Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік

Серік Асылбекұлы, жазушы, драматург: ӘДЕБИ МЕНЕДЖМЕНТ ИНСТИТУТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕРЕК

Жас жазушы, «Министр» атты жинағымен біраз жұртты елең еткізген Ерболат Әбікенұлы «Желтоқсанның ызғары» деп аталатын екінші кітабын жарыққа шығарыпты. «Кіші ғылыми қызметкер», «Елу теңге», «Пәтер іздеп жүр едік» сынды шағын әңгімелерімен талай жүректің жарасын тырнаған, талай адамға ой салған, турашылдығымен, шыншылдығымен, табиғилығымен ерекшеленетін жас қаламгер қатарлас құрбы-құрдасын, бірді-екілі әдебиеттегі аға-әпкелерін шақырып, кішігірім тұсаукесер өткізді. Әдетте, мұндай басқосуларда кеш иесін көпірте мақтаудан әріге аспай жататынымыз бар. Бірақ, сол жолы жазушы, драматург Серік Асылбекұлының сөзі кішігірім қоғамдық лекция болды десек, артық айтқандық емес. Әдебиеттің бүгінгі кескін-келбетін ғана емес, болашақ бағдарын да көрсеткендей болды. Заманауи әдеби процестер және одан тыс қалмаудың жолдары айтылды. Әдебиетті дамыту үшін не істеуіміз керек деген төңіректе де біраз ой қозғады. Міне, сол кездесуден кейін араға аз уақыт салып, біз Серік Асылбекұлын арнайы іздеп бардық. Жазушымен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аудиториясында кездестік. Осыдан он бес жыл бұрын педагогикалық қызметке бет бұрған қаламгер жалғыз ғана докторантқа сабақ өтіп отыр екен. Әңгімені әдебиеттің қызметінен бастадық. 

 b2ap3_thumbnail_709839_1828332991_077_Asilbekyli_C_20160225-055310_1.jpg– Аға, бұрын «көркем әдебиет» дейтін едік. Қазір әдебиетке деген көзқарас өзгерді. Соның ішінде, көркемдік аса маңызды критерий болмай қалған сияқты. Әдебиеттің бір өкілі әрі ғалым ретінде сіз осы құбылысты қалай бағалайсыз? 

