Қазақ тілінің әмбебап сөздігі
Cөздік

Жәудір Артықбаева, ақын: НЕ ДЕГЕН БІТПЕЙТІН МАХАББАТ?!

Жәудір Артықбаева деген есімді біреу білсе, біреу білмес. Бірақ:

–Аялдаса автобус бірер минут, 

Көшесінен Гогольдің сені іздедім-ай, – деген ән бәрімізге таныс қой, солай ма? Марқұм Ажар Түзелбекқызының орындауында құлағымызда қалған «Анаға хат» ше? 

–Өмірімнің гүлі дедің,

Сағынып мені жүрегің.

Жолыма қарап жүрсің-ау, 

Ұғынам, сезінем, білемін... 

Есіңізге түсті ме? «Қыздар-айды» білмеймін деп көріңіз:

–Қыз жүрегі бір арналы,

Бақыт оның ізгі арманы.

Өмір атты қыр жайнатқан,

Қыз – өмірдің қызғалдағы-ай. 

 

b2ap3_thumbnail_1_20151223-043846_1.jpgЖәудір Артықбаева осы әдемі әндердің бірінің сөзін, енді бірінің әуенін жазған ақын, сазгер. «Қоңыр» тобының паспортына айналған «Алтын бесік» өзінше бір төбе. Осы топтың орындауындағы «Айтайын» де талай құлақтың құрышын қандырып жүр. Бірақ, біз Жәудір Артықбаеваны еш жерден көрмейміз. Теледидарға шықпайды, шығармашылық кеш өткізбейді. «Қазақ қазақты жаман қасиеттерден құрықтандырып, жақсы жырлармен рухтандырып отырса, елдің елдігі, пейілдің кеңдігі» дейтін ақынды біз арнайы іздеп бардық. «Қоңыр» тобындағы Мархабат ағамызбен бір шаңырақ астында қоңыр тіршілік кешіп жатқан, қоңыр өлең жазып, қоңыр ән шығаратын ақынның айтары көп екен. Әңгімені алғашқы ақындық баспалдақтан бастағанбыз: 

–Олимпиадада жеңімпаз болған оқушы ретінде 9-сыныпқа көшкен жылы Алматыдағы №2 мектеп-интернатқа ауыстым. Қазіргі Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат. Ауылда керемет оқыдық, қатарымыздың алды болдық. Ал мектеп-интернатта республика көлеміндегі дарынды балалар оқитын. Өлең жазуыма, ән шығаруыма ең басты себепкер болған да осы орта. 

Қазақ тілі мен әдебиетінен сол кездегі ҚазПИ-дің оқытушысы Тұрсын Сыдықов берді. Абайды, Мұқағалиды тынбай жаттадық. Бірде «Махаббатсыз дүние бос» деген еркін тақырыпта шығарма жазу тапсырылды. Ең алғаш өлең жазғаным да сол жолы болды. Тереңдетіліп оқытатын мектеп болғаннан кейін әдебиет сабағы 5-6 сағат қатарынан бола беретін. Мен сол 5-6 сағатта бала қиялым шарықтап, дәптердің бетіменен 12 беттік шығарманы тұтастай өлеңмен жазып шықтым. Қос аққудың тағдырын баяндадым. Әдетте, шығарманы жазғаннан кейін кейбір тұстарын түзеп, қысқартатынын қысқартып, қосатын жеріне қосып, қайта көшіретінбіз. Кейде әдемі тіркес іздеп жанталасатынбыз. Бірақ, сол жолы бір деммен жазып шықтым және қайта көшірудің де қажеттілігі болмады. Грамматикалық жағынан да, басқа жағынан да бірде-бір қатесіз жазылып, сол шығармама 5/5 деген баға қойылды. Ұстазымыз мақтады. Сол мақтау менің әрі қарайғы шығармашылығыма дем берді. 

