқоңыр», «Назқоңыр», «Үлкен қоңыр», «Кіші қоңыр» деп кете береді. Одан кейін «мақпалға» байланысты әндер көп. Біржанда, Әсетте, Ақанда кездеседі. «Ардағымыз» бар. Батыс өңірінде «Айдай» әндері көп тараған. Тұрмысымызға байланысты дегенде тек жылқыға байланысты әндер ғана еске түсіп отыр.

–Кейбір қара өлеңде толық бір шумақ болмаса да, тіркес түрінде, арасында бір жол болып, амалдарға қатысты да кездесіп қалады. «Үркердің тоғысына тап келіпсің» дегендей элементтер де кездесіп қалады, мысалы. Солардың жинақталған үлгісі бар ма?

–Ондай нәрсе жоқ. Бірақ, жіктеп, жинау керек. Бізде, жалпы, әншілікті жазушылықпен ұштастырған жалғыз адам бар. Ол – Жәнібек Кәрменов. Ал орындаушылықты ғылыммен шебер ұштастыра білген адам – Берік Жүсіпов. Одан кейін Ұлжан Байбосынова. Ал күйшілердің ішінде ән тақырыбына да, күй тақырыбына да жүйрік, әртүрлі мектептің ән-күйін жақсы білетін бір азамат – Мұрат Әбуғазы. Таяуда тағы бір кітабы шыққалы отыр. «Алтай-Тарбағатай әндерін» жинады. Осы уақытқа дейін бірде-бір әнші, бірде-бір ғалым жасамаған жұмысты күйші Мұрат жасады. Ал әншілердің ішінде ғылымға икемдісі, ғылымға бейімі бары жоқтың қасы. Ән туралы жазып жүрген музыкатанушылардың дені, біріншіден, орыстілді. Екіншіден, олар өздері орындаушы емес. Тыңдап отырып, естігені бойынша ғана жазады. Ал өзің орындаушы болып, тыңдап отырып талдау жасап, соны жаза алатын болсаң, қандай керемет?! Әнші боламын деген адам ең бірінші кезекте көп оқуы керек. Көркем әдебиет өз алдына, ән мен күйдің тарихын, фольклорды оқуы керек. Былтыр жазда студенттеріме 20-дан аса кітаптың тізімін бердім. Соның ішінде бір-ақ қыз бір ғана кітапты оқып келіпті. Ал Асқар Сүлейменовті қазіргі студенттер түсініп оқиды дегенге мен өз басым сене алмаймын. Оқимын десе, Құдайға шүкір, қазір бәрінің қолында бір-бір «телевизор» жүр ғой. Содан-ақ кіріп, оқитынын оқып, тыңдайтын дүниені тыңдауға болады. Шіркін, соған ниет болса?!.

–Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда
0

Пікірлер

  • Ешқандай пікір қалдырылған жоқ. Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдырыңыз

Қонақ Жексенбі, 24 Қыркүйек 2017