– Әдебиеттің өзінің классикалық міндеті бар. Сол функционалдық қызметі өзгерген жоқ деп ойлаймын. Көркем сөзбен айтсақ, әдебиет деген – адамтану өнері. Классикалық өнердің бір түрі. Ішкі өзгерістер болуы мүмкін, бірақ оның мазмұны, мағынасы, негізгі қызметі ешқашан өзгермейді. Біз әдебиеттің функционалдық қызметін дұрыс түсінбейміз. Сондықтан да мектеп оқушылары мен студенттердің әдебиетке деген қызығушылығын туғыза алмаймыз. Әдебиет деген – адамның жанын ізгілендіретін ұлы өнер. Ал бұл дүниеде адамның жанын ізгілендіруден артық қандай міндет болуы мүмкін?! «Адамның жан дүниесі де, киімі де, тіпті, көзілдірігіне дейін әдемі болуы керек» дейді Чехов. Ал әдебиет адамзат қоғамындағы ең ұлы міндетті атқарады. Әдебиет, сондай-ақ, бүкіл синтездік, синкреттік өнерлердің анасы. Қоғамның әдебиетсіз өмір сүруге мүмкіншілігі жоқ. Театр неден басталады? «Театр киім ілгіштен басталады» деген әншейін метафора үшін айтылған нәрсе. Театр әдебиеттен басталады. Пьесадан басталады. Егер салтанатты сарай салып, оған Чехиядан әкелінген жүз мың доллар тұратын люстраларды іліп, ішін ақ мәрмәрмен әшекейлеп, Голливудтың ең ұлы деген әртістері мен режиссерларын жинап қояйық. Содан театр туа ма? Тумайды! Ол үшін Шекспирдің «Гамлеті» болуы керек. Немесе Әуезовтің «Қаракөзі» керек. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» керек. Пьеса болған уақытта ғана салтанатты сарайға жан кіреді. Соған музыка жасалады, аранжировка жасалады. Оған декорация жасалады. Міне, сахнаға балбалдар қойылған. Сыңсыған қаралы музыка ойнап тұр. Бір уақытта сахнаға Қозы мен Баян шығады. Міне, сол жерден әдебиет басталады. Әдебиет болмаса, театр болмайды. Драматургия – әдебиеттің бір жанры. Кинода да солай. Алдымен киносценарий керек. Опера либреттодан басталады. Либретто деген де әдебиет, ол да драматургияның бір түрі. Айналып келгенде, әдебиет болмаса, өнер де дамымайды. Біздің қоғамда «әдебиетті қойшы, кинолар түсіріліп жатыр, театрлар жұмыс істеп тұр, опера да қойылып жатыр» деген бір көзқарас қалыптасқан. Халтураның қаптап кетуі де содан, әдебиет дамымай жатыр. Неге дамымай отыр? Ең бірінші себебі, бізде әдеби агенттер, яғни менеджерлер институты қалыптаспаған. Үнемі Астанадағы шенеуніктерге алақан жайып отырамыз. Олар да бізге ақшаны сауылдатып құйып отырған жоқ. Әдебиет өз бетінше де дамуы керек, коммерциялануы керек. «Енді әдебиетті саудаға айналдырамыз ба?» деп бұдан бәзбіреулер қашады. Онсыз болмайды. Бүкіл дүниежүзі соған көшіп жатқанда біз Робинзон Крузоның аралы құсап, жападан-жалғыз отыра алмаймыз. Бұл әдебиеттің саудаға түсуі емес, әдебиеттің коммерциялануы. Батыста ғылым неге қарқынды дамып жатыр да, бізде дамымай отыр? Өйткені, оларда ғылым да коммерцияланған. Ал бізде қандай керемет ғылыми жаңалық ашсаңыз да, ол папкіде қалып қояды. Өндіріске енбейді. Менің көзқарасым бойынша, әдеби агент – жазушыны полиграфиялық өндіріспен тікелей байланыстыратын жазушылық – менеджмент – өндіріс – сауда тізбегіндегі ең маңызды звено. Мысалы, сіз жазушысыз немесе публицистсіз. Бірақ, менеджерлік қабілетіңіз жоқ. Қалай саудалау керектігін білмейсіз. Бірақ, жақсы жаза аласыз дейік. Повестер жазасыз, пьеса жазасыз. Театрларға өткізгіңіз келеді, бірақ жолдарын білмейсіз. Пайызын қалай есептеу керек, жарнаманы қалай жасау керек, оны да біле бермейсіз. Ал әдеби агент, яғни менеджер бәрін өзі реттейді. Мәселен, сізбен келісімге отырады. «80 пайызы сіздікі, 20 пайызы менікі. Алаң болмаңыз, тек маған жазғаныңызды жіберіп отырыңыз. Жариялау жағын өзім реттеймін» дейді. Жазушылар Одағы дамыған өркениетті елдердің тәжірибесін зерттей отырып, нақ осы звеноны іске қосудың қандай заңнамалық тетіктерін жасауға болатынын терең зерттеп барып, не Үкіметке, не Парламентке нақты ұсыныспен шығуы керек. Бұл жерде коммерция деген сөзден шошымау керек, керісінше, соған ұмтылу керек. Өйткені сауда, коммерция – өндірісті, бүкіл адамзат өркениетін алға сүйрейтін локомотив. Егер қолыңнан келсе, өзің сататын едің. Бірақ, оған ебің жоқ. Ал екінші жағынан, егер сен саудамен айналысып кетсең, творчествоң жайына қалады. Сондықтан, бұл маңызды істі менеджерге тапсыру керек. Әркім өз ісімен айналысқаны дұрыс. Менеджменттен кейін өндіріс, одан кейін сауда жолға қойылмай, әдебиеттің де дамуы тежеле береді. 