1991 жыл. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты бір шеру өткелі жатты алаңда. Біздің мектеп бірінші кезекте патриоттық тәрбие беруді көздейтін, сондай шараларға көп алып баратын. Сол күні де біз тобымызбен жаңа алаңға бардық. Жиылған халықты, кейбірінің қолынан ұрандарды көрдік. Әлдеқалай болып кетеді деді ме, бізді тезірек ол жерден алып кетуге тырысты. Өзім интернатқа қайта оралғаныммен, ойым, санам сол алаңда қалып қойғандай болды. Ақыры сол күні менің «Тыңда, қазақ!» деген әнім туды. Сөзі де, әуені де. 

–Қазағым дүниеге той деп келген,

Бағарым – жайлаудағы қой деп келген. 

Аулына ақын келсе думандатып,

Қорадан бір қара мал сой деп келген, – деп басталады. Қайырмасы: 

–Той десе, делебесі қозған қазақ,

Көкпарда бәйгелетіп озған қазақ,

Бұл күнде ат мінуге жарамастан,

Астаудай сыры кетіп тозған қазақ, – деп келеді. 

Осы ән мен мектеп бітіріп кеткеннен кейін де біздің мектеп-интернаттың ұраны ретінде оншақты жыл айтылып жүрді. 

Абайды, Мұқағалиды, Төлеген Айбергеновті көп оқыдым. Олардың ықпалы да болмай қалған жоқ. Әсіресе, Төлеген Айбергеновтің поэзиясы жаныма жақын. Бәлкім, Абайды көп түсіне қоймаған шығармыз ол кезде. Төлегенге көп ден қойдым. Өлеңдері түсінікті. Содан болар, кей өлеңдерім Төлеген Айбергеновтікіне ұқсап кетеді. 

Көбінесе патриоттық бағытта жазамын. Сосын, әлбетте, лирика. Патриотизм болмаса, ештеңе де болмайды. Мектепте, университетте сабақ бердім. Сол кезде де ең бірінші патриотизмді үйрететінмін. Намысы жоқ адам ешкім емес. Қазір санамыздың бәрін доллар билеген заман. Доллар көтерілсе ренжиміз, түссе қуанамыз. Қағынан жеріген ұлтқа айналып барамыз. Көп-көрім аға-апаларымыздың өзі қазақты сырт айналады, тілінен жериді. 

Көкейдегі наз, кеудедегі реніш, бәрі өлеңге кіріп кетеді. «...Кейде сезімнің сан түрлі тербелісімен жүзгім келгенде, байқамастан тереңге сүңгитін кездерім болады. Кейде рахаттанасың, кейде тұншығасың. Жүрегімдегі көп сауалдардың жауабы жырымнан табылып жатса, жандүниенің масайрағанын мына замандастарымның бірі білсе, бірі білмес. Жүректен шыққан жырларға әуен қосылғанда, тіпті керемет», – деп жазғанмын «Жүректегі сауал» кітабымда... 

 

БАЛАҒА ЕМЕС, БАЛАҒА ЕРЕГЕСКЕН МҰҒАЛІМГЕ РЕНЖІДІМ

–Жаңа өзіңіз де айтып кеттіңіз, көп жыл ұстаздық еттіңіз. Неге кеттіңіз бұл саладан?

–Оқу, білім саласында бас-аяғы 18 жыл жұмыс істедім. Заман өзгерді, адам өзгерді. Үлкендер баланы кінәлайды. Ал баланың аты – бала. Ол бәрін біліп тұрса, ақылы өзіңнен асып тұрса, несі бала? Бала болғаннан кейін оның шалалығы болады. Оған кешіріммен қарау керек. Алb2ap3_thumbnail_2_20151223-043933_1.jpg мен балаларға емес, соларға ерегескен мұғалімдерге ренжідім. Бір рет бетіне келгеніне бола, бір сөз қайырғанына бола сол баланың ізіне түсіп, бағасын қасақана төмендеткен мұғалімді көрдім. Патриоттық сезімді алдындағы балаға сіңіру былай тұрсын, өзі білмейтін мұғалімді көрдім. №92 мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып жүрдім. Сонда жас мұғалімдердің сабағына қатысамын. Бірде бір жас мұғалім тапсырманы берді де, адам қатысып отыр-ау деген де жоқ, әрі қарай алдында тұрған ноутбукке үңілумен болды. Мұндай мұғалімнен не үміт, не қайыр?! 