ӘДЕБИЕТТІ ТЕРЕҢ БІЛЕТІН АДАМ ҒАНА ӘДЕБИ АГЕНТ БОЛА АЛАДЫ

– Әдеби агент туралы жақсы айтып жатырсыз. Бүкіл әлемде бар үрдіс, бізге де келетін болар. Бірақ, сол әдеби агент жазушының шығармашылығымен қаншалықты таныс болуы керек? Әлде, тек сауданың көзін білсе болғаны ма? Мұны сұрап жатқан себебім, бізде бірқатар министрліктерді, бүтін бір салаларды сол саланың кәнігі мамандарына, қайраткер азаматтарына емес, менеджерлерге басқарту үрдісі бар. Мәселен, бір кездері Денсаулық сақтау министрлігін бұл салаға мүлдем қатысы жоқ адам басқарды. Денсаулық сақтау саласының ерекшеліктерін білмейді, бірақ ақша табуды, ақшаны игеруді меңгерген дегендей. Осының пайдасы қандай, зияны қаншалық? Әдеби агент өзі жарнамалайтын жазушылардың шығармашылығын қай деңгейде білуі керек? 

– Әдеби агент міндетті түрде әдебиетті өте терең білетін адам болуы керек. Әдебиетті жан-жақты, терең білетін, бірақ өзі жазбайтын адамдар болады. Мысалы, Ғалым Доскен деген азамат бар. Өте мықты ғалым. Әдебиетті бізден артық білмесе, кем білмейді. Бірақ, өзі әңгіме-повесть жазбайды, пьеса жазбайды. Жазғысы да келмейтін шығар. Бірақ, ол күшті менеджер. «Қазақстан» ұлттық арнасына басшы болып тұрғанында небір керемет хабарларды ұйымдастырды. Дұрыс айтып отырсыз, инженер не басқа бір саланың мықты маманы болып, бірақ әдебиетті білмесе, ол адам әдеби агент бола алмайды. Сол саланың білгірі болуы керек. Мықты журналистер де агент бола алады. Кейбір адамдар артық қиналғысы келмейді. Жазуға жоқ болады. Бірақ, сол саланы біледі. Ақша табудың көзін біледі. Бүгін бір қалада, ертең екінші қалада жүгіріп жүріп келісімшарттарды жасап, ақшасын тауып жүргенді дұрыс көретіндер болады. Мен әдебиетшімін, физиктерге менеджер бола алмаймын ғой. Бұл да тура сол сияқты. 

b2ap3_thumbnail_0D262BB3-E83B-424E-A4B9-CD97F60A1185_cx0_cy7_cw97_mw1024_s_n_r1.jpg

– Ақша табудың көзін білгенмен, кемталанттау адам болса, ол да қиын болмай ма деген ой ғой... 

– Ол да бар. Бірақ, білімді адамдар табылады. Оның үстіне, қазіргі заманда нашар шығарманы өткізу мүмкін емес. Егер сіздің жекеменшік баспаңыз болса, ол баспадан өтімді кітаптарды ғана шығарасыз ғой. Ешкім оқымайтын, өтпейтін кітапты шығарып қайтесіз? Мықты агент әкелгеніне қарамай, сіз де өз сүзгіңізден өткізесіз. Сондықтан қатты қауіптенудің қажеті жоқ. Мысалы, сіз Тұрсынжан Шапайдың кітабының өтімді екенін, тез сатылып кететінін білесіз. Ақша саласыз да, мыңдаған данамен шығарып кеп жібересіз. Сатып, содан миллиондап пайда түсіресіз. 

– Бұрынғыдай емес, қазір шап-шағын роман жазатын, жұп-жұмыр повесть шығаратын жазушылар бар. Егер әдеби менеджмент дамыса, сол процеске ілесіп кете алатын, бүгінгі заманның талабына сай өтімді жазушыларымыз бар ма? 