Университетте істедім. Ол жерде де «заман талабына сай болуың керек» екен. Яғни, елмен бірге «ішіп-жеу» керек, сондайларды көргенде көрмегендей болуың керек, бай баласына бағасын қинамай қойып беруің керек. Әділеттілікті жылы жауып қоюға тура келеді екен. Мен оқу-білім саласынан өзімнің ар-абыройымды биік ұстау үшін, беделімді сақтап қалу үшін кеттім десем, артық айтқаным емес. Мұндайдың ішінде жүргенше, үйде отырайын деп ойладым. «Апай, кетпеңізші. Кто теперь нас будет защищать?» деп орыс тобының балалары жылағанда да қайырылмадым. Артынан үйге келіп ойландым. Көп ойландым. 

Қазіргі балалар білімді, ақылды. Бізбен салыстыруға келмейді. Көп нәрсе біледі. Біздің кезіміздегі пәк, балаң нәрсе бұларда жоқ. Санасы анағұрлым ересек. Кейде дебат сабақтар өтеміз, түрлі тақырыпта пікір таластырамыз, сондайда байқаймын, балалар ақылды. Бірақ, «қазіргі балалар санасыз» дегенге келіспеймін. Мұғалімді тыңдамайды деген де қате. Дұрысы, мұғалім тыңдата алмайтын шығар. Біздің мұғалімдер қатып қалған қалыптың ішіне кіріп алады, сол шеңберден жарты қадам аттап шыққысы келмейді. Соның кесірінен кейде тіпті білгенін көрсете алмайды. Өзім қанша қатал мұғалім болсам да, бірде-бір рет балалардың намысына тиетін артық сөз айтқан емеспін. Қабағыммен-ақ бағындыратынмын. Осындайды көрсін, білсін деп жас мұғалімдерді сабағыма қатыстыратынмын. Онда да қабылдайтыны бар, қабылдамайтыны бар. 

Қазақ әдебиетінде міндетті түрде Абайды өтеміз. Абайды түсіну оңай емес. Бұлардың жасында өзіміз де көп сөздерінің мағынасын білмей, түсіне алмай жүретін едік қой. Сондайда басқа бір ұтымды жолды тауып кеткен жөн. Мәселен, жоғары сыныптың оқушыларына лирика жақын. Сондықтан Абайды өткен уақытта баян болса – баян, болмаса домбыраны қолыма алып, әнін орындап беретінмін. Балалар сергиді әрі басқаша қабылдайды. «Сегіз аяқты» айтып беремін. Әрине, Қайрат Байбосынов сияқты айта алмаймын, бірақ, бәрібір, әннің аурасын жеткізуге тырысамын. Былтыр ғана дүниеден өткен әкем «Адам жасы жүзге келгенше үйрену керек» деп отыратын еді үнемі. Бір ән айтып бересің, есесіне, баланың есінде қалады. Намысын жаниды. Қызығушылығы артады.  

–Ендеше неге кеттіңіз мектептен? 