– Ондай жазушылар бар. Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбайұлының шығармаларынан бастап, Төлен Әбдікке дейін, бүгінгі Тұрсынжан Шапайға дейін, Жұмабай Шаштайұлына дейін толып жатқан өтімді жазушыларымыз бар. Жеткілікті. Өзімді мақтайын деп отырған жоқпын, бірақ басымнан өткен бір жағдай. «Рәбиғаның махаббаты» деген шығармам орыс тіліне аударылып, «Простор» журналында жарияланған еді. Одан басқа орысша бірде-бір шығармам жоқ. Сол кезде Сейдағаң – Сейдахмет Бердіқұлов сыртымнан енгізіп, екі кітабымды 50-50 мыңнан 100 мың данамен шығарды. Орыстар мені танымайды да. Сол кезде кітабым өтпей, тұрып қала ма деп қатты уайымдадым. Бірақ, өтіп кетті. Сейдахмет аға менеджер еді ғой. 

– Бұл қай жылдары? 

– 1987, 1989 жылдары. «Өзің кітапты қалай таңдап аласың?» – деп сұраған Сейдаға. Мен танымайтын автордың кітабы болса, 1-2 абзацын оқып, ұнатсам алатынымды айттым. «Сонда сенен басқа адамның бәрі дым түсінбейді деп ойлайсың ба? Елдің бәрі кітапты солай алады», – деді Сейдахмет аға. Ол кісі «Балауса» баспасында істейтін. Мәскеуде өткен жас жазушылардың жиынында менің «Зимние каникулы» деген шығармама мәскеулік жазушы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Анатолий Алексин оң пікір білдірген. Соны есінде сақтап қалса керек. Менеджерлік деген осы. Әйтпесе, Анатолий Алекс мені аса қатты мақтамаған да, 5-6 сөйлем ғана арнаған. Сейдахмет аға ол кезде мені танымайды да. Қазір де өтімді кітап өтеді. Бізде қазір кітап саудасының жүрмейтіні мемлекеттік тапсырыспен байланысты. Тек соған иек артамыз. Ал шетелде кейбір корпорациялардың айналымында миллиардтаған доллар қаржысы бар. Олар өтімді кітапты іздеп тауып-ақ шығарады. 2000 данасын шығарады, ол өткеннен кейін тағы 2000, тағы, тағы... тіпті, миллион данаға дейін шығарады. Шетелде баспалар үшін бір автор – сауын сиыр. Біздің баспалардың жағдайы мүлдем бөлек. 2-3 кабинеті, 5-6 компьютері бар, 4-5 қызметкері ғана бар. Өзінің баспаханасы да жоқ. Ал шетелде олай емес. Біздің баспалардың табысының көбі баспаханада қалады. Тіпті, авторларға берері мардымсыз. 

Бізде баспа ісі дамымаған. Ал Америка Құрама Штаттарында полиграфия саласы пайда беру жөнінен 6-орын алады екен. 1-орында мұнай мен газ, 2-орында алкоголь өнімдері, 3-орында «Боинг» сияқты өте қымбат құрылғылар шығаратын корпорациялар тұрса, 6-орын баспа өнімдеріне тиесілі. 

Менеджмент дамығаннан кейін өндіріс жолға қойылуы керек, содан кейін сауда саласын дамыту керек. Осы тізбек бойынша ғана дами аламыз. Бізде мұның бірі де жоқ. Оның орнына там-тұм мемлекеттік тапсырыс бар. Мемлекеттік тапсырыс болғаннан кейін ол кітаптың сапасына аса қатты мән беріп те жатқан ешкім жоқ. Мемлекет ғылыми әдебиетті судсидиялауына болады. Өйткені, оның тиражы аз, өзін-өзі ақтамайды. Ал көркем әдебиетке мемлекеттік тапсырыс берілмегені дұрыс. Сонда баспалар өздері әрекет ете бастайды. Дайын ақшаға ауыз ашып отырғаннан кейін баспалар да өз бетінше дамып жатқан жоқ. Мұның пайдасынан зияны көп. Мысалы, Абайды шығарсын, мерейтой кезінде шығарсын, ал қалған уақытта көркем әдебиетті мемлекеттің ақшасына шығаруды тоқтатқан дұрыс деп ойлаймын. 

ТЕГІН АҚША ЖҮРГЕН ЖЕРДЕ КОРРУПЦИЯ БОЛМАЙ ТҰРМАЙДЫ

– Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың тізімін конкурс бойынша анықтау дегендей бір іріктеуді жолға қоюға  ма? Бізде қазір мемлекеттік тапсырыспен кімдердің кітаптары шығады? Бірді-екілісінің мерейтойы. Бірді-екілісінің қолы ұзын, беделі үлкен. Ал одан бөлек, кім пысық, кім пысықай, солардың кітаптары ілініп кетіп жататыны жасырын емес. Қырық жылғы мақалаларын жинап, соны мемлекеттік тапсырыспен кітап етіп шығарып жүргендер де бар. Ол мақалалардың өзектілігі бір күндік пе, бір жылдық па, оған да назар аударылып жатқаны шамалы. Ал баспа дайын өнімді шығарып береді. Қазіргі жағдайда отырып, мемлекеттік тапсырысқа қандай талаптар қоя аламыз? 

b2ap3_thumbnail_jeljan2.JPG– Тегін ақша жүрген жерде, еңбексіз бөлісетін жерде коррупция болмай тұрмайды. Комиссия құрғанмен, комиссия мүшелері де пенде. Олардың да әрқайсысының дос-жары, ағайын-туғаны бар. Олар да қарға тамырлы қазақ. Сіз, мәселен, комиссияда отырсаңыз, мен шығамын да, оң көзбен қарауды өтініп сұраймын. Бір кітапта тұрған не бар деп, сіз жібересіз. Екіншісі, үшіншісі, солай-солай бәрібір айналып келгенде баяғы таз кепешті қайта киеміз. Үкіметке пәлендей өкпем жоқ. Кітабым шығып жатыр. Бірақ, шындық осы. 

– Ал мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітапқа «бұрын жарияланбаған болуы керек» деген талапты енгізуге бола ма? Оны сұрап жатқан себебім, бір кітабын бірнеше рет шығару, ескі кітабына бір-екі жаңа дүние қосып, басқа атпен шығару да етек алып бара жатқан секілді... 

– Ол дұрыс емес. Орыстың Василий Макарович Шукшин деген керемет жазушысы бар. Ешкімге ұқсамайтын! Сол кісінің 10-15 күшті әңгімесі бар. Оқыған сайын қызығасың. «Калина красная» деген керемет повесі бар. Ал қалған шығармалары пәлендей мықты емес. Шедевр күнде-күнде тумайды. 

Өзіміздің Бейімбет Майлинді алайық. Сүйсініп оқитын екі повесі бар, «Шұғаның белгісі» мен «Раушан коммунист». Оншақты әңгіме бар. «Майдан» деген әдемі пьеса бар. Қалғанының бәрі шедевр емес. Ал шедевр тудыру аз не көп жазумен де өлшенбейді. Мәселен, Грибоедов «Горе от ума» деген жалғыз пьесасымен әлемдік драматургия тарихында қалды. Басқа аты шыққан шығармасы жоқ. Александр Островскийдің «Талант и поклонники» деген тамаша бір пьесасы бар, осы «Бесприданница» деген пьесасы арқылы ғана драматургия тарихында қалды. «Бесприданницаны» қайта-қайта шығару керек. Әр он жыл сайын оқырмандардың жаңа буыны келеді. Ал кітап он жылда тозады, жоғалады. «Кітабы баяғыда шыққан, енді шығармаймыз» деп отырмаймыз ғой. Жаңа буын да оқуы керек, білуі керек. Сондықтан, ондай кітаптар, ондай шығармалар ауық-ауық шығып тұрғаны дұрыс. 