–Кетпеске болмады. Ренішім көп болды. Соңғы жұмыс істеген мектебімде баланың алдында мұғалімнің өтірік айтуына тура келді. Жас мұғалім әлденеше рет жылап келді. Бір оқушы үнемі тіл қайтарып, намысына тиетін сөздер айтады екен. Мен бірден мәселені педкеңестің қарауына ұсындым. Баланы тәртіпке салу керек қой енді. Сөйтсем, ол баланы тәртіпке салуға болмайды екен. Өйткені, оның әкесі мектепке демеушілік жасаған екен. Сол үшін оған тиіспеуіміз керек екен. Оның бар еркелігін көтеруге тиіс екенбіз. Байлардың ақшасының жанында мұғалімнің намысына тию сөз емес екен. Егер әкесі демеуші болып ақша берсе, ол садақаның есебінде ғой. Ал мұсылман баласы қашаннан берген садақасын міндет қылатын еді? Мен мұндайға төзе алмадым. Мектепте, университетте, жалпы оқу-білім саласында жұмыс істегім келмеуінің басты себебі, өзіміз әділдікке жете алмай жатып, өзіміз әділдік үшін күресе алмай жатып, оны балаларға қалай үйретеміз деп ойладым. Мұндай көзбояушылыққа барғым келмеді. 

Өзімнің әкем де, шешем де мұғалім болды. «Ұят болады» деген сөзбен өстік. Марқұм әжем «Құласаң нардан құла, басыңды көтере құла» дейтін. Ол уақытта сөзіне мән бермеппіз. Енді ғана түсінгендеймін. Осылайша, кеттім. Өнерім болды, өлең шығардым, ән жаздым. Қолөнерге бет бұрдым. 

–Қолөнер демекші, сіздің қазір кішігірім кәсібіңіз бар екенінен хабардармыз. Қыз жасауын жасайсыз, құрақтың түр-түрін құрайсыз. Мұны қайдан үйреніп жүрсіз? 

–Маған мұны ешкім арнайы оқытып үйреткен жоқ. Әжеміз іс тігетін. Көзі көрмей қалған уақытта да құрақ құрап отыратын. Біз қасында отырамыз. Қиып береміз, көмектесеміз. Сол кезде көз алдымда қалған дүниелер. Өзімнің қыздарым да тігеді. Менен көргені. Қазір қыз жасауын жасаумен айналысамын. Тапсырыс көп, кейде үлгермей де жатамыз. Ши құрақ, 16 жапырақ, 8 жапырақ сияқты құрақ түрлерінің бәрін білемін. Сонымен бірге, өзімнің ойымнан жаңа, тың дүниелер ойлап тауып құрастыруға тырысамын. Әкем математик болатын, соның әсері болар. Мәселен, Бәйтеректі құраққа салып көрдім. Осы жағын да көбірек қолға алып жүрмін. Интернеттен де қараймын. Қолөнершілердің жасап жатқан жұмысын қадағалап отырамын. 

Бірде маған бір үлкен кісі келді. «5 жасар балаға не сыйлық сыйласам?» деп ақылдаса келіпті. Сүндет той екен. Әрі ойлап, бері ойлап, әлгі кісіге кәдімгі қоржын тігіп бердім. Дорба. Мойында асып алуға болады. Оюлап, зерлеп жасадым. «Осы дорбаның ішіне қызыл-сарыға боялған асықтарды сатып беріңіз. Асық – ұлттық ойынымыз. Ол қаланың баласы, асықты өмірі көрмеген де шығар. Бірақ, қазір «Балапан» бар, басқасы бар, асық туралы естігені анық. Осы сыйлық баланың есінде қалады, санасына да із қалдырады» дедім. Қызыл, жасыл, сарыға боялған асықтарым бар еді, соны әлгі дорбаға салып та бердім. Екі күннен кейін сол кісі қайтып келіп, рахметін айтты. «Ең күшті сыйлық менікі болады, балаға қатты ұнады» деді. Міне, бұл да тәрбие. 

Көлікте жүргенде баланы жатқызып қоятын кішкене жастықша мен көрпеше жасадым. Оялы көрпеше мен жастық жиналып, кішкентай бөстектің ішіне сыйып кетеді. Оның да ою-өрнегі бар. Бұл да баланың санасында мәңгі қалатын нәрсе. 