– Аға буын әдебиетшілер шәкірт тәрбиеледі, сонымен бірге көп жазды. Әрісін айтпағанда, кешегі Тұрсынбек Кәкішев, Серік Қирабаев бастаған ағаларымыз өмір бойы жазумен болды. Тұрсынбек ағаның бір ғана Сәкен Сейфуллин турлы жазбаларының өзі не тұрады?! Қазір біз аты-жөнін ұмытып бара жатқан ақын-жазушылар туралы тасқа басып қалдырған тамаша дүниелері бар. Осы кісілердің ізін басып келе жатқан бүгінгі әдебиеттанушы ғалымдар таза әдеби сын тұрғысында не жазып жүр? 

– Теориялық еңбектер жазып жүрген жақсы-жақсы ғалымдар бар. Құралай Жанұзақова деген әдебиет зерттеушісі «Әдебиеттануға кіріспе» деген жақсы кітап жазды. Қазақ романтизмі туралы жақсы зерттеуі бар. Қарағандылық жас ғалым жігіт қазақ әдебиетіндегі әдеби ағымдар мен бағыттар жөнінде жақсы еңбек жазды. Ұлан Еркімбай деген жас ғалымның атап айтарлық еңбектері бар. 

ӘДЕБИЕТ МЕМЛЕКЕТТІ ҚҰРУ ҮШІН КЕРЕК

– Әдебиет тек оқырман үшін керек десек қателесеміз. Әдебиет мемлекетті құру үшін керек. Италияның саяси қайраткері Масимо д’Адзельо «Біз Италияны жасадық, енді италиялық ұлтты жасауымыз керек» деген екен кезінде. Ал ХІХ ғасырда өмір сүрген поляктың саяси қайраткері Пилсудский «Ұлт мемлекетті жасамайды, керісінше мемлекет ұлтты жасайды» деген. Біз Қазақ мемлекетін құрдық. Бірақ, қазақ ұлтын әлі қалыптастыра алған жоқпыз. Ал ұлтты жасайтын не? Ең әуелі сол халықтың тілі мен әдебиеті. 

Қазақ тілі мен әдебиетінсіз-ақ дамыған, зайырлы Қазақ мемлекетін құрамыз деу – не адасушылық, не қарапайым қазақты ассимиляциялаушы күштерге жығып беру үшін қолданылып отырған саяси айла. Орыс халқынан орыс ұлтын жасаған ең алдымен Пушкиннің өлмес шығармалары болса, қазақ ұлтын шарболаттай шыңдап шығарған ұлы Абайдың біздің халқымызбен мәңгі бірге жасайтын көркем туындылары деуге толық хақылымыз. Әдебиеттің құдіретін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Ұлттық институттар бар. Енді соны шыңдап, шынықтыру керек. Украинадағыдай жағдай болмас үшін осы бастан ойлануымыз керек. Бағдарлама жасап алып, жалған ұран көтергеннен ұлттық рух көтерілмейді. Оны да ескеруіміз керек. 

– Бұрын әдебиетте де, кинода да, театрда да шығарманың тәрбиелік мәні деген бірінші орында болатын еді. Қазір ше?.. 

– Студенттерге ешқашан әдебиеттің тәрбиелік мәні туралы айтпаймын. Мен оларға әдебиеттің адам жанын ізгілендіру үшін керек екенін айтамын. Тәрбие десек, ақыл айту, мораль оқу деп түсінеді. Әдебиет тәрбиелемейді деген сөз емес. Бірақ, тәрбие деген сөз тұрса, дидактизм боп елестейді. Сосын ол сіңбейді. Ал адамның жаны ізгіленсе, тәрбие деген де сол. Көркем шығарма адамды байқатпай тәрбиелейді. Сондықтан, ендігі оқулықтарда да «әдебиеттің тәрбиелік мәні» деп шұқып көрсеткеннен гөрі, әдебиеттің негізгі қызметі адам жанын ізгілендіру екенін көрсеткеніміз дұрыс. Қазақ әдебиеті арқылы ғана біз қазақ ұлтын түсінеміз. Бүкіл ұлттың болмыс-бітімін, психологиясын түсінеміз. Оны тарихтың құрғақ фактілерімен немесе физиканың заңдылықтарымен тани алмаймыз. 