 

ЖАНДАРБЕК ПЕН АЙНҰРДЫҢ АЙТЫСЫН ЖАҚСЫ КӨРЕМІН

b2ap3_thumbnail_3_20151223-044011_1.jpg–Өзіңіз қатарлы ақындардан кімдерді оқисыз? 

–Жарас Сәрсекті, Бақыт Беделханұлын, Алмас Исаділді оқимын. Өзіммен бір мектепте оқыған Танакөздің өлеңдері ұнайды. Ал айтыс ақындарынан Оразалының сөз саптауы ерекше еді. Әлі күнге дейін таспасын көремін. Әсіресе, шабыты оянған сәттері керемет болатын. Жуырда ғана қырық жылдығына орай ауылында еске алу шаралары өтті. Мархабат ағаларың барып келді. Қазіргі айтыс ақындарының ішінен Жандарбек (Бұлғақов) жаныма жақын. Әсіресе, Жандарбек пен Айнұрдың (Тұрсынбаева) айтыстары ерекше. 

Арасында теледидар қараймын, радио тыңдаймын. Ренішім көп. Ыңырсығанның бәрі әнші болып кетті. Әншілерден «Алашұлы» тобын жақсы көремін. «Тыңда, қазақты!» соларға берсем деп те қоямын. Осы толғауымды бір көп-көрім әнші ағамыз аттай қалап сұрап алды. Бағана айттым ғой, 9-сыныпта оқып жүргенде жазылған. Сол кездегі сезім. Соны алған жаңағы әншіміз екі жолын өзгертіп беруді өтінді. «Бұл күнде ат мінуге жарамастан, астаудай сыры кетіп тозған қазақ» деген жолдарын. Кешіріңіз, егер бұл жолдарын өзгертсе, ол толғау өзінің бояуын жоғалтады. Ол басқа бір шығарма болып шығады. Ағамызға осыны айтып едім, ренжіп кетті. Содан мен жаман болып шықтым. 

Құрақ құрап отырып, арасында дамылдаған кездерімде қыздарыма домбырамен, баянмен халық әндерін айтып беремін. Кеше ғана екеуіне «Дайдидауды» үйреттім. Қу тіршілік деп жүріп назар аудармайтын тұстарымыз көп. Ал осы балалар ертең Сайлаубекті жаттап жүрмесіне кім кепіл?! Онан гөрі «Дайдидауды» білсін. Әнші болып, сахнаға шығып кетпесе де, тарихын біліп жүргеннен кем болмайды. 

–Сөреңізден Әмірхан Балқыбектің, тағы бір «түсініксіз» ақын деп бағалайтын Тыныштықбек Әбдікәкімовтің кітаптарын көріп отырмын... 

–Әмірхан Балқыбек менен екі курс жоғары оқыды. Отбасы, бала-шаға деп жүргенде бір-бірімізден көз жазып қалған едік. Бірде Жарас Сәрсектің кешінде кезігіп, қайтадан тауып алдым. Сол жолы кітабын берді. Басында тақырыптарын түсінбедім. Кейін түсіндім. Әмірхан жақсы жазатын. Ал түсініксіз дегенге айтарым, егер ақынның тілі түсінікті болса, ол қызықсыз болып қалады. Әркімнің өз биігі, өз артықшылығы бар. 

Баяғыда біздің жас күнімізде орысша сөйлесең сенен күшті жан жоқ сияқты сезінетін бір ауру бар еді. Сол қазір де бар. Кез келген байқауда, кастингте қазақтың ұл-қызы шетелдің әнін айтып тұрады. Димаш Құдайберген қазақтың әнімен-ақ топ жарып жүр ғой, біздің әндеріміз немене, өнердің қоры ма?! Мен осыған налимын. Өлеңде де, өнерде де ешкімді жамандағым келмейді. Бірақ, осындай жағдайлар көңілге мұң ұялатады. 

 

СОҢҒЫ САТЫП АЛҒАН КІТАБЫМ...

–Әуезовтің кітаптарын көріп отырмын, «Абай жолы» да тұр екен. Оралхан Бөкейді байқап қалдым. Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс ханын» тізіп қойыпсыз. Осы кітаптарды балаларыңыз оқи ма? b2ap3_thumbnail_4_20151223-044040_1.jpg

–Үшінші қызымыз оқымысты. Аты – Үміт. Мархабат тарихқа көбірек қызығады. Мағауиннің «Шыңғыс ханын» әлденеше қайтара оқып шықты. Үміт те оқыды. «Біздің оқып жүрген кітабымызда олай емес», «мына жерде былай жазылыпты» деп біраз уақыт айтып та жүрді. Мен көбінесе өлең оқимын. 

–Соңғы рет қандай кітап сатып алғаныңыз есіңізде ме? 

–Соңғы рет алған кітабым... Кәкімжан Қазыбаевтың үйіндегі Орынша апамыздың кітабын алдым. Айтпақшы, оның алдында бір кітап алған екенмін. ЦУМ-ның алдында бір жігіт кітап сатып тұрды. Біреуі аударма да, екіншісі өлеңдер жинағы. «1500, сізге 1200-ге беремін» деп, ақыры 1000 теңгеге-ақ бере салды. Кітаптың құны осынша арзан. 

Тарихи кітаптарды Мархабат ағаларың көбірек әкеледі. Мен өлеңдерге әуеспін. Көп оқитыным да сол. Бір ой келе ме деп те оқимын. Бірақ, өлең маған өкпелі сияқты. Келмейді көп. Ән келеді есесіне. 

Интернеттің жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жаман жағы, интернетке сүйеніп, көп кітапты сатып алмайтын болдық. Жақсы жағы, табанда біреудің бір өлеңі керек болса, баяғыдай кітапхана жағалап жүрмейсің, тауып ала қоясың. 

Баяғыда әжем «ақырзаман келе жатыр» дейтін. Соның белгілерін айтатын. Сөйтсем, Құранда да бар екен ғой. Қазір сол шынымен келе жатқан сияқты. «Бүкіл әлем кішкентай ғана сиқырлы сандықтың ішіне кіріп кетеді» деуші еді жарықтық. Ал сол сиқырлы сандығыңыздың көрсетпейтін бәлесі жоқ. Алақандай телефоннан киноны да көріп, басқа шаруаны да тындырып жатырмыз. Өзі әр гүлдің өзінің иісі болатыны секілді, әр адамның өзінің сыры деген болушы еді. Қазір сыр қалмады адамдарда. Әжептәуір көріп жүрген замандастарымыз бассейндегі жалаңаш суретін де жариялай салады. Ішіп-жеп отырған тамағын да салып қояды. Аспандағы айға теңеп жүрген жұлдыздарымыз шортымен түскен суреттерін жарыса жариялаудан жалықпайды. Осының бәрі жанға бататын нәрсе. 

–Жас ақындар ше? Оларды оқисыз ба?

–Оқымаймын. Басында оқитынмын. Тек қана махаббатты жазады. Не деген бітпейтін, таусылмайтын, сарқылмайтын махаббат ол?! Басқа тақырып жоқ па? Егер тек өзінің ішкі дүниесін жазып, соны жариялай берсе, ол адам ақын емес. Ақынның миссиясы бөлек. Ақын үшін бірінші кезекте халықтың мүддесі тұруы керек. Соны түсінсек деймін. 

–Әңгімеңізге рахмет! 

 

Әңгімелескен Жұлдыз Әбділда
0

Пікірлер

  • Ешқандай пікір қалдырылған жоқ. Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдырыңыз

Қонақ Сенбі, 25 Ақпан 2017