– Драматургия жанрында да біраз еңбектеніп жүргеніңізді білеміз. Театр сахнасында қойылып жатқан дүниелерді қарап отырсақ, тақырыптың шектеулі екенін аңғарамыз. Мұқағали, Шәмші сияқты тұлғалар, Бейбарыс сұлтан секілді тарихи тұлғалар, одан кейін белгілі бір оқиғалар ғана... Әдебиеттің проза, поэзия жанрларымен салыстырғанда, драматургияның жағдайы жақсы. Қаламақысы бар, конкурстар өтіп жатыр, гранттары бар. Бірақ, бәрібір тақырып ауқымының тарлығы байқалады... 

– Драматургия – күрделі жанр. Сондықтан болар, онымен көп адамның айналысқысы келмейді. Таланттың сирек кездесетіндігінен де драматургтер аз. Өзім бұл жанрға келмес бұрын әлемдік драматургияны оқыдым. Әуелі не жазатыныңды біліп алып, содан кейін ғана қолға қалам алуың керек қой. Техникасын меңгеру өз алдына. ХХ ғасырдың басынан бастап беріле бастаған Нобель сыйлығын алған 6-ақ драматург бар екен. Дүниежүзінде 193 мемлекет бар, 6000 этнос бар, соның ішінде 6-ақ драматург Нобель сыйлығын алған. Бұл өте кінәмшіл жанр болғандықтан шығар. Сол алты драматургті іздедім. Кейбірін білмейді де екенмін. Тауып алып, оқыдым. Солардың ішінде екі драматург қатты әсер етті. Бірі америкалық, екіншісі неміс драматургі Гауптман. Орыс драматургиясын оқыдым. Орыстарда Антон Павлович Чехов пен Александр Островский ерекше ойымда қалды. Александр Вампилов деген драматург болған, ерте өткен өмірден. Орыс әдебиеті – дүниежүзіндегі бай әдебиеттердің бірі. Прозаиктерін тізсек, біразға дейін тоқтай алмаймыз. Ал бүкіл орыс әдебиетінің тарихында 2-3-ақ дүниежүзіне танылған драматург бар. 

Әрі оқылатын, әрі көретін драмалық шығармалар болады. Чеховтікі сондай. Ал кейбіреулері оқылғанда оңай болғанымен, қойылғанда онша шықпауы мүмкін. Ал кейбіреуі оқылуы қиын болғанмен, көргенде керемет болуы мүмкін. Нобель сыйлығын алған шығармалардың да барлығы бірдей бұл талапқа төтеп бере алмайды, шыны керек. Міне, осындай үлкен дайындықтан кейін драматургия жанрына бет бұрдым. 25 жылда 4-ақ пьеса жаздым. «Рәбиғаның махаббаты», «Күзгі романс», «Желтоқсан желі» және «Империядағы» кеш». Өйткені, пьеса әңгіме сияқты бірінен соң бірі туа бермейді. 

– Сіз студенттерге, магистранттар мен докторанттарға дәріс оқисыз. Ал өз қатарыңызда әдебиет туралы кімдермен көбірек әңгімелесесіз? 

– Өз қатарымда әдебиет туралы Бекен Ыбырайыммен, Жұмабай Шаштайұлымен көбірек сөйлесемін. Қуаныш Жиенбай да осы қатарда. Кейде келісіп, кейде келіспей жатамыз. Ол, әлбетте, заңдылық... 

– Әңгімеңізге рахмет! 

 

 

 

Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда
0

Пікірлер

  • Ешқандай пікір қалдырылған жоқ. Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдырыңыз

Қонақ Дүйсенбі, 27 Наурыз 2017